Ақерке Әкімқызы ЖҰМАДІЛОВА
Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеттің магистранты
Сандыбай Режепұлы БОРАНБАЕВ
филология ғылымдарының докторы, профессор
Шымкент/Қазақстан
Абайдың өз өмірі мен өнері, өлеңінде бұрынғы-соңғы бар танымға сүйене отырып, өз тарапынан жасаған төл танымы болған. Ол – Толық адам ілімі. Абайда мұндай жаңалықты таным барын анықтап, айқындап, ғылыми айналымға енгізген ғалым – М. Мырзахметұлы [1]. Біз толық адам ілімі жайлы осы ғалымның терең ойлы, мол мазмұнды ғылыми нәтижелерімен қаруланып алып, Абай өлеңдеріне қайта үңілеміз, ақын өлеңдерінен толық адамның бейнесін іздейміз. Ақынның толық адам ілімін негіздеген өлеңдерінен бөлек назарымызға ең әуелі оның сүйікті ұлы Әбдірахман жайлы өлеңдері оралады. Әбдірахман 1894 жылдың күзінде төсек тартып жатып қалады да, келесі жылға ауысқан қысында қайтыс болады. Бұл жайсыз жағдай үлкен жүректі әке Абайды зор қасірет, қайғылы толғанысқа түсіреді. Абайдың ақыл-ой, жан-жүрегінен ұлы Әбдірахманның науқасы мен қазасына байланысты оннан аса өлең туады. Осы орайда ақын өлеңдерін талдай келіп, М.Әуезов Әбдірахман жайлы былай деп жазады: «Ол қазақ жастарының ішнде жолы бөлек жан – Әбдірахман болатын…
Онымен салыстырғанда, Абай өзін ескі буын адамымын деп бағалап, Әбдірахмандай жасты жаңа төлдің, келешектің басшысы деп түсінген. Оның бойындағы білім мен талап және ірі мағынадағы адамгершілік қасиеттер қазақтың Абай үміт еткен барлық жас ұрпағына үлгі боларлықтай еді» [2.162]. Ақынның өзі «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде: Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек [3. 95]- деп жазған болатын. Әбдірахманды ақын өлеңіндегі, әке бағалауындағы «толық, елден бөлек» адамға ұқсатамыз. Бұл ойымыз абайтанушы, Абайдағы толық адам танымын негіздеген ғалым М.Мырзахметұлының түйіндеуінен туған: «Ұлы ақын толық адам ұғымының қазақ ортасындағы нақтылы образын өзі үлкен үміт артқан баласы Әбдірахман бейнесі арқылы берілген өлеңдерінде жатқанын көреміз. Абай осы баласына арнаған өлеңдерінде көбінесе, адам болам десеңіз дегендегі талаптың басты-басты белгілерін Әбдірахман бойындағы ізгі қасиеттерді екшеп, елеп суреттеумен береді.
Жаңа жылдың басшысы — ол.
