Дислалия

                                       

 

         Лекцияның мақсаты:

 

Болашақ мамандарға дислалия ауруы жайында мағлұмат беру.  Дислалия ауруының пайда болу себебімен, оның түрлерін таныстыру. Өзге аурулармен айырмашылығын айыра білуге үйрету. Сөйлеу тіліндегі дыбыстардың айтылуы мен фонематикалық түйсіктің арасындағы байланысты түсіндіру.

 

Лекцияның жоспары:

 

  1. Механикалық (органикалық) дислалия, оның себептері.
  2. Функционалдық дислалия, оның себептері.

 

Лекцияның барысы:

 

Дислалия гректің Dis – бұзылу,  Logos – сөйлеу деген сөздерінен құралған.

Дислалия дегеніміз есту қабілеті дұрыс және сөйлеу аппаратының иннервациясы сақталған қалпында сөйлеу тіліндегі дыбыстардың айтылуының бұзылуы.

Этиологиялық себептері бойынша дислалия механикалық (органикалық) және функционалдық дислалия болып екіге бөлінеді.

Механикалық (органикалық) дислалия, оның себептері.

          Механикалық (органикалық) дислалия дегеніміз сөйлеу тілі аппаратының сыртқы органикалық және оның сүйегі мен бұлшық еттері құрылысы ақаулықтарының салдарынан сөйлеу тіліндегі дыбыстардың дұрыс айтылмауы.

         Тіл астындағы сіңірдің қысқалығы механикалық дислалияның біршама жиі кездесетін себептеріне жатады.

         Бұл ақаулықта тілдің қалыпты деңгейден нашар қимылдауы себебінен өте қысқа тіл асты желбезегі оның жоғары көтерілуіне мүмкіндік бермейді. Одан басқа, тілдің ауызға зорға сиып тұратын өте үлкендігінен, жөнді бұрыла алмауынан да дыбыс шығарудағы сөйлеу тілі мүшелерінің әрекеті бұзылады.

         Жақ сүйектері құрылысының ақаулықтары үстіңгі және астыңғы тістердің ауытқуына себеп болады. Үстіңгі тістер астыңғы тістер мен қабысқанда дәлме – дәл тістер қиылысып, тістескенде тістену дұрыс болмай шығады.  Тістенудің ауытқуларының  бірнеше түрлері болады.

         Кемиек (прогнатия) – үстіңгі жақ сүйегі алға қатты шығып тұрады. Осының салдарынан үстіңгі тістер астыңғы тістермен тістенбейді.

         Опырауыз  (прогения) – астыңғы жақ сүйегі сойдиып алға шығып кетеді де, қабысқанда тістенбей, аралары ашық қалады. Кейбір жағдайларда тістенбей қалу тек тістердің арасында болады. Азу тістердің тістенбеуі сол жақтың және оң жақтың қабыспауынан болады.

         Тістердің орналасу құрылысы дұрыс болмай, қатарларының бұзылуынан сақаулық пайда болады. Мысалы, тістердің арасының алшақтығынан және ретсіздігінен сөйлегенде тілдің ұшы сыртқа шығып кетіп, сөздің анықтығы бұзылады.

         Стомотолог – дәрігерлер арнайы шина қою арқылы тістерді және жақ сүйектерін реттейді. Сүйегі әлі қатаймаған 5 – 6 жастағы балаларға қойылған шинаның әсері өте күшті болады.

         Сөйлеу тіліндегі дыбыстардың айтылуына дұрыс қалыптаспаған таңдай құрылысы да зиян тигізеді. Тар, өте жоғары немесе керісінше аласа, тегіс таңдай сөйлеу тіліндегі дыбыстардың көпшілігінің дұрыс айтылуына кедергі келтіреді.

         Еріннің қалыңдығы, астыңғы еріннің солпиып тұруы немесе қысқа әрі қимылдайтын үстіңгі ерін, еріндік дыбыстардың айтылуына кедергі келтіреді.

Функционалдық дислалия, оның себептері.

           Функционалдық дислалия дегеніміз дыбыс шығару аппаратында ешқандай кемістік болмаса да, сөйлеу тілі дыбыстарының дұрыс айтылмауы. Басқа тілмен айтқанда ешқандай органикалық негіз жоқ.

         Функционалды дислалияның кең тарауының бір себебі баланың сөйлеу тілін үйде дұрыс тәрбиелемеуден болып табылады. Қорытындысы көп уақытқа дейін баланың сөйлеу тіліндегі дыбыстардың дұрыс айтылуының дамуы кешеуілдеп қалады.

         Баланың сақаулығы еліктеуден де болуы мүмкін. Қағида бойынша сөйлеу тілі дұрыс қалыптасқан балаға сөйлеу тілінде ақаулығы бар баламен әрдайым қарым – қатынас жасаудың да зияны бар. Бала үйдегі ересек адамдардың сөйлеу тіліндегі дыбыстардың бұрмалауына жиі еліктейді. Балаға түсініксіз, тілі мүкіс немесе өте жылдам сөйлейтін адамдардың арасында көп болудың өзі зиян.

         Балаға үйдегі адамдардың екі тілде сөйлеуі де кедергі болады. Бала әр тілде сөйлеу кезінде бір тілдің айтылу ерекшелігінен екінші тілдің айтылу ерекшелігіне жиі ауысып отырады.

         Балалардың дыбыс айту кемшіліктері өнегесіз тәрбиенің себебінен де жиі пайда болады, баланың сөйлеу тіліндегі дыбыстардың айтылуына жанында жүретін ересек адамдар мүлдем көңіл аудармайды. Сөздегі дыбыстардың қателігін түзетпейді. Басқаша айтқанда баланың сөйлеуге дағдылануының дұрыс жетілуіне ересектердің жүйелі ықпал жасауы тиіс.

         Баланың сөйлеу тіліндегі ақаулық есту қабілетінің жетілмеуінен де болуы мүмкін. Айтылуы бір – біріне ұқсас дыбыстарды ажыратуда баланың қиналатындығы байқалады. Мысалы, ұяң және қатаң дауыссыз дыбыстарды және ысқырық дыбыстарды айтқан кезде.

         Сақаулық сонымен қатар дыбыс шығарудағы сөйлеу мүшелері: тілдің, еріннің, төменгі жақ сүйектерінің нашар қимылдауынан пайда болуы мүмкін. Соның салдарынан бала тілін қалыптағы жағдайда дұрыс ұстап тұра алмайды немесе қажетті қимылдарды тез арада орнын алмастыра алмайды.

         Дислалия сонымен бірге есту қабілетінің нашарлығынан да болуы мүмкін. Керең балалардың 10 % — на дейінгілердің сөйлеу тіліндегі дыбыстардың айтылуы бұзылған. Бұндай жағдай ызың мен ысқырық, ұяң және қатаң дауыссыз дыбыстарды айтқан кезде байқалады.

         Дислалияның ауыр және ұзаққа созылуына баланың ақыл – ойының жеткіліксіз дамуы да себеп болуы мүмкін. Іштен туа біткен ақыл – ойы кеміс балалардың 55 % — нан көпшілігі сөйлеу тіліндегі дыбыстарды дұрыс айта алмайтындығы белгілі.

 

Студенттердің оқытушымен бірге орындайтын жұмысы (СООЖ):

  1. Механикалық дислалияға сипаттама беру, талқылау.
  2. Функционалдық дислалияның шығу себептеріне талдау жасау.

 

 

Студенттердің өздігінен орындайтын жұмысы (СӨЖ):

  1. Дислалияға шалдыққан балаларды емдеуге арналған әдіс – тәсілдерді анықтап конспекті жазу.
  2. Кемиек, опырауыз ауруларына Ресей педагогикалық журналдарынан толықтырулар жасау, оны емдеу жолдарын қарастыру.
  3. Функционалдық дислалияға шалдыққан балалармен жүргізілетін жұмыс жоспарын жасау.
  4. Сигматизм, ротоцизм, ламбдацизм, каппацизм, гамматизм, хитизм дыбыстарын дұрыс айттыруға арналған жаттығуларды өздіктерінен үйрену.

 

         Қолданылатын әдебиеттер:

  1. Белоус А.И. Исследование соотношения приемов логического запоминания у детей дошкольного возраста // Воспитание, обучение и психическое развитие. – М., 1983
  2. Рихтермая Г.Л Формирование представлений о времени у детей дошкольного возраста. – М., 1978
  3. Усова А.П. Обучение в детском саду. – М., 1981

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *