Гүлжан Қаратайқызы ӘЛІПХАН А.Ясауи атындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы Түркістан/Қазақстан
Орыс әдебиетінің жауһары А.С.Пушкиннің қазыналы мол шығармасы ішінен Абай назары өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» романына [1] ауыпты. Онда да шығарманың бәріне емес, Абай романдағы басты кейіпкерлердің қарым-қатынасы мен олардың өзара жазысқан хаттарына көңіл бөліп, соларды ғана қазақ тіліне аударған. Қазақ қауымына Абай таныстырған Онегин мен Татьяна қандай жандар еді, ақын қызыққандай, олар қандай адамдар болатын, мұны роман болмысындағы оқиғалар мен сұхбаттар, Пушкиннің өлең арасында ара-кідік білдіріп отыратын өз бағасы таныта түседі. Пушкин үшін Онегин анық, айқын түрде терістелетін жағымсыз кейіпкер емес, Онегин нашар адам болса, оған болмысы бекзат, ақыл-ойы мен жан-жүрегі саф алтындай таза Татьяна ғашық болмас еді. Пушкин роман барысындағы баяндауы мен нақты суреттеулері, анық өзіндік көзқарастары арқылы Онегинді мүмкіндігінше жағымды жан етіп танытуға тырысады. Роман басында-ақ Пушкин өз кейіпкері Онегинді «добрый мой приятель» [1.8] деп өзіне қадірлі көре отырып таныстырады. Бір Онегин емес, адамзаттың бәрі де өмір есігін аңғал, адал, қайырымды қалпымен ашады. Адамның жақсы-жаман бағытта қалыптасып өсуі мен жетілуі Абай айтқандай, тегі, ортасы, ұстазы [2.136] арқылы жалғасады да, бұл жетілу үнемі адамның өз болмысы мен тегіне тартып көңіл қалағандай жағымды бола бермейді. Адам болмысына ортасы мен заманының ықпалы, «ұстаздығы» елеулі өзгерістер енгізуі әбден мүмкін. Онегин де өз ортасы мен заманынан оқшау өмір сүре алмағаны белгілі, тек романдағы біз білетін кейінгі өмір салтымен кісікиік қалып танытатыны бар. Онегин үлкен өмірге араласа бастағанда жақсы-ақ болмыста болған, оны замандастары да жоғары бағалаған: «Свет решил, что он умен и очень мил» [1.9]. Заманы, қоршаған ортасы мен жағдайы жақсы әрі өнегелі болса, Онегин осы жақсы қалпымен қиянатсыз, қулықсыз анық абзал адам болып қалыптасар еді. Онегин оқыған-тоқығаны мол, ілімді-білімді жан болғаны байқалады. Оның ой-өресі өзін ғана беделді етіп қоймай, айналасы мен жан-жағын, тіпті барша қоғамды да көркейтуге жетіп қалған:
То есть умел судить о том,
государство богатеет,
почему
Когда
Как
И чем живет, и
Не нужно золота ему,
простой продукт имеет
[1.10].
Пушкин өз кейіпкерінің бейнесін қолдан зорлап жасамайды, тек оның даму, қалыптасу, өзін-өзі таныту жолын тек сырттай бақылап қана отырады, яғни қоғам, заман аясындағы замандасының жасандылықсыз табиғи шын болмысын суреттейді. Кейіпкері ұнамды, ақылды, қайырымды болып жатса, ақиқатын айтып оны қолдайды, жақсы, жағымды бейнеде көрсетеді де, ал өзіндегі табиғи бар болмысымен әрекет ететін кейіпкері тура жолдан шығыңқырап бұра тартып жатса, онда оны аяусыз әшкерелеп жексұрын етеді. Бұл – Абайдың реалист болуына зор ықпал жасаған Пушкиннің өлеңдегі, өнердегі нағыз шынайылығының көрінісі. Пушкин жасаған Онегин бейнесі жаттанды, жайдақ қалыпқа сыя бермейді, ол өте күрделі де қайшылықты образ. Пушкин өзі өмір сүрген кезеңнен осындай әрі типтік, әрі дараланған таныс-бейтаныс адамды тауып, танып, оны өз романында шынайы да шебер бейнелеп көрсете білген. Романда суреттелгендей, Пушкин адам болмысының сан түрлі кейіпіне қөше алатындай ерекшелігін Онегин бейнесі арқылы ғажап суреткерлікпен таныта алған:
Как рано мог он лицемерить,
Таить надежду, ревновать,
Разуверять, заставить верить,
Казаться мрачным, изнывать,
Являться гордым и послушным,
Внимательным иль равнодушным [1.10-11]!
Романның бірінші бөліміндегі он-он екінші өлеңдерде Онегиннің осындай күрделі де қайшылықты әрі құбылмалы болмысы шебер сипатталған. Оны қазақ ақыны Абай «Онегиннің сипаты» деген тақырыппен түпнұсқадан кем түспейтін мән-мазмұнымен аударып жеткізген:
Жасынан түсін билеп, сыр бермеген, Дәмеленсе, күндесе, білдірмеген. Нанасың не айтса да, амалың жоқ, Түсінде бір кәдік жоқ «алдар» деген. Кейде паң, кейде көнгіш орныменен,
Кейде елеусіз, кейде ынтық формыменен [2.12].
Абайдың орыс ақыны Пушкин шығармасына ерекше ықылас, терең таныммен барып қатынас жасағаны байқалады. Жас кезінде алғыр, ақылды, жап-жақсы болмыста қалыптасып келе жатқан Онегин өскен ортасымен қоса, тіпті өз әкесінен де оңды тәрбие алмағаны көрінеді. Әкесі өз баласы Евгенийдің ақыл-ой, рухани ұмтылысына үрке қарап, оны дүние жолына салмақ болады:
Отец понять его не мог И
земли отдавал в залог [1.10] .
Ортасы мен ата-анасының жас балаға кері әсер жасайтынын Абай да айтқан: «…көбінесе балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады, соңынан моллаға берген болады я ол балалары өздері барған болады – ешбір бәһра (пайда) болмайды» [2.137]. Онегин балғын, жас шағында ата-анасының ғана емес, елінің де елеулі, пайдалы азаматы боларға бейім болып еді, ол көп оқитын, анық пен танықты, жақсы мен жасықты айқын ажырататын: «Читал, читал, а все без толку: там скука, там обман иль бред; в том совести, в том смысла нет» [1.22]. Пушкиннің Онегинді іш тарта жақын тұтып, жақсы көріп отыратыны әр-әр тұста байқалып қалады. Ақын өзі бейнелеген Онегинге оны жасаушы, кейіптеуші ретінде емес, оған сырттай бақылаушы болып, өзі де кейіпкерін бізбен бірге бірте-бірте тани береді. Пушкин Онегинді өзімен тең, қатарлас көреді, кейіпкерін оның өзіндік құқығына қол сұқпай табиғи өсу, өзгеруімен шынайы суреттейді. Тіпті өзі роман ішіндегі өмірде кейіпкерімен қатар жүргендей, «Сперва Онегина язык меня смущал; но я привык к его язвительному спору, и к шутке, с желчью пополам, и злости мрачных эпиграмм» [1.22-23] деп, онымен сырласқандай, сөйлескендей болады. Пушкин Онегинді кейіптеуде асыра білгішсініп, сөзін созып жатпайды, қайта тым сараң сөйлейді. Ақынның мұнысын оқырманын ересек көріп, есті санап құрметтеуі деп білеміз. Мысалы, Онегин жайлы жоғарыдағы ақын сөзінің мәніне үңілсек, біз де ақынмен бірге Онегинді жақтағандай, түсінгендей боламыз. Онегин жайлы Пушкин былайша толғанады:
Кто жил и мыслил, тот не может В душе не презирать людей. Кто
чувствовал, того тревожит Призрак невозвратимых дней [1.22].
Ақылын тұтынып әркез ойлай жүретін есті адам айналасындағы кісілерден кемшілік көрмей тұра алмайды, себебі адамзат мінез, қасиеті жағынан ақауы мол кемшілікті болмыс. Онегин айналасы мен қауымынан кемшілік пен келеңсіздікті көп көріп, аз өмірінде-ақ біршама ызаланып, жерініп үлгерген жанға ұқсайды. Қалай болғанда да Онегин қатардағы көп кісінің бірі емес, ойы озып, пікірі жетілген бірегей, елеулі жан, бірақ кемшіліксіз де адам емес. Сондай кемшілігі мен қайшылығы қабаттасқан қым-қуыт болмысымен де Онегин Пушкинді ерекше баурап алғанға ұқсайды. Ақын романдағы оқиға желісі мен характер жасау эволюциясына титтей де қарсы келмейді, қайта солармен табиғи түрде үйлесіп, үндесіп отырады. Өзі қаламаған оқиға дамуына да кедергі жасамай, қайта өрістей түсуіне жол ашып отырады. Оқиға барысында жүзеге асуы мүмкін шынайы да табиғи желіні үзіп алмай жалғай береді, тек ара-кідік кейіпкерімен бірге қуанып, бірде қайғырып, кейде роман сюжетіне селкеусіз сіңісіп кеткен қалып, қатынасын да танытып қояды:
Татьяна, милая Татьяна!
тобой теперь я слезы лью; Ты в руки модного тирана Уж отдала судьбу свою [1.48].
Пушкин Татьянадай өзіне тым жақын таза жанның маңдайы тасқа тиер болашақ бақытсыздығын болжап отыр, себебі түрлі-түрлі жағдайлармен болмысы бұрмаланып, бүлініп үлгерген Онегиннің Татьянадай бейкүнә жанға опасыздық пен қатігездік жасарын жақсы біледі. Онегин өте күрделі болмыстың адамы, қайшылығы мол жан. Біз оны тек қана жек көріп, я бірыңғай жақсы көріп кете алмаймыз, өйткені ол жақсылығы да жетерлік, кемшілігі де көзге ұрып тұратын бейбақ жан, оның үстіне ақынның өзі де оны бірде мақтап, бірде әшкерелеп суреттейтіні бар. Мысалы, Татьянадан ғашықтық сезімін білдірген хатын алғанда, Онегин көп адамның қолы жете алмай жүрген мұндай асыл жанға пенделік, жігіттік, адамдық қалпымен масаттана қуанып, Татьянаны иеленіп жар етуге ұмтылмайды. Өзінің бұған дейін бұзылып, бүлініп үлгерген бар болмысын кем, төмен санайды да, Татьянадай жақсы жанға өзін лайық, тең көрмейді. Татьяна жазған хаттан кейін Онегин көп ойланып, көп толғанады. Ол ойының түйінін ақын өз тарапынан «Но обмануть он не хотел доверчивость души невинной» [1.63] деп танытса, Онегиннің өзі ағынан жарылып шын сырын былайша жеткізеді:
…Но я не создан для блаженства;
чужда душа моя;
ваши совершенства:
Ему
Напрасны
Их вовсе не достоин я.
…Полюбите вы снова, но…
Учитесь властвовать собою;
Не всякий вас, как я, поймет;
К беде неопытность ведет [1.64-65].
Егер Онегин өзін ғана ойлаған өресіз, өзімшіл жан болғанда, мұндай шешімге келмес еді. Түпнұсқадағы Онегиннің Татьянаға айтқан жауабы мен өсиетін Абай өз тарапынан толықтырып, әрі оның әлеуметтік, адамгершілік мән-мазмұнын тереңдете түсіп аударған. Бұл мәселені түпнұсқа мен Абай аудармасын салыстыра отырып, арнайы сөз ету арқылы тануға болады. Абай аудармасында Онегиннің азаматтық, адамгершілік болмысы биіктеп арта түскен. Романның жалпы желісіндегі Онегиннің дәл осы әрекеті мен шешімін адамгершілік тұрғысынан жасалған зор ерлік деп білеміз. Пушкиннің өзі де осы тұста оқырманымен ортақтасып Онегин әрекетіне риза болады:
Вы согласитесь, мой читатель,
Что
очень
мило поступил
С печальной Таней наш приятель [1.65].
Бұл жоғарыда жазғанымыздай, болмысы бүлінген бейбақ жанның романдағы барынша биіктеп жеткен адамгершілік қалпы болатын. Егер Онегинде өзінің адамдық болмысы мен болашақ өмірін дұрыстап алуға деген ниет пен әрекет болғанда, Татьяна оның өкініштілеу өткені мен бүгінгі тоғышар болмысын кешірер еді, тіпті елемес те еді. Себебі Татьянаның риясыз да таза махаббаты бәрін де жеңер еді. Бірақ о бастағы балғын, жас Онегиннің алғыр да ақылды абзал болмысы заманы мен өзінің қалып, кесірінен баянды бола алмады. Алғашында ақынның өзі де үміт етіп қызыға қараған Онегин уақыт өте келе бұрынғыдан да ұсақтанып, жақсы, бекзат болмысынан жаңыла береді. Біздіңше, Онегин өмірінің романда екі түрлі кезеңі суреттелген, біріншісі — жоғарыдағы абзал әрекеті тұсындағы негізі мен болмысында бар жақсы қалыбына көшіп кету мүмкіндігі болған кезең болса, екіншісі – осыдан кейінгі ойсыздық пен әлсіздік танытып, түзелместей құлдырау мен өкіну кезеңі.
Онегинге ақынның өзі көп үміт артып, кешіріммен қараса да, балаң да мөлдір махаббаты сая таппай, жүрегі жазылмастай жараланған Татьяна соңғы кездесуінде Онегинге ащы ақиқатын айтып, одан өзінің оқ бойы биіктігін танытады. Татьяна қай кезеңде де өзінің ақылды, абзал, биік болмысынан титтей де төмендемейді. Татьяна бұрын да таза, аңғал да адал, ақылды қыз болатын, кейін де сезімін ақылына билетіп жақсы, бекзат болмысында қалады. Роман соңындағы Татьянаның тағдыры мен болмысы оның мына сөздерінен танылады:
…Я вас люблю (к чему лукавить?),
Но я другому отдана;
Я буду век ему верна [1.148].
Байқағанымыздай, Татьянаның сөзі мен әрекетінде «басқаша болуы керек еді-ау» дейтіндей кемістік жоқ. Татьяна Жаратушы мен тағдырына қарсы келіп таласа алмады, ондай ойы да жоқ, ал өз ақылы мен жүрегіне сүйеніп жасаған шешімі мен әрекетінен титтей де мін таппайсыз. Онегинді қазір де сүйетінін жасырмай айтса, бұл оның о бастағы махаббатының шынайылығын танытады. Сөйте тұра тұрмысқа шығып өмірін қосқан күйеуіне адал боларына имандай сенесіз. Татьяна – Пушкин жазғандай, «мой верный идеал», ал өзіміз риясыз мойындағандай, адамзаттың асылы.
Онегинді Пушкин «мой спутник странный» деп сипаттапты. Ақын өз шығармаларында бір Онегин емес, талай жанмен жолдас, сапарлас болған, сөйтсе де Онегинді солардың бірі ғана санау жөн болмас. Себебі Онегин Пушкиннің өзі жазғандай, «странный спутник». Әйтсе де Онегин өз әлсіздігі мен ортасынан «жұқтырған» кеселінен айығып кете алмады. Роман соңындағы Онегиннің тағдыры тұманды, бұлыңғыр. Ақын оны анық «өлді» деп жазбайды. Бірақ романдағы Онегин өзі шындап өлмесе де, өмірінің өлгендей болған шегіне жетеді. Ал Абай оны өмірде жүре беруге ары мен намысы жіберместей болған өлім халіне жеткізеді:
Атам, анам – қара жер,
Сен аша бер қойныңды.
Сенен басқа еш жерден
Таба алмадым орнымды [2.28].
Абай Пушкиннің Онегиніне осылайша түпнұсқада жоқ арлы, ақылды шешім жасатады. Пушкин бір кездері өзі жақсы көрген кейіпкеріне соңғы сәтте қиын халден құтқарар көмек қолын созбаса, Абай оған жылы қабақ танытады, қайшылықты жанның қасиетін танытуға тырысады. Әсіресе Онегинді өлімге алып келуі – Абайдың оған жасаған зор жақсылығы. Өйткені Онегинге түзеле алмай сүйретіліп жүре бергеннен гөрі өлгені артық еді. Абай аудармасы арқылы Онегин өлімге бет бұрып біршама жағымды бейнеге айналады.