АЛЫП, дәу — 1) түркі-оғыз заманынан бері батырлардың, хан-сұлтандардың, қолбасшы ерлердің есіміне қосылып айтылып келе жатқан мәртебелі ныспы. Мыс., Алып Бамс (Алпамыс), Алып Арслан, Алып Тегін, Алып Ая, т.б. түркілердің 7 ғ-дағы бәдіз жазуларында да А. сөзі “күшті”, “батыр адам” деген мағынаны білдіреді. А-тың бұл мәні түркі тілдес елдердің ертегі-жырында сақталып қалған (алып батыр, алып ер, алып Манас, алып туған Қобыланды, т.б.). Сонымен қатар қазақ ертегілерінде А. сөзінің тарихи мәні біраз көмескіленіп, бұл сөз мифтерде (қиял, аңыздарда) кездесетін дәудің синониміне де айналған. Оның себебі халықтың алыпты да, дәуді де зор денелі, жаратылыстан тысқары жойқын күш иесі, олардың женбейтін жауы жоқ деп түсінуінде жатыр; 2) ежелгі грек мифологиясындағы аспан тәңірі Уран мен жер тәңірі Геяның ұлдары. А- тар Олимп тұрғындарына қарсы шығып, құдіретті Зевс бастаған құдайларды үрейлендірген. Геракл мен жалғыз көзді дәулердің көмектесуі ғана құдайларға жеңіс әпереді.
Бұл шайқасты “алыптар шайқасы” деп атайды. Алыптар шайқасы — грек мифологиясы мен өнеріндегі ең жиі кездесетін тақырыптың бірі.