АЛЬПИНИЗМ — спорттың тауға, шыңға жаяу жүріп, өрмелеп көтерілу түрі. Атауы Еуропадағы Альпі тауынан шыққан. Алғаш 1786 ж. швейцарлық М. Паккар мен Ж. Бальма Альпі тауындағы Монблан шыңына (биікт. 4807 м) көтерілді. Қазақстанда А-нің дамуы 30-жылдардан басталады. Тұңғыш рет 1930 ж. 17 шілдеде қазақстандық Е. Белоглазов, В. Горбуновжәне И. Мысовский Іле Алатауының Кіші Алматы шыңына (4376 м) көтерілді. Еліміздің альпинистері 1982 ж. КСРО командасы құрамында Эверест шыңына (8848 м) шықты. Ал 1991 ж. альпинист Қ. Уәлиевтің жетекшілігімен Қазақстан альпинистері Гималайдағы Дхаулагири (8176 м) шыңын бағындырды.