Ағзада су-тұз алмасу тепе-теңдігінің реттелуі

Бұл бөлімдегі мәліметтер де нефрологтың жұмысында күнделікті, әсіресе, бүйрек қызметі бұзылуы, оның емі сияқты мәселелерді шешуде өте қажет болып табылады. Су — адам ағзасының негізгі бөлігі және ересектердің дене салмағының 60% құрайды. Жаңа туған нәрестеде судың денгейі одан да жоғары, 75% құрайды, бір жасқа таяған кезде дене салмағының 60% жақындайды. Ағзада су екі кеңістікте кездеседі: жасуша ішілік және жасушадан тыс. Соңғысы тамырішілік (сарысу) және жасушааралық (интерстициалды) болып бөлінеді. Жасушаішілік сұйықтық көлемінің салмағы (30–40%), жасушадан тыс сұйықтықпен салыстырғанда (20–25%) жоғары.

 

Ұрықта және жаңа туған балада жасушадан тыс сұйықтық көлемі ересектермен салыстырғанда жоғарылау, сондықтан олар гипо-, гипергидратацияға тез ұшырайды. Ағзада су-тұз алмасу тепе-теңдігінің реттелуі екі көрсеткіш бойынша реттеледі: осмолялділік және айналымдағы қан көлемімен. Негізінен натрий тұздарымен түзілетін жасушадан тыс сұйықтықтың жалпы осмолялдігі 290 мосмоль/кг тең. Жасушалардың қалыпты қызмет атқаруы сарысу осмолялдігі мен тамырішілік қысымның өте аз өзгерістері кезінде ғана мүмкін.

Осмолялділік. Дененің барлық бөліктері осмотикалық тепе-теңдікте болады. Осморецепторлар судың қажеттілігін реттейді, оның бүйрекпен экскрециясы натрий тұздарының концентрациясына байланысты. Ағзада натрий құрамының бұзылыстары кезінде осмолялділікті реттеу жүйесі сулық тепетеңдікті жылжытады, сөйтіп осмотикалық тепе-теңдікті қалпына келтіру үшін денедегі тамырішілік көлемді өзгертеді. Көлемнің өзгеруіне сезімтал күрделі волюморецепторлар жүйесі бар. Көлемнің өзеруі (гипо-, гиперволемия) натрий экскрециясының өзгеруін шақырады. Бірақ гиповолемия кезінде алғашқы болып тамырішілік көлемнің қалпына келу механизмі қосылады. Осмолялділік ол кезде бірден қалыпты болмауы мүмкін.

Натрийдің бүйрекпен шығуының реттелуі. Натрий тепе-теңдігі бүйрек деңгейінде реттеледі. Натрийдің тамақ арқылы түсуі әр түрлі болады, ол нақтылы реттелмейді. Тұздардың жұмсалуының тез өзгерістеріне тек бүйрек бейімделеді. Натрий экскрециясы нөлге дейін төмендеуі мүмкін және сондай жылдамдықпен көтеріле алады. Бүйрек арқылы шығатын натрий көлемі шумақшалық сүзілу жылдамдығымен анықталады. Шумақшалық сүзілу жылдамдығының азғана өзгерістері сүзілген натрий көлеміне айтарлықтай өзгеріс енгізуі мүмкін. ШСЖ адамда өзгеріп тұруына байланысты ағзада бүйрек арқылы натрий бөлінуін реттейтін басқа механизмдер болуы керек.

Сыртқы және ішкі реттеу факторлары бар. Сыртқы факторларға гормоналды факторлар жатады, ал ішкі факторларға бүйрекішілік механизмдер жатады. Соңғысына шумақшалық-өзекшелік тепе-теңдік жатады. Соған байланысты натрий реабсорбциясының жоғарылауы немесе төмендеуі ШСЖ жоғарылауымен не төмендеуімен тікелей байланысты. Натрий тасымалы бірнеше гормондармен реттеледі. Олар — альдостерон, жүрекшелік натрийуретикалық пептид, ангиотензин II, норадреналин, простагландиндер, допамин, вазопрессин. Калийдің бүйректе тасымалдануы. Калий-жасушалық цитоплазманың негізгі катионы, оның концентрациясы жасушадан тыс сұйықтыққа қарағанда бірнеше есе көп. Бұндай потенциалдар айырмашылығының болуы жүйке, бұлшық ет тіндері мен миокард тіндерінің қызметі үшін маңызы зор. Калий еркін сүзіледі, әрі қарай ол толығымен (95%-ға дейін) қайта сорылады. Егер натрий өзекшелердің барлық бойында сіңіріле келе, оның қайтып үлгермегені несеппен шығарылатын болса, ал сүзілген калий жинақтаушы түтікшеге жеткенше толық қайта сорылады. Несеппен шығарылатын калий жинақтаушы түтікшелерде секреция арқылы шығады. Калий секрециясы, негізінен, жинақтаушы түтікшенің жасушаларымен жүзеге асады.

Диуретикалық заттар — амилорид, триамтерен калий секре- циясын тежейді, ол оларды калий сақтаушы диуретик ретінде қолдануға мүмкіндік береді. Калий тасымалы Na+/K+-АТФаза және калий каналдарымен реттеледі. Альдостерон Na+/K+-АТФаза тасымал қызметі жұмысымен қоса калий каналдары жұмысын реттейді. Ол натрий реабсорбциясы мен калий секрециясын жоғарылатады. Спиронолактон альдостерон рецепторларын тежейді, калий сақтаушы әсер көрсетеді. Бүйректен басқа калий асқазан-ішек жолдарымен және термен шығады. Калийдің жасушалық таралуына әр түрлі гормондар (инсулин, катехоламиндер, қалқанша безі гормондары, альдостерон) және де қышқылды-сілтілі жағдай, жасушалардың зақымдануы әсер етеді. Жасушалардың ыдырауы гиперкалиемияға әкеледі. Ацидоз жасушадан калийдің шығуын жоғарылатады (Н+ жасуша ішіндегі К+-ге алмасады), ал алкалоз кері әсер көрсетеді. Сондықтан калий өзгерістері кезінде науқаста қышқыл-сілтілік көрсеткіш те тексерілуі тиіс. Катехоламиндер гипокалиемия шақырады. Инсулин бөлінуін гиперкалиемия жоғарылатып, гипокалиемия төмендетеді. Осы негізде инсулин калийдің жасушаға енуіне әсер етеді, глюкозо-инсулинді ертінділердің гиперкалиемияға әсері осыған байланысты. Бүйректе кальций, фосфаттар мен магнийдің тасымалдануы.

 

Кальций — адам ағзасының екі валентті негізгі катионы. Екінші орын алатын екі валентті катион ол — магний. Негізгі екі валентті анион — фосфат. Бұл үш элементтің көп бөлігі сүйек тінінде. Қан сарысуындағы Са²+ және НРО4 ² – (аз көлемде Мg²+) концентрациясы сүйек тінінен тез босауы нәтижесінде ұсталып тұрады. Қан сарысуындағы Са²+ және НРО4 ² – концентрациясы тығыз байланысты. Са²+×НРО4 ² – туындысы белгілі бір деңгейде ұсталып тұрады. Бұл көрсеткіштің сәл жоғарылауы сүйек тінінде жиналатын еруі қиын кальций фосфатының түзілуіне әкеледі. Бұл тұздардың минералды-сүйек алмасу бұзылыстары кезінде жасушадан тыс тамырларда, бұлшықеттерде шоғырлануы аса қауіп тудырады. Кальцийдің қан сарысуындағы деңгейі қалыпты мөлшерде ішектен сіңірілуі және сүйектен босап шығуы нәтижесінде ұсталып тұрады. Магний деңгейі несеппен шығарылу жылдамдығына байланысты, ал фосфаттар үш әдіспен де ұсталып тұрады. Кальций. Кальцийдің ішекпен сіңірілуі D витаминімен күшейеді. Ішекпен барлығы 25–30% кальций сіңеді. Қан сарысуында жалпы Са²+ деңгейі 2,5 ммоль/л құрады, олардың ішінде 50% бос күйінде (ион) болады, 45% нәруыздармен байланысқан, 5% — басқа иондармен байланысқан. Бүйрек шумақшасында тек бос иондар ғана сүзіледі. Кальций өзекшелердің барлық бойында сіңіріледі: олардың ішінде 70% — проксималды өзекшелерде, 20% — Генле ілмегінің жоғарылаушы бөлігінің жуан сегментінде. Бұл бөлімдерде реабсробция жасуша аралық саңылаулар арқылы белсенді емес жолмен жүреді. Диффузияға натрийдің белсенді реабсорбциясы көмектеседі. Дисталды өзекшелерде Са²+-дің белсенді реабсорбциясы жүреді. Ол нәруыздармен байланысқан түрде Са²+-АТФаза көмегімен жүреді, және бұл үдеріс D витамині мен паратиреоидты гормондар арқылы реттеледі. Кальцийдің проксималды өзекшелерде қайта сіңуі белсенсіз сипатта болғандықтан және натрий реабсорбциясына байланысты болғандықтан осы бөлімде натрий тасымалына әсер ететін барлық дәрілік заттар (мысалы, фуросемид) кальций реабсорбциясын да тежейді. Керісінше, дисталды өзекшелерде натрийдің кері сіңірілуін тежейтін тиазидтер кальцийге әсер етпейді. Керісінше, кальцийдің қайта сіңуін сәл жоғарылатады, сөйтіп Са²+-урияны азайтады. Бұл клиникалық жағдайда тиазид бүйрек тас ауруында несепте кальцийді азайта отырып тастың түзілуін төмендетуге көмектеседі.

Фосфаттар. Тамақ арқылы түскен фосфаттың 65% ішек арқылы сіңіріледі. Қан сарысуындағы 55% фосфат бос күйінде болады, олар еркін сүзіледі және кейін түтікшелерде қайта сіңеді. 80% проксималды өзекшелерде жасуша аралық жолмен NaPi²– тасымалдаушысы көмегімен кері сіңеді. Оның белсенділігі паратгормонмен тежеледі. Әрі қарай 10% фосфат аниондары дисталды өзекшелерде, 2–3% — жинақтаушы түтікшелерде кері сіңіріледі. Магний негізінен тіндерде болады: 55%-ы сүйек тінінде, 45%-ы жұмсақ тіндерде, тек 10%-ы ғана жасушадан тыс болады. Мg²+ ионы қаннан еркін сүзіледі, кейін өзекшелерде қайта қанға сіңіріледі (30% — проксималды, 65% — Генле ілмегі тізесінің жоғарылаушы жуандаған бөлімінде, 5% — дисталды өзекшелерде).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *