Г.А.МАХАШ
Абай атындағы ҚАЗҰПУ-ның оқытушысы, докторант, Алмат/ Қазақстан
Кеңес дәуірі әдебиетінің 60-90 жылдарындағы көркем әдебиет еңбекшілерді коммунистік рухта тәрбиелеудің басты құралы – көркем әдебиет деп түсінді. Барлық жанрдағы шығармалар әуелі партиялық тұрғыда қатаң бақылауда болды, сөз еркіндігі, ой бостандығы шектелгенін тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі уақытта айқын аңғардық. Әдебиет сынының атқаратын міндеті де, жауапкершілігі де заман жүгін арқалауымен құнды, бағалы болуы осыдан келіп туындаса керек. Сөйтіп, көркем әдеби сын екі жақты міндет атқарды деп атап айта аламыз: бірі– идеялық жоғары адамгершілік бағыттағы эстетикалық көзқарастарды қалыптастырып, әдебиеттің көркемдік талғамын жетілдірсе, екіншіден – қаламгер мен оқырман арасындағы дәнекерші. Көркем өнерді халыққа жақындатуда, оның табыстарын насихаттауда, сонымен бірге, халықтың эстетикалық танымын молайтуда, оқушы талғамын тәрбиелеуде сынның рөлі айрықша. Сыншылық пікірлердің негізі көркем әдебиеттен, оған деген көпшіліктің көзқарасынан, қоғамдық өмірдің рухани қажеттілігінен барып туындайды. Орыс әдебиетінде В.А.Жуковский: «Сын дегеніміз – жетілген талғамға негізделген тура және еркін айтылған пікірлер. Сіз поэма оқисыз, сурет көресіз, соната тыңдайсыз, сонда қанағаттанғандықтан сезімге бөленесіз – осы талғам, осылардың себебін талғасаңыз ол – сын», — деген қарапайым, әрі тура анықтама береді [1,б.95]. Өткен ғасырда орыс әдебиетіндегі сыншылдық дәстүр В.Г.Белинскийдің, Н.Г.Чернышевскийдің, Н.А.Добролюбовтың, Д.И.Писаревтің, т.б. талантты шығармалары арқылы классикалық дәрежеге көтерілді. Орыс әдебиетінің алтын ғасыры алыптары А.С.Пушкиннің, Л.Н.Толстойдың, И.С.Тургеневтің, Ф.И.Достоевскийдің, т.б. әдеби сынының әдеби дамудағы маңызын аса жоғары бағалап, оған белсене араласқандығы сыннның қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-әдеби шоқтығын жоғары көтеріп жіберді. Г.В.Плехановтың, А.В.Луначарскийдің, В.В.Воровскийдің, А.М.Горькийдің эстетикалық ой-пікірлері орыс әдеби сынының таптыққа негізделген жаңа дәуірін бастады.
Кеңес кезеңіндегі қазақ әдеби сынының идеялық, эстетикалық және танымдық құндылықтармен сабақтастығы дау тудырмайды. Көркем образ бен айшықты әдебиет үшін күресте, қоғам дамуының көркем шежіресін жасауда сынға жүгінетініміз белгілі. Әдебиет пен өнер таразысы – сын. Ал, халықтың рухани байлығы болған әдебиет пен өнер туындылары – елдің қымбат қазынасы, халық игілігі, оның бұрынғы тарихы мен бүгінгі өмірінің көркем шежіресі, келісті кестесі, асқақ арманы. Оны жеткізуші суреткер еңбегі, қиялы, ой-пікірі халық үшін маңызды. Шын талант, нағыз суреткер халық талабын қастерлей біледі, халыққа қызмет етуді зор бақыт деп біледі, үлкен абырой, қасиетті парыз санайды. Халық қаламгердің оқушысы ғана емес, бағалаушысы, әрі ұстазы. Бұл турасында М.Горькийдің халықты барлық материалдық игіліктерді жасаушы күш қана емес, рухани қазына-байлықтың бірден-бір және сарқылмас қайнар көзі, сұлулығы мен даналығы жөнінен жер бетіндегі барлық ұлы поэмаларды, барлық трагедияларды, бұлардың бәрінен де ұлық – бүкіл ғалам мәдениетінің тарихын жазушы философ, әрі ақын деп танығаны ойға оралады. Талант пен айқын көзқарас күш қосып, тұтастық тауып көркем шығарманың биігін мұрат тұтқан жазушы — әрқашан да мерейлі, абыройлы, қадірлі. Кеңес дәуірі әдебиетінің біз нысанға алып отырған тұсы көркем әдебиеттің ең гүлденген, жемісті шағы деп атап көрсетуге болады. Қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге дейін көтерген туындылар әдебиеттің барлық жанрында да көрініс берді. Ол арқылы халықтың өмірін, адамдар арасындағы қарым-қатынас, қоғам дамуы, ұлттық сана, тұрмыс-тіршілік көз алдымызға келеді. Сол дәуірдегі идеология бойынша жазушылар мен ақындарымыздың алдына үлкен жауапкершіліктер жүктелген еді. Социалистік өмірдің жарқын көріністерін, соғыстан кейінгі тіршілік, колхоздастыру, тың игеру, техниканы меңгеру, адамдардың тең дәрежелігі, әйел азаматтарының белсенділігі көркем әдебиетте көрініс тапты. 1972 жылғы КПСС Орталық Комитеті «Әдеби көркем сын туралы» қаулы қабылданды, осы қаулының жүзеге асуына мәдениет мекемелері, шығармашылық одақтар, баспасөз орындары қызу кірісті. Сын міндеттері шығармашылық топтардың жиналыстарында, басқосуларында жиі талқыланды. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының да сын мәселесіне арналған пленумдары болып өтті. Бұл мәселені талқылауға сыншылар мен бірге жазушылар мен ақындар да, драматургтер де, баспасөз қызметкерлері де қызу қатысты. Онда сынның методологиясы мен теориясы, өмірмен байланысы көркем әдебиеттің эстетикалық тәрбие берудегі рөлі, сыншылардың кәсіби біліктілігі мен шеберлігі, таланты мен еңбегі туралы пікірлер мен ойлар ортаға салынды. Күнбе-күн әдеби процеске сынның араласып,қатысуы айтарлықтай жандана түсті. Әдебиет тарихын зерттеу саласында, әдеби-теориялық және әдеби-сын жұмысының өзекті де көкейтесті проблемалары төңірегінде елеулі еңбектер жарыққа шыққаны тілге тиек етілді. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін осы қаулылардың, кеңестік идеологияның шырмауынан шыға алмаған сын туралы зерттеушілеріміз С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Д.Ысқақұлы еңбектерінде атап өтеді. Коммунистік партияның бұл әрекетін өткір сынға алған ғалымдар: «Әдеби сынның әлеуметтік-саяси мәселелерге еркін араласа алатын мүмкіндігін коммунистік партия өз мүддесіне барынша пайдаланып келді. Мәдени өмірді, әдебиеттегі идеологиялық жұмыстың бір түрі ретінде қарап, әдеби сынды партияның идеологиялық қаруы деп білді. Бірақ, өмірдің өзі көрсеткендей партиялық қаулылармен әдебиет те, сын да өркендемейтінін өмірдің өзі көрсетіп берді» дейді. Әдеби сынның әлеуметтік, идеологиялық сипаты да оның басқа да қасиеттерімен тығыз байланыста болады. Әдеби сын ғылыммен де, баспасөзбен де, шығармашылық еркіндікпен де байланыстағы күрделі құбылыс. Д.Ысқақұлының зерттеу еңбегінде сынның сан қырлы қасиеттеріне сипаттама бере келіп, оның маңызына айрықша тоқталады. Ғалымның пайымдауынша, сын сан қырлы сыпатта, яғни, ол көркем туынды жайлы пікір білдіргенде әдебиеттану ғылымына сүйену керек, бұл оның ғылыми сипатын көрсетеді, оқушы тұшынып оқуы үшін сын көркем тілмен жазылуы керек, бұл оның көркемдік сипатын айқындайды; сыншы шығармада әлеуметтік мәселелер қалайша көрініс тапты, соған баға беруі тиіс, бұл оның идеологиялық сипатын белгілейді; әдеби сын баспасөз арқылы ғана жемісті дами алады, бұл оған публицистикалық сипат беретінін атап көрсетеді. Әдебиетті жүйелі, әрі жан-жақты қарастыру — әдеби сынның табиғаты. А.М.Корокотина: «Сынды әдебиеттің, немесе әдебиеттанудың жанры деп санауға болмайды. Сын – ғылыми-көркем шығармашылықтың ерекше түрі» –деп жазды» [2,б.12]. Сонымен, әдеби сын дегеніміз, көркем әдебиет күнделікті әдеби үдерісті зерттейтін, оның жетістіктері мен кемшіліктерін саралап, көрсететін, оқырман мен қаламгердің арасындағы оң көзқарасты қалыптастыратын, рухани әлем аясында қызмет атқаратын күрделі сипатты шығармашылық ізденіс. Көркем әдебиет туралы заман үні, дәуір көзқарасы. Оның ғасырлар бойы қалыптасқан, өзіндік құрылымы, жүйесі бар.
