Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы білім жүйесі Болон декларациясының талаптарына сәйкес білім берудің еуропалық үлгісіне көшті. Мамандар мен ата- аналардың, білім алушы жастардың пікірлері бойынша бұл үлгінің тиімді, озық жақтарын қабылдай отырып, ұлттық ерекшелікті сақтау мәселесі де жиі айтылуда. Бұл мәселе, әсіресе, бүкіл білім беру жүйесінің басты тұлғасы – ұстаздар дайындауда ерекше ескерілуге тиісті деп ойлаймыз. Ұстаз – реформаларды табысты іске асырудың анықтаушы факторы, өткеніміз бен болашағымызды байланыстыратын шынайы «рухани дәнекер».
Болашақтың ұстазын қалай дайындауға болады? Бүгінгі таңда оның тәрбиесін қандай идеялар мен ұстанымдарға лайықтап құруға болады, олар қандай болуға тиісті? «Шын мәнінде, адамды қалыптастыру үшін оның өзі әке болмаса адамнан артық болуға тиісті. Өзі жақсы тәрбиеленбеген жан баланы қалай жақсы тәрбиелейді» (1). Жан Жак Руссо ұстазды шынайы ұстаз жасайтын, балалардың оған деген өткір қажеттілігін сезіндіретін «таза білімділігі» ғана емес, басқа да маңызды және елеулі қасиеттерді атап көрсеткен. Ұстаз тек психолог емес, Адам болуға тиісті, ол үшін оқытушы мен мектепті мәдениеттен шеттетуді жеңу қажет.
Ұстаздың кәсіби тәрбиеленуінің, оның кәсіби-педагогикалық қалыптасуының негізгі идеясы ұстаз мәдениеттің тек субъектісі ғана емес, сонымен қатар оның объектісі екенін түсіну. Басқаша айтқанда, ұстаз сыртқы дүниені танып білетін және оған әсер ететін адам екенін түсіну. Сонымен, тек ұстаз ғана мәдениетті «жасап шығармайды», мәдениет те ұстазды «жасап шығарады». Қоғамның мәдениеті қандай болса, ұстазы да сондай болады. Ұстаз білім аясы мен идеялардың дүниемен қарым-қатынасының тәжірибесін алдымен өзі содан кейін басқа адамдарға береді. Сезім педагогтың өзінің белгілі бір мәдени құндылықтарға, идеялар мен ережелерді қалай қабылдайтындығы және бағалайтындығы, олар қандай дәрежеде оның ішкі жеке игілігіне айналды, оның осы мәдени нысандарды бағалау белгісі, оның жеке басының эстетикалық талғамы қандай екендігі жөнінде ақпарат береді.
Қазір ұстаздарды кәсіби дайындауда сезіммен емес, білім деңгейімен дайындауға басымдық беріледі, яғни болашақ ұстаздарды ақпаратпен толтырып, қалған қажетті жағдайларды (білімді тыңдаушыға жеткізу, өзара қарым-қатынас тәжірибесі, т.б.) өзі тауып алады деген есеппен. Сөйтіп, ұстаз «адам жанының мүсіншісінен» өзінің тәрбиеленушілерінің басын «таза» білімдік ақпараттармен толтырушыға айналады.
Шын мәнінде ұстаз болашақтың адамымен жұмыс істейді ғой! Осы арада жоғарыда айтып кеткен Ж.Ж.Руссоның айтқаны еске түседі: «Естеріңізде бол сын, ең алдымен, адамды қалыптастыру ісін қолға алу дан бұрын өздеріңіз адам болуыңыз қажет; сіздердің өздеріңізді үлгі тұтатындай, арттарыңыздан еретін дей жағдай болу қажет… Әділетті, адамгершілікті, қайырымды болыңыздар… Басқаны сүйіңіз, сонда олар да сізді сүйеді; оларға көмек көрсетіңіз, сонда олар да сізге көмектеседі; олардың бауыры болыңыз, сонда олар сіздің балаларыңыз болады» (1). Ұстаздың жеке басының мәнін түсіндіруден оны кәсіби тәрбиелеудің негізгі элементтері қандай, жоғары оқу орнында оларды дайындаудың мақсаты көріне бастайды. Бұл процестегі білімнің рөлін ешбір төмендетпей-ақ, ұстаздың кәсіби тәрбиесінің жиынтығын құрайтын үш маңызды компонентке көңіл аударайық: — когнитивтік; — эмоционалдық; — іскерлік-тәжірибелік. Бұл компоненттердің жиынтығы жеке адамның шындыққа адамгершілік-эстетикалық қатынастарын қалыптастырады.
Ұстаздың эстетикалық сезімін тәрбиелеу. Адам өмірі жеке басының болмысының күйзелісі болып табылады. Алайда, егер тәрбие адамның сана-сезіміне, құштарлығына эстетикалық сыпайылық, нәзіктік және рух сіңірмесе, олар жеке бастың барып тұрған өзін- өзі жоюшы және талқандағыш қызметтерінің басталар нүктесіне айналады. Өзін-өзі талқандаушы, дөрекі және ойсыз әрекеттерден тек биік талғам, таза ниет, іс әрекеттердің ізгілігі мен бекзаттығы ғана құтқарады. Олар адамдардың сыртқы дүниемен қатынасының мазмұны мен сипатын анықтайды. Мұғалімдердің басынан кешіріп отырған эмоциялық мәдениеті, сезімнің нәзіктігі, күйзелісінің тереңдігі мен толықтығы бұл қатынастарды ерекше рухтылықпен, адам сүйгіштікпен, жүрек жылуымен толтырады. Бұл жағдайда қамқорлық, мейірімділік, аяушылық білдіру, адалдық, бекзаттық, сүйіспеншілік балаға деген құрмет, зиялылық кәсіби қызметтің бұлжымас белгілеріне айналады. Болашақ ұстаздар және олардың алдыңғы буын әріптестері мұғалімдердің кәсіби тәрбиелігінің сапаларының ішінде олардың балаға деген махаббатын, пәнді жақсы игергендігін, азаматтық орнын, жоғары рухани мәдениетін, алғырлығын басқалардан жиі атайды.
Ұстаздың әлеуметтік белсенділігінің қалыптасуы жөнінде. Ұстаздың кәсіби дайындығының ерекше сипаттамасы оның азаматтық позициясы, әлеуметтік белсенділігінің даму деңгейі болып табылады. Бұл сапалардың маңызды толықтырулары ұстаздың адалдығы, шыншылдығы, риясыздығы, патриотизмі болып табылады. Балалар жалғандықты өте нәзік сезінеді. Егер де бұл көрініс ұстаздан шығып тұрса, олар ондай мұғалімге сенімін жойып, оның пікірі мен көзқарасына қызығушылық танытпайды. КСРО кезінде мамандардың кәсіби қалыптасуының осы жақтарын комсомол, педагогикалық және құрылыс отрядтары, пионер лагерлері мен мектептердегі үзіліссіз педагогикалық практикалар қамтамасыз ететін.
Қазір бұл жағдайлар енді-енді өзінің қалпына келтірілуде. Жастардың бүгін қалыптасқан азаматтық позициясы болашақ ұстаздың алдағы өміріндегі идеалдары мен мақсаттарын анықтайтын болады. Жоғары оқу орны студенттердің болмысының бұл жақтарын кәсіби педагогикалық көңіл бөлуден қалыс қалдыра алмайды: ұстаз ашық пікір талас тәжірбиесін де, өз құқығын қорғауда азаматтық батылдықты да, ережелер мен әрекеттердің регламенті белгілеген құқықтық білімді де игеруге тиісті.
Болашақ ұстаздардың мәдениеті туралы. Ұстаздың кәсіби бейнесінде оның адамгершілік-эстетикалық мәдениеті елеулі рөл атқарады, өйткені ол адамның рухани байлығының ішкі көрінісінің негізі, ішкі арқауын жасайды. Студенттік жылдар жас мамандардың мәдениетпен, өнермен қарым-қатынасының сипатын анықтайды. Студенттік жылдарда әлеуметтік жетілу, кәсіпке ие болу адамның жеке басының шығармашылық әлеуетін іске асырумен, оның табиғи қабілеті мен дарынын дамытумен қосақтас болады. Сол кезде мәдениет пен өнер ұстаз үшін болмашы жағдайда болуы мүмкін емес. Дей тұрғанмен қазіргі кезеңде студенттік болмыстың бұл жағы тежелуде, соның салдарынан болашақ маман (обьективті, әрі субьективті) мәдениет пен өнерден қашықтатылуда. Бұл процесс белгілі дәрежеде ұжымда немесе ұжым арқылы тәрбиелеу жүйесінің ыдырауымен күрделенуде. Соның салдары ретінде мәдениет (әсіресе – отандық) олар үшін маңызды құндылықтар деп саналмайды. Соңғы жылдары кино өнерінің өнімдерін пайдалану сипаты мүлдем өзгерді. Олар жекелік сипатқа ие болды, яғни жаңа технологиялық мүмкіндіктерге байланысты бұл өнерге көзқарас өзгерді. Бұл олардың адамгершілік-эстетикалық дамуында ерекше жағдай жасайды, яғни жастардың өзара пікір алмасып, ортақ пікірге келуіне шектеу жасайды. Ал ол өз кезегінде студенттердің талғамына, әлеуметтік әрекеттердің әр түрлі құбылыстарына баға беруді төмендетеді. Бұған батыстық және америкалық стандарттардың әсері ерекше байқалады. Жеткілікті әлеуметтік тәжірибесіз, тұрақты өмірлік принципсіз, қоршаған өмір мен өз басын айқын бағалай алмайтын жастар біртіндеп бейқам, стериотипті (таптаурын) бола бастайды. Олар көп жағдайда батыстың өмір салтына, білім жүйесіне қалыптасып, терең кәсіби білім алуда ақыл-парасатын жоғалтады. Сондықтан да жоғары оқу орнын бітіріп, көптен армандап жүрген дипломын ала отырып, мұндай студенттер кино өнеріндегі, бүтіндей алғанда мәдениетте эстетикалық құңдылықтардың шынайылығы жөнінде бұрмаланған, жалған, атүсті ұғым алады.
Ұстаздың адамгершілік-эстетикалық тәрбиесі туралы.Жоғарыда көрсетілген құбылыстардың адамға деген технократиялық көзқарас жағдайында қаупі зор. Алайда, мұндай көзқарас экономикалық саланың өзінде тар шеңберде болып табылады және пәлендей нәтижеге жеткізбейді. Ең жоғарғы кәсіби дайындықтың өзі егер де жоғары кәсіби этикаға, еңбексүйгіштік дәстүрлеріне, жауапкершілікке, ынталылыққа негізделген құндылықтарды тірек етпесе қажетті нәтижеге жетпейді екен. Гуманитарлық бейінділік – ерекше мәдениеттанушылық сезім және ерекше ерлік. Гуманитарлардың статусы қоғамда негізсіз төмендеп кетті. Қоғамдағы рухани бағдарлардың бұзылуы ұстаздың жеке басының маңыздылығын, оның адамгершілік және эстетикалық позициясын, оның қоршаған ортаға, адамдарға, әлеуметтік идеяларға, өзінің рухани әлеуетін іске асыруға қатынасын арттыра түседі. Ұстаз ғана қоғам үшін өзінің адамгершілік тазалығымен, бекзаттығымен, кәсіби борышына берілгендігімен, дүниені жетілдіре беруге талпынуымен үлгі бола алады. Білім саласы мен мектептердің тарихына зер салсақ, қоғамдық дамудың күрделі кезеңдерінде Ұстаз ғана тұрақтандырушы фактор бола білді. Бала үшін ұстаздың қоршаған орта жөнінде қандай көзқараста болатындығының да, оның табиғатпен, өнермен, басқа адамдармен өзара қарым-қатынасы қалай құралатындығының да ерекше орны бар. Тәрбиеленуші ұстазының жеке басында бәрінен де не айқындалатындығына көңіл бөледі.
Зиялылық – ұстаз бойындағы ерекше қасиет. Болашақ ұстаздың кәсіби тәрбиеленуінде іргелі білімнің маңыздылығын ешуақытта теріске шығару мүмкін емес. Алайда, іс жүзінде бұрынғының көптеген ғұламалары, ойшылдары мен көрнекті педагогтары ұстаздардың зиялылығына ерекше назар аударған. Бұл ерекше құбылыстың мәні жөнінде толғана отырып Д.С.Лихачев білімділік зиялылыққа кепіл бола алмайды. Білімділік ескі мазмұнмен өмір сүреді, ал зиялылық – жаңаны жасау және ескіні жаңа ретінде ұғыну (2) деп көрсетеді. Кәсіби тәрбиелілік – болашақ ұстазды кәсіби тәрбиелеудің мақсаты мен нәтижесі. Оның негізінде, жоғарыда атап көрсеткендей, болашақ ұстаздың қоршаған болмысқа, мұғалімнің күнделікті тұрмысының шындығына адамгершілік-эстетикалық қатынасы жатады. Адамгершілік-эстетикалық қатынас болашақ маманның рухани байлығының шамасын, оның әлеуметтік белсенділігінің дәрежесін, оның сұлулық пен ізгілікке құштарлығын, одан әлеуметтік тиімділік әкелуін, дүниені өте нәзік түсінуі және сезінуін көрсетеді. Бұл жағынан алып қарағанда болашақ ұстаз үшін оның жаңашылдыққа, дүниені жетілдіруге жаны құмарлығы ерекше маңызға ие болады. Д.С.Лихачев айтқандай зиялылық «бұл – түсінуге, қабылдауға қабілеттілік, бұл – қоршаған дүние мен адамдарға төзімділік». Зиялылық түсінігі адамгершілік-эстетикалық қатынастармен мәндес (3). Адамгершілік-эстетикалық қатынастардың қалыптасуы адамның бүкіл өмірінде іске асырылады, бірақ әр кезеңде жеке адамның, оның жасының ерекшеліктеріне байланысты өзгешеліктері болады.
Ұстаздың кәсіби сапасының құндылықтары туралы. Жоғары оқу орындары оқытушыларының студенттер үшін үлгі болатын жақтарына олардың өзін қоршаған адамдарға және өзінің кәсіби қызметіне қатынасын атауға болады. Студенттер оқытушы бойындағы әлеуметтік енжарлық, селқостық, немқұрайдылық, тұйықтық, қарабайырлық, өзімен өзі оқшаулану көріністерін қолдамайды. Зиялылар интеллектуалды бостандықсыз, ойлану мүмкіндігінсіз, шындықты айтпай, адамдарға пайда келтіруге талпынбай өмір сүре алмайды. Бұл бағыттағы олардың талпынысының басты және бірден-бір шектеушісі – ар-ұжданы. Зиялылардың қазіргі қоғам өміріндегі позициясы ерекше маңызды, яғни айтқанда, Қазақстанның болашақ дамуына көзқарасы, оның қазіргі жаһандану жағдайындағы еліміздің болашағындағы, әсіресе жастарды тәрбиелеудегі рөлі. Зиялылар жаңа ізденіс үстінде.