Философтардың философия туралы түсініктері
№ |
Философ немесе философиялық бағыт |
Философия пәні туралы түсінік |
1 |
Пифагор |
Даналыққа кұштарлық. |
2 |
Гераклит |
Философ – зерттеулермен айналысатын адам. |
3 |
Сократ |
Ізгілік пен зұлымдықты тануға бағытталған ерекше ғылым. |
4 |
Платон |
Мәңгі ақиқат болмысты тануға бағытталған ерекше ғылым. |
5 |
Аристотель |
Заттардың себептері мен қағидаларын зерттеу. |
6 |
Эпикур |
Ой арқылы бақытқа жету жолы. |
7 |
Сенека |
Философия – ізгі кеңес. |
8 |
Ортағасырлық христиандық философия |
Құдайлардың бар екенін дәлелдеу және рационалды таным құралы. Киелі жазбалардағы ақиқатты түсіндіру. |
9 |
әл – Фараби |
Мақсаты әсемдікке жету болып табылатын — өнер. |
10 |
Ф.Бэкон, Р.Декарт |
Ұғымдық форма арқылы берілген тұтас ғылым. |
11 |
Кант |
Дүниені абстрактылы метафизикалық ұғымдар арқылы тану құралы. |
12 |
Гегель |
Өзін-өзі танитын Абсолютті ақыл туралы ғылым. |
13 |
Шопенгауэр |
Философия – дүниені жалпы, абстрактылы ұғымдар түрінде бейнелеу түрі. |
14 |
Жанды Этика ілімі |
Рухани интуиция мен ақылға негізделген дүниені тану құралы, адамды рухани жетілдіру жолы. |
1.3 Философиялық дүниетаным және дүниетанымның тарихи түрлері
Дүниетаным – дүние және ондағы адам орны туралы тұтас көзқарас. Тарих дамуында адамзат дүниетанымының үш тарихи түрі қалыптасты:
1) мифология;
2) дін;
3) философия.
Мифология (гректің «миф» — «аңыз» сөзінен) — қоршаған дүние туралы реалды түсінікпен қатар фантастикалық қиялдың қосындысынан тұратын ежелгі қоғам дүниетанымы, қоғамдық сананың формасы.
Миф жауап беруге тырысатын негізгі сұрақтар:
1) Әлемнің, Жердің және адамның жаратылуы.
2) Табиғи құбылыстар туралы түсінік.
3) Адам өмірі, тағдыры мен өлімі, әрекеті, жетістіктері, т.б.
4) Борыш, ар-намыс, имандылық мәселелері.
Мифтің белгілері және жалпы сипаты:
1) табиғатты жанды тіршілік ретінде қабылдау;
2) фантастикалық құдайларға, олардың өзара қатынасына, байланыстарына сену;
3) абстрактылы ойлаудың (рефлексияның) болмауы;
4) мифтің нақты өмірлік міндеттерді (шаруашылық, стихиядан қорғану,т.б) шешуге бағытталған практикалық сипаты;
5) мифологиялық сюжеттердің біркелкілігі мен тереңге бойламайтын үстірт, жеңіл мағыналылығы.
Дін – (латынның «религия»-«құдайшылдық» сөзінен) — сенімге негізделген, адам өмірі мен қоршаған дүниені басқаратын, жарататын құдіретті күштердің барын мойындайтын дүниетаным түрі. Діни дүниетаным адамнан дүние туралы сезімдік, образды- эмоцианалды түсінікті талап етеді. Діннің мақсаты мен мағынасы – қоғам мен жалпы адамзаттың назарын Құдайға бағыттау арқылы бір бағытқа жұмылдыру, орталықтандыру, сол арқылы адамды және осы дүниелік болмысты мәртебелендіру.
Дін де миф ізденетін сұрақтарға жауап береді:
1) әлемнің, Жердің, Жердегі тіршіліктің, адамның пайда болуы;
2) табиғи құбылыстарға түсінік;
3) адам әрекеті тағдыры;
4) адамгершілік мәселелері;
5) қарым-қатынас мәселелері.
Кең тараған ұлттық діндер:
1) синтоизм;
2) индуизм;
3) иудаизм.
Негізгі әлемдік діндер үшеу:
1) буддизм;
2) христиандық;
3) ислам.