Бүгінде қазақ әдеби сынының жанрлық формалары толық қалыптасты. Олар негізінен мыналар: мақала, рецензия,аннотация, эссе, шоғыр мақала (цикл), сұхбат, сын-биографиялық очерк, шолу, әдеби портрет, әдеби айтыс, (полемика, пікірталас), теориялық, проблемалық сипаттағы ғылыми пайымдама, монография, оқулық, көп томдық зерттеулер. Кеңес дәуірі әдебиетінің сын жанрындағы жетістіктер бүгінгі күнмен салыстырғанда анағұрлым өткір болды деп айтуға болады.
Әдеби сын көркем әдебиетті тануға ұмтылғанда нақтылы бір зерттеу негіздерін басшылыққа алады. Көркем шығарманы талдау — сыншының білім, саяси деңгейіне сәйкес қалыптасқан көзқарастарына сай зерттеу бағытын анықтап, оған қажетті жоспар құрып, принциптерін, әдістерін айқындаудан басталады. Өмір құбылыстары шексіз болғандықтан оның көркемдік көрінісі болып саналатын әдебиеттің қыр-сырлары да ұшан-теңіз. Әдеби шығарма
тұтас бір әлем десек, оны сын тұрғысынан талдау үшін, суреткердің өзінен де ұшқыр ойлы, сол материалдың артық-кемін анықтай алатын терең білім, биік парасат иесі болу ләзім.
Г.В.Плеханов көркем әдебиетті сыни талдау барысында екі бағытты ұсынады: бірі – шығарманың идеясын ашу болса, екіншісі – көркемдік қасиеттерін анықтау қажет деп атап көрсеткен еді [3,б. 51] Сыншы әдебиетті көркем шығарма ретінде жеке талдаудан оның әлеуметтік мәнін, әдеби дамуда алатын орнын анықтауға тырысады. Сыншы көркем шығарманың қадір-қасиетін анықтаудың нақтылы жолдарын іздеп, қаламгердің жазу мәнеріне, образ сомдау, характер беру тәсілі, қоғамдық ой, заман көрінісі әр қырынан қарастырылып, тұтастай алғанда, бұл шығарма арқылы рухани дүниемізге не қосылды, қандай жаңалықтар бар, несімен құнды, замандастарға, кейінгі ұрпаққа қалдырар үлгісі неде деген мәселе бойынша талдау жасалады. Сыншы әдебиетті талдап-бағалау үшін қандай әдістерге сүйенеді, көркемдік жинақтау әдісіне сүйене ме, әлеуметтік мәніне назар аудара ма, ол да ескерілетін негізгі мәселелердің бірі. Жалпы әдебиеттің негізгі үш қыры бойынша тілдік, көркемдік, әлеуметтік жағынан қарастыратынын байқаймыз. Ол сыншының алдына қойған мақсатына тікелей байланысты. Әлемдік әдебиет тұрғысынан қарастырар болсақ, шетелдерде әдебиет сынының мынандай әдістері қарастырылады: феноменологиялық, интуитивтік, импрессионистік, символды- мифологиялық, сихолингвистикалық, бихевиористік, стилистикалық, структуралистік, социологиялық әдістер қолданылады деген фактіні кездестіреміз. Көркем шығарма – тұтас бір көркемдік жинақтаудың нәтижесі. Суреткер оны жасау барысында өзінің білім, дарын, шеберлік дәрежесіне орай қаншама бейнелеу амалдарын қолданады. Сыншы да суреткермен бірдей шығармашылық жұмыс атқарады. Көркем әдебиетпен бірге оны тану-зерттеу де дамудың ұзақ жолдарынан өткен. Яғни, көркем әдебиетті сын тұрғысынан саралау әдістері де жетіліп отырады. А.Бушмин әдебиетті зерттеу ғылымының тарихында филологиялық, эстетикалық, формальдық, биографиялық, тарихи-мәдени, салыстырмалы-тарихи, социологиялық әдістердің пайда болғандығын атап көрсеткен болатын [4,б. 26] .Осы тұрғыдан келгенде, 1960-70 жылдары елімізде көркем шығармалар үшін жауапкершілікті арттыру, әдеби шығарманың идеялық дәрежесін көтеру айрықша аталды. 1967 жылы КСРО-ның 50 жылдығы аталып өтілгені белгілі. Осы жиналыста Л.И.Брежнев «Кемелденген социалистік қоғам құрылды» деп жариялады. 2005 жылы жарық көрген “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы бойынша шығарылған “Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабында бұл туралы: «Бұл – И.В.Сталиннің құрған социализмінің тігісі сөгіле бастаған тұста, оның атын өзгертіп сақтаудың амалы еді. «Кеңес халқы» деген ұғым кеңестік ұлттардың әрқайсысына тән өзгешеліктерді мойындамау, олардың психологиясымен санаспау, бәріне бір көзбен қарау саясатының көрінісі болды. Осы негізде партия біртұтас мәдениет туралы пікірді енгізді. Саяси-қоғамдық ғылымдар саласында бұл ұғымдар жиі қайталанғанмен, көркем әдебиет өзінің ұлттық сипатынан айырылып кете алмады. Әдебиет — ұлттық болмыстың көрінісі екенін дәлелдеді», – дейді [5,б. 298].
Өткен ғасырдың екінші жартысында әдеби сын саласында көркем шығармаларды проза саласы бойынша қарастырсақ, заманымыздың заңғар жазушысы М.О.Әуезовтің («Өскен өркен») прозалық шығармаларынан бастап, Б. Майлин («Азамат Азаматыч»), С.Мұқанов («Ботагөз»), Ғ.Мүсірепов («Қазақ солдаты», «Ұлпан», . Осы кезеңде шығармаларды көркемдік тұрғысынан талдап, жарық көрген еңбектердің ұлттық әдебиетіміздің ілгері дамуы кең өріс алды. Мәселен, I.Есенберлин қаламынан сол жылдары туған “Айқас”, “Қатерлi өткел”, “Ғашықтар”, “Қаһар”, “Алтын құс” тәрiздi романдар көтерген тың мәселелерiмен де, көрсеткен адам тұлғаларымен де қызғылықты, елеулi шығармалар екенi әркiмге аян. “Айқас” романы үшiн кiтап авторына Қазақстан Мемлекеттiк сыйлығы берiлуi, “Алтын құс” романы бұл айтқанымызды сипаттайды. “Қатерлi өткелдiң” кезiнде КСРО Мемлекеттiк сыйлығына ұсынылып, бүкiл одақтық оқырман iлтипатына iлiнуi кездейсоқ болмаса керек. Ал “Қаһар” романының идеялық – көркемдiк iрi деңгейiн жұртшылық жақсы түсiнiп қабыл алды. Бұл шығармасы арқылы жазушы тарихи тақырыпты игеру жөнiнде батыл жаңашылдық көрсеттi. Аз жылда тақырыбы, проблемасы түрлi-түрлi оншақты роман жариялау фактiсiнiң өзi I.Есенберлиннiң шығармашылық қуаты мен құлашын айқын аңғарта алады. Ал, “Алмас қылыш” романы көне тарихтың көмескi тұстарын қайта жаңғырта көрсетуге арналған. Романның оқиғалық негiзiне сонау ХV ғасырдағы бiртұтас қазақ хандығын құру жолындағы әрекет, күрестер, кейiпкерлер ретiнде аты тарихқа белгiлi хандар, ақын, жыраулар, қарапайым халық өкiлдерi алынуы бұл шығармаға деген заңды қызығу тудырады. Өйткенi әдебиетiмiз қанша өстi – өркендедi дегенмен, бiзде соңғы кезге дейiн ХIХ ғасырдан iлгерiдегi оқиғалар мүлде дерлiк суреттелген емес. Мұндай жағдайда халық тарихындағы аса жауапты, ұрымтал тұстарды тұңғыш рет таныстырған шығармаларға әдiлдiк пен ықыласымыз да айрықша болуға тиiс. I.Есенберлиннiң “Алмас қылыш” романы – оның қазақ халқының ХV-ХVIII ғасырлардағы тарихынан жазған трилогиясының бiр бөлiгi. Бұл туралы сыншы Р.Бердібаев: «Архив тереңiнде қозғаусыз жатқан неше алуан қымбат деректi ыждағатпен жинап, тарихи адамдар тұлғасының диалектикалық шындығын ашатын көркем шежiре, тартымды роман ұсынған автордың азаматтық еңбегi қалың оқырманын – шын сыншысын тауып отыр. Жазушы үшiн бұдан артық мәртебе жоқ» [6,б.114], – деп жазған еді.
М.Әуезовтің «Өскен өркеннің» жазылу барысына сын көзбен қарап отырып, қайнаған өмір проблемаларын көтеру жалаң публицистикаға апарып соқпас па екен деген қауіп болды. Автор «қазіргі роман және оның кейіпкерлері» деген мақаласында ойтолғақ жанрын көркемдік дәрежеге көтеру үшін психологиялық, портретке, ішкі монологке, кейіпкерлер кеңесіне, ойға шомуына, іс-әрекетіне психологиялық тәсілдермен уәждеу қажеттілігіне назар аударады. Б. Майлиннің «Азамат Азаматыч» романын алғашқы кең тынысты романдардың қатарына жатқызғанмен, «мұнда қаладағы эпизодтар мен интеллигенттер бейнесі ауыл өміріндей, ауыл адамдарындай сәтті шыға бермеген. Коллективтендіру ісіне қаланың қатысы көрінбеген шығармада белгілі бір олқылықтар бар» деуі осыны байқатады.Ол революциядан кейінгі дәуірдегі өмір шындығын кезең-кезеңімен көрсетуде Ғ. Мұстафиннің индустрияландыру тақырыбын көтерген «Қарағанды», жаңа экономикалық саясат пен одан соңғы уақытқа арналған «Дауылдан кейін» романдарының әдебиетіміздегі елеулі құбылыс болғанын айтса, Кеңес дәуіріндегі сыншылар ең тәуір деген шығармаларды ғана баспадан шығарып, көркемдік кеңес талқылауынан таразылап өткізетін. Көркем әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық, түр мен жанр iзденiстер арқылы даму сипатына ие болды. Мәселен, қазақ әдебиетiндегi тарихи-ғұмырнамалық шығармалардың бiрi – дарынды жазушы Сәкен Жүнiсовтiң «Ақан серi» (1971) атты романы. С.Жүнiсов есiмi оқырман жұртшылыққа бiрнеше прозалық жинағы, «Жапандағы жалғыз үй» романы, тартымды драмалық шығармасы арқылы таныс. Бұл аталған туындылар қазақ әдебиетiне қаламы жүйрiк, шығармашылық қабiлетi айқын жазушының келгенiн әйгiлеген болатын. Әсiресе, «Жапандағы жалғыз үй» романы, «Аманай мен Заманай» повесi автордың ғана емес, бүкiл қазақ әдебиетiнiң елеулi, мәндi шығармаларының бiрi ретiнде қабылданған. Сын да өткір болатын. Оның бар мінез-құлқы, ой-мақсаты, іс-әрекет қимылы барша қоғамдық, мемлекеттік тұрғыдағы таразыға түсетін. Бүгінгі әдебиетіміздегі осындай сынның дәрежесі төмендеп кеткені өкінішті жәйт. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытты «өтпелі кезең» деп атауымыз дұрыс та шығар. Сын – талғам таразысы. Біздің қаламгерлеріміз бен ғалымдарымыз әдебиет мүддесі мен мақсатын қандай дәрежеде ұғынып-түсінетіндігін, олардың шығармашылығына көзқарасы мен жауапкершілігін осы таразы көрсетіп тұрмақ. Сондықтан оған қойылатын талаптың да күн санап отырғаны заңды. «Өсер әдебиетке өсірер сын керек» деген сыншы Ә. Жәмішевтің сөзі өте орынды айтылған. Сыни жанрлардың ішіндегі шапшаң, әдеби-мәдени оқиғаларды дер кезінде хабардар етіп, таныстырып, сол арқылы көркемдік процестің елеулі жаңалықтарына елді үгіттеп отыруда маңызды қызмет атқарғаны рецензиялар, очерктер, хабарлар, мақалалар. Әрине, мұның сыртында әдебиет мәселелері өз алдына бір төбе. Дегенмен, газет беттерінде жарық көрген көп мақалаларының негізі әдебиет мәселелерімен сабақтасып, поэзия, проза, роман, лирика туралы мәнді әдеби мақалалары да публицистикалық еңбектерін толықтырып кететіні рас. Жоғарыда атап өткен жазушыларымыздың еңбектері өз кезінде әуелі газет-журнал беттерінде жарияланып, сын таразысынан екшеліп, халыққа ұсынылған, оң бағаларын алған көркем дүниелер еді. Ол кезең әдебиеті үшін публицистикалық зерттеулерінің ішінде маңызды мақалаларының легі шығармашылық портреттер болды. Ол қазақ әдебиетінің айтулы тұлғалары, ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері туралы терең зерттеулер жүргізіп, шығармашылық өміріне талдаулар жасалды. Сыншылар еңбектерінде қазақ әдебиетінің әр қырлы қаламгерлерінің туындылары идеялық-көркемдік, шеберлік жағынан талданып, эстетикалық сарапқа түседі. Өз дәуірінің өмірін суреттеу, замандас образын жасау міндетін іске асырудың практикалық жолдары айтылады. Мәселен, көркем әдебиеттің проза жанрында жазылған шығармаларына көркемдік тұрғыдан талдау жасалған ауқымды зерттеулер жасаған Т.Нұртазиннің, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов,Сәбит Мұқанов сынды әдебиет алыптарының іргелі шығармаларын талдауда сын жанрының методологиялық тәсілдерінің шеберлігін аңғарамыз. Сондай-ақ, поэзия саласындағы зерттеулері де Жамбыл Жабаев, Жұмағали Саин, Қалижан Бекхожин, Сырбай Мәуленов шығармашылығының қыр-сырына тоқталып, олардың портреттік бейнесін ашып, оқырманға таныстырады. Қазақ әдеби сынының дамуында байқалған бір жақсы құбылыс – қысқа ойларды рецензия, іргелі проблемаларды қозғайтын қомақты мақала, көп түйіндердің басын біріктіріп, жинақтап айтатын шолулармен қоса, әдебиет тарихының үлкен дәуірлерін көрсететін, жеке жазушылардың туындыларын жан-жақты зерттейтін монографиялық еңбектердің тууы осы кезеңде үлкен өріске ие болды. Сондай зерттеулердің бірі – Т.Нұртазиннің «Бейімбет Майлин творчествосы» атты кітабы 1966 жылы жарыққа шықты. Б.Майлин – қазақ әдебиетінің барлық жанрының кәсіби дәрежесінің көтерілуіне, биік мәдениетке жетуіне айрықша еңбек сіңірген құнарлы талант иесі. Оның шығармалары белгілі бір кезең талабына үн қатып қалу ниеті ауқымынан биік тұр. Сыншы өзінен бұрынғы зерттеушілер еңбектеріне сүйеніп, олардың қисынды пікірлерін ескеріп, жазушының өміріне қатысты тың деректермен толықтырып, соны зерттеу жасаған. Б.Майлин – қазақ классиктерінің бірі, оның портреттік, шығармашылық бейнесі арқылы қазақ қоғамының сол дәуірін тұтас көре алатынымыз сыншының үлкен еңбегінің арқасы. Бұл дәуiрдегi әдебиеттану ғылымы мен сыны уақытпен бiрге тыныстап, талап деңгейiнен шығуға үлес қосты. Сондай-ақ бұл кітап Бейімбеттануға қосылған зор үлес ретінде бағаланған болатын. «Әдебиет – өмірдің айнасы да, сын – әдебиеттің айнасы» деген қанатты сөз бар. Р.Бердiбаевтың «Роман және заман» /1967/, «Дәстүр тағылымы» /1978/, «Аңыздан романға» /1976, орыс тiлiнде/, «Биiк парыз» /1980/ секiлдi еңбектерiнде қазақ прозасының елеулi мәселелерi қарастырылды. «Қазақ тарихи романы» /1980/ монографиясында ғалым роман туралы бұрын айтылған ойларын одан әрi дамытты. Дәстүр жалғастығы мен әдеби процесс мәселелерiне байланысты автор бұған дейiнгi еңбектерiнде де толымды талдаулар, жинақтаулар жасаған болатын. Кейiнгi еңбектерiнде автор бұрын байыпталған ғылыми тұжырымдарын жаңа арнаға салып, толықтырып, өзектi жаңа мәселелермен байытып, қазақ прозасының дамуы туралы соны ойлар ұсынды. Р.Бердiбаев тарихи проза жанрының тарихи роман, тарихи – биографиялық роман, тарихи – революциялық роман, роман – хроника, тарихи – ұлттық роман сияқты салаларға жiктелетiндiгiн көрсетiп, әр сала аясына жататын шығармаларды арнайы қарастырды. Ғалым роман – хроника қатарына І.Есенберлиннiң тарихи трилогиясын жатқызды. Кей романдарға қатысты автор аңыз – роман /роман – притча/ деген атауды ұсынды. Ә.Әлiмжановтың тарихи романдарын тарихи – публицистикалық роман тобында қарайды. Ал, С.Мұқановтың – Ш.Уәлиханов, Д.Әбiлевтiң – С.Торайғыров, С.Жүнiсовтың – Ақан серi, А.Тоқмағамбетовтiң Сыр бойы ақын – жыраулары, Т.Әлiмқұловтың – Махамбет, Ақан серi, Сәкен, Ықылас, Тәттiмбет, Сүгiр, Сейтек туралы туындыларын тарихи – биографиялық шығармалар қатарына жатқызды. Ә.Кекiлбаевтың «Аңыздың ақыры» романы мен Д.Досжановтың «Жiбек жолы» шығармасын тарихи өткен дәуiр туралы романдар типiне қосты. Ә.Кекiлбаевтың романының «жабық романдарды» еске салатынын атап өтiп, өзiнiң бiтiмi жағынан бұл шығарманың «философиялық романдардың да реңiн танытатынын» анықтайды.
Өмірді әдебиет арқылы танитын да, әдебиетті өмір арқылы саралайтын да түрлі тәсіл бар. Осы екі шарт тұтас сақталғанда ғана сын толыққанды болмақ. Бұл жанр көркем әдебиетпен сабақтаса, жарыса өмір сүреді. Көркем әдебиет, оның ішінде проза, аралас өнердің баршасының қасиетін бойына сіңіреді. Архитектураның сырттай сымбаттылығы мен ішкі үндестігі, музыканың сазы мен әсерлігі, сурет өнерінің түрлі бояу құбылысы көркем прозаға өз ыңғайымен енеді. Бұл жанрда шығарманың идеясы, философиясы қаһармандардың қақтығысы, жеңісі мен жеңілісі, дүниеге көзқарасы, тағдыры арқылы жүзеге асырылады. Осыны тәптіштеп түсіндіріп, ара-жігін айырып, жасандылық пен табиғи талантты саралап беретін нәрсе – сын. Оның өзі белгілі бір шығарманы талқылау үшін әдеби теорияға, жетістіктің үстіне, өмірдің шындығын, құбылысын, қайшылығын мейлінше жақсы білуге тиіс. Әрбір жазушы әдебиетке өзінше жаңалық әкеледі. Әр қаламгер — өзінше бір тұлға. Сол тұлғаның тақырыпты тыңнан табуында, характерлер мен тағдырлардың қайталанбауын, дүниені өзінше көре білуін, қолтаңбаның даралығын анықтап беретін де – сын. Осыны жан-жақты көрсетіп беру, тереңнен қазып талдау – сыншының міндеті. В.Г. Белинскийдің «Сыншылық дарын – сирек кездесетін дарын»,– деген сөзі бар. Кез-келген қаламгер сыншы бола алмайды. Оған терең білімділікпен бірге адам бойындағы ең тамаша қасиеттер – қырағылық, тазалық, өткірлік қажет.Өзінің бір мақаласында ол: «Сын әрі батыл, әрі белсенді болуы керек»,– дейді [7,б.19]. Өнер бар жерде сын бар. Бағзы замандағы шешендер сөзінде, ауызекі айтыста, дауда, өнер мүсінінің сыны, сыпаты, жарыстың бағасы кейде тікелей, кейде мегзей айтылатыны бар болатын да, тапқырлық таластырудың ақыры бейтарап төрелікпен шешілетін. Төреші – кейде біреу де, кейде – көпшілік. Осының нәтижесінде сара сыншы танылады. Оның өзінің өнерпаз болуы, көркем дүние тудыруы шарт та емес, қара қылды қақ жаратын қазының өнерді іштей түсінуі шарт. Жүйрік пен шабанды кәміл танудан сүйініш пен күйініш сезімі туындайды. «Сөзінің бірі құрау, бірі жамау» деген сынды айтқан Абайдай сауатты талғам мен эстетикалық жүйе қажет. Тура сынға мол ақыл, биік парасат қажет. Көркем шығармадағы терең сырды оқырманға сыншы ашып көрсетеді. Сол еңбек жемісті болса, көкейден шығып жатса, әдеби сын анық өнерге айналады. Сын – әдебиеттің төрешісі. Талант пен шеберлік бірігіп, заманның негізгі ойын көркем өнер тілінде жеткізе алса, ол — қаламгердің жетістігі. Табиғи талант болмаған жерде елеулі көркем дүние тумайды. Бұның ара-жігін айырып отыратын сыншы ғалымдар, зерттеушілер екені белгілі. Ал сыншы шығарманы эстетикалық сипаты жағынан, әлеуметтік күш-қуаты жағынан толық талдау үшін өмір, тіршілікті жақсы білуі керек. Ол үшін үнемі өмірді зерттеп, қадағалап, күнбе-күн әдебиет мәселелерінің тыныс-тіршілігін, жеке қаламгерлер шығармашылығымен танысып отыру қажет. Осы кезең әдебиетінің сыншылар тарапынан назардан тыс қалғаны шамалы. Өйткені әдебиетке бүгінгі күнгі көзқараспен қарағанда, ол уақытта халықтың ықыласы да, әдеби ортаның қызығушылығы да, қаламгерлердің еңбектері де ерекше болды. Сондықтан да сыншыларымыз жалт етіп шыққан жақсы дүниені халыққа дер кезінде хабардар етіп, өз бағаларын беруде ұтымды жұмыстар атқарды. Жоғарыда атап өткеннен тыс, әдебиетіміздің проза саласы бойынша Ш.Елеукеновтың, Ә.Шәріповтің, Б.Майтановтың сыни еңбектері жазылды. Қазақ әдебиетінде проза жанры, оның ішінде роман сияқты салмақты туындылардың өмір материалын қамтудағы кең тыныстылығына, содан туатын зор тәрбиелік, эстетикалық маңызына жете мән берген кезең – сол кеңестік дәуір кезеңі болғанын атап өттік.
Бұл кезең қаламгерлері, әсіресе, прозаиктердің жоғарыда атап өткеніміздей, тамаша туындыларды төл мәдениетіміздің, ұлттық руханиятымыздың алтын қорына қосқандығын атап айтқымыз келеді. Бұларды халыққа насихаттауда, көркемдік табиғатын танытуды сыншылардың еселі еңбегі көз қуантады.