АЛЬПІ,Альпі тау жүйесі

АЛЬПІ,Альпі тау жүйесі (кельтше — аlр биік тау, ежелгі түркі тілінде — алып- заңғар, биік) — Еуропадағы ең биік таулар. Ол Жерорта теңізінің солтүстігінде Легури т. жағалауынан Орта Дунай жазығына дейін оңт.-шығысқа қарай доғаша иіліп жатыр; доғасының сыртымен есептегенде ұз. 1200 км-ге жуық, іш жағы 750 км, ені 50 — 60 км- ден 240 — 260 км-ге жетеді. Ең биік нүктесі — Монблан шыңы (4807 м). А. ірі жоталар мен тау сілемдерінен тұрады. Сілемдер аралығын Рона, Рейн, Бодо — Комо тау аңғарлары бөліп жатыр. Тас және темір жолдар өтетін Сен-Готард, Симплон, Милан-Домодоссола, Бриг — Лозанна, Үлкен Сен-Бернар (2400 м) туннельдері аймақтағы бірнеше мемлекетті байланыстырады. Тау жүйесі орографиялық жағынан Батыс А. және Шығыс А. болып бөлінеді. Олардың арасындағы шартты шекара солтүстігінде Боден к-нен, оңтүстігінде Комо к-не дейінгі тектоник. аңғармен өтеді. Батыс А-нің сырт жақ беткейі кең әрі біршама жайдақ, ал ішкі жақ беткейі жарқабақты болып келеді. Тау жүйесінің ең биік шыңдары (Монблан, Монте-Роза, Пельву) осы бөлігінде орналасқан. Тау жүйесінің орталық торабына алъпілік жер бедері тән. Ландшафтысында биіктік белдеулер айқын байқалады. Тау етегі мен тау беткейлері (800 — 1000 м) мен таулық белдеу (1800 м) климаты қоңыржай және ылғалды. Бұл белдеулер жалпақ жапырақты ормандармен көмкерілген. Түлкі, қасқыр, бұғы, тиін, жабайы мысық кездеседі. Жаз айларының орташа темп-расы 10 — 15°С, қыста -4 — 8°С. Субальпілік белдеудің (2300 м-ге дейін) климаты суық, желі қатты болады, қары қалың түседі. Тау беткейлері тік жарлы. Белдеуде биік таудың бұталы және шалғынды өсімдіктері өседі. Қысы қатаң, 6 — 8 айға созылады, жазы қоңыр салқын әрі қысқа. Одан жоғары биік таулы альпілік белдеудің (2500 — 3000 м) климаты қатал, біршама құрғақ. Онда қоңыраубас, қоғажай, көкнәр, т.б. өсімдіктер өседі. Одан әрі нивальдық белдеу орналасқан. Бұл белдеу тасты, мұзды болып келеді. Мұздықтың жалпы ауд. 4140 км2, 1200-ге тарта аңғарлық, қарлық мұздықтар бар. Тау жүйесі альпілік қатпарлану кезінде түзілген.

Қатпарлану жүйесінің негізі кембрийге дейінгі кристалды жыныстардан (гнейс, слюдалы тақтатас) және жоғары протерозой мен төменгі палеозойдың кварц-бриллитті тақтатастарынан тұрады. Жер бедерінің қалыптасуында антропоген кезеңінің су және мұздық эрозиясы үлкен рөл атқарған. А-де антропоген кезеңінде 4 рет мұз басу болды. Кен байлықтары: темір, мыс кентастары, қоңыр көмір, тұз. Солт. Батыс бөлігіндегі жоталарда жылына 1500 — 3000 мм жауын-шашын түседі. Ауа райы көбіне бұлтты, тұманды болып тұрады. Ішкі жоталарда, қазан шұңқырлар мен аңғарларда жауын-шашын 1000 мм-ден аз. А. — Батыс Еуропаның аса үлкен су торабы. Өзендер өте көп. Олар қар, мұз, жаңбыр суымен толығады. Аса ірі өзендері: Рона, Рейн, По. Көлдері: Боден, Цюрих, Комо, т.б. Топырақ жамылғысында, негізінен, орманның қоңыр түсті топырағы, күлгін және таудың сұр топырағы басым.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *