ДІНИ АЙТЫСТЫҢ ТАНЫМДЫҚ ТАБИҒАТЫ

Назерке Халмахановна ЕЛЬШИБЕКОВА Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің магистранты Қарағанды/Қазақстан

Қазақ фольклорында бәрі жан-жақты зерттелген, әрі көлемі жағыннан мол болып саналатын жанрдың бірі – айтыс. Айтыстың табиғаты қарама-қарсы екі ақынның арасындағы өлең түрінде шығарылған сөздің жарысы болып табылады. Біздің пікірімізше, айтысты құрметтеу, оның дамуына ерекше мүмкіндік жасау, халықтың сөзге деген және оның мағынасына деген сый-сияпаты болып табылады. Себеп, ел арасын немесе жекелеген ағайын адамдарының арасының кейбір даулы мәселеге байланысты жанжалға ұласып кетпеуіне айрықша мән бергендіктен туған болса керек. Нәтижесінде, ел ұғымында орынды айтылған сөзге тоқтау қажет деген пікір қалыптасқан. Әрине, айтыспен қатар қара сөздің де сайысы кезігетіндігі белгілі. Дегенмен, өлең сөзге басымырақ мән берген көпшілік айтысқа және оның өркендеп өсуіне түрлі тәсілдер арқылы мүмкіндік беріп отырған.

Халықтың тұрмыс тіршілігіне байланысты айтыстың да түрлері баршылық. Белгілі зерттеушілердің бірі М.Жармұқамедов айтысты төмендегіше жіктейді: «Тұрмыс салт айтысы, бәдік, жар-жар, қыз бен жігіт, төрт түлік мал туралы айтыс, дидактикалық, ақындар айтысы, жұмбақ айтыс, ру айтысы, дін айтысы, жазба айтыс» [1, 17]. Негізінде айтысты жүйелеудің жолдары ХХ ғасырдың басындағы зерттеулерде де жан-жақты көрініс тапқан. Солардың санатында С.Сейфуллин, С.Мұқанов, М.Әуезов, Е.Смайлов, Қ.Жұмалиев, Ә.Тәжібаев, М.Ғабдуллин, Р.Бердібаев, Т.Нұртазин, Ы.Дүйсенбаев, Б.Кенжебаев, Н.Смирнова, М.Жармұқамедов, Қ.Сейдеханов т.б. бар. Айтыстың қырлары мен сырлары жан-жақты зерттелген деп айтсақ та, әлі де болса айқындайтын, ашатын, айтыстың табиғатын танытуға ерекше көмек көрсететін сипаттарының бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Олардың толық деңгейде зерттелмеуіне қоғамның да әсері болды. Мәселен, жоғарыда М.Жармұқамедовтың жүйелеуіндегі дін айтысын зерттеп, зерделеу Кеңес дәуірі кезінде ресми түрде тыйым салынған еді. Соның нәтижесінде айтыстың осы түрі мен осыған қатысты тұстары көлеңкеде қалып қойды. Ал, дінге қатысты дүниелердің шығарманың көркемдігіне, тіл шеберлігіне, тағылымдық, тәрбиелік сипатына еңбек сіңіріп тұрғандығын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан, діни айтыстың табиғатын зерделеу бүгінгі таңдағы негізгі міндеттердің бірі деп білеміз.

Айтыстың қай түріне назар салсақ та, әртүрлі деңгейде діни наным-сенімдердің көрініс беріп жататтындығы ақиқат. Ол тұрмыс-салтқа қатысты, қыз бен жігітке қатысты, төрт түлік малға қатысты, ақындар айтысына қатысты, жұмбақ айтысына қатысты мәтіндерде кезігіп отырады. Сандаған ғасырлық тарихы бар айтыс жанрының біз айтып отырған сипаты енді ғана қолға алынып жатқандығын жасыруға болмайды.

М.Жармұқамедов: «Арғы тегі тым әрідегі көне дәуірде туып, ХІХ ғасырдың ІІ жартысында айтыстың «Біржан-Сара» секілді классикалық үлгісіне келіп ұласқан бұл жанр бірден қалыптаса қойған жоқ,ол ұзақ ғасырлар бойы даму процестерінің өзіне тән сан қилы кезең жолдарын басынан өткізе отырып шыңдалды, бірте-бірте кемелденіп өзінің шырқау биігіне жетті. Бұл жәйт бір ғана айтыс емес, әдебиетіміздің өзге жанрларына да қатысты ортақ заңдылық» [1,19], — деп жазады. Ғалымның айтып отырған даму заңдылығына қатысты осы пікірлерінің бір бағытында діни негіздегі қолданыстардың да қатысы бар екендігін атап айтуға болады.

Біз жоғарыда діни наным-сенімдердің айтыстардың бір парасында белгілі бір деңгейде көрініс беретіндігін айтқан болатынбыз. Соның бір дәлелі Шөже мен Кемпірбайдың айтысынан аңғарылады. Мысалы:

Бес намаз, он екі иман жанға пайда,
Қалайын біраз сөйлеп, осындайды.
Біреуге мал, біреуге бас қайғы деп,

Баласың, соқыр азбан, жаяу қайда? [2, 168 ], — деген Кемпірбайдың осы шумағында қара өлең ұйқастың негізінде шығарылған өлең жолдарының жатқандығын аңғарамыз. Қазақи қара өлеңде ақынның айтам деген ойы соңғы екі шумақта жатады да, алдыңғы екі жол ұйқасқа бейімделіп құрастырылған болып шығады. Бұл бүгінге дейінгі айтылып келе жатқан пікірлердің бір парасы. Десек те, сол ұйқасқа құрылған екі жолдың өзінің айтарлықтай тәрбиелік мағынада жұмсалатындығын байқай бермейміз. Мәселен баршаға мәлім халық өлеңінің мына бір екі жолына назар аударып көрелік:

Базардан алып келген күміс құман,

Жігітті адастырған қалың тұман. [3, 24] Осы жолдарды оқи отырып күміс құман мен қалың тұманның арасында қандай байланыс бар деген ой туындауы мүмкін. Дегенмен, осы екі жолдың өзіне тән тәрбиелік мағынасы бар. Болмаса күміс құманның орнына алтын құман деп те айтуға болар еді ғой. Қазақта мақал бар:

Аса биік болғанның,

Мейман асы тасады.
Аса кішік болғанды,
Құрт-құмырсқа басады.

Орта болған өмір бойы жасайды.

Күміс – алтын емес, немесе бақыр да емес. Нақтырақ айтқанда, алтыннан төмен, бақырдан жоғары бағалы тас. Олай болса, осы «күміс құманның» өзі осы мақалдың мазмұнын қайталап тұрған өмір сүрудің шарты. Ал, «қалың тұманға» келетін болсақ, адамның өмір жолының өзі тұман. Соның нәтижесінде көптеген жастардың өмірінде адасушылық болады. Сол тұманнан өте алғырлары ғана жол табуы мүмкін. Яғни, екінші жолдың мағынасы осы мәселені аңдатып тұрғанға ұқсайды. Жоғарыдағы Кемпірбайдың бес уақыт намаз бен он екі иманды тіліне тиек етуі исламның шариғат заңдылықтарын насихаттаудың бір бағыты болып табылады. Исламда бес парыз бар. Оларды рет-ретінмен айтсақ, иман келтіру, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, қажылыққа бару. Кемпірбай да осы тәртіпті өзгертпей бірден бес парызды айтпаса да, алғашқы екеуін жанға пайда деген тіркесті айтуы арқылы насихаттау шарасын жүзеге асырып тұр. Әрине, Шөже де осал ақын емес. Ол өзінің қос жанары болмаса да, діни қағидалардан құр алдақан емес екендігін тұспалмен жеткізеді.

Мұқтасар сөзім майда тақтасындай,
Бұхардың омырауым қақпасындай,
Көзіме он жеті ақын түк қылған жоқ,

Білем, бұған, сен ғамал таппасыңды-ай [2,168].

Мұқтасар – діни кітап. Ол шариғат заңдылықтарын талдап, талқылап түсіндіретін оқу құралы болып табылады. Кезінде алғашқы «Әліпбиді» оқығаннан кейін дін тарихына байланысты «Қисса– сул–әнбия» кітабын, одан кейін барып «Мұқтасарды» оқитын болған. Шөже өзінің діни білімнің деңгейін мұқтасар оқуының негізінде екенін Кемпірбай ақынға осылайша аңдатып отыр.

Жоғарыда біз, айтыстардың арасында діни айтыстың жан-жақты зерттелмегендігі туралы пікір айтқан едік. Діни айтыс негізінен ақындардың арасында өтеді. Ол әртүрлі бағыттар бойынша жүзеге асырылып жатады. Айтысқа қатысты зерттеу жүргізген ғалымдардың бірі К.Сейдеханов: «Ақындар айтыстан бос уақыттарында да бас қосып, шығармашылық әңгіме-дүкен құрып, өлеңмен қағысып, сынасып, әзіл-қалжыңмен мәжіліс-думан өткізіп отырады» [4, 25]. Ендеше, діни айтыстардың ішінде де әзіл-қалжыңмен астарласып келген тұстары кезігіп отырады. Діни айтыстардың санатына жататын Күдеріқожа мен Ұлбикенің сөз қағысуы. Олар бірден дінге қатысты басталмайды. Бірақ, діни айтысқа ұласуына себепкер болған жағдай діни наным-сенімді қолдана отырып, әзілдесуінен туындайды. Мысалы Күдеріқожа:

Аузың шекер, лебізің балдан тәтті,
Өлімнен құтыла ма жүйрік атты.
Қолыңда жайып тұрған кітабың жоқ,

Оқымай қалай білдің шариғатты [2,80] — дегенде, Ұлбике өзінің әзілін араластыра отырып былай дейді:

Сен-ақ оқы әліп пен әбіжатты,
Мұрным «әліп» болғанда, қасым «мәт-ті».
Көкірегім – кітап сөзі, тілім – құран,

Мен сенен үйренбеймін шариғатты [2, 80].

Ұлбикенің өлеңінен аңғаратынымыз дін ғылымын өте жетік меңгергендігін. Өйткені, «әбжад» оқуы діни оқудың барлық сатыларын өткеннен кейін барып ең соңынан үйретілетін ғылыми білім болып табылады. Нақтырақ айтқанда, араб графикасындағы жиырма сегіз әріптің әрқайсысының өзіне тән сандық мағынасы бар. Мысалы: «А» — 1, «Б» — 2, «Ж» — 3, «Д» — 4 және тағысын тағылар. Бұл сандық мағыналарға араб алфавитіндегі алғашқы төрт әріпті тіркестіре айту арқылы «абжд» — әбжад деп атау берген. Яғни, әбжадты жетік меңгерген Ұлбикенің діни білімі өте жоғары. Сондықтан ол Күдеріқожа болса да, мен сенен шариғат үйренбеймін деп еркін айтып отыр. Осыдан кейін барып, Күдеріқожаның дінге байланысты сұрақтары басталады. Мысалы,

Бар дейді жаратқанның көрген нұрын,
Нұрды көрген пейіштен алады орын.
Ұлбике, сен сұрасаң мен айтайын,

«Каф» пен «нұнды» жаратты ілкі бұрын [2,81]. немесе, Ұлбикенің сұрағына Күдеріқожа да кідермей жауап береді. Яғни, оның да діни білімі Ұлбикеден төмен емес.

Мысалы:
Әуелде Мұхаммедтің нұрын берген,
Он сегіз мың ғаламнан бұрын келген.
Он сегіз мың ғаламның тұтқасы қып,
Сегіз бейіш ішінен орын берген. [2, 81]

Сонымен, айтыстың соңы Күдеріқожаның жеңуімен аяқталады. Ал, ақиқатында Ұлбикенің сөз қолданысы, тіл шеберлігі, тапқырлығы, Күдеріқожамен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Дегенмен, екеуі де шариғат заңдылықтарын жақсы меңгергендіктен, сол жолды ұстана отырып, Ұлбике ер адам ретінде Күдеріқожаға жолын бергенге ұқсайды.

Діни шығармалардың ішінде ең ішінде кең тараған туындылардың бірі «Мәлике қыз» деп аталады. Туынды Түркістан өңірінен шыққан Пықия деген діни оқымысты ақынмен Мәлике қыздың арасындағы айтыстан тұрады. Бірақ, бір ерекшелігі, айтыстың алдында, екеуінің кездесуін баяндайтын, көптеген шумақтардан тұратын сюжетті өлең жолдары бар. Мәликенің патшаның қызы екенін айта келіп, дінге байланысты жүз жұмбағын шешкен адамға тұрмысқа шығатындығы туралы баяндайды. Ұлттық фольклорға тән ертегілерде жиі кездесетін оқиға иірімі осы шығарманың да кіріспесінде орын алған. Атап айтқанда, жұмбағын шеше алмаған адамдар дарға асып өлтірілетін болған. Айтыстың бойынан біз екі ақынның да суырып салмалық дәстүрді берік ұстанған, әрі шеберлікпен қолдана білген өнерпаздар екенін аңғарамыз. Бірақ олардың нақты өмірде болған болмағандығы туралы мәлімет жоқ. Сондықтан, бұл ақындардың есімдері көрсетілгенімен, аңыздың негізінде жеткен көне айтыстардың қатарына жатады. Зерттеуші М.Жармұқамедов: «Әдебиетіміздегі күрделі сала – импровизация дәстүріндегі ақындар поэзиясының барлық қыры мен сырын түгелдей ашып таныдық деп үзілді-кесілді айту мүмкін емес. Мәселен, импровизацияның табиғат-бітімі қандай, осы дәстүрдің бізде айрықша өріс алып, ұзақ ғасырлар бойы үздіксіз жалғасудың себебі не, мұның ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетке қатысы, өзіндік ерекшеліктері неде деген мәселелер әлі де болса салыстыра қарастыруды қажет ететіні хақ» [1, 92], — деп айтқан болатын. Біз мысалға алып отырған айтыстың ерекшелігі мынада – біріншіден, бұл жұмбақ айтыс, яғни, қыздың жұмбағын табан астында тауып шешу қажет. Екіншіден бұл, қара сөз емес өлең айтыс. Яғни, сол шешімді бірден өлеңге айналдырып, сұрақшыға жеткізу керек. Осындай екі тапқырлықты жарыстыра қолдану ақындардың арасында екінің бірінің қолынан келмеген. Ал, Мәлике мен Пықияның арасында осы айтыстың куәгері боламыз. Жоғарыдағы Күдеріқожа мен Ұлбикенің айтысындағы «каф» «нұнның» мағынасы бұл айтыста ашыла түскен. Мәлике қыз:

Сұрады қыз Мәлике тағы бірін:

Жасымнан жұртқа мәлім менің ісім, Ғаламның он сегіз мың баршасында,

Жартты Алла тағала нені бұрын? [5, 29], — деген сұрағына Пықия былай дейді: Жаратты Алла тағала «Кап» пенен «Нұн» Өзіңе мәлім шығар осыным шын.

Әуелде бар ақырда жоқ болады,
Мағынасы «Кап» пен «Нұн»- ның «Күнба макүн»[5, 29].
Әрине, айтыс тек қана бұл екі шумақпен тоқталып қалмайды. Мұнда, жариғат заңдылығымен

қоса, шариғат көріністері де байқалып отырады. Адамның өмірге келуі, өмірден кетуі туралы сұрақтар да дінмен байланыстырып берілген. Мысалы:

Сұрады қыз Мәлике сөз жүйесін:
-Пықия жұртқа тұлға кәриесің.
Табам деп жұмбағымды еліресің,
Білсең айтшы нені жеп, нені киесің? [5, 29], — деген Мәликенің сұрағына:
-Айтсаңда қандай жұмбақ мен білермін,

Өнерім сенен асып елірермін.
Мәлике сен сұрасаң мен айтайын,

Ақырет кебін киіп, қамын жермін [5, 29], — деп жауап береді.

Бас аяғы жүзге жуық шумақтан тұратын айтыста ислам қағидаларының басты-басты шарттары осындай тәсілмен берілген. Сондықтан, айтыстың бойынан діни білім алуды және исламның ақиқаттығына сенуді шебер тілмен жеткізе білген.

Түйіндей келгенде айтарымыз, діни айтыстардың мазмұны мен маңызын айқындау, сипаты мен табиғатын түсіндіру, тағылымдық-тәрбиелік, танымдық табиғатын ашу қазіргі кездегі өзекті мәселелрдің бірі болғандықтан оны зерттеу, зерделеу басты міндеп болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *