Ортағасырлық дәуірдегі мұсылмандық және христиандық философияларға ортақ бірнеше сипат бар. Сол сипаттарға сүйене отырып, мұсылмандық — христиандық дүниелердің салыстырмалы бірлігі, тұтастығы, буддистік дүниеге қарағанда мәдени — философиялық кеңістіктерінің ортақтығы туралы айтуға болады.
Ол сипаттар мыналар:
1) мұсылмандық және христиандық дүниелердегі философияның қалыптасуы антикалық философия негізінде іске асты: ортағасырлық философияға платонизм (және неоплотонизм) мен аристотелизм (перипатетизм) ерекше ықпал етті;
2) философияға «құдайтанудың қызметшісі» рөлі берілді, философияның бірінші міндеті — теологиялық идеяларды рационалды түрде негіздеу болды. Сондықтан бұл кезеңдегі философиялық ілімдер философия мен діни идеялардың (иудаизмнің, христиандықтың, исламның) синтезі нәтижесінде қалыптасты. Христиандық — иудаизм негізінде қалыптасып, ал иудаизм мен христиандықтың базасында ислам пайда болғандықтан, теологиялық және философиялық ілімдердің туыстығы туындады.
Ортағасырлық арабтілді философияның дамуы екі кезеңнен тұрады:
1) VII-IX ғ.ғ. — арабтілді философияның тууы мен қалыптасуы;
2) IX-XV ғ.ғ. — арабтілді философияның ежелгі грек философиясын қабылдауы, игеруі. Арабтілді философияның араб — грек философиясына айналуы:
4.2 Бірінші (арабтілді философияның туу, қалыптасу) кезеңдегі негізгі бағыттар:
1) Мутукаллимдер мектебі.
2) Мутазилиттер мектебі.
3) Суфизм.
Мутакаллимдер — радикалды исламды жақтаушылар. Мутакаллимдер мектебінің өкілдері исламның діни догмаларын негіздеп, араб-ислам схоластарының рөлін атқарды.
Мутазилиттер — (обособившиесяся, отколовшиеся) ислам философиясын дамытқанмен, кейбір мәселелерді материалистік тұрғыдан түсіндірді. Мысалы:
1) исламның адамның жаралуы, дүниенің шығуы, тағдырдың жазуы,т.б. туралы догмаларды рационализм мен материалистік тұрғыдан түсіндірді;
2) құдай туралы антропоморфты түсінікті (Құдайдың адам бейнелілігін) терістеді;
3) құдай мен әлемді бір деп жариялады;
4) адам ақылының күшіне сенді;
5) адам танымының күші мен мүмкіндіктеріне сенеді.
Суфизм (1. «суф»-«жүн шекпен киген адам»; 2. «саф», «сафа» — «тазалық»; 3. «сафуа» — «таңдаулы болу» деген мағыналар гректің «софос» — «даналық» сөзінен алынған) адамның өз еркімен сыртқы дүниеден, бұ дүниелік қызықтан бас тартып, өз өмірін Құдай жолына арнауы. Суфизм аскетизмді, мистиканы жоғары игілік деп есептейді.
IX ғасырда арабтілді философияның жаңа II кезеңі басталды. Ол кезеңнің жалпы белгілері:
1) медицина мен жаратылыстану саласынағы жаңалықтар нәтижесінде материалистік идеялардың күшеюі;
2) ежелгі грек философиялық идеяларының енуі нәтижесінде араб философиясының араб-грек философиясына айналуы;
II кезеңдегі европаландырылған арабтілді философияның қалыптасуына үлес қосқан философтар: Әл Кинди, Әл-Фараби, Ибн-Сина (Авицена), Ибн-Рушд (Аверроэс).
Әл-Кинди (800-879) — араб философиясын европаландыруға қадам жасаған алғашқы ойшыл. Бірінші болып арабтарға ежелгі грек философиясын, Аристотельді ашты. Аристотель философиясының әсерімен категориялар ұғымы, логика, таным туралы ілім, т.б. материалистік идеялар жетті.
Аристотельдің 10 категориясы туралы ілімге сүйене отырып әл-Кинди:
1) материя;
2) форма;
3) қозғалыс;
4) кеңістік;
5) уақыттан құралатын прасубстанциялар туралы өз ілімін (категориялардың араб аналогиясын) тұжырымдады.
Сонымен қатар Әл-Кинди өз заманы үшін революциялық мәні бар идеяны — адам ақылының дүниені тани алатындығын жариялады және ғылыми танымның ақиқат білімге апаратын үш сатысын жіктеді:
1) логикалық – математикалық;
2) ғылым –жаратылыстық;
3) метафизикалық (философиялық).
Әл-Кинди пікірінше, ақыл ғана таным көзі және өлшемі бола алады. Өзі қудалауға ұшырап, қолжазбалары өртелген ӘлКинди ортағасырлық араб философиясында алғаш болып аристотелизмнің (шығыс перипатетизмінің) негізін қалады және арабтілді философияның ортағасырлық Европа мен Азиядағы прогрессивті философияға айналуына ықпал жасады.
Әл-Фараби (870-950) — Аристотель философиясын жүйелеуші, араб мәдени ойына бейімдеуші.
Әл-Фараби алғаш болып эманация туралы идеяны, Құдай құдіретінің толық емес екенін айтты.
Ибн-Сина (980-1037) — арабтілді философияны жаңа деңгейге көтерген ойшыл. Негізгі еңбектері: 1. «Емшілік кітабы» («Құтқару кітабы»), 2. «Білім кітабы».
Ибн-Сина:
1) мұсылман теологтарының біржақтылығын, догматизмін әжуалады;
2) философияны діннен ажыратуға тырысты;
3) философия — адам ақылының жетістіктерін жүйелейтін дербес ғылым деп есептеді;
4) философиялық идеяларды жаратылыстану ғылымының, өзінің медициналық жаңалықтарымен негіздеді;
5) Құдайдың бар екенін мойындағанмен, оның құдіретінің шексіздігіне күмән келтіреді;
6) дүниедегі көптеген құбылыстар табиғи заңдар бойынша іске асады деп есептеді;
7) дүниенің «эманация» арқылы пайда болғанын қабылдағанмен, эманация процесі Құдай құдіретімен емес, табиғи қажеттіліктен туындайды деп санады;
8) «алғашқы қозғаушы күш» идеясына қарсы шықты, оны әрбір материяның ажырамас қасиеті — табиғи қозғалыс идеясымен алмастырды;
9) дүниедегінің бәрі (қоршаған дүние, табиғат, Құдай) материалды деп сенді;
10)жан ғана мінсіз және мәңгі;
11)құдай және қоршаған дүние — мәңгілік.
Ибн-Рушд (Аверроэс) (1126-1198) — араб философтарының ішіндегі Европаға танымалы және әйгілісі болды.
Ибн-Рушд мұсылмандық Испанияда өмір сүрді және батысараб — европалық философияның өкіліне айналды. Ол Европаға кең тарап, католицизм мен схоластикаға қарсы шыққан аверроистік философияны жасады.
Ибн-Рушд философиясы — материалистік негізде және араб философиясының озық ойлары (Әл-Кинди, Әл-Фараби, Ибн-Сина) мен жүйеленіп, өңделген Аристотель ілімінің синтезі түрінде қалыптасты.
4.3 Ортағасырлық христиандық философияның ерекшелігі, даму кезеңдері, негізгі ұғымдары және догматтары
Ортағасырлық теологиялық философия деп Европада V-XV ғасырлар арасында кең тараған, бастапқы жаратушы күш — Құдай, бүкіл дүние — Құдай құдіретінің көрінісі деп сенетін, мойындайтын философиялық бағытты айтады.
Теологиялық философия, б.д. I-V ғасырларында Рим империясында христиандық пен антикалық философия негізінде дамып, б.д. XIII ғасырларында (476 жылы Батыс Рим империясының құлауы мен Қайта Өрлеу дәуірінің басталуы аралығында) өзінің көркею шыңына жетті.
Патристика -(лат. «pater» — «әке» сөзінен) христиандық идеяларды көпқұдайлы мәжуси діндерден, стоялық, эпикурейлік, неоплатондық, т.б. идеялардан қорғаған «шіркеу әкелерінің» теологиялық — философиялық көзқарастары.
4.4 Патристика 3 кезеңге бөлінеді:
1) апологетика (II-III ғ.ғ.), (гректің «apologetikos» — қорғау сөзінен), христиандық дүниетанымды қалыптастыру мен қорғауда маңызды рөл атқарды; Өкілдері: карфагендік Квинт Септимий (160-220) Тертуллиан (160-220); александриялық Ориген (185-254); Тит Флавий Климент;
2) классикалық патристика (IV-V ғ.ғ.) — христиандық ілімді негіздеп және жүйелеп, оның философиялық қағидаларын тұжырымдады. Өкілдері: Григорий Нисский (335-394); Әулие Августин (354-430);
3) патристиканың соңғы кезеңі (VI-VIII ғ.ғ.) — христиандық догматиканы тұрақтандырды. Өкілдері: Боэций (480-524); Иоанн Скотт Эриугена (810-877).
4.5 Теологиялық философияның II кезеңі болып табылатын схоластиканың өзі де 3 даму кезеңінен өтті:
1) Ерте схоластика (IX-XIIғ.ғ.); Өкілдері: Эриугена, Абеляр, Кентерберийлік Ансельм.
2) Гүлденген схоластика (XII-XIIIғ.ғ); Өкілдері: Ұлы Альберт, Аквиналық Фома.
3) Кейінгі схоластика ( XIII-XIVғ.ғ); Өкілдері: Дунс Скотт, Уильям Оккам.
Бұл кезең аралығында қалыптасқан философияның негізіне:
1) ежелгі грек философиясы (платондық және аристотельдік дәстүр);
2) және философияны христиандыққа қарай бұрған Киелі Жазбалар (Священное Писание) алынды;
3) діни билік институттары қалыптасып, көпқұдайлы діндердің (политеизм) орнына бірқұдайлы діндер (монотеизм): христиандық, ислам келді.
Христиан діні қудалаудан құтылып, зайырлы билікпен бірігіп, өз ықпалын кеңейте түсті. Шіркеу рөлі күшейіп, қоғамдық өмірдің барлық салаларына және ең алдымен рухани салаға ықпалын жүргізді. Осылайша ортағасырлық дінге тәуелді болған философия — «діннің қызметшісіне» айналды («Философия — служанка богословия»).
Христиан діні Европада даму алып, Рим империясының орталықтары — Рим мен Константинопльден жан-жаққа тарады.
Теоцентрлік христиандық дүниетаным екі идеяға бөлінді:
1) христиандық философияның онтологиясының негізінде жатқан жарату идеясы;
2) христиандық философиядағы таным туралы ілімнің негізі болып табылатын ашылу (откровение) идеясы.
Христиандық философиядағы барлық сұрақтар теоцентризм, креационизм (лат.creatio-жарату), провиденциализм (лат.providentiva-провидение) тұрғысынан қарастырылды.
Бірнеше ғасыр бойына Европа университеттері мен мектептерінде дәріс түрінде оқытылғандықтан ортағасырлық теологиялық философияны «схоластикалық философия» деп атау және сипаттау қабылданған (латынның «schola» сөзі аудармада — «школа», «мектеп» ұғымын береді).
«Мектеп философиясының» көздеген мақсаты — Шіркеу догматтары мен діни ілімді философиялық тұрғыдан негіздеу болғандықтан, схоластикалық философия көп ұзамай-ақ творчестволық ізденіске бағытталған ғылым емес, қатып-семген, жеміссіз мектеп — университет пәніне, «құдайтанудың қызметшісіне» айналды.
Схоластика — Інжілді (Библияны) қатаң нормативтік мәтін (текст), абсолютті ақиқат ретінде қарастырады.
Схоластар білімді екі түрге жіктейді:
1) құдіретті білім (Інжіл арқылы Құдайдың жеткізгісі келген ойы);
2) табиғи білім (Інжілді талдау арқылы адам ақылының аша алған, таратып, талдап, түсіне алған ұғымдары мен қорытындылары).
Библия (Інжіл) сөзінің астарындағы Құдай ойын дұрыс түсінуге тырысқан схоластар сансыз пікірсайыс пен даулар жүргізіп, жүздеген философиялық томдар жазды. Бір қызығы, сол сайыстар мен даулар — Құдай ойларының мәні туралы емес, діни ілімнің сыртқы, формалды — логикалық құрылымы туралы, яғни ұғымдар мен анықтамалардың дұрыстығы, нақтылығы туралы бағытта өрбіді.
Кең мағынада «схоластика» деп мәселені объективті тұрғыдан қарастыратын ой емес, шын дүниеден, реалдылықтан қол үзген, схемашылдықты, беделге сүйенетін уағызшылдықты , ұшқары догматизм мен консерватизмге негізделген ойлау түрін айтады (мысалы, «Жолдас Сталин айтқандай», «Партия съезінде көрсетілгендей», «Інжудің (Библияның)…тарау, тармағында»…).