Ресейдегі шеру: халықтың ашуын тудырған не?

Ресейдің Хабаров өлкесінде бір апта бойы наразылық шерулері басылар емес, деп хабарлайды «Хабар 24». Қамауға алынған өлке губернаторы Сергей Фургалға қолдау білдірген мыңдаған тұрғын күн сайын көшеге шығып жүр. Мұндай шаралар өңірдің өзге қалаларында да өтіп жатыр. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, бүгін Хабаровскте 50 мың адам наразылық шеруіне шықты. Жергілікті биліктің есебінше, шерушілердің саны 10 мың төңірегінде. Жиналған жұрт қала көшелерімен өтіп, губернаторын босатуды талап етті. Полиция шеруге араласпай, тек бетперде үлестіріп жүрді. Владивосток тұрғындары да осындай шара ұйымдастырды. Қаланың орталық алаңына шыққан жүздеген адам көрші өңір тұрғындарынын талаптарын қолдады. Халықтың ашуын не туғызғанын білу үшін 2018-жылғы оқиғаларға көз жүгірту қажет. Сол кезде губернаторлық сайлауда аяқ астынан кәсіпкер Сергей Фургал жеңіске жеткен еді. Оған өзі де сенбеген ол тіпті үгіт-насихатқа да үлкен көңіл бөлмеген екен. Алайда бұрынғы губернатордан мүлдем көңілі қалған жергілікті тұрғындар не де болса оны биліктен шеттетуге бел буған еді. Ал кезінде жекеменшік бизнесін өрлеткен Сергей Фургал губернатор қызметінде де, қысқа мерзімде біраз шаруа атқарып үлгерді. Жылдар бойы шешілмеген мәселелердің түйінін тарқатты. Жетімдерді баспанамен қамтамасыз етіп, жас отбасылардың несиеге пәтер алуын жеңілдетті. Өлкенің қарызын да едәуір қысқартты. Өзінің және билік басындағылардың жалақысын екі есе азайтып, бұдан үнемделген қаражатты әлеуметтік мақсатқа жұмсаған. Жүзеге асырылып жатқан жобаларды жеке өзі бақылап, өлкеде сапалы жолдар салына бастады. Осының арқасында халық арасында беделі шарықтап кетті. Алайда 9 шілде күні Ресей тергеу комитеті губернаторды кісендеп, Мәскеуге жеткізді. Светлана Петренко, Ресей тергеу комитетінің өкілі: – Федералдық қауіпсіздік қызметінің агенттерімен бірлесіп жұмыс істеген Тергеу комитеті Хабаровск өлкесінің губернаторы Сергей Фургалды қамауға алды. Бұл – ұзақ уақытқа жалғасқан дүбірлі еңбегіміздің жемісі. 2004 және 2005 жылы Хабаровск өлкесі мен Амур облысында болған ауыр қылмыстарды тергеп, Фургал кәсіпкерлердің қастандықпен өлтірілуін ұйымдастырған деген қорытындыға келдік. Сергей Фургал өз кінәсін мойындаған жоқ. Қорғаушыларының айтуынша, кезінде кәсібінде серіктес болған әлдебіреудің сөзіне ғана сүйеніп, осыдан 15 жыл бұрын болған қылмыстарға айыптап отыр. Өлке тұрғындарының көбі де бұған күмәнмен қарап отыр. Қатысы болса, қылмыстар болған өңірде сотталсын дейді. Сергей Гусев, Оха ауданының бұрынғы басшысы: – Сергей Фургалдың тұтқындалуына қарсы наразылық шарасына шықтық. Оның қалада жүргізген саясатын қолдау үшін шықтық. Қазір Ресейде сұмдық жағдай болып жатыр, 1937-1939 жылдарда болған репрессияларға қайта оралдық. Өткен сенбіде елу мыңдай адам Хабаровск көшелеріне шығып, Фургалды босатуды талап етті. 600 мыңдай тұрғыны бар қалада ешқашан осыншама халық шеруге шығып көрмепті. Тіпті Ресейдің ірі қалаларында соңғы 20 жылда осындай ауқымды шара өтпеген. Мұндай шаралар бүкіл апта бойы жалғасты.

Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/lemde/item/410222-resejdegi-sheru-khaly-ty-ashuyn-tudyr-an-ne

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *