«АЛЬМАГЕСКЕ ҚОСЫМША КІТАП» — Әбу Наср әл-Фарабидің грек оқымыстысы Птолемейдің “Альмагесін” өңдеуге арнаған “ Альмагеске түсініктемеден” кейінгі екінші еңбегі. Мұнда қарастырылған астрон. мәселелер арифмет. есептеулерсіз таза геометриялық-алгебр. әдістермен дәлелденіп, шешімін табады. “А. қ. к.” қысқа да нұсқа 58 тараудан тұрады. Әрбір тарау Евклидтің “Негіздері” үлгісімен геом. сөйлем теорема түрінде тұжырымдалып, дәлелденеді. Бастапқы 14 тарауы тригонометрияға арналған және онда негізгі тригон. функциялар (синус, косинус, тангенс, котангенс) бірлік дөңгелек ішінде қарастырылған. Кейбір тарауларында Күн теңдеуі, Айдың бірінші және екінші теңдеуі, геогр. ендік, планеталар қозғалысы, Айдың және Күннің тұтылулары, т.б. мәселелер қарастырылып, шешімін тапқан. әл-Фарабидің бұл еңбегіндегі жаңа тұжырымдар атақты шығыс ғалымдары Әбу-л-Уафа, Әбу Райхан әл-Бируни, Ұлықбек еңбектерінде дамытылды.