Жәудір Келдібекқызы СҰЛТАНБЕКОВА
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің
2-курс докторанты
Түркістан/Қазақстан
judi-1522@mail.ru
Жазушы Дулат Исабековтың прозалық шығармаларының ішінде айрықша көзге түсетін туындысы – «Ертегі елінде немесе қоштасу вальсі» ертегі-повесті. Ерекше дейтініміз, ертегі-повесть көркемдік ерекшелігі жағынан да, сюжеттік құрылымы жағынан да өзгеше. «Ертегі елінде немесе қоштасу вальсі» атты тақырыбы мағлұмат беріп тұрғандай бұл шығарма қиял әлеміндегі шындыққа негізделеді. Басты кейіпкері – бала Ермек. Жазушы бала көзімен ересектердің әрекетіне баға береді.
Дулат Исабеков мифтік, ертегі, аңыздық элементтерді астарлы ойдың негізгі кілті есебінде пайдалануды көздейді. Автордың бұл повесі өз үйінен қашып кеткен оқушы Ермектің: «Мен жоғалуым керек, қарамды батыруым керек» деп бұлақ жанындағы апанға секірмек болғанда, оның түбінен « алба-жұлба киінген бір кемпірді» көруімен өзгеше оқиға, ертегі басталып кетеді [116-б.].
Жасы кішкентай болса да Ермек ата-анасының өзіне назар аударуын талап етеді. Үлкендердің бала жанын түсінбейтінін сезінген ол басқа бір шешім қабылдайды. Бұл жолда ол асықпай ойланып, алдымен әке-шешесін сынап көреді. Өзін ата-анасы қаншалықты жақсы көретіндігін байқап, білген соң, оларға өзінше қыр көрсетпек болып, жоғалып кеткісі келеді. Үйінен қашып шығып, ертегілер еліндегі мыстан кемпірге кезігеді. Мыстан кемпір образы жындар бірлестігі мен қазақтар арасындағы елші қызметін атқарады. Қаламгер мыстан кемпір мен Ермекті қазақ халқының ішкі әлемін таныту үшін алғандай ой қалдырады. Мыстан кемпірдің қазақтар туралы түйген түсінігінен халқымыздың ұлттық болмысын байқауға болады. Мәселен, мыстан кемпірдің Алдар көсе туралы: «… Сол оңбаған Алдарды алдап қолға түсіре алмаған соң бір күні қыз қалпымда үйге кіріп келдім…
Тым болмаса семьясын бұзып, бүлік шығарайын деген ойым ғой» [1, 118-б.]. Мыстан кемпір Алдар көсені арбап-алдау процесімен ойын жүзеге асыруға кіріседі. Қолыма түсірдім деп масаттана бастайды. Дегенмен, Алдар көсенің қалғың келсе, қазір-ақ қалсаң болады дегені сәтті жоспарды бұзып жіберді. Байқаймын, әйелі де қарсы емес. Ренжу, ашулану ойында жоқ. Бұл маубастар ештеңе түсінбеген шығар деп: «Сонда немене, мына әйеліңді қоя бересің бе? –дедім. Сол кезде әйелі тұрып: «Қазақтар көп әйел алады. Бұл өңірде әзірге бір әйелмен жүрген жалғыз біздің Алдекең. Сіз сияқты көрікті қыз тиемін деп жатса менің қарсылығым жоқ», — дегені. Семьясын бұзбақ болған ойымнан түк шықпайтын болды [1, 119-б.]. Мыстан кемпірді Алдар көсе әйелдікке алатын болса да, бірінші әйелінің ешбір ренжімейтіні таң қалдырады. Жазушы мұнда қазақ әйелінің ерін құрметтеп, оның пікірімен санасып, сыйлайтынын байқатып тұр.
Дегенмен де «бірлестік» тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында жүрген Мыстан кемпірдің «Алдар Көседен екіқабат боп жалғызбасты ана» болып қалуынан азғын қоғамның кесірінен тамыры тереңде жатқан салт-санадан ажырап бара жатқан жас ұрпақтың бейнесін аңғарғандай боламыз.
Бала Ермектің жындар бірлестігінде көргені, естіп-білгені – іріп-шіріген, азған қоғамның бейнесін көрсететіндей. Мифтік, ертегі-жырларда адамзатты алдап, тірлік ететін Мыстан кемпірдің «… күні бойы ешкімді алдай алмадым. Қазір жұрттың бәрі пысық, қу боп алған. Кейде өзіңді алдап жібереді» [1, 118-б.]. деуінің өзі моральдық этикет нормаларынан санасы алыстап кеткен адамдар қоғамының қаншалықты дәрежеде жұтаңданғанын аңғартып тұр. Сондай-ақ жындар бірлeстігіндeгі барлық қоғамдық жүйенің Ермек өмір сүріп отырған қоғаммен астарласа суреттелуі де тегін емес. Біздің көз алдымызға кеңестік қоғамның бет-бейнесі, оның азып-тозған жүйесі келеді. Тіпті сықақты түрде сипатталған «бірлестік» кейіпкерлерінің аты-жөндері де шынайы өмірде қисыны жоқ сөздерден құралады. Ертегі еліндегі перілер мен жындар бірлестігі бір қараған оқырманға адамзат өмір сүріп отырған қоғамға жақындығы болмаса да (өйткені ол ертегі ғой), кейіпкерлердің барлық іс-әрекеті, тіршілігі күнделікті адамдар өмірімен ұқсас бейнеленеді. Әдебиетте «утопия» терминімен қанаттас түбірі «topos» басқа да түсінік бар. Ол – «дистопия». «Дис» — грек тілінде «жаман» мағыналы екенін ескерсек, дистопия утопияға – керемет әлемге кереғар әдеби жанр түрі екенін аңғарамыз. Орыстың белгілі ғалымы Н.С.Гребенникова: «Дистопия – тип антиутопии, который разоблачает утопию, описывая ее реализации. Это существенно отличает ее от тех антиутопий, которые изобличает саму возможность осуществления утопии, или абсурдность и ошибочность логики ее создателей» деп жазады [2, 73-б.]. Дистопияны «антиутопия» десек те болады. Антиутопия болашаққа күмәнсіз утопияның ізгі дәстүріне қарама-қайшы әдеби жанр. Антиутопия робот-адамдарды, мәңгүрт ұрпақты туғызған гиперрациональды қоғамдық жүйені сынайды. Осы жүйеге қарсылық білдіретін кейіпкер шынайы адамзаттық құндылықтарды іздеуге, тоталитарлық өмірден өзіне тірек табуға ұмтылады. Осылайша идеалды саналған қоғам қатал заңның тепкісін көрген жекелеген адамның ішкі жан-дүниесі мен санасы, сезімі арқылы күл-талқаны шығады.
Әдебиетші А.Таңжарықова Дулат Исабековтың бұл туындысын қазақ әдебиетіндегі антиутопиялық жанрдың бір үлгісі деп тұжырымдайды [3]. Антиутопиялық жанр – шынайы өмірді сатиралық, яғни пародиялық тұрғыдан бейнелеудің бірден-бір құралы. «Жындар мен мыстандар бірлестігінде» ұлы мәртебелі патша Тюльтан-99-дың таққа отырған жылы құрылысы басталған сарайдың әлі төбесі жабылмай, едені салынбай ұзақ салынуына ренжіген патшаның басқа патшалыққа кеткісі келгенімен «қазір барлық патшалықта штат қысқартылуына байланысты» ешқайда бара алмайтындығы сол кеңестік қоғамның повесте гипертрофті түрде бейнеленуімен, кейіпкер аттарының абсурдты құлаққа түрпідей аталуымен мәселен, Шорту-Морту, Крым-Брым, Сандра-Мандра, Қозған-Тозған, Апай-Топай, Мұқалай-Сұқалай елі және т.б. сипатталады. «Тюльтан-99» патшаның алдында қоғадай жапырылған жұрттың бір ұранды айқайлап, жеке басқа табынуы арқылы қаламгер социалистік реализм әдісін сынап, кеңес мемлекетіндегі әрбір жеке тұлғаның еркіндігі идеясын абсурдтыққа дейін әкеледі. Айнала толған мастар, сұраққа жауап бере алмай, «тұрған жерінде гүрс етіп құлап түсетін» көмекші – азғындаған қоғам синонимі. Немесе патшаның «қазақ деген халықты» бұрын естіп-білмеуінің өзі тек емес. Өйткені кеңес өкіметі тұсында әрбір ұлт өзіне ғана тән бет-бейнесін, салт-дәстүрін ұмытып, кеңестік халыққа айнала бастағаны бәрімізге мәлім [2, 84 ].
Дулат Исабеков бұл ертегі-повестін ауыз әдебиетіндегі ертегі үлгісінде жазады. Мұндағы батыр бала – Ермек, онымен дос болатын пері қызы – Мугара, жау елі – Тсарамен шайқас, құтқарушы – Қарақұл, Ачирал бейнелері – қиял-ғажайып ертегілерінің кейіпкерлері. Ермек орталық кейіпкер ретінде көрініп, бұрынғының батырларындай айласын ақылмен асырып, тағы да сыналатын тұсқа кезігеді. Ол Мугараның анасын құмыраға тығып қойған Тсарадан құтылу үшін оны алдап, Құдіретті қолға түсіріп, адамдарды аман алып қалады. Оның бұл ерлігінің өзі ақылдылығы, батылдығы, қайырымдылығы болып табылады.
Сондай-ақ повесте Алдар көсенің сөз болуы да тегін емес. Автор Ермек тегінің ақылдылығын таныту үшін Алдар көсе образын қоса алады. Алдар көсе – хан мен бай-бектердің залымдығы мен байлығын қулығымен жеңіп күлкі ететін кейіпкер. Қулыққа да білім, терең зерде керек. Міне, Алдар көсе – сондай халық ойының көрінісі. Ертегі-повесте де Алдар көсенің есімі жиі аталып, жын-перілердің адамдар елін жек көруінің сыры ашылады. Сондықтан да Ермектің Алдар көсе елінен болуының өзі оған көп міндет жүктеп, сын арта түседі. Алдар көсе бейнесін жанама мінездеудің жолын повестегі Ачирал тұлғасынан аңғаруға болады.
Ачирал қанға тартып туған ұл болды. Ол әке жолын жаңғыртып, қазақ халқының ұлы екендігін дәлелдеу үшін мыстандар тобынан бас тартып, Ермектер жағына шығады. Елін Тсарадан құтқарып қалады. Ачирал бейнесі арқылы ар-намысты жоғары қойған қазақ халқының ұлттық мүддесі танылады. Халық ертегілері бойынша жауыздық иелері болып келетін мыстан кемпір, перінің ұлдары мен қыздары ұнамды жағынан көрініп, тіпті өз туғандарын аямайтын қастандық әрекеттерін жасап, қалыптасқан түсініктің екінші жағына үңілдіріп жатады. Мұндай қайшылық бүгінгі әдеби ертегінің жаңалығы болып табылады. Дулат Исабеков ертегінің осындай айырмашылығына ұлттық нышан берген. Эпизодтық оқиғаға өзек болған Ачиралдың осы бір азаматтық ісі оның бет-бейнесін толық ашып береді. Автор бұл арада ұлттық характердің генотипке әсеріне ерекше мән беріп отыр. Бала Ермектің дүниетанымындағы тектік төлсананың тұрақтылығын Ачиралмен арадағы диалогтан да аңдаймыз:
«– Ал енді Адамзат жұртының өкіліне рахмет айтып, еліне аттандырайық, — деді Ачирал көпшілік тынышталған соң.
– Ол ел саған алыс емес, Ачирал! – деді Ермек оның әке жағын есіне салып.
– Білем. Бірақ мен осы елге бауыр басып кеткенмін. Тағдыр солай» [1, 165-б.].
Мұндағы Ермек пен Ачирал образында қандас-бауырлық намыс, отансүйгіштік, туыстық сезім белгісі бар. Өзіне ұсынған тақты ерлігіне бас иіп, Ачиралға берген Ермек бойында азаматтық мәрттік, елдік намыс бар. Ол дүниеге қызығып, мансапқа құмартпайтын ата-баба ірілігін көрсетеді. «Суын ішкен құдығына түкірмеген» Ачирал ойында дала баласының даналығы жатыр. Екі образ бірін-бірі толықтырып тұрғандай. Жазушы түйсігі халық түсінігімен үндесіп жатыр. Ерлік, намыс, қайсарлық ұғымдары арқылы елдік проблемасын көтереді.
