Ежелгі Қытай философиясының жалпы сипаты, өзекті ұғымдары және даму кезеңдері
Қытай философиясы өз дамуында негізгі үш кезеңнен өтті:
1) б.д.д. VII ғ. — б.д. III ғ. Ежелгі ұлттық философиялық мектептердің пайдa болуы мен қалыптасуы.
2) б.д. III-XIX ғ.ғ. — Қытайға үндіден буддизмнің енуі (б.д. III ғ.) және оның ұлттық философиялық мектептерге ықпалы.
3) б.д. XX ғ. Қазіргі кезең — қытай қоғамының тұйықтығының жойылып, қытай философиясының европалық және әлемдік философия жетістіктерімен баюы.
2.5 Қытай философиясындағы өзекті ұғымдар
Ежелгі Қытай философиялық дәстүрі бойынша адам 3 түрлі космостық энергияның жиынтығы болып табылады:
1) цзин;
2) ци;
3) Шэнь.
Цзин — тіршіліктің, жаратылыстың туылу, пайда болу қуаты. Бұл психофизиологиялық қуат екі түрге жіктеледі:
1) «Алдыңғы Аспан ұрығы» — адамға туа берілетін гендік программа, денелік — тәндік ерекшеліктер;
2) «Кейінгі Аспан ұрығы» — адамның өмір бойғы әрекеттерінің сипаты. Сонымен қатар цзин сексуалды энергияны да білдіреді.
Ци — (цзин-туу энергиясымен салыстырғанда) дүние тіршіліктің құрылыс материялы қызметін атқаратын материалдық — рухани энергия.
Ци энергиясы былай жіктеледі:
1) Заттық ци арқасында заттар мен тірі организмдер материалды формаға ие болады.
2) рухани ци — адам және тірі тіршіліктің жаны.
Рухани ци-адам өмірінің негізі. Тәні-жаны сау, табысты, жолы болғыш адамның циі — «таза», «сәулелі». Әлсіз, ауру, жолы сәтсіз адамның циі «ауыр», «лас», «күңгірт».
Табысқа, тәндік және рухани саулыққа, бақытқа жету үшін адам өз бойын барлық артық, ауыр, лас энергиядан тазартуы қажет.
Шэнь — адам тұлғасының негізін құрайтын және (ци сияқты емес) өлімнен соң жойылмайтын адам бойындағы сарқылмас рухани энергия.
Мұндай 3 түрлі космостық энергиядан өзге қытай философиясы 2 түрлі сексуалды энергияны бөледі.
ян — ерлік бастама, сексуалды энергия;
инь — әйелдік бастама, сексуалды энергия.
Бүкіл тіршілік екі қарама — қарсылықтан құралады: тірі табиғатта адамдар, жануарлар ер-әйелге бөлінсе, өлі табиғатта да ерлік бастама ян (күн, аспан, құрғақтың, салмақсыздық-жеңілдік) және инь (Ай, Жер, тегістік, ылғал) бар.
Қытайлық дүниетаным бойынша тірі және өлі табиғат, бүкіл дүние тіршілігі негізінде Тай-цзи-ян мен иньнің бірін-бірі өзара толықтыруы, алмастыруы, бірлігімен күресі жатыр.
2.6 Даосизм
Даосизм дүние құрылысы мен тіршілігінің негіздерін және адам, табиғат, космостың байланыс жүйелерін түсіндіруге тырысатын қытайдағы ең ежелгі философиялық ілім.
Негізін қалаушысы — б.д.д. VI ғ. соңы мен V ғ. басында өмір сүрген Лао Цзы («Қарт ұстаз»).
Сонымен даосизм философиясы адам мен табиғат арасындағы қатынасты үйлестіруге бағытталды. Адамның мақсаты — Даоны (жолды) білу және іске асыру. «Даоны» — Жолды іске асыру мына ережелер арқылы өмір сүруді талап етеді.
1) Қарапайым өмір сүру.
2) Жанды, рухты қанағаттандыру.
Осы ережелердің негізінде өмір сүрген адам табиғатпен және басқа адамдармен үйлесімділікте болады, оның іс-қимылдары жемісті нәтиже береді.
Дао жолынан таймау — бұл табиғилыққа қарсы шықпай өмір-өзен ағымымен жүзу. Даоны дәл қолдану — «табиғи күйге сәйкес әрекет жасау» дегенді білдіреді.
Дао болмыс та емес, бейболмыс та емес. Ол — алғашқы себеп. Бұл мағынада даоны үнді философиясындағы шуньята (бос кеңістік) ұғымымен теңестіруге болады. Дао — әмбебап, ол кез келген нәрсеге, құбылысқа ене алады және мәңгі тозбайды.
«Дао-Дэ-Цзиндегі» Дао және Дэ туралы ілімі. Дао әлем қозғалатын Ұлы Жол немесе дүниенің пайда болуын, дамуы және жойылуын реттейтін Ғарыш Заңы болуымен қатар, Дао-субстанция, яғни осы заңның негізі, көрінісі, әрі сақтаушысы. Осыдан келіп Дао — бүкіл тіршілік, мән атаулының субстанцияланған заңдылығы. Даоға игі күш-Дэ (ізгілік) тән.
Метафизика тұрғысынан алғанда, дао- бұл барлық нақтылықтың қайнар көзі, сондай-ақ барлық құбылыстың барар соңғы мақсаты. Оған тиянақты субстанционалдық негіз тән емес, ол тек тіршіліктің тууы мен өшуін қамтамасыз етеді.
Даостықтардың пікірінше бейболмыс — алғашқы, оны атауы жоқ дао деуге болады. Егер оған атау берілетін болса, ол болмысқа айналады. Бейболмыс болмысты тудырады. Болмыс — атауы бар нәрсенің субстанционалдық түпнегізі бейболмыс болғандықтан олар тұрақсызданып, жойылып бейболмысқа айналып кетеді. Осы қайта оралу ғана — тұрақтылық, ал өзгенің бәрі өзгермейді. Трактатта былай делінген: «Дао жалғызды жаратады, жалғыз екеуді жаратады, ал екеу үшеуді жаратады, үшеуден бәрі тарайды. Бар тіршілік өз бойында инь және янды ұстайды, цимен толықтырылады және гармонияны түзеді». Үшеу деп аспан мен жер, гармонияның Ұлы заңы айтылып тұр. Ци ұғымы әлемнің қозғаушы күші деп қарастырылды.
2.7 Конфуций философиясы
Конфуций ілімі — адамды бірінші кезекте әлеуметтік өмірдің мүшесі ретінде қарастыратын ежелгі философиялық мектеп.
Конфуциандық философия қарастыратын негізгі сұрақтар:
1) Адамдарды қалай басқару керек?
2) Қоғамда өзін қалай ұстау керек?
Конфуций ілімі қоғамды жұмсақ басқару үлгісін ұсынады. Оған мысал ретінде басшының өз қоластындағыларға — әкенің өз ұлдарына қарағанындай мейірім — қамқорлыққа немесе бағыныштылардың өзбастығына – інілердің өз ағасына қарым — қатынасындағыдай сенім — құрметке, адалдыққа, жауапкершілікке толы болу керектігін уағыздайды.
Конфуций іліміндегі алатын ереже (жэнь — адамсүйгіштік):
— «Өзіңе тілемейтінді басқаға жасама».
Конфуций ілімінің басты қағидалары:
1) қоғамда және қоғам үшін өмір сүру;
2) императорға бағыну;
3) жасы мен жағдайы үлкен, атағы жоғарыларды тыңдау;
4) адамгершілікті сақтау;
5) ұстамды болу, шектен шықпау, ұшқарылыққа салынбау;
6) бір-біріне жол беру, өзара ізет-ілтипат.
Конфуций ілімі басшы, жетекші қандай болу керек деген сұраққа мән береді, көп тоқталады.
Басшы, жетекші:
1) императорға бағынады;
2) конфуциандық қағидаларды сақтайды;
3) қажетті білімдерді игерген;
4) еліне қызмет ететін патриот;
5) биікті көксейтін, жоғары мақсаттарға ұмтылатын;
6) ізгілікті;
7) мемлекетке, айналадағыларға тек жақсылық жасайтын;
8) мәжбүр ету емес, үлгі көрсету, түсіндіру арқылы ықпал ету;
9) қол астындағылардың және мемлекеттің қамын ойлау;
Бағыныштылар:
1) басшыға, жетекшіге құрмет көрсетуге;
2) жұмыста тыңғылықты болуға;
3) үздіксіз оқу және өзін-өзі жетілдіруге тиіс.
Ежелгі грек философы Сократ сияқты Конфуций де ештеңе жазбаған, оның ойлары айтқан нақыл сөздері, пікірлері шәкірттерінің арқасында «Лунь Юй» («Кеңес пен толғам») кітабында жинақталған.