АЛЬБЕРТ ҚЫЗҒАЛДАҒЫ (Tulipa albertii) — лалагүлділер тұқымдасының қызғалдақ туысына жататын жуашықты көп жылдық шөптесін өсімдік түрі. Қазақстанда Балқаш — Алакөл ойысында, Қаратауда, Батыс Тянь-Шаньда, Шу — Іле тауларында өседі. Биікт. 12 — 20 см, қара қоңыр түсті жуашығы жұмыртқа тәрізді болады. Тік сабағына көкшіл сүр түсті, сыртына қарай қайырылған 3 — 4 жапырақтары кезектесіп орналасады. Дара гүлі сары, қызғылт немесе қан қызыл түсті болып келеді де, ал ішкі жағында қара дақтары болады. Тұқымынан және өсімді (вегетативті) жолмен көбейеді. Сәуір — мамыр айларында гүлдеп, маусымда жеміс береді. Жемісі — үш ұялы, көп тұқымды қауашақ. А. қ. өте сирек кездесетін өсімдік. Казақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Аксу-Жабағылы қорығы мен Андасай қорықшасында қорғауға алынған.