Ермектің образында бастапқыда интертекстуальдық мотив байқалады, яғни қазақ ауыз әдебиетінің стилистикасына тән батыр бейнесі аңғарылады. Алғашқыда аңғал ауыл баласы, мектеп оқушысы Ермек бейнесі жындар бірлестігіне келген соң өзгеріске ұшырайды. Оның сөйлеу мәнері, өзін-өзі ұстауы, патшалықтың тағдыры үшін жан кешіп соғысуы бәрі де бұрынғы қазақ батырларын елестеткендей. Жазушы Ермек бейнесі арқылы осы іріп-шіріген, азып-тозған, рухани құндылықтардан ада болған қоғамды жойып, оның орнына тамаша патшалық орнатар адамды аңсаған халық арманын меңзейді. Тіпті араққа тойып әбден мас болып бір-бірін танудан қалған, ештеңені түсініп болмайтын жын-шайтандарға «Қазақ вальсі» музыкасының ерекше әсері туралы: «Қазақ вальсі» ойнады. Есепке шорқақ болғанмен, жындар музыкаға қабілетті болып шықты. Мугараның сұрауы бойынша Ермек «Қазақ вальсінің»әуенін екі-үш рет қайталап бергенде музыканттар оны тез арада ұғып ала қойды.
Вальс әуені жын-шайтандарға ерекше әсер етіп, олар теңселіп кетті. Ермек иіліп келіп Мугараны биге шақырды. Олар вальс ырғағымен билей жөнелді. Олардың ерекше биіне жын-шайтандар разы болып, сүйсіне қол соқты. Музыка олардың жеке қайғыларын ұмыттырып жіберді.Қарап тұрғандардың әуелі бір-екеуі, келе-келе бәрі биге араласып кетті.
Би бітіп, бәрі мәз болып қол соқты» [1, 134-б.] деген үзінді байқатады. Қазақ сазы арқылы жазушы ұлттық сана-сезімнің, руханияттың қайта өркендеуінің қандай пайдасы бар екенін дәлелдейді.
Дулат Исабеков ертегі-повесінде жаңа көркемдік ізденістерге ұмтылады. Ертегі ішінде аңыз кейіпкері жүргені де – соның дәлелі әрі автордың композицияны қиюластырудағы бір шеберлігі. Халық ертегісі мазмұнына жаңа кейіпкер, жаңа оқиғаны сыналай енгізіп, сюжетін бүгінгі тұрмыстық жағдай тұрғысынан әңгімелеген. Ертегі қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, жағымсыз құлықтарды әшкерелейді, салауатты өмір салтын алға тартады. Сондықтан автор соны деректерге бой ұсынып, халық ертегілерін тыңнан жазуға талпыныс жасайды. Перілер араққа мас болып, ақылдан азады. Ойлары ұсақтанған олар қарапайым есепті шығара алмай, елін қорғай алмай кішкентай баладан жеңіліс табады. Шаруашылық есепке көшкен перілер елі жеке мүддесін ғана ойлап, ауызбірлігін жойып алады. Ж. Рүстемова бұл туралы былай пікір қалдырған: « қаламгер халық ертегілерінің образын ғана алып, оны мүлде басқа, соны, тың авторлық ертегіге тұғыр еткен» [4, 13-б.]. Бүгінгі өмірмен байланыстырып алынған бұл туынды арқылы суреткер адалдық пен арамзалық, білім мен надандық күресіне толы ертегіні жаңа мазмұнда баяндауды мақсат еткен.
Дулат Исабеков қазіргі қазақ әдебиетінің әдеби ертегілері жолымен баяндай отырып, бала көзімен үлкендер әрекетіне баға беріп, кейіпкер дүниетанымын ұлттық аяда қарастырады. Жауыздықты жеңген жақсылық салтанатын құратын бұл шығарма шындыққа негізделген қиял-ғажайып оқиғаның ерекше үлгісі болып табылады. Батыр бала Ермектің бойына кешелі-бүгінгі ұлттық белгілерді сыналай енгізеді де, ертегінің өзін шынайы өмірге айналдырады.