“АЛЬМАГЕСКЕ ТҮСІНІКТЕМЕ” “Қысқартылған Альмагест ” — Әбу Наср әл-Фарабидің белгілі астрономиялық шығармасы. Птолемейдің Альмагесін түсіндіру, өңдеу, кемелдендіру мақсатымен жазылған. Ғылымға белгілі арабша жалғыз қолжазбасы Лондондағы Британ музейінің қорында сақтаулы. ҚР ҒМ — ҒА-нда фотокөшірмесі бар. Қолжазба 222 бет, аяғында “һижра бойынша 628 жылы көшірілді” деген жазу бар. Бұл еуропалық жыл есебі бойынша 1231 жылға сәйкес келеді. 13 кітаптан тұрады. Оның бастапқы 5 кітабы орысшаға аударылып, 1975 ж. Алматыда “Ғылым” баспасынан жарық көрді. “А. т-ге” кіріспесінде Әбу Наср әл-Фараби өзінің бұл еңбекті жазуда алдына қойған мақсат-жоспарын: “Біз ұлы Птолемейдің астрон. жөнінде жазған шығармасы “Альмагестің” мазмұнын түсіндіруге кірісуді мақұл көрдік. Біз мұнда оның сөзінен көп ауытқымаймыз, замандастарымыздың Птолемейден өзгеше әдістерін кейбір жерлерде ғана келтіреміз… Біздің мұндағы көздеген негізгі мақсатымыз — бұл кітаптың мазмұнының көпшілікке барынша түсінікті болуы” деп тұжырымдайды. Әбу Наср әл-Фараби өз баяндауында Птолемей деңгейінде қалып қоймай, реті келгенде оның кемшілігін көрсетіп, маңызды толықтырулар жасайды. Мыс., Птолемейдің Күн апогейінің орны жұлдыздарға қатысты қозғалыста болмайды деген пікіріне қарсы шығып, өз бақылауларына сүйеніп, жаңа пайым жасайды. “А. т.” шығыс ғалымдарының Птоле- мейдің аса бай астрон., матем. мұраларын игеруінде үлкен ықпалын тигізді. Мұның айқын дәлелі ретінде әйгілі Әбу Әли ибн Синаның өзінің энциклопедиялық туындысы — “Медет кітабының” астрономиялық тарауына осы түсініктемелерді өзгертпей, сол күйінде енгізгенін айтуға болады.