Б.КЕНЖЕБАЙҰЛЫ ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫНДАҒЫ КҮЛДІРГІ ӘҢГІМЕЛЕРДІ ЗЕРТТЕУШІ

Жұпар Тәжіқұлқызы ТАНАУОВА
Түркология ғылыми-зерттеу институты Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
Түркістан/Қазақстан zhupar.tanauova@ayu.edu.kz

Қазақ халқының өмірінде, рухани дүниесінде ауызша әңгіме жанрының алатын орны ерекше екені анық. Ал осы қазақ ауыз әдебиетінің жанрлары туралы жазылған еңбектер ауыз толтырып айтарлықтай. Десек те ұлттық фольклорлық мұраларымызды бүге-шігесіне дейін талдап, жіктеп, тексеріп болдық деуге тағы болмайды. Бұрын зерттелгенімен ғылымның соңғы жетістіктеріне орай қайта зерттеуді қажетсінетін мәселелердің туындап отыруы заңды құбылыс. Күлдіргі әңгімелер қоғам дамуына байланысты, сондай-ақ оны айтушылардың шығармашылықпен орындау нәтижесінде, оны тыңдаушылардың қалай қабылдауына байланысты түрлі өзгерістерге ұшырай отырып, заман талабына орай жаңа өмірге сай айтылып келеді. «…Өткеннің озығымен өрелесу кімнің де басты міндеті. Онсыз ілгерілеу жоқ… бүгінгі күні шешімін табуы тиіс қандай да бір мәселеде алдымен өткен тарих тәжірибесіне табан тіреудің терең ғылыми негіздемесі болуы керек» [1, 4].

Уақыт өткен сайын фольклордың жеке туындылары ғана емес, тұтас жанрлары да эволюцияны бастан кешіреді, бірі жаңаланса, екіншісі ескіреді, енді үшінші біреуі тыңнан пайда болады. Кейбір жанрлардың қызметі, әсер, ықпалы көмескіленеді. Осындай құбылыстардың тарихи болмыспен байланыстылық дәрежесін айырып тану – бүгінгі зерттеушілердің алдында тұрған міндеттердің бірі. Ғылымның үнемі дамуы, жетілуі оның теориялық деңгейіне байланысты.

Қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін ел арасынан жинақтап, жариялау ісімен айналысып, басқа халықтардың тіліне аударған ХІХ ғасырдағы Европа ғалымдары мен
саяхатшыларының еңбектерінде күлдіргі әңгімелер де қалыс қалмаған. ХІХ ғасырдың бас
кезеңінен бастап, қазақ фольклорын жинақтау, жариялау және зерттеу ісі жедел қолға алынғаны
мәлім. Осы кезеңдерде күлдіргі әңгімелер де елеусіз қалмай, көптеген ғалымдар жинақтау, жариялау ісімен қоса, бағалы пікірлер қалдырды.

Қазақ фольклористикасында күлдіргі әңгіме (анекдот) жанрын зерттеу ісі Бейсембай Кенжебаевтан, яғни қырқыншы жылдары «Тымпиға» жазған алғы сөзінен басталғаны айтылады [2].

Филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбектің айтуынша, қазақтың аса көрнекті әдебиетші ғалымы, сыншы, аудармашы Б.Кенжебаев жиырмасыншы жылдары Мәскеуде

Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде оқып жүрген кезінде М.Жұмабаев, Н.Төреқұловпен жақсы араласқан. Қоғам және мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұлов Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде оқып жүрген жастарға тапсырма береді екен. Нәзір Төреқұловтың сол тапсырмасын аманат тұтып, бар өмірін сарп етіп, атқарып кетуге тырысқан Б.Кенжебаев бұл іске сол жиырмасыншы жылдардан бастап кірісіп, ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, жүйелеу, зерттеумен айналысты. Мәскеуден Қызылордаға келіп, ағымдағы түрлі баспасөзде әр түрлі қызметтерде істеген кездерінде естіген усойқы әзіл, қалжың әңгімелерді қойын кітабына түсіріп отырған. Соғыс жылдарында Мәскеуден Алматыға оралып, түпкілікті қоныс аударып, «Қазақтың Мемлекеттік біріккен баспасында» бас редактор болып қызмет атқарған сәтте жиған, терген әңгімелерінің бір шоғырын іріктеп, сұрыптап «Тымпи» деген атпен кітап етіп шығарған.

«Тымпый» — «Мектеп кітапханасы» бойынша «Қазақтың біріккен мемлекет баспасынан» 1945 жылы жарық көрген. «Анекдот», «Әңгімелер», «Қысқа әңгімелер», «Қожанасырдың әңгімелері» — аталатын төрт тарауға жүйеленіп берілген.

Бұдан соң да «Қазақтың күлдіргі-сықақ әңгімелері» (1963), «Көңіл ашар» (1971) «Тымпи» (1981) деген атпен әр кез-әр кез кітап болып жарық көрген. «Бір айта кететін нәрсе, Бейсембай Кенжебавтың осы еңбектерінің қай-қайсысы да орынсыз қысқартылып, халық қазынасы ортайып жарық көріп жататын. Бұл бағытта жарық көрген соңғы кітабы «Тымпиды» бір ағайын сұрап алып, өзі құрастырып жүрген аңыз, әңгімелер кітабына ғалым атын атамай дәйексіздендіріп, өз атынан енгізіп жібергеніне де куә болдық» [2, 5], – деп өкініш білдіреді ғалым Қ.Ергөбек.

Б.Кенжебаев тек қазақтың ғана күлдіргі әңгімелерін жинаумен шектелген жоқ, жүрген жерінде басқа да түркі халықтарының әзіл, қалжың әңгімелерін жинауды мақсат тұтты. Ғалымның жиған дүниелері республикалық, облыстық баспасөз бетінде жарияланып тұрды.

Күлдіргі әңгімелер халық әзілі ретінде фольклорда өмір сүрген, жаратылысы ауызша шығарыла тұра хатқа түсіп, бүгінгі әдебиетпен біте қайнаса өмір сүріп келе жатқан шағын жанр үлгісі халықтың бай рухани қазынасы. Қоғам бойындағы дертті әзілмен ажуалайтын астарлы, ызалы, кекті күлкіге дейін жетіп жатқан әзіл әңгімелер халыққа қашан да керек. Ғалым Қ.Ергөбектің жазуынша, «шағын жанрдың дерексізденбеуі, жойылып кетпеуі үшін күрескен ғалым бұл тараптағы тапсырмаларын Қазақстанның әр шалғайындағы, тіпті шет елдердегі шәкірттеріне де жазады. Ойы, мақсаты түсінікті. Уақыт өте береді. Ұрпақ алмасады. Ұлттар бір-біріне сіңіседі. Тіл құнары жойылады. Бұл – қауіп» [2, 8].

Ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Кенжебаевтың күні бүгінге дейін халық игілігіне жетпей жатқан, әлі жете зерттелмеген еңбектері бар екенін шәкірті профессор Қ.Ергөбек әрдайым айтып отырады. Ол бүкіл саналы ғұмырын ұрпағының болашағына арнады, ғылымның барлық саласына өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Профессор Бейсембай Кенжебайұлы жиған қазына-байлық мол. Жанрлық құрамы күрделі әрі сан алуан қазақ фольклорының бір саласы күлдіргі әңгімелерде халықтың арман-тілегі, мақсаты, өнегелі өмір шындығының болмысы, қайғы-қасіреті, қуанышы, жалпы алғанда күнделікті тұрмыс-тіршілігі тұтас қамтылады. Күлдіргі әңгімелердің өмір үшін күрестегі пәрменділігі сол – аңқау елді алдап-арбап күнелткендердің көпшілік алдында ыңғайсыз жағдайға ұшырауы. Тапқырлыққа, жүйріктік пен шапшаңдыққа құрылған күлкілі мысал әңгімелердің ел ішінде ешуақытта ескірмей, өзақ жылдар бойында ұмытылмайтын әңгіме болып келгенін М.Әуезов көрегендікпен айтқан болатын.

Қазақтың күлдіргі әңгімелерін жинауда Б.Кенжебаевтың шәкірті филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Саттаровтың фольклор экспедициялары ауыз толтырып айтарлықтай мол мұра жинады. Олар Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар және мұрағаттау бөлімінің қорындағы жинақтарға енгізілген

Күлдіргі әңгімелерде кездесетін Қожанасыр мен Алдаркөсе қазақ ауыз әдебиетінде ғана емес, бүкіл Шығыс және түрік халықтарының фольклорына ортақ кейіпкерлер дәрежесіне көтерілген. Қазақ фольклорында Алдаркөсе, Қожанасыр, өзбек ауыз әдебиетіндегі Афанди, Хожа Насриддин, түркімен фольклорында Кеминэ мен Мирали, ал ұйғыр ауыз әдебиетіндегі Саляй Чаққан мен молла Зайдин, түрікте Бекташ, қырғызда Шәршен, қарақалпақта Өмірбек сияқты күлдіргі кейіпкерлер бірін-бірі толықтырып отыратын образдар.

Күлкіге жеңіл-желпі нәрсе ретінде қарамау керек. Өйткені күлкіде зор қоғамдық сипат, әлеуметтік сыр бар. Қоғамда орын алып жатқан әрқандай кеселді кедергілердің барлығын күлкі найзасымен түйреп, айдай әлемге әшкере етуге болады.

Әр халық ұлттық тіл ерекшелігіне қарай күлдіргі әңгімелерді әр түрлі атайды. Мысалы өзбектер мен ұйғырлар оны ләтифалар, татарлар мәзек, түрікпендер шота сөз дейді. «Орыс тілінде «анекдот» «байка» деп жүргеніміз де, сайып келгенде, осы күлдіргі әзіл әңгімелер деген түсінікті береді … Дүние жүзіндегі басқа да елдердің күлдіргі әзіл әңгімелері орыс тілінде «анекдоты» деген атпен шығарылып жүр. Ал «анекдот» деген сөздің өзінің төркініне үңілсек, ол грекше – жарияланбаған, ауызша тараған деген ұғымды білдіреді» [3] екен.

Күлдіргі әңгімелердің басты ерекшелігі – қоғамда орын алған кемшіліктерді, адамдардың жағымсыз қылықтарын әшкерелеп, тапқыр да ақылды сөз тауып мойындатуында. Бұл әңгімелер халықтың мақсаты мен мүддесін, аңсары мен арманын, өнегелі шындықтың болмысын, қайғы-қасіретін, ренішін, қуанышын, мұңы мен тілегін, әділет жолындағы күнделікті тұрмыс-тіршілігін тұтастай қамтып отырады. Күлдіргі әңгімелердің идеялық мазмұнының өткірлігі – көп мағыналы сөздерді саралап, ұсталықпен өз орнында қолдана білу, тұтқиылдан тапқырлық таныту, әсем өрнекті сөз айту – күлкінің негізгі әдісі. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, бүгінгі күнге дейін жетіп келген, тек өмір шындығына негізделген, өзегінде, тамырында адамға деген мейірім, шапағат идеялары жатқан, күлдіріп отырып кемшілікті жоятын, күлдіріп отырып рухани тазалық, ізгілікке бастайтын шуақты күлкінің өмірі ұзақ болатыны сондықтан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *