Кәсіби консультациялаудағы диагностика

Кәсіби консультациялаудағы диагностика

 

Адамның өзiн-өзi тәрбиелеуi, жар таңдап, отау құру, сөйтiп жұрт қатарына енуiмен өзектесiп жататын мәселенiң бiрi- мамандық таңдау. Соңғы кезектi жүргiзiлген зерттеулер (анкета, сұхбат, т.б.) жастардың мамандық таңдай бiлуге байланысты ой-пiкiрлерi мен тебiренiс-толғаныстарында бұл мәселенiң қоғамдық-әлеуметтiк жағынан гөрi жеке бас мүддесiне көбiрек қатыстылығы байқалып жүр. Әрине, бұл қазiргi нарық әкономикасына көшу кезiндегi өтпелi кезең тудырған жәйт болса керек. Жеке мүдде қазiргi кезде ел-жұрт психологиясына елеулi әсер етiп тұрған фактор екендiгi белгiлi. Заман талабы жастардың тек мал шаруашылығы, өндiрiс, құрылыс маманы ғана болмай, сауда, алыс-берiс, бизнес iсiне де көптеп мамандануын қажет етiп отыр.

Үлкен өмiрге ендi ғана аяқ басқан жас ұланның алдында мыңдаған мамандықтан өзiне лайықты бiреуiн таңдау мiндетi тұрады. Әр адамның бiрнеше кәсiппен айналысуға қабiлетi болғанымен, соның бiреуiне ынтасы ерекше ауады. Өйткенi, әр кәсiпке қажеттi қабiлеттiлiк деңгейi түрлi дөрежеде болады. Мәселен, ұшқыштық қабiлет тек ұшу немесе оған жаттығу кезiнде емес, спорт ойындары кезiнде, математикалық қабiлет шахмат ойыны үстiнде қалыптаса бастауы мүмкiн. Мамандықтың белгiлi бiр түрiне бағыт-бағдар беру — кәсiптiк бейiмделу, (адаптация) мәселесiне келiп тiреледi. Бұл жөнiнде өткен тарауда азды-көптi айтылды. Мәселен, өндiрiске жаңадан келгендерге тәжiрибелi жұмыскерлер алғашқы кезде көбiрек көңiл бөлiп, олардың әрқайсысына қамқорлық көрсетiп, жұмыстағы кемшiлiк-олқылықтарын түзеп, қабiлеттерiн сүйеп, демеп отырады. Бүл жәйт жас адамның өмiр жолын дұрыс таңдай алуына, өз мүмкiндiгiне сенiмiн нығайтып, бекiте түседi. Кәсiпке бейiмдеудiң сан алуан жолдары мен әдiстерi бар. Солардың iшiнде «Жұмысшы қатарына кабылдау», «Өмiрге жұмысшы жолдамасын беру», т.б. салт-дәстүрлердiң маңызы ерекше.

Кәсiпке бейiмделу әлементтерi мектептегi оқу-тәрбие процесiнде де жүргiзiлсе құба-құп. Мәселен, сабақ үстiнде, әр түрлi үйiрме жұмыстары кезiнде шәкiрттердi практикалық мәнi бар қызметпен жәй таныстырып қоймай, оларды бұл iске тiкелей араластырған абзал. [Жазушы мамандық таңдауға ерекше көңiл бөлетiн әрбiр жас өскен мектепте оқып жүрген кездерiнiң өзiнде-ақ бұл жөнiнде жазылған әдебиеттермен танысып отыруды ойластырады. Бұл жерде оған мамандық таңдау психологика жайлы жазылған кiтаптар көп қөмек көрсетедi. Мұндай басылымдарда – жастарды кәсiптiк бағдар, оларды жеке икемдiлiктерiне қарай iрiктеу, тиiстi кеңестер беру, әртүрлi мамандықтарды психологиялық жағынан сипаттау, бұлардың профессияграммасын жасау, әр жастағы адамдардың еңбектiң түр-түрiне қабiлеттiктерiн ажырату, еңбек әкспертизасының мәселелерi қарастырылады. Мұнда сондай-ақ әртүрлi мамандыққа қажеттi бiлiм жүйесi мен дағды, икемдiлiктердiң қалыптасу жолы, жұмыс устiнде түрлi бақытсыз жағдайға душар болмаудың профилактикасы, адамның еңбек үстiндегi қолайлы көңiл күйiнiң бiрқалыпты болуын қамтамасыз ету мәселелерi, еңбек ұжымдарындағы жарасты моральдық-психологиялық ахуалдың қалыптасу факторлары жұмыс үстiндегi шаршау мен болдыруға қарсы күрес, техникалық құралдарды гуманизациялау (өндiрiстiк әстетика), мастерлер мен ұстаздардың, инженер-техниктердiң психологиялық бiлiмдерiн жетiлдiру, т.б.-мәселелерi жайлы сөз қозғалады. Мәселен, оның психологиялық профессиография дейтiн бөлiмiнде адамнын мамандыққа қажеттi ерекшелiктерi профессияграммаға (түрлi мамандыққа қажеттi, талаптардың сипаттамасы) түсiрiледi.] Психологиялық профессиограмма (психограмма) — мамандықтың бiр түрiнiң адам психикасына қоятын талап-тiлегiнiң жинақ мәлiметi. Iс-әрекеттiң әр саласына тән өзiндiк профессиограммалары болады. Оларға техника (мамандықтың технологиялық аспектiлерiн сипаттау), әкономика (әкономикалық мәнiн сипаттау), социология, педагогика, медицина, т.б. профессиограммаларын жатқызуға болады. Профессиологияның айналысатын мәселелерiнiң келесi бiр саласы-кәсiби бағдарлау. Бұл мамандықты дұрыс таңдап алмау жағдайынан туатын қателiктердiң алдын алып, болдырмау жағына бағытталған еңбек әкспертизасы.

Кәсiби бағдардың (профориентация) мынадай түрлерi бар: а) кәсiби сауат ашу; ә) кәсiби насихат; б) кәсiби адаптация (төселу); в) кәсiби ақыл-кеңес беру (консультация), кәсiби iрiктеу (подбор).

«Кәсiби консультация» -түрлi мамандықтың өзiндiк ерекшелiктерi жайлы түсiнiгi кем, немесе саяз жастарға практикалық ақыл-кеңес берiп, жөн-жосық көрсету. Кәсiби бағдардың бұл түрiнде адам тәнiнiң, сондай-ақ жан дүниесiнiң өзiндiк ерекшелiктерi (көргiштiк, естiгiштiк, заттарды бiр-бiрiнен тез айыра алу секiлдi арнаулы психикалық қабiлеттер, т.б.), яғни тиiстi мамандыққа қажеттi медициналық, психологиялық талаптар туралы ақыл-кеңес берiлiп, осы мамандыққа қоғамның зәрулiгi, кейiннен жұмысқа орналасу мәселелерi сөз болады. Мұндай консультацияны арнаулы мекемелер, сондай-ақ мектептегi мұғалiмдер мен психолог мамандар жүргiзiп отырады. «Кәсiби жарамдылық» дегенiмiз адамның еңбектiң белгiлi бiр түрiне жарамдылығын көрсететiн психологиялық, физиологиялық ерекшелiктерiнiң, оған қажеттi тиiстi бiлiм, дағды, икемдiлiктердiң жиынтығы. Кәсiби жарамдылықты ажыратуда диагностикалық тест әдiсiмен адамдардың мамандық таңдауда қандай түрткiлерi (мотивтер) болатындығы, олардың мән-мәнiсi зерттеледi. «Кәсiби iрiктеуде» жас өскiннiң белгiлi мамандыққа жарамды -жарамсыздығы арнаулы процедуралар арқылы тексерiледi. Мұнда адам медициналық, физиологиялық, психологиялық кешендi тексеруден өтедi.

