АЛЫП АНА ҚОРЫМЫ — сәулет өнерінің ескерткіші. Ақтөбе және Атырау обл. шкарасында, Сағыз өз-нің аңғарында, Сағыз т.ж. ст-ның оңт.-шығысында 10 км жерде орналасқан. 1979 — 80 ж. “Қазреставрация” бірлестігі экспедициясы (жетекшісі С.Е. Әжіғалиев) зерттеген. Жазба деректерде бұл жерде алып батыр әйел жерленгені айтылады. Археол. зерттеулер бұл жерде 14 — 16 ғ-ларда ортағасырлық күмбез тұрғанын көрсетеді. Қазіргі кезде қираған орны ғана сақталған. Қорым, негізінен, 19 ғ-дың 2-жартысы мен 20 ғ. басына жатады. Күмбездер мен сағанатамдар әктас пен күйдірілмеген кірпіштен көтерілген. Ескерткіш Маңғыстау-Үстірт стилінде жасалған. Құрамында күйдірілген кірпіштен тұрғызылған кішігірім күмбездер және әр түрлі қалыптағы құлпытастар көптеп кездеседі. Құлпытастарда әйел адамның әшекей бұйымдары, аяқ-киімдері бейнеленген. Бұлар қорымның басында әйел бейіті болғаны туралы аңызды растай түседі. А. а. к-нда көбіне қазақтың кете, адай руларының өкілдері жерленген.