Әр пенденің бойында адамшылықтың қарызы бар. Ол қарыз – өзіңнің, ұрпағыңның, Отаныңның алдындағы жауапкершілікке бастайды. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қыл», демей ме ұлы Абай. Адамзаттың қарызы – азаматтық парызың. Сол қарыз бен парыз сынға түсер сәтте дәрі бағасын аспандатып, «бүлінгеннен бүлдіргі алғысы келетін» безбүйрек пиғылдарды көріп жаның шошиды. «Ауруын жасырған өледі» дейтін де қазақ. Дертке ұрынғандардың, бақиға аттанғандардың статистикасын жария ету жөнінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы айтты. Бұл жауырды жаба тоқитын кезең емес. Қай елде болсын ең басты құндылық – адам, адам өмірі. Осы күндерде қанша таныстарымыздан, туыстарымыздан, қаламдас, қанаттастарымыздан айырылдық. Әр өлім жан-жүрегіміздің қыл пернелерін бір-бірлеп суырып жатқандай.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әр сөзінде халық алдындағы жауапкершілікті мойнына алып, қарашаға қарата жүрек сөзін айтып келеді. «Қазақ елінің тағдыры тарих таразысында тұр», деді ол. Бұдан артық қалай айтуға болады? Елдің сол тағдырына Президент қалай жауапты болса, сіз де, мен де солай жауаптымыз.
…Кеше туған ауылым Жаңаарқадан достарым бейнебаян жіберіпті. Ауыл-ауыл болып брендке айналған Жаңаарқа қымызын тонналап ауруханаларға жөнелтіп жатыр. Эстафетаны келесі ауылдарға береді екен. Жалпыхалықтық қозғалыс. Ел анасына айналған жеңгелерімнің бейнесін таныдым, көзіме жас іркілді. Олар бұл еңбегіне бір тиын ақы дәметпейді, дертке дәру болсын деген ақ ниет қана…
Қай уақытта да небір қиындықты, зұлматты береке мен бірлік жеңген.
…ҚарЛаг тұтқыны Гертруда Платайстың естелігін оқығаным бар. «Неткен ғажап халық еді қазақтар. «Жалаңашкөлге» күздің қара суығында айдауылдар айдап бара жатқан біздерге қазақ аналары балаларының қолымен құрт, ірімшік лақтыртты емес пе? Сол сурет көз алдыма келсе, әлі күнге көзіме жас іркіледі», депті неміс аруы. Қазақтарға мың мәрте алғыс жаудырған.
Сол Алаштың арлы жұртында, тектіліктің тамыр жайған алқабында Қазақстан деген мемлекет бар. Гертруда қыздың жазбасын оқып, ҚарЛаг туралы «Қара орамал» поэмасында:
…Жұлдыздардың ішіндегі
Үркері,
Мына дала
тектілердің жұрты еді.
Сұламадан алып қалған
сұлатпай
Аналарым қолдан сыққан
құрт еді.
Мейірімге мөлдіреген
бұлақтай
Гертруда қыз көздің жасын
іркеді…
– деп жырлаппын. Бүгін де елге ізгі амалдар, мейірім мен пейіл, береке мен бірлік қажет. Зиялы қауымның айтар ойы осыған саяды.
Аман бол, Қазақ елі, біз сізбен біргеміз, Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Мынау пандемияның беті қайтпаған жағдайда елді мекендерде, аймақтарда төтенше жұмыс топтарын құрса деген ұсыныс бар. Елді сабырға шақырып, нақты іске араласатын, келіп жатқан түрлі көмекті ең зәру жерлерге жеткізу үшін де уақытша осындай құрылым керек шығар. Ондай жағдайда ел ішінде болуға біз де әзірміз.
«…Бабалардың бағып тұр көзі
алыстан,
Балалардың сиқы анау…
боза құсқан.
Өзім көріп келемін өз күнімді,
Өзегімнен теппеші,
Қазақстан!»
деп жазып еді менің досым Шаһизада шайыр Әбдікәрімов ана бір жылы. Иә, «бабалардың бағып тұр көзі алыстан». Жақсы күнде жолығайық!https://egemen.kz/article/243218-adamshylyq-qaryz-%E2%80%93-azamattyq-paryz