«Кәсiби адаптация»,-бұл-жұмысқа жаңа түскен адамның өз ортасына бiртiндеп төселiп, бейiмделуi. Төселудiң алғашқы кезеңi өндiрiстiк практика кезiнде, негiзгi жағы нақты жұмыс үстiнде жүзеге асады. Мамандық таңдауда қазақ жастары Ж. Аймауытовтың «Жан жүйесi және өнер таңдау» (1926) атты еңбегiнен де жақсы ақыл-кеңестер алуына болады. Автор мамандықтың жаманы жоқ, бiрақ, мұның кез-келгенiне икемдiлiк қажет, бұл жәй күнелту, тамақ, асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнердi, зор шеберлiктi қажет ететiн нәрсе дейдi. “Кiмде-кiм өзiне бiткен ыңғайына қарай өз жолымен қызмет етсе өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтiрмек. Өз орнында iстеген адамның жұмысы да өнiмдi, берекелi болмақ… әр өнер, әр қызмет мемлекетке, әлеуметке керек. Әлеумет те, мемлекет те әр адамның еңбегi берекелi, пайдалы болуын тiлейдi: неғұрлым әр мүшесiнiң еңбегi жемiстi болса, соғұрлым әлеумет тұрмысы да тез оңалмақ». Ғалым қазақ жастарына егiн салу, сауда-саттықты үйрен, ден- саулығыңды күт, шаруа-тұрмысыңды түзет, газет-журнал, кiтап оқуға машықтан, өнегелi, зиялы, алуан өнердi бiлетiн кiсi болуға тырыс дей отыра: «Жұрттың бәрi әкiм, комиссар болғанда осынша қызметтi iстеушi кiм болмақ?”- дейдi, кейбiр жастардың әкiмшiлiк, заң, сот жұмыстарына шектен тыс әуес болатындығын (бұл жағдай қазiрде де аз кездеспейдi — Авторлар.), бұлардың қызметтiң осы саласына қызығуы өнерi тасығаннан туып отырмағанын, бұл бiр жұқпалы дерт сияқты нәрсе екенiн, халқымыздың «бәрiң бiрдей қойшы болсаң — құл боларсың, бәрiң бiрдей тойшы болсаң — — жын боларсың» деген аталы сөзiне негiздей келе, жерiне жеткiзе айтып кетедi.

Қазiргi кездегi қазақ елiнiң тыныс-тiршiлiгiн, салт-санасын жаңарту жолында әрекет етiп жүрген жастарға Ж. Аймауытовтың мына ойлы сөздерi де ерекше маңызды: «Оқыған азаматтың қызметке тұрлаусыздығы, бiлiмi аз, шалалығы, қүр даурық (демагогтық) боямалылығы, елiктегiш, мансапқорлығы, кеңсешiлдiгi, пайдакүнемдiгi, негiзгi мақсат, мұраты жоқтығы, берiк жол тұтына алмайтындығы — осының бәрi шын әлеумет қызметкерiнiң пiспеген, шынықпағандығын көрсетедi». Қазiрде де бiздiң арамызда мұндайлар аз ба? Әсiресе нарықтық әкономикаға араласуды желеу етiп, тек табыс табуды ғана ойлап, ақша қуып кеткен кейбiр жастар қоғам, әлеумет, халыққа кызмет iстеу мәселелерiн естерiнен шығарып, имандылық пен адамгершiлiкке жат, келеңсiз қылықтар жасап жүр. Бұдан әрi ғалым мамандық таңдауда кiсiнiң жеке қасиеттерi мен кейбiр тумыстан берiлетiн ерекшелiктерiн (темперамент, нышан т.б.) ескеру қажеттiгiн, бұл жерде әр кiсi өзiн-өзi басқарып, өзiн жетiлдiре түсуге, кiсiлiкке ұмтылуға ерекше мән беруiн, яғни өзiнде қандай талант, қандай зеректiк, қандай бейiмдiлiк, бiр сөзбен айтқанда, қандай қабiлет бар екендiгiн бiлуi қажеттiгiн ескертедi, өйткенi «өзiн-өзi танымаған, өзгенi тануға да шорқақ болады» дегендей небiр тамаша ақыл-кеңес берген едi.

Қазiргi-жастар тәрбиенiң сыңар объектiсi емес, олар өз өмiр жолын заман талабына орайластыра құруға қабiлетi жететiн, шығармашылықтық iстiң өкiлдерi. Олар нарықтық қатынастарға өтудiң небiр сүйiнiш-күйiнiштерiне ересек адамдармен бiрге тiзе бүгiп, мұны өз бастарынан кешiруде. Бұл жәйт оларды бұрынғыдан гөрi ертерек есейте түсуде. Бiрақ та, қоғамдағы әр түрлi проблемаларды жеңе бiлуде жастарға аға ұрпақтың көмегi мен ақыл-кеңестерi әлде де бұрынғыша қажет бола бермек. Сондықтан қазiргi бозбалалар мен бойжеткендердiң психологиялық ерекшелiктерiн ескере отырып, олардың ұмтылыс талап-тiлектерiн үнемi демеп отыру — үйдегi, түздегi тәлiмгерлердiң абыройлы парызы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *