Досбол Амангелдіұлы ИСЛАМ
филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
Түркістан/Қазақстан
Әңгімедегі ілгергі тарихтың алғашқы берілуі жазушы концепциясын орнықтырудағы алғашқы көркемдік баспалдақ. Мазмұн мен пішін бірлігі тұрғысынан қарасаңызда бұл әңгіме соні үлгі. Жазушы концепциясының сыртқы пішіндегі көрінісі Батыр есіміне байлаулы. Қазақ әдебиеті тарихында мұндай көркемдік тәсілді алғаш ендіруші азаттық жаршысы, ақын Мағжан Жұмабайұлы болатын. М.Жұмабайұлының «Батыр Баян» дастанының тақырыптық атауы соның дәлелі. Демек ақын, жазушы концепциясын пішін бедерінде, тақырып атауында құндақтауы жайдан жай емес. Батыр ұғымы ел намысы, ер намысымен айқындалатыны белгілі. Қазақ тағдыры не жұтылуы не халық боп қайта бас көтеру сынауына түскенде, Мағжан ел бірлігі ел намысында екенін еске түсіріп, ұлттың тарихи жадын қозғап, санасын тірілтті. Ақын мен жазушының суреткерлік концепциясының тоқайласар төркіні де ұлттық намысты жоқтап, елдік сананы іздеуде жатыр. Ақын мен жазушыны қауыштыратын ұлттық ой, ұлттық идеяның бастауы бабалар рухы. Н.Дәутайұлының «Батыр» әңгімесіндегі Батыр бейнесі қазақ тарихында есімі бар барлық батырлардың типажы. Батыр характерінен барлық батырға тән мінез, өрлік көрінеді. Оқырман бұл қай батыр деп ойланып жатпайды, кейіпкер Батырдың орнына өзі білетін батырларды қойып көзіне елестетсе де өмір шындығынан алыстамайды. Бұл батыр Қобыланды, Абылай,Бұхарбай, Жанқожа, Баян, Ағыбай, Бөгенбай, Қабанбай тіпті баяғы Алпамыс батыр болса да әңгіме арқауындағы өмір шындығына сенесіз.Батырдың өмірлік мақсатына адамдық аңсарына иланасыз.Әңгіме Батырдың оңаша бір күйге көп түскен сәттерінің сырын аңғартудан бастау алады.Соңғы кездері оқшаулануды ұнатқан. Батырдың бұл әрекетін автор кейіпкеріне психологиялық талдау жүргізе отырып баяндайды. «Оның етегінен тартып, еңсесінен езген екі ауыр қайғы болатын: біріншісі ата мирас жау қолынан өлмегені…
«Батырдың ажалы жаудан» дейтін қатал кесім бұлардың тұқымына тән ұлағатты ұран сөз;жауға шаба алар қай-қайсысы да ат жалын тартып мініп, қолына найза ұстағаннан, «Е, құдай, сол тілекті бере көр!» десетін-ді. Десетін де, жан алып, жан беріскен қолды қырғанда өлем-ау дейтін ой ешқайсысында болмайтын. Атасы кіндік тұсынан бойлап кірген сұр жебеден әкесі мойын түптен тиген семсердің өткір жүзінен қаза тапты.Ал бұған келгенде… Батыр әкесі мен атасынан аз немесе кем шайқасқан жоқ.Он алты жасында төрт көз сауыт киді. Жау қарасы көрінгеннен жер тарпитын тоқпақ жалды торы айғыр деймісің,қамшы сілтетпей-ақ қара тұяғымен бір орнында шыр айналатын қабырғалы қазанат деймісің, қаншама жыл қайғысының белінен қашан түсті.Сондағысы ел мен жердің намысы»[1.255]. Авторлық баяндау автор көзқарасымен түйінделіп отырады. Қазақ батырына тән ұлы мұрат талай ғасырлар көшінен қалған емес. Мұны оқырман ел аузында айтылатын батырлар ерлігінен өрілетін аңыздардан да, тарихи деректерден де естіп білген. Бірақ естіп білу бар да, көзбен көру бар. Біз үзіндіге алып отырған автор сөзінде, батыр мұратын жалпы ұғым түсінігінен бөлектеп, бөлшек түрде, жалқының өмірлік арманы етіп, деректендіре ұсыну бар. Автор бір батырдың әулетінің шежіресінен ұлы мұраттың («батыр ажалы жаудан») істе көрінуін (әкесі мен атасының өлімі) заттандырып көзге көрсете айтады.Осы қам-қаракет қазақ даласын қорғаған барлық батырдың өміріндегі ұлы мұраты болғандығынан байтақ жерімізге иелік етуіміздің сырына бойлайсыз. Халық афоризміне айналған «Батырдың ажалы жаудан»,-дейтін ұлт философиясының ішкі қабатындағы өмір әуені батырлардың ұлы мұратын осылай танытады. Батыр әңгімесінде эпикалық уақытты реалистік уақытқа көшіретін ондағы оқиғалардың тарихи шындыққа тұстасатыны. Қазақ пен түрікмендер арасындағы жаугершілік тарих өткелінде бар. Қазақ пен түрікмен арасындағы соғыс, жазушы Ә.Кекілбаев прозасының тақырыбында да баяндалды. Әңгіме арқауына алынған осы соғыстың тарихи деректерінен батыр прототипіне жақындауға болады. Бірақ, батырдың түп-тұлғасын айту жазушының көркемдік мақсаты емес. Ол оқырмандық қабылдауда да нанымсыз шығар еді. Автор позициясы батыр есімін тұлғалайтын намыс ұғымын ел санасынындағы тарихи жадыда сәулелендіру. Батыр атын естіген оқырман көңіліне намысты ердің сойы, батыр тұлғасы көлбеңдесе жазушы мақсатының орындалғаны. Батыр тұлғасын оқырман көңіліне жан дүниесімен көшіру жазушы тілінің мәнеріне қатысты. Бүкіл әңгіменің идеялық желісін құраушы басқы сюжетте Батырдың батыр ұғымына өз дүниетанымымен баға беру тұсы бар. Батырдың жастау шағында жасамыс жау батырын жекпе-жекте жеңіп шыққанда есінде қалып қойған жәйт, батырлық пен ездіктің бетпе-бет келіп қайшылық үстінде шынайы көрінгені. «Батыр-ай,жанымды қи!»,-демесін бе. «Оның не?-деген бұл.- Жау қолынан мерт болу-батырдың мұраты емес пе-әй?!» «Бұл қай сөзің? Өлудің қай жері мұрат?» «Найсап,батыр дүниеге елі мен жерінің құрбандығы болу үшін келмейтін бе еді!» «Оны қайтесің.Жанымды қи, Жаугер»… Батыр оған енді қайта көз салмаған. Атын қатты тебініп, жасақтарына қарай жөней берді. «Нәлетіні тіріқалдырып кеткенің қалай, Батыр?»-дескендерге: «Ол өзі де өлген адам екен,- бұл, Батыр емес, қатын. Қатынды қалай өлтірем!»[1.256]. Мұны жазушы шеберлігіндегі көркемдік тәсілдің бірі десек болады. Батыр ұғымын ұлттық дүниетанымдық биігінде кейіпкер характерінен, сөзінен алып түсіндіреді. Түсіндіру ғана емес батырлар сөзі, әрекеті осы деп кесіп-пішіп жеткізген. Автор ойы кейіпкер сөзіне көшіріліп, батыр атынан батырлыққа баға бергізу ақиқатын айтудағы суреткерліктің бір қыры. Бұған қарап суреткерлік концепция жазушы қиялында емес өмір материалынан туындаған дей аламыз. «Ата-бабадан қалған даналы ойдың, мәйекті сөздің төркіні ұлттық дүниетанымдық концепцияны қалыптастырушы тәжірібелік мектеп болса, суреткер концепциясы сол мектептен ұшқан тастүлек идея. Батыр кейіпкеріміз батыр ұғымы мен оған қарсы ездіктің де пәлсапасын «ол өзі де өлген адам екен»-деп бірақ кеседі. Батыр тарихи жадымызда әуелі жаугершілік заманда өмір сүрген тұлға ретінде елестейтіні бар. Яғни, батыр баяғыда өмір сүрген адам. Ал, баяғымыз жазушы ойымен айтқанда «….Баяғы деген ата-бабалар, ата-бабалардың кісілігі, түсінігі, қуаныш-шаттығы, азабы мен шері, жеңісі мен жеңілісі,аққан қаны мен төккен терінің ұлы көші емес пе?»[249]. «Айғыркісі» әңгімесіндегі Есқұлдың бұл сөздері де жазушы концепциясының ұлттық ой-санадан қанат қаққандығын танытады. Суреткерлік мақсат «баяғыда»өмір сүрген батыр ата-бабаларымыздың өмір сүру концепциясын бүгінгі адам санасына сіңіру. Өмірі қыл үстінде жүрген батыр аталарымыз ұлы мұрат жолында жанын берсе, бүгінгі бейбіт күндегі пенде «адам» атына лайық өмір сүруде ме? Кешегі батырлар жүрегіндегі намыс бүгінгі қазақ өмірінде қаншалықты құнды суреткер оқырманын осындай ойға шақырады. Сөз басында ақын Мағжан мен жазушы Несіпбектің суреткерлік концепциясының түйісер тұсы деп шығарманың сыртқы пішініне құндақталған идеяны айтып өткенбіз. Енді «Батыр Баян» поэмасы мен «Батыр» әңгімесіндегі оқиғаның мазмұн желісіндегі ұқсас тұстарына назар тіксек.
Ақын М.Жұмабайұлының «Батыр Баян» поэмасында батыр Баян махаббат өртіне шарпылған інісі Ноянды ел намысы үшін оққа байлайтыны бар. Мұндай көркемдік шешім авторлық мақсатты орындаушы тірек нүктесіндей және суреткер концепциясын тудырушы басты фактор. Олай болса ақын Мағжан да авторлық концепцияны халық арманы мен мақсатынан жарақтап отырған болады. Мағжан шығармасының контрастын күшейтіп шарықтау шегін танытатын осы фактор жазушы Н.Дәутайұлы әңгімесінде қайта жаңғыруы неліктен? Осыған жауап іздеп көрелік. Батыр кейіпкерлеріміздің інісі ауыл ағайынның иесіндегі жүйрігін қалап барғанында, тауы шағылып кектенген. Содан жер үстіне атын әйгілеп отырған жүйрігі ауыл малымен қоса түрікмендерге асырып жіберген. Бұл іс ағайын арасына түскен сызат. Әңгімеде қазақ пен түрікменнің жауласуының себебі желден жүйрік, қазақ ауылының ақ байталынан шыққаны айтылып өтілетін. Түрікмендер қалап келген-ақ байталды жылқы жанды қазақ бермейді. Кектескен, қызғанған түрікмендер жайлауда аңдып-бағып бауыздап кетеді. Сонан «әншейінде он мың жылқысынан бір тайды қасқыр тартса, қайғыдан қан жұтып жатып алатын байлар тізіліп келіп суын ішсе, өзеннің ағысын тоқтатып тастайтын үйір-үйір жылқыларын ауыл-ауылдан айдатып әкеліп, «Ал, қане,азамат біткен атқа мін!Кек қайтар!»дескен ғой[1.262]. Екі ұлттың арасындағы соғыстың себебі «Әлде деп те қояды бір ойы,-жауласудың себебі басқада, тым тереңдегі ме екен? Кім білсін!? Кім білсін?»[1.262]-ақ байтал болса інісінің ісі қазақ үшін, әрі ағайын үшін қаншалықты ауыр тиетінін түсінеміз. Бір тайына қайғыдан қан жұтқан пенде,аты әйгілі жүйрігімен қоса малынан айрылса Батыр інісінің ісі намысты басқа тепкенмен бірдей болып шығады. Жазушы ұлттық символымызға айналған қазақ тұлпарының халық бостандығындай қасиетті екендігін арғы тарихтан әдейі қозғайды. Бұл Батыр мінезінің, інісінің ағат ісіне оң қабақ танытпауының себебін шындыққа жақындатудағы автор орайластырған оқиға да болуы мүмкін. Автор қиялынан қосқан оқиға болғанның өзінде біріншіден; жылқы автор мақсатының орындалу тетігіне айналса, екіншіден өмір шындығына қайшы келмейді. Батыр інісінің өзі де батыр болғандықтан хас жүйрікті ұнатып, оны иесінен сұрауы, қолы жетпеген соң пенделікке салынып кек қайтаруы мүмкін жәйт. Бірақ кектенген кегі халық жауының мүддесін орындап жатса ол енді сатқындыққа саналады. «Бүкіл ішкі сарайында жан азабы аңырап қоя берді. Япыр-ау, не нәрсеге душар болғалы отыр. Жаудан қайтпаған, өлімнен сескенбеген жүрегі… Алғаш рет кеуде сүйегін тесіп кетердей дір-дір етті. Өзегі өртеніп, өкпесі қабынып, өмірем қауып барады. Сүйекке таңба… Осыдан еді ғой бұлардың қорқатыны. Ағайынның ала жібін аттау… Атасына нәлет дегізетін,адам түгілі аруақ, құдайдың да қарғысына қалатын қараулық.Тұқым-тұяғында болмаған. Енді келіп, бұлардың атадан балаға жалғасып келе жатқан әйгілі батырлығында не абырой қалады. Бұлардың батырлығының түп атасы-Адалдық пен Әділдік еді ғой. Қайсы бабасы: «Адалдық пен Әділдіктен асқан батырлық болмайды»-деп кетпеп пе еді. «Аспан айналып жерге түссе де, ағайынға қол салма демеп пе еді. Ит-ай, ұзында кегі, қысқада өші кетсе де, қаны бір туыстың маңдайына басқанын қалай дәті барып, көзі қиып қайдағы бір түрікмендерге асырып жіберді. Қайтіп?[1.264]. Жазушылық характер табиғатын ашық күндей танытуына психологиялық талдау жүргізген осы бір әдісі жетіп жатыр. Бұл кейіпкер жанын жеген мазасыз ойды бейнелеудегі автордың лиризмге тіркелген толғаулы сыры. Бұл кейіпкер Батыр психологиясының жаны күйзеліп өзді-өзі контрасқа түсуін характерлі баяндау амалы. Әдебиеттану тұрғысынан қарағанда Батыр кейіпкеріміз белгілі бір уақыттың типі. Ендеше характерлі баяндаудан Батыр өмір сүрген кезеңнің тыныс-тіршілігі айқын бейнеленетіндей, ұлттық сана түйсігінде мейлінше ашық күй танытады. Ұлттық сана түйсігінде түйінделген қазаққа тән мінез ол сөзге тоқтау еді. Бұл Батыр кейіпкер өмір сүрген қоғамсанасының жазылмаған заңы болатын. Батырдың іні әрекетіне берер шешімі әділ сөзге тоқтаған дәуір кейіпін елестетеді. Қазақтың бүгінде ұмытыла бастаған осы бір мінезін қайта есіне салған жазушы ұлттық болмыстан философиялық концепция тудырып, шеберлік дәстүрдің сүрлеуіне түскен. Ұлттық дүниетанымнан өрілетін суреткердің философиялық концепциясын өмір шындығында бейнелеуші характерлер шоғырына тән қасиет аталы сөзге тоқтау. «Батыр» әңгімесіндегі Батыр, «Айғыркісі» әңгімесінднгі Есқұл, «Құдірет пен қасірет» романындағы Досмағамбеттер сөзге тоқтау дәстүрін қиын заманда да бойынан жоғалтпаған.
Қызметшіні сыртқа қалдырып үйге інісі кірді. Сәлемін ешкім алған жоқ. «Мыналардың айтып отырғаны рас па?» — деді Батыр бауырына. «Рас». «Қайтесіз, батыр, бауырыңызды өзіңіз жазалайсыз ба, -деп ана екеуі елпең етті.-Қайтесіз?» «Алып кетіңдер, қандай жаза қолданасыңдар, үкім өздеріңнен[1.264]. Ел тағдыры мен ер тағдырына қатысты әлеуметтік кең планды мәселені көпсөзділікке ұрындырмай шағын диалогқа сыйдырып жіберген. Диалогтың соңында беріліп жататын авторлық түсіндірмелі сөздер де сылынған. Жазушы оқушы түйсігіне ұғынықты қарапайым тілімен-ақ іс-әрекет баянын монодиалогқа көшірген. Мысалға алған монодиалогтан Батыр мінезінің сөзге тоқтайтын, ұлттық дәстүрді қадірлеуші қасиеті бірден аңғарылады. Осы қасиетті,қазақ халқына тән ұлттық мінез ерекшелігін танытар сөзге тоқтау дәстүрін ұстап қалу да,батырдың да батырының қолынан келмек іс екен. Оқиғадан кейін бүк түсе жатып алған Батырдың естігені «…інісі бауыздалыпты. Батырдың сұрағаны: «Жанымды қия көріңдер деп жалынып,жалбарынбап па?», «Жоқ. Тек қол аяғымды байламай бауыздандар»-депті. «Е,онда бопты»[1.264].
Батырдың іші қан жыласа да,онысын сыртқа білдірмей інісінің өлімді ерлерше қарсы алғанына шүкір дескендей. Бауырының қазасына салқынқандылық танытудың өзі шынайы өмірде кездесе бермейтін мінез. Әңгіменің философиялық концепциясын, қазіргі қоғамға әсер берер тұсын Батыр характерінде көрінетін тосын қаталдықтан сезінуге болады. Өз бауырының ісі түсіп тұрғанда неге бейқамдық танытты? Ең болмағанда абырой беделін жұмсап жазасын жеңілдетуге болар еді ғой. Батыр характерінің сана тартысына түсер осы ситуацияда танытар үкіміне келіспей дау айтуға бола ма? Басқа оқырман дауын айтып пікірін дәлелдей жатар. Ал, біз автор шешімімен келісеміз. Өйткені, автор әңгіме өзегінен танытар концептуалды идеяларын Батыр ұғымына қатысты ата-бабаларымыздың өмірлік тәжірибесі мен дүниетанымдық философиясынан өрбітіп отыр. Батыр категориясын жасаушы, сақтаушы, алмастырушы «намыс» ұғымы ерлікке де бастаушы. Ал,батырлықтың түп атасы Адалдық пен Әділдік»[1.264] болғанда Батырдың іні ісіне қатысты үкімін дұрыс қабылдайсыз. Батырлықты былай қойғанда бүгінгі адам мінезіндегі «Адалдық пен Әділдік жайлы түсініктің пендешеленіп бара жатуы көпке ой салса керек. Бабаларымыз байтақ жерді сақтап, ұрпаққа аманаттауында қылыш сермеп, найза көктеген күшінің өзегі «Адалдық пен Әділдікте» жатқанын біздің дәуір санасына түйгені жөн. Халық дүниетанымы, халық жолы осы.
Адалдықты аттаған туған бауырына адамдық сезімімен іштей жыласа да халық жолынан шығуға Батырдың ешбір құқы жоқ. Мұнда елдік намыс бәрінен жоғары тұр.
