Құлбек ЕРГӨБЕК
филология ғылымдарының докторы, профессор Жазушы, ҚР Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
Түркістан/Қазақстан
kulbek1952@mail.ru
Чулпонның «Уйный сазым» (Қазан 2014) жыр жинағын оқыдым. Чулпонның жыр жинағын қайталап оқуым. (Тәржіман «Чулпан» деп жазыпты. Шындығында өзбекше «Чулпон».) «Уйный сазым» — татарша. Қазақшасы «Ойна, менің сырлы сазым!…» болып шығады. Татаршасы несі? Иә, жинақ татар тілінде. Аударған татардың тамылжыған лирик көрнекті ақыны Рәдиф Гаташ.
Чулпон – бауырлас өзбектің үзіліп тұрған лирик дегендей тамаша сазды ақыны. Роман да жазған. «Чулпон» оның тақуалләсы. Қазақша «Шолпан» ғой. Шын аты — Ғабділхамит Сүлейменов. 1897 жылы туған.1938 жылы өзбектің азаттық аңсаған шын перзенті болғаны үшін атылған. Ату ныспы – шын перзентке айып болып тағылар ұлтшыл, тұраншыл, түрікшіл, жапон жансызы… қыл-қысқасы «халық жауы.» Ұлттың шын ұлына жағылатын жала! Чулпон 1938 жылы атылған. Одан бері қаншама уақыт? Өзбек лирикасы Чулпон биігіне жете алды ма екен осы жылдары? Әй, қайдам? Біздің Мағжан биігіне шыға алмай келе жатқанымыз сияқты. Қадыр Мырза Әлінің айтқаны бар: «Біз солардың уақытын өткізіп алдық па деп қорқамын…» Бір қарағанда ол да дұрыс. Біразының жабық жатып, уақыты өтіп кетті. Бірақ, уақыттық меже тұрғысынан бағалай береміз емес пе?! Солай. Ал, Мағжан — әлі жете алмай келе жатқан, жеткізе қоймайтын жүйрігіміз. Чулпон да солай. Өзбек әдебиетінің, тіпті түрік жұртының жыр бәйгесінде шашасына шаң жұқпас, жеткізбес бір жүйрігі. Тамылжыған лириктігіне барша өлеңі куә. Тоқсаныншы жылдары ақталған ақынның «Яна олдим сөзимни…» (Тошкент. Ғ.Ғулом номидаги Адабият ва санъат нашриети, 1991.)аталатын бір томдығы жарық көрген. Алматыда өзбек дүкені ашылып, сонда сатылған жерінен алып, өзбек тілінде оқып шыққанмын. Иә, тамылжыған лирик. Лирик қана ма?
Жоқ, өзбек ұлтын сүйген, түрікшіл биікке көтерілген қоғам қайраткері. Тіпті Мұстафа Шоқай оны Ахмет Байтұрсынұлымен қатар қоятыны бар. «Ахмет Байтұрсынұлы мен Чулпон – ұлттық әдебиетіміздің ең үздік тұлғалары. Олардың шығармаларынан біз орыс тепкісінде қысым көрген тіліміз бен мәдениетіміздің өлмес, өшпес өміршең қуатын көреміз» (Шығармалары І т. Қайнар 1998 ж., 512 б.) А.З.Вәлиди Башқұрт автономиясын құрғанда, арнайы барып жәрдем еткен қайраткер. Кейін алданғанын біліп, Түркістанға келіп, басмашылар жағында большевизмге қарсы соғысқанда да Вәлидиге тілектес жүрген. Олай болса Чулпонның ақындығымен бірге қайраткерлігіне де қол қою керек. Оның үстіне, Чулпон жырымен жұртын оятқан тамылжыған лирик қана емес, «Шағатай бәсі» секілді азаттыққа үндеген ұйым құрған қайраткер де.
Иә, Чулпонның лириктігіне оның бар өлеңі куә. Ал қайраткерлігіне өзбек азатшылы Молланур Вахитовқа арнаған «Шығыс нұры» (Шарық нұри»), «Кел бері», «Хазар естелігі» аталатын өлеңдері тағы да куәлікке жүреді. Бұл өлеңдер де тамылжыған лирика. Оптимистік рух, азатшыл үн мен мұндалайды.
Узган атнада Чин, Мачин йортында
Конфуцийның фәлсафәсен ишетте.
Бу атна Иран: зәрдәштлек турында,
Ничегрек? Дип, Ницшега киңәш итте…
Һиндастанда Бәдил белән йөрүен дә
Минем шәрыклек күзем анык күрде.
Аламутта – Хәсен сәйях илендә —
Минем рухым белән ул бергә йөрде…
Шуңа, ахры, сөя сине бар Шарык:
Син – Шарыксең, Шәрык – Син, аерма юк!
(1918 ж.)
Лирикалық кейіпкеріне қиып отырған Бәдил (Үндістандағы мұсылман ақыны)– діни реформатор Конфуций, Зәрдәштлек – Заратустра діні, Ницше «Заратустра солай деген…» философиялық трактатын жазған алман философы… Айналып келгенде Әбділхамит Сүлейменовтің өз оқыған-тоқығаны, өз дүниетанымы! Чулпон міне, осындай биіктегі шоң шайыр еді, шіркін! «Хәзәр истәлеге» (Хазарды еске алғанда) аталатын өлеңі тіпті терең дер едік. «Гүзәл йолдыз, нұрлы йолдыз, сөйлә син
Аталарның тарихтагы хатасын,
Шул хатадан файдаланып, читләрнең
Ил кукрәгендә гишрәтә-сафасын.-болып басталады өлең. Көріп отырғанымыздай, өлең аталарымыздың тарихтағы тарихи қателігін ашына айтудан басталады. Ол қандай қателік? Хазар кезіндегі күшті, рухты түрік мемлекеті болғаны тарихтан мәлім. Билеушілердің өзара ынтымақ таппауынан, сосын дін атаулыға есігін ашып қойған «кең қолтықтықтан» құлаған мемлекет. Қазіргі Каспий теңізі кезінде «Хазар теңізі» аталғанын қосыңыз бұған. Чулпон Хазар тарихынан сабақ алуға шақырады.
«Гаугалы йорт корган ата-бабалар
Киләчәктә ни көтүен белмәгән.
Ил-йортны сакларга соңгы ханнар
Төзек, дөрес чара-тәдбир кылмаган.
Салтанатты қоғам құрған ата-бабалар келешекке көз жібере алмаған, ел-жұртты сақтауға соңғы хандар қам қылмаған деп жылайды жетім жүрек Чулпон Хазар хандығы жөнінде. Жалған мақтан, даңғаза даңқпен жүріп жат жұрт табанына түсіп езілгеніңді білмей де қалдың-деп зарлайды мұңшыл ақын. Міне, бүгін де мені сөйлетіп, өзің жәй тыңдап тұрасың (Житәр, булды! Мине гәпкә тарттың да Үзең анда тыңлап кына торасың…) деп қалың ұйқыда жатқан Хазар ұрпағына күйінеді. Хазар мұңын тыңдар, Хазар трагедиясынан сабақ алар адам қалмады бүгінде дей келіп ақын аспандағы жұлдыздармен сырласады романтикалық сазға беріліп. «Авыз ачтың: тавышың килә, әй йолдыз! Сөйлә, сөйлә… ят кеше юк: икәү без…»-дейді тордағы бұлбұлдай мұңды ақын. Бір қызық бар. Ақын осы өлеңін бұрынңы Хазар теңізі, бүгінгі Каспий теңізінің жағасында 1920 жылы жазған…
Әр жол, жолында, ақжалдың жалында тарих ұялап жататын, ырғағында тарихи трагедия сыңсып салатын өлеңнің өзбекше мақам-сазын біздің Рәдиф дос (Гаташ) татарша құбылтып, құтыртып жеткізеді. Басы бірікпей Құдай қарғысына ұшыраған түрік жұртының жағдайын ойлап жүрегің қан жылайды. Беу, дүние!
Кил миңа, кил, кил миңа:
Кочагмны ачканмын.
Тормыш хакыйкать булса, аңа
Барлығымны атканмын…
Мин көчле, миндә гыйсъян,
Мин долкун, минда туфан,
Күперермен, ташармын,
Чигарамнан ашармын!
Туфаным илне басар,
Тормыш тавыннан ашар
Һәм үлмәс, мәңге яшәр!
Диванбаг 1921.
Қазақ ақыны (түрік ақыны) Мағжанмен үндес. Лермонтовтан басталатын жаны дауыл тілеушілік. Сонымен қатар «гыйсъян» бір сөзді қолдану бізді татар ақыны Ғабдолла Тоқайға қарай бастайды. Тоқай: «Жан-жағымнан ғыйсъян оты өбеді» деп жырлайтын. Чулпонның толқынды өлеңі сөйтіп лирикалық кейіпкерінің жаны дауыл тілеуі жөнінен М.Ю.Лермонтовтан басталып, қазақ ақыны Мағжанмен жан толқыны болып жалғасады, ақырында татар ақыны Ғабдолламен «гыйсъян» болып азаттық жалыны шарпып аяқталады. Чулпон енді бірде Сұлтанмахмұтша «Ни өчен ачылды күзем, кая качты үйкуларым? Бу уяныштан тулып ташты, ашты кайгыларым…» (Яшәеш) деп «Не үшін жасаймын?», өмірімде мән бар ма бостандықсыз? «Ұйқысыздық дендеп, дертке айналып, ұйқым қашты, азаттықты ойлап ащы қайғыларым тулап тасты…»-дейді-ау, ортақ өзбек ақыны. «Житәр, тор, чиктән ашкандыр Бу каргыш, бу хәкарәтләр!»-деп халықты азаттыққа шақыра ақырғанда «Интернационалды» қазақша сөйлететін Ж.Аймауытұлы, «Адамзат жүнжіме, жүрме бос!»-деп жырлайтын С.Сейфуллин түседі еске. Өлеңнің түйінін: «Қолымда соңғы тас қалды, Дұшпанға атпақ — тілегім. Көзімде тамшы жас қалды, Мақсатқа аспақ – тілегім!»-етіп (қазақшалай салдық) деп түйеді… Әйтпесе, «Жапырақ» өлеңін оқып, ағаштан айырылып түскен қалтыраған күзгі жапырақтан ұлтының тағдырын көретін өзбек ақынының өлеңін Г.Гейне,В.Луговской, Сұлтанмахмұт, М.Мақатаев, Н.Бегалы, К.Ахметова өлеңдерімен ойша сабақтастырамын. Ой айту, өлең ырғағын билетуі жөнінен ойша салыстырамын. «…Әй Зарафшан! Уйнап-көлеп ага бир, Мәзлумнарның йөрәгенә кага бир!»-деп жырлайтын «Зарефшан» өлеңін оқығанда Шыршық жыршысы Есенғали ақын түседі ойыма «…ыршып ағатын, шыршып ағатын…», Зарефшанды да жырлаған ол. Өзара үндестік аңғарамын, сабақтастық сезіледі. «Ақын – үндестік ұлы»-деймін А.Блокша. Әр заманада өмір сүрген ақындар бір табиғат — ананы үндесе жырлайды, үйлестіре шырайын кіргізе жырлайды. Үндестік ақындық дарын табиғатында, үйлесімділік пәндестікте (Зарефшан) жатыр. Табиғаттың тамаша бір көрінісін көркем көре білген ақындық көзді айтыңыз, ақындық көзді!
Өлеңді оқып отырғанда қырғыздың шоң жазушысы Түгелбай Сыдықбековтің (кездескенде айтқан) үні келеді менің құлағыма. «Біз Октябрьге дейін бір-біріміздің шығармаларымызды қотормосыз (аударма Қ.Е.) оқи беретін едік. Өз басым Мұхтардың әңгімелерін, Сәбиттің «Сұлушашын» қотормосыз қазақшадан оқыдым. Ол кезде Ахмет Байтұрсыновтың арабша әліп-биі бізге де ортақ бола бастаған…» Түрік тұтастығын ойлаған Ысмайыл Гаспаралы (Қырымлы) үні құйылады жаныма. «Тілде, ділде, істе бірлік!» Ұран ғой. Ақаң нақты әрекет. Әрекет берекетке бастаған. Жоғарыда айтылған жайларға ден қойсаңыз қазақтың, өзбектің, татардың ақындары бірі-бірінің поэзиясын өз тілдерінде – түпнұсқада оқып танысып, оқып зерделеп поэзиядағы үйреніске айналдырып отыр емес пе?! Ал, бүгін қазақтың қасыңда отырған, кезінде бір хандықта болған, қырғыздың өзі, бір Өзбек ордасынан іркіс-тіркіс енші алып бірге шыққан «көшпелі өзбек» (Б.Ахмедов), жалпы бүгігі өзбек түсініп оқи ма? Татар ше? Немесе біз оларды өз тілдерінде оқи аламыз ба, оқып жүрміз бе? Олай етер болсақ, бүгін татардың тамаша ақыны, ТР мемлекеттік сыйлығының иегері Рәдиф Гаташ қазақ Мағжан, өзбек Чулпон шығармасын тәржімалап қызыл май болып жатпас еді-ау?
Рдиф дос бауырлас өзбектің өлеңін қалай аударған? Іздене аударған. Жеке өлеңді ғана емес, ақынның поэтикалық рухын, ақындық демін, лебізін ұстай алған, ұстай алған да ақындық поэтикалық мәнерді тап басып аударған. Чулпон өлеңінің рухымен ХХ ғасырдың 20-шы жылдарындағы Түркістанға саяхаттайды. Тұлғалардың өмірбаянына үңіледі, тарихи оқиғалардың ішіне кіреді… Оған жинаққа жазылған көлемді алғысөз куә!
Түрік халықтары ынтымақ-бірлігін ойлаған, ойлаған да жалпы түріктік өреде жыр толғаған Чулпон 1938 жылы «ұлтшылдығы» үшін атылып кеткен. Өкініш. Сырбайша толғанасың «Жан екенсің өлімге қыймайтұғын…» Сәкенге қарата айтқаны. Іштей Чулпонға қарата қайыра айтасың. Айтасың да ойланасың. Оу, көзі тірісінде бірін-бірі оқып, бірінен-бірі үйреніп өскен түрік халықтары ақындарының поэтикалық дәстүрі түрік халықтары ақындары арасында сақталып қалған екен дә, өзін атып, кітаптарын өртеп, зынданға тастауына қарамастан ақын рухы адамзат көгінде дін-аман жүр екен де қалықтап деп шүкірлік қыласың… Чулпон ақын әлі күнге жалғасып жатыр-деп түйесің. Түрік халықтары ақындары поэзиясындағы сабақтастық та, бүгінгі аударма да соған үндейді. Сыншы бауырлас өзбек ағайынның ХХ ғасыр басында өмір сүрген тамаша ақыны Чулпонның «Ойна, сазым!» аталатын сексен жылдан кейін татар тіліне тәржімаланған жыр жинағы туралы түріктанушылық мақаласын: «Егер, тарихи тамыры бір түрік халықтары ақын-жазушылары сексен жыл бір-біріне жат болып жатсырап кетпей, рушылдықтың ру-дыруына түсіп кетпей, сексен жыл бұрынғы, тіпті ХҮ ғасыр бұрынғы «сән-салтанаты дүниені тітіреткен» (Сұлтанмахмұт) қалпын бұзбай, тату-тәтті туыстық арнада дамығанда, ақын-жазушылары түрік бірлігін жырлаған күйі жеткенде бүгінге қалай болар едік?»-деп ойлайды… Гаяз Ысқақидың «Идель-Урал» идеясы, А.З.Вәлидидің «Башқұрт автономиясы», «баспашылық күресі», М.Сұлтанғалиев, Т.Рысқұловтың «Түркістан федерациясы», С.Қожанұлының «Түркістан коммунистік федерациясы» жүзеге аса қалғанда қандай болар едік, түрік жұрты?-деп те ойланады. Өкінішке қарай олай болмады. Түріктік тұтастық жайлы тәтті армандар большевиктердің табаны астына тасталды, большевизмнің табаны астында тапталды… Аяулы ақынның поэзиясының дені осы бір тарихи қателікті өкіне жырлауға саяды.
Мұхтар Әуезовтің ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында жазған әңгімелерін, көсем сөздерін (публицистика) оқып отырсаңыз біздің қазақ қоғамының тап осы бүгінгі кемшіліктері бадырайып көрініп тұратыны бар. Бейне ұлы жазушы ХХ ғасырда өмір сүріп ХХІ ғасырдағы келеңсіздіктерді көзімен көріп тұрғандай күй кешесің. Чулпон поэзиясынан, публицистикасынан да сондай рухты сезінесің, ХХ ғасырдың 20-шы жылдарындағы өзбек (1925 жылға дейін сарт атанған) қоғамына, тіпті түрік қоғамына тән келеңсіздіктер көрінеді. Ұлтты (халықты) оятқысы келеді. Өткенен сабақ алса екен, сабақ ала отырып ертеңге еркіндікке қадам басса екен деп армандайды мұңшыл-күйшіл ұлы ақын. Ең бір қызығы – ХХ ғасырдағы түрік қоғамын көзбен көріп жазған өлеңдерінен, публицистикасынан түрік қоғамының (оның ішінде өзбек, қазақты қоса айтқанда) бүгінгі ХХІ ғасырдағы бар кемшілігі көрініп тұрады. Ондай сарынды әсіресе бір кездегі Түрік аталатын ұлы қағанаттан ынтымақсыздықтан бөлініп-бөлініп бөлшектеніп тарыдай шашырап бет-бетімен бытырап кетіп бара жатқан бүгінгі қазақ, өзбек, татар, қырғыз, башқұрт, түркмен, әзірбайжан… дегендей ұлы қағанат ұрпақтары жайлы зар!
Ұлтшылдық арқылы ғана бара алатын түрікшілдікті былай қойып, рушылдықтан аса алмай, ұлтшылдыққа қадам баса алмай қиналып тұрған бүгінгі қазақ қоғамы жайлы айтылғандай болатыны бар… Қазақ қоғамы туралы ғана ма? Тәуелсіздік ала алғаны бар, тәуелсіздік ала алмай бодандық бұғауын таз кепештей киюмен күні өтіп келе жатқаны бар күллі түрік жұртын «түрік халықтары (дұрысы түрік ұлт-ұлыстары) интеграциясын» сылтау етіп түрік мемлекеттері саммитінде сөйлеп жүрген Н.Ә.Назарбаевқа түрік тарихына терең бойламай, түрік халықтары келешегін тұтастыра ойламай, сол себепті ілесе алмай, тіпті жан тартпаса да экокмикалық тиімділігін ескеріп болса да қолдай алмай отырған бүгінгі түрік жұрты жайлы да толғанысты бүгін жазылған өлеңдей әсер ететінін қараңызшы. Түрік ынтымағы туралы («Хазарды еске алғанда) ХХ ғасырдың 20-шы жылдары өзбек ақыны Чулпонның (Әбділхамит Сүлейменов) Хазар (Каспий) теңізі жағасында отырып 1920 жылы жазған өлеңінің тағылымы, міне, осындай! Айналып келгенде ыдырауы тоқтамаған түрік халықтарының б.гінгі тағдыры, бүгінгі халі өлеңді осылай қабылдатып отырады. Бұл – бір жағы бүгінгі түрік халықтары трагедиясы, екінші жағы түрік халықтарының трагедиясын 1897-1938 жылдары өмір сүрген өзбек ақыны, шолпан десе – Шолпан жұлдызындай жарқырап шығып, жарқырап жанып тұрып, құйрықты жұлдыздай ағып өткен Чулпон өлеңінің өміршеңдігі! Өлеңнің поэтикалық әсерінің күштілігі соншалық, тарихи ситуациялардың ұқсастығы соншалық қазіргі қазақ (өзге де түрік мемлекеттері) мемлекеті Хазар тағдырын кешіп кетпес пе екен?-деп зәрең қалмайды…
Бұдан сәл бұрынырақ, татар туыстар қазақтың ұлы шайыры Мағжан Жұмабайұлының бір томдық шығармаларын өз тілдеріне тәржіма еткен еді. (Оны да бүкіл бүгіліс-түгілісін жазып, ішкі иірімдерін иіріп-шиіріп тамаша етіп аударған біздің Рәдиф Гаташ.) Мағжан күллі түрік дүниесінің гимнін «Түрікстанды» жазған ұлы түрікшіл. Тәуелсіздікке ұмтылған Түркиеге бағыштап «Алыстағы бауырыма» өлеңін жазғанын қосыңыз бұған! Біз бүгін жете алмай жүрген түрікшілдікке қазақ ақыны Мағжан, өзбек ақыны Чулпон ХХ ғасырдың 20-шы жылдары жеткен… Бұған дейін Мағжан сөйлеген татар тілінде. Енді, міне «өз ағамыз» — өсімтал (ХХ ғасыр басында 2,5 миллион еді. ХХ ғасыр аяғында 25 миллионға жетті, енді бүгін 35 миллион. Қ.Е.)өзбектің тамылжыған тамаша лирик ақыны Чулпон (Әбділхамит Сүлейменов) поэзиясын тәжге айналдырып төбеге көтере тәржімалап татар ағайындарға ұсынып отыр. Не себеп бар осында? Енді, осы бір сұрауға жауап берейікші.
Біріншіден, кеше Кеңес өкіметі бүкіл әділетсіздігі өз басына сор болып жабысып, ғазауат соғып ыдырағанда, татар, башқұрт, шуаш, саха, хакас .т.б дегендей бірсыпыра түрік ұлт-ұлыстары өз аяғымен келген тәуелсіздікті ала алмай қалды. Оларға тәуелсіздік өз аяғымен бармады. Минтемір Шәймиев сынды ақылман басшы басқаратын татар жұрты тәуелсіздікті соншалықты аңсап күтіп еді. Алармыз деп сонша мойнын созып, дәмеленіп бағып-ақ еді. Тіпті Қазан көшелерінің атауын түрікше орамға келтіріп латынша жаза бастаған болатын… Өкінішке қарай, «демократия қаншалық көлемде керек? Алыңдар!»-деп бастаған РФР Президенті Борис Ельцин татарға (өзге түрік ұлт-ұлыстары секілді) келгенде танабы тартылды да қалды. Татар КСРО-дан шығып кетуі үшін бір шет елмен шектесуі керек еді. Егер, Орынбор – қазақтың астанасы күйінде қалғанда Татарстанның өзінде 6 млн. саналатын татар ипташтар сөз жоқ тәуелсіздігін алар еді. Әттең, «тонның келтесінің» кебі келді де, татар ағайын тарихтың тәлкегіне ұшырап қала берді. Еге-ер, татар тәуелсіздігін алғанда, көршілес (енді татарлар шет ел болып саналады емес пе?) башқұрт, башқұрттан соң шуаш та өз тәуелсіздігін алар ма еді, қайтер еді?! Татарларға тәуелсіздіктің өзінің келмеуі, әйтпесе Ресейдің бермеуі себебі міне, осыдан келіп шығады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында түріктік патриотизм бір қазақ қаламгерлерінде ғана емес, түрік тектес халықтардың қай-қайсысында да шығандап көкке көтерілді. Татар ақыны Ркаил Зейдулла «Түрктер» атап мынадай өлең жазды.
Түркләр без!-
Кысан бу дөньяга
Тудырган да безне Ашина,
Жилдергәнбез житез тулпарларда
Жилләр, зилзиләләр каршына.
Түркләр без!-
Кузебез дә хәтта
Ук төзәргә диеп уелган.
Офыкларда югалабыз, чыгып
Тормыш дигән затсыз уеннан.
Түркләр без! –
Дөм карангы төндә
Дала бүресенен юлдашы.
Таш диварлар кыса хәзер жанны,
Ергая Күлтәгин ташы.
Түркәр без!-
Хәтер корбаннары:
Күзне йомып тып-тын тор гына,
Йөз меннәрчә кылыч күтәрелә,
Һәм төмәннәр яуга ыргыла.
Түркәләр без!-
Аларның да әле
Ин чыдамы икән ләбаса!-
Татар атын авыр аркан белән
Өстерибез гасырлар аша.
Түркләр без!-
Кеше арбасында…
Кулдан төште күптән дилбегә.
Сиздермичә әрнеп күз ташлыйбыз
Дөнья дигән атның биленә.
Түркләр без!-
Урман жәяүлесе
Адымнарын тыеп атласын! –
Арган жайдак камчы сабы белән
Кага яна гасыр капкасын. («Казан утлары» журналы 2003, №9.)
Жақсы өлең. КСРО ыдырап, кеңес құрсауында болған әрбір түрік ұлт-ұлыстары тәуелсіздікке талпынып жатқан сәтте жазған өлеңі татар ақынының. Біз татар ақынының өлеңін келтірумен шектеліп отырмыз. Шындығында көк түріктер тақырыбына қалам тартқан түрік ұлт-ұлыстары ақындары көп болды ол жылдары. (Қазір түрікшілдік патриотизмі әлсіреп кетті десек жарасады.)
Осының бәрінен ой түйсек, ХХ ғасыр басында бір «оянып» алып, кеңестік кезеңде қайта қалғып кеткен, ХХ ғасыр аяғында тағы бір оянып, бірақ тәуелсіздікке жете алмай салы суға кетіп жүрген татар халқын Рәдиф Гаташ сынды қайраткер ойдың, азаматтық пафостың ақыны қазақ Мағжан, өзбек Чулпон поэзиясын татар тіліне тәржімалау арқылы «рыноктық капитализмге» ессіз кіріп, ұлттық санадан ажырап бара жатқан ұлтын, халқын түріктік ынтымақ аясында қайта оятсам деген ағартушылық арман! Мағжанның «Түркістаны», Чулпонның «Хәзәр истәлеге» «іздегенге сұраған» болады да шығады. ХХ ғасыр басында түрітік ынтымақ, бірлік биігіне шыққан екі ұлттың екі ақыны түрік жұртын бүгін де оятуға жарайды. Тәуелсіздікке қолы жетпеген түрік жұртын тәуелсіздікке бүгін де шақыра біледі, шақыра береді ол өлеңдер. Сонымен қатар, тәуелсіздігін алған түрік жұртын – Тәңірі жеткізген тәуелсіздіктен айырылып қалмаңдар!-деп ескертіп тұрғандай әсер етеді.
Біле білсең, түрік жұрты Хазар тағдыры – Сенің тарихың. Сенің тарихың – сенің тағдырың. Хазардың аярлардан, азғындардан азар болған, іштен іріп азып-тозған, елін-жерін тастап Ауғанға қарай ауып кеткен (Құмық қана Кавказда) халқы әлі күнге елін-жерін сағынып жылайды деседі…
Тарих спиралды қайталанады дейді тарихшылар. Хазар тарихы қайталанбасын, тағдыр болып қазақтың басына, күллі түрік жұртының басына келмесін деп тілейік! Қазақ Мағжан, өзбек Чулпон өлең-сазы осындай мақамда!
Ақын бірнеше өлеңін («Жәй үткәч», «Әй болыт!») Шымкент шаһарында жазыпты. Оны айтасыз, Шымкент шаһарына арнап «Болаклар кочагында» аталатын өлең жазыпты жампоз ақын. Өлеңдерінің астыңғы жолында «Ташкент», «Бохора», «Әндижан», «Коканд», «Баку» (Бакы деп алуы керек еді), «Ош», «Хазар деңизи…» деген ныспы жазылыпты. Себебі ме? Себебі ол кезде «Тұтас Түрікстан» идеясы, тіпті «Түркістан республикасы» да бар еді мына ғаламда… Ол кезде ұлы Түрікстан жерін азаттық идеясы кезіп жүр еді… «Түрік дүниесін кезіп жүріп азаттыққа шақырған, «Түркістан республикасын» желіп жүріп азаттыққа үндеп маздап жанып, маздаған лирика жасаған ақын Чулпон!
Рәдиф Гаташ алдымен татардың тамаша ақыны, лириктікке тән табиғатпен маздап жанып, отаншылдық рух, рух азаттығы жайындағы ойларын махаббат сазына орап жазатын лирик. Сосын ізденімпаз тәржіман. Кімді аударса да төл тілінен, түпнұсқадан тәржімалауды ту етіп жүрген ол өнердің бұл саласында да барынша табысты. Ізденіп аударады. Мағжанды қазақ тілінен тікелей тәржімалау үшін бізден сөздік те сұратты, қазақ ақыны өмірі мен шығармашылығына қатысты әдебиеттерді де сұратты. (Өз басым қазақ-орыс тілі сөздігі» мен әдебиетші Ш.Елеукеновтің «Мағжан» аталатын кітабын жіберген едім). Енді өзбек тілі. Өзбек тілі қазақ тіліне қарағанда иран-парсы ықпалы көбірек кездесер тіл. Өзбек тілінен тәржімалау мехнатын да біраз шекті-ау біздің Рәдиф! Бұл жолы да солай еткен. Өзбекстаннан өзбекше-орысша сөздік алдырған. Хатип Миңнегулов, Рәзил Вәлиев, Лирон Хамидуллин сынды Өзбекстанмен байланысты оқымысты кісілермен көп кеңесіпті. Ақырында татар тіліне қалың қатпарын да, иірім-иірім шақтарын да жүйрік аударып жеткізіп, кітап етіп шығарыпты. Шығарған кітабын «Туркестанга – Кулбәк дуска Казандагы «туранчы» Рәдиф Гаташтан. Август 2015» -деген қолтаңбамен бізге – Түрікстанға жөнелтіпті.Әуел бастағы ұсыныс-тілегімізді қабыл алған, бітірген ісіне ризашылығы. Түріктік ынтымақ-бірлікке бір тамшы да болса үн қостым-ау деген қанағат сезімі!