Жасуша — тірі ағзалардың (вирустардан басқа) құрылымының ең қарапайым бөлігі, құрылысы мен тіршілігінің негізі; жеке тіршілік ете алатын қарапайым тірі жүйе. Клетка өз алдына жеке организм ретінде (бактерияда, қарапайымдарда, кейбір балдырлар мен саңырауқұлақтарда) немесе көп клеткалы жануарлар,өсімдіктер және саңырауқұлақтардың тіндері мен ұлпаларының құрамында кездеседі. Тек вирустардың тіршілігі клеткасыз формада өтеді. «Клетка» терминін ғылымға 1665 жылы ағылшын жаратылыстанушысы Р.Гук (1635 – 1703) енгізген. Тіршілікті Клетка тұрғысынан зерттеу – қазіргі заманғы биологиялық зерттеулердің негізі. Клетканың диаметрі 0,1 – 0,25мкм-ден (кейбір бактерияларда) 155мм-ге (түйеқұстың жұмыртқасы) дейін жетеді. Көпшілік эукариотты организмдер Клеткасының диаметрі 10 – 100мкм шамасында. Жаңа туған жас сәбилерде – 2×1012 Клетка, ал ересек адамның организмінде – 1014 Клетка болса, организмнің кейбір тіндерінде Клетка саны өмір бойына тұрақты болады. Клетканың тірі заты – протоплазма. Ол биол. мембраналармен (жарғақтармен) шектелген био полимерлердің тәртіптелген құрылымдық жүйелері – цитоплазма және ядродан тұрады. Клетка ядросының құрамындағы әмбебап органоидты хромосома, ал цитоплазма құрамындағыларды – рибосома, митохондрия, эндоплазмалық тор, Гольджи кешені, лизосома, клеткалық мембрана деп атайды. Рибосома Клеткадағы белоктың түзілуін қамтамасыз етеді, белок синтезі орт. деп қаралады. Оның диаметрі 20 – 25нм. Рибосома цитоплазмада бос күйінде де, жалғасқан түрде де, сондай-ақ барлық тірі организмдердің Клеткасында кездеседі. Цитоплазма – ядроны қоршап жатқан Клетка бөлігі. Оның құрамындағы химиялық макро және микроэлементтерден күрделі органикалық қосылыстар (белоктар,көмірсулар, липидтер, нуклеин қышқылдары, гормондар, ферменттер, витаминдер, тағы басқа) және минералдық заттар түзіледі. Митохондрия – Клетканың тыныс алу процесін қамтамасыз ететін органоид. Митохондрияның ұзындығы 10мкм-дей, диаметрі 0,2 – 1мкм, саны 1-ден 100 мыңға дейін болады. Клеткадағы негізгі энергия тасушы зат – аденозин үш фосфор қышқылы. Бактерия, көк-жасыл балдырлар, т.б. тыныс алу процесін Клетка мембранасы атқаратын организмдерде митохондрия болмайды. Ядро – организмдегі белоктық алмасуды реттеу арқылы тұқым қуалаушылық қасиеттерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін клетканың негізгі бөлігі. Эндоплазмалық тор – цитоплазмадағы көпіршіктердің, жалпақ қапшықтардың және түтікше құрылымдардың торлы жүйесі. Бұл әр түрлі иондарды, қоректік заттарды тасымалдайды, липидтер мен көмірсулардың (полисахаридтер) алмасуына және улы заттарды залалсыздандыруға қатысады. Гольджи кешені – бір-бірімен қабаттаса тығыз орналасқан жалпақ жарғақты 5 – 10 «цистернадан» және олардың шетіндегі ұсақ көпіршіктерден құралған органоид. Мұнда өндірілген өнімдер жинақталып, пісіп жетіліп, сыртқа шығарылады, Клетка лизосомаларының түзілуіне қатысады.