Магниттік аномалия — жер бетіндегі магнит өрісі мәндерінің өзінің қалыпты мәндерінен ауытқуы. Картада Магниттік аномалия жер магниттілігінің (магнетизмінің) кейбір элементтерінің мәндері бірдей нүктелерін қосатын сызықтар арқылы (бұрылу — изогондармен, еңкею — изоклиндермен, толық вектордың не оның құраушыларының кернеулігі — изодинамдармен) кескінделеді. Аумақты қамту шамасына қарай Магниттік аномалия континенталдық, регионалдық және локальдық Магниттік аномалия болып бөлінеді. Континенталдық Магниттік аномалия 10 — 100 мың км²-ге таралады. Олар үшін қалыпты өріс біртекті магниттелген шардың (диполь өрісі) өрісі ретінде қарастырылады. Қазіргі түсінік бойынша олар Жер ядросындағы заттардың қозғалу ерекшеліктеріне байланысты өзгереді. Ең ірі континенталдық Магниттік аномалия Шығыс Сібір мен Зонд аралында орналасқан. Регионалдық Магниттік аномалия 1 — 10 мың км² ауданды қамтиды. Ол жер қыртысы құрылысының ерекшеліктеріне байланысты туады. Шығыс Сібірде, Шығыс Еуропада, т.б. аудандарда регионалдық Магниттік аномалиялар бар. Локалдық Магниттік аномалия ауданы бірнеше м2-ден км²-ге дейінгі аумақты қамтиды. Бұл жер қыртысының жоғары бөлігі құрылысының біртекті болмауына және тау жыныстарының магниттелу ерекшелігіне байланысты (мыс., найзағай соққысы салдарынан) пайда болады. Локальдық Магниттік аномалия пайдалы қазба байлықтардың орналасуына байланысты болғандықтан оны магнит барлау арқылы зерттеудің үлкен практика маңызы бар. Қарқында Магниттік аномалиялар темір кенінің, т.б. темірі бар жыныстардың орналасқан аймағында байқалады (мыс., Украинадағы Кривой Рог және Ресейдегі КурскМагниттік аномалиялары).