Тұтығу

                                        

 

Лекцияның мақсаты: Болашақ мамандарға тұтығу ауруы жайында дәріс бере отырып, тұтығудың шығу себептерін түсіндіру. Бала өмірінде дұрыс келе жатқан тәрбие процесіне тигізетін кері әсері мен түрлерін таныстыру. Тұтығудың дәрежелері және тұтығатын балаларды тексеру, түзету жұмыстарының негізгі принциптерін үйрету.

 

Лекцияның жоспары:

  1. Тұтығу ауруына сипаттама.
  2. Тұтығудың түрлері, бөлінуі, дәрежесі.
  3. Тұтығатын балаларды тексеру.
  4. Түзету жұмыстарының негізгі принциптері.

 

          Лекцияға керекті құралдар:    

          Тұтығу дәрежесіне қарай балалардың дауыстары жазылған үн таспа.

 

          Лекцияның барысы:

         Тұтығу – сөйлеу кемістігінің ішіндегі ауыр түрі. Ол баланың психологиясын жарақаттайды, дұрыс келе жатқан тәрбие процесін тоқтатады, сөйлеу қатынасына кедергі жасайды. Айналасымен әсіресе балалар арасындағы қарым – қатынасын қиындатады.

         Тұтығуда сөздің еріксіз тоқталуы, сонымен қатар жеке дыбыстар мен буындарды қайталауға әкеп соғатын жағдайлар пайда болады. Бұлар сөйлеу кезінде сөйлеу мүшелерінің  (ерін, тіл, таңдай, жұтқыншақ, көкірек еттері, диафрагма, ішкі еттер) бұлшық еттерінің дірілдеп тырысу салдарынан болады.

         Қазіргі кездегі логопедияда тұтығу сөйлеу аппараты еттерінің дірілдеп тырысу салдарынан болған сөйлеу шапшаңдығының бұзылуымен анықталады.

         Балалардың тұтығуының таралуы XIX ғасыр аяғында психиатор И.А.Сикорский алғаш рет 2 – мен  5 жастағы балалардың арасында жиі кездесетіндігін анықтап, осыған байланысты оны  «бала ауруы» деп атады. Шетел ғалымдарының мәліметтері бойынша жалпы балалардың 2 % — ы тұтығады.

         Тұтығудың пайда болуы себептері этиологиялық белгілері бойынша тұтығу екіге бөлінеді:

  1. Функционалды тұтығу жиі кездеседі. Ол 2 – ден 5 жасқа дейінгі балаларда сөз тіркесінің байланыстырып сөйлеуі қалыптасу кезінде пайда болады. Көбінесе ашуланшақ, күйгелек балаларда кездеседі. Тұтығудың бұл түрі орталық және шеткі нерв системасының органикалық  зақымдануы болмаса да пайда болады.
  2. Ал органикалық тұтығу орталық нерв системасының органикалық зақымдануынан болады. Бұл барлық жастағы адамдарда кездеседі. Функционалды тұтығудың себептері әр түрлі болады. Көп тараған себептерінің бірі олар үшін әлі келмейтін сөйлеу жүктемесі, яғни қиын сөздер мен түсініксіз сөздерді қайталау, көлемі үлкен, мазмұнды өлеңдер, баланың жасы мен дамуына сәйкес келмейтін әңгімелер мен ережелерді есте сақтау болып табылады. Мұндай жағдайда баланың нерв системасына шамадан тыс салмақ түсіру және сөздерді қиындықпен айтылуына немесе дыбыстар мен буындарды қайталануына әкеп соғады. Кейбір балаларда тұтығу дыбыс айту кемшіліктерінің салдарынан пайда болады. Сөйлеу тез және тосынан болғандықтан да тұтығу болуы мүмкін. Себебі бала өз ойын тез жеткізуге асығады, сөйтіп кейбір дыбыстарды айтар кезде кідіріп қалады да, тұтығу басталады. Бала тәрбиесіндегі бұрыс жағдайлар, баланы қатал жазалау, қорқыту да баланы тұтығуға әкеп соқтырады. Еліктеушілікке байланысты да тұтығу пайда болады. Бірақ аталған себептер барлық балаларда барлық жағдайда тұтығуды болдыра бермейді.

Тұтығудың білінуі. Тұтығу кейде аяқ астынан пайда болады, кейде білінбей жүріп, бірте – бірте күшейе береді. Ол ішкі және сыртқы  тітіркену мен жүйке ауруларының сипатына байланысты кезекпен бірде бәсеңдеп, бірде күшейеді. Сөйлеу жағдайы жалпы физикалық және эмоционалдық ортасымен тығыз байланысты. Мысалы, тұтығу ауырған кезде, шаршағанда, баланы жазалаған соң күшейеді. Сол сияқты ауа – райына, жыл мезгілдеріне, өмір талабына, тамақтануға да байланысты. Сөйлеу кезінде тыныс алу, дыбыстың немесе артикуляциялық аппаратының пайда болған тырысу тұтығудың негізгі сыртқы белгісі болып табылады.

Тұтығудың белгілері. Тұтығудың негізгі белгісі сөйлеу процесі кезінде тырысу болып табылады. Бұлшық еттерінің жиырылып тырысуының салдарынан сөз басында немесе ортасында ұзақ тоқталып қалу байқалады.

Тұтығу күшейіп ауыр түріне айнала бастаған кезде ілеспелі жалғас қимылдар байқалады. Ілеспелі жалғас қимылдар – сөйлеу кезінде бетте, мойында, денеде, аяқ – қолда пайда болатын дірілдеп тырысу құбылыстары. Ол қимылдар әртүрлі болып келеді: көз қысу, танауын желпілдету, басын төмен салбырату, шалқайту, саусақтарын қысу, аяқтарын соғу, денесін түрлі қозғалысқа келтіру. Ілеспелі қимылдар ерікті және еріксіз болып екіге бөлінеді. Тұтыққан адамда сөйлеуін жеңілдету үшін қиын сөздерді немесе дыбыстарды айтар кезде үрей пайда болады. Бұл құбылыс логофобия деп аталады.

Тұтығудың белгілерінің барлық баяндалған түрлері тұрақсыз, өзгере береді. Тұтығудың түрі де ауысып отырады: бірде дыбыстар мен буындар қайталана береді, бірде аяқ астынан тоқталып қалады.

Ілеспелі қимыл–қозғалыстар да тұрақсыз, бірі жоғалып кетеді де оның орнына жаңа түрі пайда болады.
         Тұтығудың    жағдайы    үнемі   ауысып отырады. Мысалы:   бір     бала  бір уақытта қатты тұтығып немесе жақсы сөйлеуі мүмкін.  Тұтығатын    бала жалғыз  өз  ойыншықтармен     ойнағанда,      жақын   адамдармен    тұгықпай сөйлеседі. Ал басқа адамдар оған басқаша   әсер етеді, яғни   жақын адамдарымен сөйлескенде,    ол өзін еркін сезінеді, сондықтан   тұтығу     аз болады. Бөтен адамдар арасында    әңгімелесуде бала қорқуы мүмкін немесе ұялады, сөйтіп тұтығуы күшейеді.

Кейбір тұтығатын балаларда дене қимылдары (моторика) бұзылады. Б.И.Шостак тұтығатын балаларда жүріс – тұрысындағы  ыңғайсыздық, епсіздікті, қозғалысындағы нашар үйлесімділікті байқаған.

Тұтығудың психологиялық белгілеріне балалардың өз кемістігіне назар аударуы жатады. Осыған байланысты тұтықпа балаларды үш топқа бөлуге болады: ақауын ескермейді, көңіл бөлмейді, ұстамдылықпен қарайды.

Тұтығу үш дәрежеде ажыратылады: жеңіл, орташа, ауыр түрі. Тез сөйлегенде немесе толғанып сөйлеген кезде ғана тұтықса – ол жеңіл түрі.    Тұтықпаның    орташа дәрежесіне  бала  өзіне  таныс  ортада  жеңіл  сөйлеп   аз тұтығады, бөтен адамдар арасында түтықпа күшейеді. Ауыр түріне бала барлық сөйлеу түрінде тұтығады, ылғи да ілеспелі қимыл-қозғалыстар байқалады.

Тұтығудан айықтыру әдістері.

Тұтығумен күресте комплексті әдістерді қолдану жағдайында ғана үлкен жетістіктерге жетуге болатындығын теория мен практикада дәлелденіп отыр.

Тұтығуға комплексті әсер ету мынадай бағыттардан тұрады.

  • Медициналық әсер ету. Ол баланың нерв системасьның функциясын қалыпты жағдайда болуына мүмкіндік жасайды және психотерапия мен логопедиялық жұмыстар үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
  • Психотерапиялық әсер ету барлық логопедиялық жұмыс кезінде жүргізіледі. Ол баланың тұтығусыз сөйлей алатынына сендіру.

Бұл бағыттағы    жетістіктерге    құрбыларын,  тәрбиешілерін немесе ата-аналарын қатыстыра отырып, баланың көңілін   аударуын бөлу, белгілеу.

  • Логопедиялық әсер ету. Бұл ұзақ уақыт бойынша (8-9 ай), жүйелі түрде жүргізілетін системалық сабақтар курсы. Бұл сабақтың негізгі мақсаты өмірдің кез-келген жағдайында тұтығудың жеңіл түрінен бастап, ауыр, күрделі түрлеріне дейін балаларды дұрыс және еркін сөйлеуге дағдыландыру болып табылады.
  • Логопедиялық ритмика (ырғақ). Ол әр түрлі жаттығулар мен ырғактар немесе балалардың сөйлеуіне байланысты қозғалыс ойындарынан тұрады. Мұндай жаттығулар мен ойындар жалпы және сөйлеу моторикасының дамуына ықпал етеді, сигнал бойынша әрекет жасауға, өзің–өзі меңгере білуге, ырғақты сезінуге тәрбиелейді, қозғалыс координациясын дамытады.
  • Тұтығатын баланың жеке басына қоршаған ортасының әсер етуі. Бұл түзету-тәрбие жұмыстараның барлык кезеңдерінде жүзеге асырылады. Педагогтар, тәрбиешілер, ата-аналар баланы өзіне-өзінің сөйлеу кемістігін түсініп одан құтылу жолдарын ойлауға тәрбиелеу қажет. Сабақтардың әрбір  кезеңдеріндегі қол жеткен     жетістіктерді сезінуге қолдау жасап, түбінде толық болатыны, яғни тұтығудан біржола  айығып, дұрыс сөйлей алатынына көз жеткізу керек.

Тұтығудан жазылу үшін баланың араласатын ортасының дұрыс сөйлеуінің үлкен маңызы бар. Балалар баяу, асықпайтын, бірқалыпты сөйлеуді естулері керек. Сонда өздері де осылай сөйлеуге дағдыланады. Баламен бірқалыпты қарым–қатынаста болған жөн. Кішкентай ғана жетістігін мадақтап отыру қажет. Сол сияқты жалпы сөйлеу режимінің, дұрыс тамақтанудың, міндетті түрде күндізгі ұйқының, таза ауада демалу мен шынығудьң тәртібін сақтау маңызды роль атқарады.

 

Студенттердің оқытушымен бірге орындайтын жұмысы (СООЖ): 

1.Тұтығатын балалармен жүргізілетін логопедиялық тексерудің бағыттарын талқылау.

  1. Қазіргі кездегі тұтығудан емдеудің комплексті әдістерін таңдау.

Студенттердің өздігінен орындайтын жұмысы (СӨЖ):

  1. Тұтығу қалай таралады, қандай белгілері бар, тұтығуды жою үшін комплексті әсер ету неге керек, логофобия деген не? деген сұрақтарға жауап іздеу.
  2. Тұтығатын балалармен жүргізілетін түзету жұмыстарының жоспарын жасау.

Қолданылатын әдебиеттер:

 

  1. А.А.Бодалев. Психология общения. М.1996.
  2. Т.Т.Гаврилова. Анализ эмпатийных пережеваний — 3 младших школьников и младших. подростков. — М. 1991.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *