Софистік мектеп
«Софистика» және «софист» терминдері ежелгі гректің «даналық» сөзінен бастау алады. «Софист» сөзі дәлме-дәл аударғанда «дана, шебер, білгір» мағынасын береді.
Софистер — б.д.д. V-ғ басы мен IV-ғасырдың бірінші жартысы аралығында өмір сүрген, төлемақы үшін дәріс беретін «даналық ұстаздарының» шартты атауы. Софистік мектеп өкілдері теоретик-философтар, скептиктер, субъективтер, рационалистер, сенсуалистер және анархистер ретінде ғана емес, полис азаматтарын арнайы төлемақы үшін шешендік өнерге, дау-таласта қарсыласты жеңе білуге және өз пікірін дәлелдеп шығуға баулитын педагогтар болды. Олар шындық, ақиқат шешімге ұмтылуды емес, жеңіске жетуді ғана мақсат тұтты, пікірсайыстарда «кімге болмасын, ненің болмасын дұрыстығын» дәлелдеу тәсілі ретінде арнайы оқытылды. Сондықтан «софист» сөзі жағымсыз мағынаға ие болды. Соған қарамастан софистер риторика (шешендік өнер) мен тіл ғылымдары (лингвистика) дамуында маңызды рөл атқарды: олар ашқан софизмдер (парадокстер) логиканың қалыптасуына түрткі болды.
Софистерді мынадай топтарға жіктеу қабылданған:
1) Аға софистер (б.д.д.ғ.) — Протагор, Оргий, Антифонт, Критий, Гиппий, Продик.
2) Кіші софистер — Ликофрон, Алкидамант, Трассимах.
Софистерге тән сипат:
1) қоршаған дүниеге сыни қатынас;
2) барлық нәрсені, процесті іс жүзінде тексеруге ұмтылыс, қандай да болмасын ойдың дұрыс не бұрыстығын логикалық тұрғыдан дәлелдеуге ұмтылыс;
3) ескірген дәстүрлі мәдениет негіздерін қабылдамау (нигилизм);
4) сүйенетін негізі жеткіліксіз көне дәстүрлерді, дағдыларды ережелерді терістеу;
5) мемлекет пен құқықтың шарттылығын, олардың жетілмегендігін дәлелдеуге ұмтылыс;
6) моральдік нормаларды абсолютті деп емес, сынау, жетілдіру объектісі ретінде қабылдау;
7) пікірлер мен баға берудегі субъективизм;
8) объективті болмысты терістеу және барлық нәрсенің тек адам ойында тіршілік ететінін дәлелдеуге талпыныс.
Платон философиясы.
Философиялық көзқарастары. Платон объективті идеализмнің негізін қалаушы: Платон философиясының орталығында идеялар туралы ілім тұр.
Идеялар туралы ілімі. Элеаттықтар сияқты, Платон да ақиқат дүниені — «идеялар патшалығын» — реалды емес, сезімдік, тәндік дүниеден ажыратады. Бірақ Парменидтің тұтас және бөлшектенбеген болмысынан айырмашылығы, Платонның идеалды патшалығы — идеялардан құралған рухани жиынтық. «Идея» сөзі Платон заманында «сыртқы түр, көрініс, тек, сапа, образ» дегенді білдіреді. Ал Платон идеялары — адам басынан тысқа шығарылып, идеялар патшалығына дербес тіршілік етуге кіріскен объективтендірілген ұғымдар. Әрбір идея мәңгі және өзгеріссіз. Идеялар саны көп, бірақ шексіз емес. Нақты объектілердің (ит, құс, мысық, адам, т.б.) идеялары, қасиеттер мен қатынастар идеялары (сұлулық, идеясы ақ-қара, қызыл түстер идеясы), математикалық объектілер идеясы (бір, төрт, он, т.б. санының идеялары,т.б), адамгершіліктік құбылыстар идеялары (қаһармандық идеясы), төрт түрлі стихия идеясы, т.б. Бірақ идеялар патшалығы — тек қана игі мәндер дүниесі. Сондықтан мұнда қылмыс идеясы немесе кір ластық — идеясы деген жоқ. Идеялар патшалығының өз иерархиясы мен пирамидалық құрылымы бар: идеялар арасында бағыныштылық және қосарлы бағыныштылық қатынастары қалыптасқан. Пирамиданың ең төмеңгі жағында нақты объектілер идеялары (аттар, өгіздер, т.б) орналасқан. Ауқымдырақ идеялар («ірі қара», «жануарлар») одан жоғары тұр.
Пирамиданың жоғарғы бұрышында абстрактылы (дерексіз) ұғымдар орналасқан (сұлулық идеясы, қаһармандық идеясы). Бірақ Платон еңбегінде дерексіз ұғымдардың өзара қандай қатынаста екені, қайсысы жоғары, қайсысы төмен екені айтылмаған.
Пирамиданың ұшар басында Платон бір жұмыстарында «Игілік». Енді бірінде «Біртұтас» деп атаған бір ғана идея орналасқан. Платон, «материя» («хора») ұғымын ендіруге мәжбүр болды. Материя — тәндік ұғым, ол формасыз және танылмайды, ол мәңгі әрі өлі.
Қатаң емес дуализм элементтері бар Платон идеализмі осылай туындады. Сезімдік дүниенің идеялары және заттары арасында өзара байланыс бар: идеялар заттардың алғашқы бейнелері болып табылады, ал заттар идеяларға қатысты. Идеялар өзіне ғана тән құпия жолдармен заттарға еніп жатады және заттар дамуын анықтауы мақсат болып табылады. Осылайша Платон іліміне теологизм тән.
Космология және космогония. Идея мен материя түпнегіздерімен қатар, Платон Умдемиургтің болуын тұжырымдады.
Ума-демиург (немесе Құдай) — дүниені жаратушы болып табылады. Әлемдік жанды тудырып, материяға мақсатты себептер ретінде идеялар беріп ұйымдастырғанымен қоймай, басқа құдайларды да жаратады. Космос, Платонша, «ақылы мен жаны бар тірі тіршілік». Космостың тәні материалды. Космос шекті және шар формалы. Дүниенің орталығында жер шары тұр, ал оны түрлі шеңберлер бойымен Күн, Ай, планеталар мен жұлдыздар айналып қозғалып жүрген аспан сферасы қоршап тұр. Аспан денелері — тән мен жаны бар құдайлар, олар қозғалысқа өз жандары арқылы түседі.
Жан туралы ілім. Адамдардағы жандар — Әлемдік жанның қалдықтары. ӨЗ тәні өлгеннен соң ажалсыз жан аспанға (Идеялар патшалығына) көтеріліп, өз тіршілігін сонда жалғастырады. Содан-соң тағы жерге түсіп, жаңа туылған сәби денесіне енеді.
Гносеология. Нағыз білім — идеялар патшалығына қатысты ғана болады, ал сезімдік дүние туралы пікір ғана болуы мүмкін. Жаңа туылған сәбидің денесіне енген жан бұрын нағыз, идеалды дүниеде білгеннің бәрін ұмытады. Бірақ кейбір адамдар кейбір нәрселерді есіне түсіре алады. Сондықтан ақиқат білім дегеніміз — жан бұрын білмегенді еске түсіру.
Платонның идеалистік ілімінің басты қағидалары:
1) реалды тіршілік ететін — тек таза (денесіз, тәнсіз, материясыз) идеялар («эйдостар») ғана;
2) бүкіл дүние таза идеялардың («эйдостардың») бейнесі ғана;
3) дүниедегі кез келген зат осы заттың бастапқы идеясының материалды бейнесі ғана (мысалы, жылқылар туылып және өліп жатқанымен олар өзгермейтін мәңгі «жылқы» идеясының көрінісі);
4) таза (тәнсіз) идеялар ақиқат, мәңгі және тұрақты;
5) материалды заттар өзгергіш, тұрақсыз;
6) материя тіршілігі уақытша;
7) қоршаған дүние («заттар дүнисі») де уақытша және дербес субстанция ретінде тіршілік ете алмайды.
Аристотель философиясы.
Философиялық көзқарастары. Аристотель №1ші философия тарихшысы. Кез келген мәселені талдауды Аристотель бұл сұрақ бойынша айтылған өзіне дейінгі белгілі пікірлерден бастайды. Бізге ежелгігрек философиясының алғашқы кезеңі туралы маңызды мәліметтер оның дәл осы қасиеті арқасында жетті.
Платонға қатынасы. Өз ұстазы Платонды жоғары бағалағанмен, оның идеялар туралы ілімін- сезімдік дүние заттары мен идеялар арасындағы қатынас түсініксіздігі үшін сынады.
Логикасы. Аристотель европалық (классикалық) логиканың негізін қалаушы. Ол дұрыс ойлаудың үш заңын (Тепе-теңдік заңы, Қайшылықсыздық заңы, Үшіншісі болмауы заңы) тұжырымдады, ақиқат пен жалғанның (европалық мәдениетте — жалпыға ортақ қабылданған) анықтамасын, силлогистиканы (ой қорытудың дұрыс және бұрыс түрлері — силлогизмдер туралы ілімді) негіздеді.
Кейіннен, Аристотельдің еңбектерін жүйелеушілер оның алты логикалық трактатын біріктіріп «Органон» («Құрал») деп атады. Логика- барлық философиялық бағыттардағы аса қажетті таным құралы саналды. Бірақ Аристотельдің өзі логикаға дербес ғылым деп емес, барлық ғылымдарға бастама ретіндегі міндетті кіріспе деп қана қараған.
Метафизика (Бірінші философия) — Болмыс туралы ілім. Аристотель дуалист: ол дербес екі түпнегіздің — материя және форманың тіршілігін мойындайды. Дүниеде бар заттың барлығы материядан және формадан тұрады. Бірақ олардан Алғашқыматерияны және Алғашқыформаны ажырату қажет. Алғашқы материя — адам үшін танылмайтын, ал бірақ барлық заттардағы материя үшін негіз болып табылатын, формасыз айқын емес зат. Жеке алғанда материя пассивті, тіршіліксіз және нәрселер мен заттарды жаратуға қабілетсіз. Ол мәңгі: жаратылмайды және жойылмайды. Материя дегеніміз заттар пайда болуындағы таза мүмкіндік (потенция). Материя — кездейсоқтықтың, жиынтықтың, заттар пайда болуы мен жойылуының қайнары. Пайда болған кез келген зат — материя мен форманың бірігуі, форманың материяға енуі нәтижесінде ғана тіршілікке ие болады.
Аристотельдің «форма» ұғымы Платонның «идея» ұғымына жақын. Форма — заттың тегін немесе түрін айқындайтын идеалды мән (бірақ индивидуалды емес). Мысалы, мыстың бөлшегіне форма енгенде ғана біз құмыра, көзе, ыдыс т.б. аламыз. Форма — біртекті нәрселердің жалпыға ортақ мәні (мысалы, түрлі материалдардан түрлі конфигурацияда жасалған вазаларға — «ваза» мәні ортақ).
Нақты заттың материясы мен формасы диалектикалық түрде өзара байланысты: бірде форма ретінде көрінген нәрсе, келесіде материя түрінде де беріледі. Мысалы, балшық дегеніміз — форма берілген материя немесе балшық формасы (мәні) берілген топырақ. Ал сол балшықтан жасалатын кірпіш үшін ол материал рөлін атқарады. Өз кезегінде кірпіш те өзінен соғылатын үй үшін материал рөлін атқарады, кез келген заттың формасы дәл осы зат үшін:
оның мәні; қозғалыс көзі; себебі; мақсаты — болып табылады.
Алғашқы форма — Аристотель пікірінше, болмыстың жоғарғы мәні, алғашқықозғаушы, алғашқысебеп және жоғарға мақсат. Сонымен қатар алғашқыформа — өзін-өзі ойлай алатын Әлемдік ақыл.
Гносеологиясы. Білімге ұмтылыс адамдармен қатар жануарлардың да туа бітті қасиеті. Болмыс пен ойлаудың формалары ұқсас болғандықтан, адам дүниені танып білуге қабілетті. Таным процесі, Аристотель пікірінше, төрт сатыдан тұрады.
Таным сатылары
№ |
Таным сатылары |
Таным нәрсесі |
1 |
Жекелеген заттар мен олардың қасиеттерін сезімдік қабылдау |
Жекелеген нақты заттар |
2 |
Тәжірибе — бір нәрсе туралы еске түскен бірнеше естелік |
Жекелеген нақты заттардың жиынтығы |
3 |
Өнер (технэ)-заттар жиынтығының мәні туралы білім |
Заттар жиынтығына тән жалпылық, олардың себебі мен мақсаты, яғни формасы |
4 |
Философия(ғылым)-ең жоғарғысы «бірінші философия», яғни, метафизика болып табылады |
Бүкіл тіршілік пен мәннің жоғарғы формалары, алғашқы себептері және жоғарғы мақсаттары |
Аристотель философиясындағы жан мәселесі
Ежелгі дүниедегі ой дамуына сәйкес адам жаны туралы түсінік сияқты Аристотель сананың мекені, жанның тұрағы — жүрек (жүйке жүйесі емес!) деп есептеді.
Аристотель жанның үш деңгейін жіктейді:
1) өсімтал жан;
2) жануар жан;
3) ақылды жан.
Жан-сана көрінісі ғана емес, организм қызметін де басқарады. Өсімтал жан — жанның өсу, көбею, азықтану саласына жауап бергені сияқты, жануарлық жан соларға қоса тілектер мен сезімдерге жауап береді. Тек ақылды (адамдық) жан ғана аталған салалармен қоса ойлау функциясын басқарады. Дәл осы қасиеті адамды қоршаған дүниеден биіктетеді.
Аристотель адам мәселесін материалистік тұрғыдан қарастырады:
1) адам — биологиялық мәні бойынша жоғары ұйымдасқан жануар түріне жатады;
2) жануарлардан ойлауымен, сөйлеуімен ерекшеленеді;
3) өзі сияқтылармен бірге (коллективте) тіршілік етуге бейімділігі бар;
4) дәл осы қасиеті — коллективте тіршілік ету — қоғамның пайда болуына жеткізді. Қоғам — бір территорияда тұратын, мәдениеті, туысқандық байланыстары ортақ, материалды игіліктерді өндірумен, бөлумен айналысатын адамдардың үлкен коллективі;
5) қоғам механизмдерін жүйелеу (ішкі тәртіпті сақтау, экономиканы өркендету, сыртқы жаудан қорғану, т.б.) — мемлекеттің міндеті болуға тиіс.
Аристотель мемлекетті 6 түрге жіктейді:
1) монархия;
2) тирания;
3) аристократия;
4) ұшқары олигархия;
5) охлократия (тобырдың билігі, ұшқары демократия);
6) полития (шектеулі олигархия мен шектеулі демократияның қосындысы).
Аристотельдің мемлекет идеалы. Платон сияқты Аристотель де мемлекетті «нашар» (тирания, ұшқары олигархия, охлократия) және «жағымды» (монархия, аристократия, полития) деп екіге жіктейді. Мемлекеттің жетілген формасы ретінде политияны (шектеулі олигархия мен шектеулі демократияның қосындысы) — «орта таптың» мемлекетін атайды.
Әдебиеттер тізімі
- Аристотель. Метафизика. Сочинения в 4 томах. – М., 1970.
- Асмус В.П. Античная философия. – М., 1976. – 543 с.
- Досократики. Доэлеатовский и элеатовский периоды. Минск, 1999.
- Платон. Собрание сочинений. – М., 1990-1994. – В-4т.
- Плотин. Эннеады. – Киев, 1995.
- Антикалық философия. 20 томдық. – Алматы: Жазушы, 2005, 2т.