Метрология — өлшемдер туралы ғылым. Физикалық шамалар туралы ұғым

Метрология — өлшемдер туралы, олардың бірлігін қамтамасыз ету әдістері мен құралдары және тиісті дәлдікке жету тәсілдері туралы ғылым. Метрология үш бөлімге бөлінеді: теориялық, заңнамалық және қолданбалы метрология.

Теориялық метрология — метрологияның іргелі негіздерін құру, өлшем бірліктерінің жүйесі, физикалық тұрақтыларды жасау, өлшеудің жаңа түрлерін әзірлеумен айналысатын метрологияның бөлігі. Кейде «іргелі метрология» термині қолданылады.

Заңнамалық метрология — мемлекетте қолданылатын өлшем бірліктері, өлшеу әдістері, құралдары мен зертханаларға қатысты мемлекеттік талаптарды белгілейтін метрологияның бөлігі. Заңнамалық метрология мемлекеттік метрологиялық қызмет, мемлекеттік басқару органдарының және заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтері, енгізілетін заңдар мен заңнамалық ережелер арқылы метрологиялық қызметті мемлекеттік реттеу құралы қызметін атқарады. Заңнамалық метрологияға құралдардың түрлерін сынау мен бекіту, оларды тексеру мен калибрлеу, өлшеу құралдарын сертификаттау, өлшеу құралдарын мемлекеттік бақылау мен қадағалау жатады. Метрологиялық ережелер мен заңнамалық метрологияның нормалары халықаралық ұйымдардың құжаттары мен ұстанымдарына сәйкес теңдірілген. Бұл экономикалық және сауда байланыстарының дамуына жағдай туғызады және халықаралық метрологиялық бірлескен қызметіндегі өзара түсіністікке әсер етеді.

Тәжірибелік (қолданбалы) метрология теориялық метрологияның әзірлемелерін және заңнамалық метрологияның ережелерін қызметтің әртүрлі салаларында тәжірибеде қолданумен айналысады.

Өлшенетін шама мен оның өлшем бірлігі арасында қатынас болған кезде өлшеу жүргізусіз болатын практикалық қызметтің бірде-бір саласы жоқ.

Кез келген сараптама, болжау, жоспарлау, бақылау, реттеу кезінде шикізаттық, дайын өнімнің саны мен сапасы туралы дұрыс ақпарат, барлық өндірістік циклдің технологиялық операциясының жүргізілуі туралы ақпарат кажет. Бұл ақпарат әртүрлі физикалық шамаларды, көрсеткіштерді және өлшемдерді өлшеу жолымен алынады.

Дұрыс, өлшенген, белгіленген дәлдікпен алынған ақпарат шешімнің дұрыс қабылдануын қамтамасыз етеді. Ал дұрыс емес ақпарат өнім сапасының төмендеуіне, апатқа, ғылыми-зерттеу кезінде қате қорытындыға, пайдалы қазбалар қорын қате бағалауға, сауда-коммерциялық операция кезінде қате өлшеу мен есептеуге алып келуі мүмкін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *