Лекцияның мақсаты:
Жалпы тіл кемістігі жайында дәріс бере отырып, тіл кемістігін шығу себептерін, түрлері мен айырмашылықтарын, сөйлеу тіл дамуының деңгейлерін білуге жаттықтыру.
Лекцияның жоспары:
- Жалпы тіл кемістігіне сипаттама.
- Сөйлеу тіл дамуының бірінші деңгейі.
- Сөйлеу тіл дамуының екінші деңгейі.
- Сөйлеу тіл дамуяның үшінші деңгейі.
Лекцияның барысы:
Жалпы тіл кемістігі — есту қабілеті мен ой өрісі әдеттегінше дамыған балалардың дыбыстық мағыналық жағына қатысты сөйлеу тілі құрылымының компоненттердің бұзылуынан болатын әртүрлі күрделі тіл кемістік.
Жалпы тіл кемістігін дефектология ғылымы зерттеу институтының Р.Е. Левина бастаған ғалым қызметкерлер (Н.А. Никашкина, Г.А. Каше, Л.Ф. Спирова, Г.И. Жаренкова және т.б.) 5О — 6О жылдары мектеп жасына дейінгі мектеп жасындағы балалардың тіл кемістіктерін жан – жақты зерттеулердің қорытындысының нәтижесінде ғылыми тұрғыдан дәлелденді.
Дыбыстарды бұзып айтуын, фонематикалық есту қабілеттерінің дамымауы, сөздік қоры мен грамматикалық сөйлеу құрылысының артта қалуы жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалардың барлығына тән кемшілік.
Жалпы сөйлеу тілінің дамымауы алалия, афазия, ринолалия, дислалия, дизартрия сияқты күрделі сөйлеу патологияларының түрлерінде байқауы мүмкін.
Сөйлеу тілі дамуының бірінші деңгейі.
Тілдің мүлде қалыптаспауы жатады. Ондайларды мақау балалар дейді. Бұл деңгейдегі балалардың кісімен тілдескенде анық байқалатын тіл кемістіктері мынадай болып келеді: былдырлап сөйлейді, жеке дыбыстарға еліктейді, жекеленген зат есімдік сөздермен күнделікті тұрмыста айтылып жүрген етістік сөздерді пайдаланады, сөйлемді былдырлап мүлдем түсініксіз етіп үзіп – үзіп айтады, сөйлемде дыбыстар анық айтылмайды, әрі тұрақсыз, құбылмалы келеді. Олар айтайын деген ойын қолдарын ербендету арқылы бет – аузын қисандатып, ымдап түсіндіруге тырысады. Сөйлеу тілінің бұндай кемістіктері ақыл – ойы кем балаларда болуы мүмкін. Бірақ, сөйлеу тілі дамымаған есі дұрыс балаларды ақылына қарап – ақ сөйлеу тілі дамыған (олигофрен) ақыл ойы кем балалардан оңай ажырратуға болады. Бұл біріншіден сөйлегенде пайдаланатын сөздік қорына қарағанда енжар сөздік қорының артықшылығы. Жалпы сөйлеу тілі дамымаған есі дұрыс балалардың олигофрен балалардан өзгешелігі, ойларын тыңдаушысына жеткізу үшін дене мүшелерінің қимылын және мәнерлі ымды пайдаланады. Оларға өзінің сөйлеу тілінің кемшілігіне сын көзбен қарап, оны қалайда түзетуге бар ықыласымен қарап, ақылдың дұрыстығына тән қасиет бар.
Сөздік қоры шамадан тыс шектелген бұндай балалар заттардың және қимыл-іс әрекеттердің сыртқы түрлеріне немесе олардан шығатын дыбыстардың ұқсастығына қарап, өздерінің былдырлаған тілімен барлығына бір сөзбен – ақ қойып алып түсіндіреді. Мысалы, машинаны – «дөдө», қарындаш – «адас».
Сөйлеу мүмкіндігі төмен баланың өмірден алған тәжірибесі аз және жеткіліксіз болып келеді. Дыбыстардың қолданылуы тұрақсыз, құбылмалы келеді. Сөйлегенде көбінесе 1 – 2 буыннан тұратын сөздерді ғана қолданылады. Буындары көбірек қиын сөздерді айтқан кезде оның 2 – 3 буынына дейін қысқартылып, түсіп қалады. Мысалы, жұмыртқа – ұтқа, домбыра – дома. Фонематикалық түйсігі бұзылғандықтан аттары бір – біріне ұқсас, мағынасы әр түрлі сөздерді сұрыптай алмай қиналады. Мысалы, бала –балға, жаға – жаңа. Бұл деңгейдегі балалар дыбыстың талдау жолын түсінбейді.
Сөйтіп жалпы тіл кемістігінің бірінші деңгейін былай сипаттауға болады:
- Сөздік қоры жоқтың қасы. Ол былдырлап түсініксіз айтылған сөздерден, басқа дауысқа еліктеген дыбыстардан күнделікті қолданылатын кейбір оңай сөздерден тұрады.
- Баланың енжар сөз қоры пайдаланатын сөз қорынан едәуір молырақ болады. Бірақ, сөз түсінігі тым таяз. Сөздерді бірнеше рет қайталанған таныс ситуацияда түсінеді. Мысалы: «Қолыңды қалтаңнан ал» деген бұйрықты бала дұрыс орындауы мүмкін, ал «қалтаңды көрсет» дегенде ол көрсете алмайды. Өйткені ол қалта деген сөздің мағынасын түсінбейді. Байланыстырып сөйлеу қабілеті мүлдем дамымаған.
- Сөздің, дыбыстың, буынның құрамын сақтап қайталау қабілеті дамымаған.
Сөйлеу тілі дамуының екінші деңгейіне ауысудың белгісі сол, онда ымдау мен былдыр сөздерден басқа бұрмаланған болса да айтарлықтай тиянақты жалпы қолданылатын сөздер пайда болады. Мысалы: Қыт. Бадя тан тет туй. Қыс. Балалар шана теуіп жүр.
Кейбір грамматикалық тұлғаларды ажыратылуы бір мезгілде байқалады. Бірақ бұл тек екпінді жалғауына түскен сөздерге және тек кейбір грамматикалық категорияларға қатысты болады. Бұл процесс әлі де болса едәуір тұрақсыз екендігін сипаттайды және бұндай баланың сөйлеу тілінің дамуы қатты тежелгендігі анық байқалады. Сөзді көп білмегендіктен баланың тілі кедей, ол өзі білетін заттардың аттарын атаумен және қимыл іс — әрекеттерін айтып берумен ғана шектеледі.
Бірінші деңгейдегі балаларға қарағанда суретке қарап және сұрақ бойынша әңгімелеуі қарапайым, әрі қысқа болғанмен грамматикалық құрылысы мен сөз тізбегі біршама дұрыс. Балалар септік жалғаулар мен көпшіл түрін білдіретін жалғаулардың мағынасын жете түсінбейді. Жұрнақ, жалғауларды пайдаланып сөз өзгерту кездейсоқ жағдай, сондықтан да оны пайдаланғанда әр түрлі қателерді көп жібереді. Сөзді тар мағынада жиі қолданады, ауызша талдап қорыту дәрежесі өте қиын. Балалар заттың атын білгенмен оны құрайтын бөлшектерін атауға келгенде қиналады.
Баланың тіліндегі жуан және жіңішке, ысқырып және ызыңдап шығатын, қатаң мен ұяң, мұрын дыбыстарының, сонымен бірге құрамы әр түрлі буынды сөздердің айтылуы мен үндестігі өрескел бұзылғандықтың салдарынан сөйлегенде сөзінің сапасы жағынан да, саны жағынан да жасына қарағанда едәуір артта қалған.
Жалпы тіл кемістігінің екінші деңгейіндегі балалар төмендегідей сипатталады:
- Балалардың белсенді сөздігі зат есім, етістік, сын есім, үстеу сөздерімен толықтырылады.
- Сәтсіз болса да бұл деңгейдегі балалар септік жалғаулар мен жұрнақтарды пайдалана бастағаны байқалады.
- Бұл деңгейде балалар сөзді байланыстырып сөйлей бастайды.
- Сөзді түсінуі жетіледі, белсенді және енжар сөздіктері толығады.
- Әлі де дыбыстарды және кейбір сөздерді дұрыс айта алмайды. Дыбыстық талдау, жинақтау әдістерін игеруге дайын еместігі байқалады.
Сөйлеу тілі дамуының үшінші деңгейі.
Сөйлем құрылысында лексико – грамматикалық және фонематико – фонематикалық элементтердің жетілмегендігін сипаттайды.
Осындай дәрежедегі, әсіресе, мектеп жасына дейінгі балалар айналасындағылармен тілдесіп, сөйлесе алады. Бірақ, өзінің айтайын деген ойын анықтап түсіндіре алмайды. Тіпті, бала дұрыс айта алады – ау деген кейбір дыбыстардың өзі де өз бетімен сөйлегенде жеткілікті түрде шықпайды.
Бала ауызекі сөйлескенде өзінің тілі келмейтін қиын сөзді, нақышты сөз тіркесін айтпауға тырысады. Бала сөзді емін – еркін қолданып сөйлегенімен, сөйлеу тілі дұрыс дамымаған қатарластарына қарағанда, өздігінше сөйлем құрастыру кезінде үлкен қиындық көреді. Құрмалас сөйлемді жалғаулығымен және жалғаулықты сөзімен құрастырған кезде қателер жіберілетіні байқалады. Бала сурет бойынша сөйлем құрастыру кезінде қатынасушы кісіні және қимыл іс — әрекетінің өзін жиі көрсетіп дұрыс атап отырса да сөйлем құрамына қатынасушы кісінің пайдаланған затының атын кіргізбейді. Бала жаңа сөздерді сөйлеп дағдыланбағандықтан іс – жүзінде көп қолданбай сөздік қоры тоқырап, кедейленіп қалудың әсерінен оған сөздің морфологиялық элементтерін айыруға мүмкіншілік бермейді. Көп балалар жаңа сөздерді қолданған кезде қателерді жиі – жиі жібереді. Шынында да, дұрыс сөздердің жасалуымен қатар кемшіліктері де болады. Сөздегі дыбыстардың түсіп қалатын тұрақты қателері, ең қиын сөздердегі буындардың бұзылуы байқалады.
Сонымен, сөйлеу тілі дамуының үшінші деңгейі мынандай кемшіліктермен сипатталады:
- Бала ауызекі байланыстырып сөйлегенде кейбір сөздерді білмейтіндігі және дұрыс қолдана алмайтындығы байқалады. Сөздік қорында көбінесе зат есім, үстеу таптары аз кездеседі.
- Тілдің грамматикалық жағының дамымағаны байқалады. Балалар септік жалғауларды, жұрнақтарды қолдануда қате жібереді. Сөз өзгерту қабілеті мүлдем дамымаған.
Студенттердің оқытушымен бірге орындайтын жұмысы (СООЖ):
- Сөйлеу тілі дамуының деңгейлерін талдап, жалпы тіл кемістігінің сипатталуы жайында пікір алмасу.
- Алалия, афазия, ринолалия, дислалия, дизартрия ауруларының айырмашылығын талдау.
Студенттердің өздігінен орындайтын жұмысы (СӨЖ):
- Жалпы сөйлеу тілінің дамымауы алалия, афазия, ринолалия, дислалия, дизартрия сияқты күрделі сөйлеу патологияларының түрлерін талдап, айырмашылықтарын айыра білу.
- Мектеп жасына дейінгі балалардың тіл кемістігін түзетуге арналған сабақ жоспарын жасау.
Қолданылатын әдебиеттер:
- Блюмина М.Г. Распространенность, этиология и некоторые особенности клинических проявлений сложных дефектов. //Дефектология, 1989, №3
- Каффеманас Р.Б. сравнительное иследование осязания у аномальных детей разных категорий. //дефектология, 1991, №5.
- Кулагин Ю.А., Лубовский В.И., Петрова В.Г. Изучение психического развития аномальных детей //Дефектология, 1988, №6.