Дін мынадай қызметтер атқарады:
1) дүниетанымдық — дүние туралы жалпы түсінікті қалыптастырады;
2) біріктірушілік — қоғамды қандай да бір идея үшін немесе идея төңірегіне топтастырады;
3) мәдени — мәдениетке ықпал етеді немесе мәдениеттің таралуына жағдай жасайды;
4) адамгершілікке тәрбиелейді, адамгершілікті насихаттайды (мейірбандылық, инабаттылық, жанашырлық, адалдық, сыпайылық, төзімділік, борыш идеяларын жоғары бағалайды, уағыздайды);
5) компенсаторлық — адамның табиғат, әлеуметтік проблемалар, т.б. жағымсыз сипаттағы басқа да факторлар алдындағы әлсіздігін, қорғансыздығын басқа сипаттармен толықтырады;
6) жүйелеушілік — адамдардың тәртіптері мен өзара қатынастарын идеялар, нормалар, дәстүр, ритуал, құқық, мораль, қағидалар,т.б. арқылы жүйелейді;
7) мәдениет жалғастылығы — ұрпақтар арасындағы ой жалғастылығын қамтамасыз етеді;
8) интеграциялық, дезинтеграциялық — индивиттерді топқа немесе әлеуметтік институттарға бөлу-біріктіру.
Философия — дүниетанымның ғылыми — теориялық түрі. Философиялық дүниетанымның діни және мифологиялық дүниетанымдардан айырмашылығы:
1) нақты ұғымдар мен категориялардан құралады;
2) қиялға, сенімге емес, білімге сүйенеді;
3) рефлексивті (ойдың өз- өзіне бағытталуы);
4) қисындылығы (ішкі тұтастық пен жүйелікке негізделеді).
Осылайша философия — рационалдылықпен, жүйелілікпен және қисындылығымен ерекшеленетін дүниетанымның жоғарғы деңгейі мен түрі.
Философияның дүниетаным ретіндегі эволюциясы 3 кезеңнен өтті:
1) космоцентризм;
2) теоцентризм;
3) антропоцентризм.
Космоцентризм — Әлем, табиғат құбылыстары-сыртқы күштердің-Космостың күшімен, әсерімен, шексіздігімен түсіндірілетін, бүкіл тіршіліктің космостық циклдарға тәуелділігін тұжырымдайтын философиялық дүниетаным (Ежелгі Үнді, Ежелгі Қытай, т.б. шығыс елдеріне және Ежелгі Грецияға тән).
Теоцентризм — бүкіл болмыс, тіршілік — тек қана құдіреттің, Құдайдың үстемдігімен түсіндірілетін пікірге сүйенетін философиялық дүниетаным түрі (ортағасырлық Европаға тән).
Антропоцентризм — орталығында адам мәселесі тұрған философиялық дүниетаным түрі (Қайта Өрлеу дәуіріндегі Европаға, Жаңа Заманға, қазіргі заманғы философиялық мектептерге тән).
1.4 Философиялық білімнің ерекшелігі (екіұдайлығы)
Философиялық білімнің басты ерекшелігі — оның екіұдайлығында. Ол ғылыми білімге жақын: пәні, әдістері, логикалық-ұғымдық аппараты ғылыммен ортақ.
Сонымен қатар философия таза түрдегі ғылыми білім де емес. Философияның барлық басқа ғылымдардан айрықша белгісі — адамзат жинақтаған білімдердің барынша жалпыланған түрі, теориялық дүниетаным болуында.
Философия пәні кез келген нақты ғылымдардың зерттеу пәнінен ауқымды. Философия білімді жалпылайды, кей ғылымдарды біріктіреді, бірақ барлық ғылыми білімдерді сарқып, жойып мәнсіздендірмейді. Ол ғылымдардың барлығына ортақ сипатты, құбылысты ғана қамтып, нақты, арнайы білімдерді сол ғылымның еншісіне қалдырады.
Философиялық білімнің ерекшелігі мынада:
1) құрылымы күрделі (онтология, гносеология, логика, т.б.);
2) барынша жалпы, теориялық сипатта;
3) ғылымдардың негізінде жатқан базалық, басты идеялар мен ұғымдарға сүйенеді;
4) көбінше субъективті-философиялық жүйелерімен, идеяларымен қатар философтардың дүниетанымдарының таңбасы, ойлау ерекшеліктері де қоса беріледі;
5) объективті — білімдер мен құндылықтардың, өз заманының адамгершілік идеяларының жиынтығы болып табылады, өз дәуірінің ықпалына ұшырайды;
6) таным объектілерін ғана емес, таным механизмдерін де зерттейді;
7) рефлексия қасиетіне ие — ойдың өзіне-өзінің бағытталуы (нәрселер дүниесімен қатар, білімнің өз-өзіне бағытталуы);
8) өзіне дейінгі философтар жасаған доктриналардың әсер-ықпалына ұшырайды;
9) динамикалық сипатта — тоқтаусыз даму, жаңару үстінде болады;
10)барынша жалпы ұғымдарға — категорияларға сүйенеді;
11)мәні сарқылмас терең;
12)адамның (танушы субъекттің) танымдық қабілеттерімен шектелуі;
13)логикалық тұрғыдан ешқашан біржола шешілмейтін «мәңгілік» сұрақтармен айналысады (болмыстың жаратылуы, табиғаты, материяның немесе сананың біріншілігі, тіршіліктің пайда болуы, жанның ажалсыздығы, Құдайдың бар-жоқтығы, оның дүниеге әсері, т.б.).