Тәжікстан (тәжікше Тоҷикистон), ресми атауы — Тәжікстан Республикасы (тәжікше Ҷумҳурии Тоҷикистон) — Орталық Азиядағы мемлекет. Оңт-нде Ауғанстанмен, солүстік мен батысында Өзбекстанмен, солтүстігінде Қырғызстанмен, шығысында Қытаймен шектеседі. Жер аумағы – 143,1 мың км2. Халқы – 9 000 030 миллион (2018). Халқының 62%-ын тәжіктер, 23%-ын өзбектер, 5%-ын орыстар, қалған 10%-ын түрікмендер, қазақтар, қырғыздар, корейлер, немістер, т.б. құрайды. Астанасы — Душанбеқаласы (608 мың адам) (2000). Ресми тілі – тәжік тілі. 1994 жылы қабылданған Конституциясы бойынша – президенттік басқару нысанындағы зайырлы мемлекет. Заң шығарушы органы – меджлис. Тәжікстан құрамына Таулы Бадахшан автономиялы облысы (жер аумағы – 63,7 мың км2; халқы – 167 мың (2000); әкімшілік орталығы – Хорог қаласы) кіреді. Тәжікстан әкімшілік жағынан 3 облысқа бөлінеді. Ақша бірлігі – сомони.
Табиғаты
Жерінің 93%-ы Тянь-Шань, Гиссар – Алай және Памир тау жүйелеріне жататын таулардан тұрады. Жартысынан астамы теңіз деңгейінен 3 мың м биіктікте орналасқан. Тәжікстанның солтүстік жағын Құрама жотасы (биіктігі 3769 м), Моғолтау (1624 м), Түркістан жотасы, орталық бөлігін Гиссар – Алай тау жүйесі, оңтүстік-батысын Жылантау, Теректітау, Ақтау, Қаратау, шығысын Памир тау жүйесі алып жатыр. Тау аралықтарында Ферғана, Гиссар, Вахш, Төменгі Кафирнихон, т.б. аңғарлар орналасқан. Тәжікстанның климаты континенттік, қаңтардың орташа температурасы оңтүстік-батыстың тау аңғарлары мен тау бөктерлерінде 2°, –2°С, солтүстігінде –20°С-қа дейін; температураның абсолют минимумы Памирде (Бұлынкөл) –63°С-қа жетеді. Шілденің орташа температурасы 30°С-тан 0°С-қа дейін (Памирде); температураның абсолют максимумы 40°С (Төменгі Пяндж). Гиссар жотасының оңтүстік етегіне жылына 1600 мм жауын-шашын түседі. Тау аңғарлары мен қазан шұңқырларда 100 – 150 мм, Шығыс Памирде (Қаракөл) 72 мм ылғал түседі. Тәжікстан жеріндегі тау мұздықтарынан көптеген өзендер бастау алады. Басты өзендері – Сырдария мен Әмудария. Вахш, Пяндж және Кафирнихон өзендері Тәжікстан жерінің біраз бөлігін кесіп өтіп, Әмударияға барып құяды. Тәжікстанда өсімдіктердің 5 мыңдай түрі кездеседі. Өзен жайылмаларында тораңғы тоғайлары бар. Таулы аудандарының жартысын арша орманы алып жатыр. Ылғалды аудандарда жаңғақ, түркістан үйеңкісі, сиверс алмасы, алша, бұқара бадамы өседі. Тәжікстанның фаунасындасүт қоректілердің 81, құстың 365, бауырымен жорғалаушылардың 49, насекомдардың 7 – 8 мың түрі кездеседі. Жазық жерлер мен тау бөктерлерінде жайран, қабылан, бұхара бұғысы, қасқыр, барыс, борсық, жабайы шошқа; таулы өңірде сусар, аю, таутеке, арқар, т.б. мекендейді. Су айдындарында балықтың көптеген түрі бар.
Тарихы
Тәжікстан аумағын алғашқы адамдар төменгі палеолит дәуірінен бастап қоныстанған. Солтүстік және оңтүстік Тәжікстанда төменгі палеолит, мезолит дәуірлерінің ескерткіштерікөптеп кездеседі. Оңтүстік-батыс бөлігінен неолиттік гиссар мәдениетінің ескерткіштері ашылған. Ежелгі дәуірде Тәжікстан аумағында Соғды, Бактрия мемлекеттері құрылды. Біздің заманымыздан бұрын 6 – 4 ғасырларда Тәжікстан жері парсылардың (қара Ахемен әулеті) қол астында болды, біздің заманымыздан бұрын 329 жылы онда А.Македонскийдің әскері басып кірді. Македонский мемлекеті ыдырағаннан кейін Тәжікстан жерінің бір бөлігі Селевки мемлекетінің, біздің заманымыздан бұрын 3 – 2 ғасырларда едәуір бөлігі Грек-Бактрия патшалығының құрамына кірді. Біздің заманымыздан бұрын 140 жылы Тәжікстан жеріне көшпелі Тохар әулеті ене бастады. Кушанкезеңінде (қара Кушан патшалығы) Тәжікстанда ірі құрылыс-жайлар, суландыру жүйелерісалынды, қолөнер дамыды. Осы кезеңде Тәжікстанға Үндістаннан буддизм, Ираннанманихейлік наным келіп кірді, бірақ негізгі діні зороастризм болып қалды. 510 жылға қарай Орталық Азияда эфталиттер мемлекеті қалыптасты. 563 – 67 жылы түрік тайпаларыэфталиттерді жеңіп, Тәжікстан жері Батыс Түрік қағандығының құрамына енді. 8 ғасырдың ортасында елді арабтар жаулап алды. 9 – 13 ғасырларда Тәжікстанда Тахири мемлекеті мен Самани мемлекетінің, Ғазнауи сұлтандығының, Қарахан мемлекетінің, Қарақытай мемлекетінің, Хорезмнің құрамында болды. 1221 жылы Тәжікстанды Шыңғыс хан әскері жаулап алып, Шағатай ұлысына бағынды. 14 ғасырдың 2-жартысынан Темір мемлекетінің құрамына кірді. Темір әулеті тұсында өнер, ғылым, әдебиетжоғары сатыға көтерілді. 16 ғасырдың басында Тәжікстан аумағы Шайбани мемлекетініңқұрамына енді. Аштархан әулеті тұсында өзара қырқысулар күшейіп, Хорезм, Балх, БадахшанБұхар хандығынан бөлініп шықты. 1740 жылы Тәжікстан жерін Иран билеушісі Нәдір шахжаулап алды. 18 ғасырдың орта тұсына қарай Маңғыт әулеті өкімет басына келді. 19 ғасырдың 1-жартысында Тәжікстан жерін Қоқан хандығымен Бұхар әмірлігі өзара бөлісті. 1866 жылы 4 мамырда патшалық Ресей әскерлері Ходжентті, 2 қазанда Ұратөбені жаулап алды. 1868 жылы 23 маусымда Ресей мен Бұхар әмірлігі арасында жасалған шарт бойынша орыс әскерлері жаулап алған барлық аумақ империя құрамына кірді. 1895 жылы орыс-ағылшын келісімі бойынша Памирдің Ауғанстанмен шекарасы Пяндж өзенімен белгіленді. Қазіргі Тәжікстанның оңтүстік – батыс және орталық бөліктері Бұхар әмірлігінің, ал қалған бөлігі Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария (1886 жылдан кейін Самарқанд) мен Ферғана облыстарының құрамына енді. Тәжікстан жерінің Ресейге қараған бөлігінде отарлық билік органдары құрылып, жергілікті халықты қанау қарқынын күшейтті. Тәжікстан жерінде астық орнына мақта егуге көп көңіл бөлінді. Мақта Ресейдің орталық аудандарындағы фабрикаларға тасымалданды. Ауыл шаруашылығындағы мұндай өзгеріс өңірге аштық қаупін тудырды. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін жергілікті халықтың мүддесін қорғау мақсатында Мұсылман комитетіқұрылды, кеңес өкіметінің орнауына жергілікті халық тарапынан қатты қарсылық көрсетілді. Жергілікті халықтың басым бөлігі басмашылар қозғалысына тартылды. 1918 – 24 жылы Тәжікстан аумағы Түркістан кеңес республикасы мен Бұхар халық кеңес республикасы құрамында болды. 1924 жылы 14 қазанда КСРО БОАК тәжік халқына автономиялық республика құру құқығын берді. Тәжік АКСР-іне Самарқанд, Ходжент уездерінің 12 болысы, бүкіл Шығыс Бұхар кірді. КСРО ОАК-нің 1925 жылы 2 қаңтардағы шешімімен оның құрамына Таулы-Бадахшан автономиялық облысы (Солтүстік Памир)қосылды. Тәжік АКСР-і Өзбек КСР-і құрамында болып, 1929 жылы қазанда Тәжік КСР-і жеке бөлініп шықты. Тәжік КСР-і құрамына Таулы-Бадахшан автономиялық облысы, Ходжент, Гиссар, Гарм, Қорғантөбе, Куляб, Ұратөбе, Пенджикент округтері кірді. 1929 жылы Тәжікстанда ауыл шаруашылығын коллективтендіру қолға алынды. 1940 жылы Вахш суландыру жүйесі, Үлкен Ферғана, Үлкен Гиссарканалдары қазылды. 2-дүниежүзілік соғыс жылдары Тәжікстанға соғыс қимылы жүріп жатқан жерлерден зауыттар мен фабрикалар көшірілді. Тәжікстан халқы қаржы жинап, “Советтік Тәжікстан” авиаэскадрильясын, “Тәжікстан колхозшысы” танк колоннасын жасақтап, соғысқа аттандырды. Соғыс кезінде тәжікстандық 49 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. 1950 – 90 жылы Тәжікстан негізінен мақта өсірумен айналысты. Сонымен қатар онда ірі өнеркәсіп орындары мен СЭС іске қосылды. 1991 жылы Тәжікстан президенті К.Махкамов тамыз бүлігіне қолдау танытты. Бұл өз кезегінде халық наразылығын туғызды. Осы жылы қыркүйекте Тәжік КСР-і Жоғарғы Кеңесі Тәжікстанның мемлекеттік тәуелсіздігі жайлы декларация қабылдады. 1991 жылы 24 қарашада Тәжікстанда президент сайлауы өтіп, онда Р.Нәбиев жеңіске жетті. 1992 тамызда президент Нәбиевтің жақтастары мен оппозиция күштер арасында қақтығыс болды. Оппозиция күштерді Тәжікстанның исламдық қайта өрлеу партиясы, Тәжікстанның демократия партиясы және “Растохез” (Қайта өрлеу) қозғалысы құрады. Екі жақтың қақтығысы азамат соғысына ұласып, ол бес жылға созылды. Азамат соғысы барысында 100 мыңға жуық адам қаза тауып, 900 мыңнан астам адам босқыншылыққа ұшырады. 1994 жылғы президенттік сайлау өткізіліп, онда Э.Рахмонов жеңіске жетті. Қазақстан мен Тәжікстан арасында 1993 жылы 19 қазанда Өзара қарым-қатынас туралы келісімшартқа қол қойылды. Тәжікстан президенті Рахмонов алғаш рет Қазақстанға ресми сапармен 1995 жылы 22 қарашада келді. Тәжікстанда Қазақстанның елшілігі бар.