Мен ескінің арты едім – деп, Әбдірахманды жаңа ұрпақтың толық адам болу туралы асыл қасиет атаулыны бойына ұялатқан үлгі-өнегесі ретінде бейнелейді» [1. 253]. Ғалым М.Мырзахметұлы негіздеп түйіндеген бұл тезистік ой өзге ғалымдар тарапынан да мойындалып келеді. Мысалы, ғалым Ж.Ысмағұлов Әбдірахманды ақын өлеңдерінде насихатталатын адамгершілік қасиеттермен байланыстырып былай дейді: «Абайдың Әбдірахман өліміне байланысты жазған өлеңдерін ақынның жақсы адамгершілікті жырлаған шығармаларының биік шыңы деп бағалауға болар еді» [4. 112]. Толық адам танымының өзегі мен мәні – адамгершілік, қайырымдылық пен жақсылық. Толық адамның мәнін ғалым М.Мырзахметұлы былайша танытады: «Абайдың гуманистік дүниетанымынан туындап, бүкіл шығармаларында желілеп тарап жатқан толық адам жайлы ой-толғаныстарының құяр арнасы: «Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадалет, шафағат, секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол құданың жолы» — деген сөзінде жатыр. Осы ой байламында Абай тарататын мораль философиясы мен адамгершіліктің негізгі желісі де жатыр» [1. 252]. Біздің байқауымызша, Абай шығармаларындағы, оның ішінде Әбдірахманға арналған өлеңдеріндегі адамгершілік жайын сөз еткенде ғалымдар үнемі М.Әуезов пен М.Мырзахметұлы түйіндеген әрі негіздеген тірек ойлардан бастау алып жататындай көрінеді. Академик З.Ахметов Абайға арналған зерттеу кітабында былайша ой өрбітеді: «Абай Әбдірахманның адалдығын, адамгершілігін, талабының зор екенін, жігерлілігін, ғылым үйренуге ерекше ынталылығын тебірене жыр етеді» [5. 147]. Толық адам танымының мән-мағынасы жайлы түйіндеулер ғалым М.Әліпханның да зерттеу еңбектерінде біршама мол беріледі, соның бір үзігі мынадай: «Абайдағы адамгершілік мәселесі құбылыс ретінде толық адам арқылы көрініп, ең түпкі мәні – махаббат пен әділет, ізгілікке дейін дамып, ұштала береді. Толық адам және оның өзегі мен негізі – махаббат, әділеттің аралығында адамгершілік асыл қасиеттің қыр-сыры ашыла түседі» [6. 237]. Абайдың ұлы Әбдірахман жайлы өлеңдерінде «адамгершілік асыл қасиеттердің қыр-сыры ашыла түседі».
Абайдың ұлы Әбдірахманға арнаған өлеңдері оның «Әбдірахман науқастанып жатқанда» өлеңінен басталады. Ақынның бұл топтағы өлеңдерін ғалым Ж.Ысмағұлов «лирикалық поэма» ретінде қабылдайды: «…мазмұн тұтастығы жағынан қарағанда, осынау бір топ өлеңдерді, біздің ойымызша, ақынның түйдекті сезім толқынынан туған шағын бір лирикалық поэма деп те қабылдарлықтай» [4. 112]. Әбдірахманға арналған алғашқы өлеңдерінде Абай көбіне өзінің көңіл алаңы мен сезім күйлерін жеткізеді. Ақын Абай, әке Абай келесі екінші өлеңінен бастап-ақ Әбдірахманның сипатын таныта бастайды. Баласының бейнесін жасауға «рәушан сипатын тез көрсет бендеге» [3. 167] деуменен еріксіз кірісіп кетеді. Әйтсе де Әбдірахман науқасына байланысты өлеңдерде оның бейнесін беруден гөрі амандығын Алладан жалынып тілеу жағы басым. Толық адамды ойға оралтар Әбдірахман бейнесі оның өліміне байланысты шығарылған өлеңдерде қоюланып көрінеді. «Әбдірахман өлгенде» деп аталатын алғашқы өлеңде Әбдірахмандай жақсы жанның тегі саналатын Құнанбай атасының асылға негіз болған абзал болмысы бейнеленген. Құнанбай бейнесін тарата таныта келіп, ақын өз ойын «ол сыпатты қазақтан дүниеге ешкім келмепті» деп түйіндейді. Әбдірахманның анық өзіндік бейнесі «Әбдірахман өлгенде» деп аталатын екінші өлеңде сомдала бастайды. Абайдың толық адамы – «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған» адамгершілік жағынан әбден жетілген тұлға. Аталған екінші өлеңде Әбдірахман бейнесінің ақылдылық қыры «өнері жұрт асқан, ғылымға көңілі зерек» сипаттарымен танылса, жүрекке қатысты қасиеттері «жүрегі жылы, ғаріпке қамқор, боямасыз ақ көңіл» рақымды қалпымен көрінеді. Ал қайраты өлеңде айтылған «бойы құрыш, ер Әбіш, еңбекқор» сипаттары арқылы көрініс тапқан.
Сөйтіп Әбдірахман болмысында толық адам болуға жеткізетін үш қасиеттің бәрі де түгел орын алғанын байқаймыз. Олардың біреуінің болмай қалуы кісінің қасиетті дерлік болмысына нұқсан келтіріп адамгершілігін ақсатады:
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек [3. 95].
Өмірде мұндай жайсыз жағдай жиі ұшырайды. Тіпті «жақсы-ақ» деген адамның өзі ақылды, қайратты болса да, әділетті, рақымды бола алмай , я қайырымды, мейірімді, еңбекқор болғанымен, шын ақиқатты танытар тұста ақыл-ойы сыр беріп, кем соғып жататыны болады. Ал Әбдірахман өлеңде айтылғандай, өз болмысында ақыл, қайрат, жүректен шығар қасиеттердің бәрін де иеленген жан. Әбдірахман бейнесі оның өзіне арналған әр өлеңде үлгі-өнеге болар сипаттарымен толыға береді. «Әбдірахман өлгенде» деп аталатын үшінші өлең көлемі жағынан тым қысқа, шағын ғана, сонда да бұл өлеңнің Әбдірахманның бейнесін жасауда үлесі мол болған. Біз осы өлеңді толық беруді жөн көреміз:
Тұл-бойың ұят, ар едің,
Ескеріп істеп, ойлаған.
Тәуекелге нар едің,
Талаппен терең бойлаған.
Ерлікке де бар едің,
Үйренуге тоймаған.
Жасқа жас, ойға кәрі едің,
Атаңның атын жоймаған.
Замана, неткен тар едің,
Сол қалқамды қоймаған [3. 181]?
Қысқа ғана осы өлеңде кісі қызығып қайран қалатындай абзал адамның болмысы бар. Қай заманда да адамзат қоғамы әсіресе ар, ұятты адамдарға зәру болған, ақылдылары да көп болмаған, ақынның «ақымақ көп, ақылды аз» деп күйінетіні де тегін емес. Ал қайраттылық, қуаттылық, тіршілік қамымен төзімді, шыдамды болу – өмір талабы, өзгесі болмаса да, тән қуатынсыз қалатын кісі кем. Берілген өлеңге мән беріп қарасақ, сипсттаған иесінің жан-жақты жетілгенін танытып тұр. «Үйренуге тоймаған, талаппен терең бойлаған, ойға кәрі» болуы Әбдірахманның ақылын танытады, «тұл-бойың ұят, ар едің» дегенде хақ жолдан айнымайтын абзалдық, ақ жүректілік көрінеді. Ал «тәуекелге нар едің, ерлікке де бар едің, жасқа жас» секілді сипаттаулар мықтылық, қайраттылықты ойға оралтады. Байқағанымыздай, мұнда да Әбдірахман ақыл, қайрат, жүректің бірлігімен танылған сипатымен көрінеді.
Әдетте ақын өмірде де, өнер-өлеңінде де кемшілікті көп көріп қанағаттанбай өткен қалпымен ерекшеленеді. Өйткені ол көрген өмір құбылыстары мен замандастарының бойында ақын көңілін құлазытып қынжылтар жайлар мол еді. Абайдың өзі өскен көңілсіз, қараңғы ортада ақыл-ой, жүрегіне жұбаныш еткені – балалары, үміт еткен жастары, Әбіші еді. Сондай жақсы жаны, сүйікті баласы Әбдірахман жиырма жеті жасында көз жұмғанда, қайғылы әке ұлына деген бар арманы мен сағынышын өлеңіне жиып салады. Онысы өзіне де жұбаныш болып, кейінгі ұрпақ біздерге де өнеге етер асыл мұра болып қалды. Шынында да, әке бағалауында Әбдірахмандай жан болмаған, оны ақын жүрегін жарып шыққан жырлары жария етіп тұр. Сірә, ақын Әбдірахманның болмысын танып-біле жүріп, толық адам жайлы өлеңдерін тың таным, жаңа қуатпен жазғандай.
Әбдірахман — Абайдың ақыл-ой ізденісі арқылы негіздеп тапқан әрі адамзат қамын ойлап ұрпағына мұра еткен толық адам ілімінің көзбен көріп қолға ұстар айқын көрінісі. Орындалмас қиялдай көрінген толық адам тұлғасы Әбдірахман бейнесі арқылы өмірлік шындыққа айналған.