ХХғасыр басындағы тарихи әлеуметтік шындықты қалай бағалап жүрміз.”Қалың мал”, “ Қамар сұлу” т.б романдарын оқыған оқырман әуелі әйел теңсіздігін алға тартып шыға келеді.Қазақ қызының еркі болмаған екен, мал берген байдың жетегінде кете барған.Арагідік оқыған азаматпен тағдыры түйісіп,махаббат шапағаты түссе онысы да ұзаққа бармай кедейлік кесірінен сөніп тынады.Көркем шындық өмір шындығынан алынады десек ХХ ғасыр басындағы шығармалар заман тынысын беріп отырғаны белгілі ғой.Әлеуметтік теңсіздік болғандықтан жазушылар солай жазған.Ойдан шығармаған.Қазақ қызы кедейге теңдік берілген тұста ғана басына еркіндік алып, көзі ашылған.Тәуелсіздік алып,өткенге қайта үңілген жаңаша көзқарастағы зерттеулер жазылып жатса да,ХХ ғасыр романының мазмұны санаға сіңіп қалғандай.Санаға сіңген дүдәмал ойды қозғау әдебиеттанушылар тарапынан жүргізілсе де, көркем мазмұнның әсері кетер емес. Сірә сөз құдіретінің күшін осыдан ақ байқасақ керек.Осы орайда «ескі идеологияға құрылған көркем мазмұнды сананы» тарихи шындықты оң қырынан танытқан көркем шығармалар ғана ығыстыра алатын секілді.Себебі,көркем шығарманың танымдық әсері зерттеулерге қарағанда белсендірек.Көркем шығарма өмір шындығындай ықпал ете алады.Осыны нақты шығарма арқылы түсінуіміздің себеп салдарын іздеп көрелік. ХХ ғасыр басында қазақ қызының бостандығы болмадыны «Күлкі мен жас» секілді бүгінгі романдар желісінен таба алмайсыз.Неге? Әлде бұл сол кездің шындығын бұрмалап жазу ма?Керісінше “Қалың мал”, “Қамар сұлуда” бұрмаланды ма?Мұның шындығы тарихты қалай танып келдікте жатқандығын тағы да қайталап айтқымыз келеді.ХХғасыр басында қазақты тапқа бөлу арқылы іштей ірітіп,әлсіздендіріп алып билеп төстеу жаңа үкіметке оңтайлы болған.Қазақты бағынышты етуде барлық жымысқы әрекеттер жасалып баққандығы жаңалық емес.Ондай құйтырқылықтың неше түрі құжатты деректермен ашылып жаға ұстатуда.Біздің айтпағымыз ол емес.Айтпағымыз,ХХ ғасыр шындығын, әлеуметтік психологияның болмыстағы күйін жүрек түкпірінде,ой тереңінде қалай сезіндік,қалай сезіне аламыз.Шынында осылай болған екен ау деуімізге «Күлкі мен жас» секілді шығармадағы өмір шындығы сендіріп отыр.Кезінде С.Мұратбековтің “Жабайы алмасы”арқылы соғыс кезеңіндегі халық ахуалын бірге өмір сүргендей сезіне алған едік.Еңбек майданының соғыстан ешбір кемдігі болмағандығын, адам психологиясының әр түрлі келетіндігін, өмір өзгертетіндігін, өзгерте алмайтындығын да кейіпкерлер келбетінен, характерлер табиғатынан ұғынғанбыз.Сол өмірдің ортасында жүргендей, балалық шақтың бақытсыздығын, бақытсыз тағдырлардан бақыт тапқандай бақайесепті баянсыздар тірлігінен де жерігенбіз.Жиіркене отырып жылағанбыз.Түптеп келгенде «Жабайы алма» соғыс шындығын өзіміз бастан өткерген ғұмырға айналдырды. «Жабайы алмадағы» жетімектердің өзіне айналдық.Сол жетімектердің өзі болып күлдік,өзі боп жұмыс істедік.Өзі боп соғыс дейтін атаудан қорықтық.Соғыстың адамға әкелетін қасіретін ұқтық.Бізге оны мұғалім емес,өмірдің өзі ұқтырғанымен қымбат еді. «Жабайы алма» сонысымен де қадірлімізге айналды.Қымбатымызға айналған шығармалар көбейген.Демек, көркем шығарма өміртанытуымен-ақ өз міндетін орындата алған. «Күлкі мен жасты» оқи отырып та осындай ойға тірелесің.Біздің ХХ ғасыр басында бай деп танығандарымыз қандай адам еді.Байлар шындығында қандай болған.Зорлықшыл ма? «Күлкі мен жастағы» бай Наршаға қарап ой түзегің келеді.Наршаның жан дүниесі бай болмысы болып ашылса байға көзқарасың өзгереді.Әкесі Құрымбай не бай бол, не батыр бол депті де арғы жағын айтпапты…
Одан соңғы әрекет ше!Елмен қалай, есермен қалай сөйлескен ләзім?Кімді тыңдап,кімді тыңдамаған жөн?Жұрттан жырақтанып жиған дүние дүние емес… Осындай ой Наршаның басына елу деген жастың есігін қағып тұрған кезде келер ме? [2.7]. Қырықты еңсере малымен бай Нарша атанған кейіпкерімізге тән мінез құлық шығарма шешіміне дейін өсіп отырады.Бай мінезі авторлық баяндауда біртоға, ойлы, сабырлы қалпымен танылса,түрлі ситуацияларда да сол мінездің тұрақтылығын аңғаруға болады.Мұнан нені ұғынамыз?Автордың бай характерін ашудағы позициясының мақсаттылықтан айнымағандығы.Яғни,автор оқырман көңіліндегі бай бейнесіне,болмысына деген сенімді өмір шындығынан алыстатпауға тырысқан.Ал,ол сенім әуелі тақырыпты әбден зерттеген автор позициясынан жаратылып отыр.Осыдан сұрақ туындайды.Автор бас кейіпкер болмысын өз дүниетанымынан танытса біржақтылық емес пе?Оған оқырман неге илануы керек?Бай Нарша болмысын біржақты,автор позициясы тұрғысынан ғана таныту көзделмегені оқиға желісіндегі түрлі жағдайларда байқалады.Мұндай ситуация үстінде автор бейтараптылығы да аңғарылады.Бірақ бір нәрсені ерекше ескерте кеткіміз келеді.Бай Наршаның конфликт үстіндегі болмысы үнемі салқынқандылықпен шешім тауып отыруы.Кеңестік кезең шығармаларындағы бір үрдіс бай мен бай,бай мен кедей арасындағы тартыс шиеленісіп характерлер бойынан қатыгездік көріне қалатын.Ал, «Күлкі мен жаста» бай мен бай,бай мен жатақ арасындағы тартыста Нарша байдың шиеленісті сабырмен жеңіп отыруы халық характеріне мейлінше дәл келеді. Біздіңше автор ұлттық характерге тән ерекшеліктерді осы Нарша бай болмысынан тауып таныта білген.Қойға топалаң келіп,жылқылары өлгенде де қабақ шытпаған Наршаны көресіз. «Ой, шіркін-ай… Малсыз қазақ болмайды дер мына ұрқия заман.Қайран халқым…Бір жұттық дүниеге бар тағдырын теліп қойып отырған сиқыңа болайын…Тірегіңнің түріне болайын…Сенгеніңе болайын…»[2.26]. Малымен бай атанған Наршаның көзқарасы.Дүниеқоңыздықтан ада пейіл.Өмірдегі Құнанбайлармен өзектес.Наршаның тоқал алудағы мақсатына да иланасыз. «Тоқалсырағандықтан емес ұрпағым көп болсын деп аламын» деген сөзін жайды айналасына. Оның да жаны бар.Наршаның бір басының жалғыздығы, анадан жалғыздығы көңілге сан рет кептеліп, ішті кернеп, қашаннан қабырғасын қайыстырып келгені ақиқат.Ендеше, осы айтқанын кім терістей алар?Жоқ!Нарша қанатын кеңге жаюды арман еткен,мұрат еткен кәрі қыран.Ол бес күндік бейфәни нәпсінің құлы болмақ емес.Өзгелер осыны ұқса екен деп жанталасқан [2.27]. Осындай ұлттық пәлсәфаны Наршадай байлар ғана емес,ата жолымен тәрбиеленген қыздарымыз да бойға сіңіргендей көрінеді.Наршаның Әзинұры бізге осылай ойлатады.Жас алшақтығынан жасқанған туыс, үкімді қыздың еркіне берген.Сондағы Әзшұрдың айтқаны «Нарекеңдей ел ағасының ықыласы мен секілді жұдырықтай қызға түсе қалса, бұлданатын не бар?Түбі теңін іздер жат жұрттық екенбіз.Кімге бұйырарымызды Алла Тағала о баста маңдайымызға жазып қойған шығар.Әкем бүгілмесін де, мүдірмесін.Кесімді жауабын айта берсін депті» [2.28].Аталар тәрбиесінің, ұлттық дүниетаным философиясының ғұрыптағы,салт санадағы көрінісі іспеттес шешім.Ислам дінімен де, пайғамбар жолымен де ақтауға тұрарлық ниет.Мақсат текті ұрпақ өсіру.Ата бабаларымыздың өткен дәуірлеріндегі ұлттық танымы,ұрпақ қамы.Әзинұрдың бұл шешіміне қарап ұлттық тағылымнан хабар алсақ, Тиін мен Әзинұр арасындағы күндестіктен пендешілікке,әйелдікке тән ұлттық мінезбен де жолығамыз.Әзинұрдың бүгін өсекші диуана Шуылдақтан естігені мынадай: «Құлан мен Тиін оңаша жерде кездесіп тұрғанда оларды Тақырдың шабармандары байқап қалыпты.Сөйтіп ақынды аттың бауырына алып,әбден сабапты….Тақыр тоқалының бұрымын кестіріпті де, атқа теріс мінгізіп,төркініне қайтарыпты…Осы хабарды жеткізген Шуылдақты Әзинұр кенет құшақтай алғысы келді [2.215]. Әзинұр да, Ақ Тиін де екі жайсаңның тоқалы.Отаны,ошағы бөлек.Екеуі де жүзіктің көзінен өткендей сұлу.Екеуінің кемшілігі бірінің сұлулығын бірінен қызғану,сұлулықта алдына жан түсірмеу.Не деген саяз ой деп қынжыласың.Әйел осалдығы деп ой түйесің.Жазушы Жолтай Әлмашұлының бай болмысын бейнелеудегі бір ұстанымы Нарша бейнесінен танылса,екінші ұстанымы Тақыр бай характерінде тереңдетіледі.Тақырдың бай атануы Наршаға қайшы,тегінен емес, ебінен, пысықайлығынан, дүниеқоңыздығынан, жағымпаздығынан келген жұғындыдай сипатталады.Тақырдың екіжүзділігі,тексіздігі жаңа заманға қарай тез бейімделуімен де нанымды суреттелген. «Тақыр ұлы дүмпу естілісімен-ақ дереу қам жасап,бар малы мен мүлкін сатып,қалғанын жатақтарға үлестіріп, бірер айдың ішінде тақыр кедей болды да шыға келді.Тіпті оны айтасың, уезд басшыларына барып, жағалап жүріп «арғы атам қу кедей болған,байдың малын баққан сорлы еді» деп жыламсырап жүріп қағаз алған… Ол енді жаңа өкіметке жәдігөйленіп бара жатыр еді» [2.263].. Тақырдың бай кезінде де, кедей кезінде де тексіздігін танытатын ісі пайымсыздығы, ар ісімен шаруасы болмауы. Аласапыран уақыттағы өмір шындығын берудегі концепция-бай Нарша характеріне сіңдіріліп,бай Нарша дүниетанымы пәлсапасымен өрнектеледі.