Құлбек ЕРГӨБЕК
филология ғылымдарының докторы, профессор Жазушы, ҚР Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
Түркістан/Қазақстан
kulbek1952@mail.ru
ХХ ғасырдың сексенінші жылдары.
Қазақ әдебиетінің ғажайып тарихшысы профессор Бейсембай Кенжебайұлы алдына шақырып алып әңгіме айтып отыр.
Жиырманшы (Ол кісі солай айтатын. Қ.Е.) жылдары Ташкенттің жетім балалар үйінде тәрбиелендім. Көзіміз көрді сол жылдары Түркістан мұхтарияты құрылды. Түркістан республикасы. Әруағыңнан айналайын Нәзір, Сұлтанбек, Тұрар ағайлар бірі басшы, бірі қосшы болып осы республиканың ісін жүргізді. Оған татардан Ғаяз Ысқақи, башқұрттан Ахмет Зәки деген кісілер тілектес болған. Олар өз елдерінде бірі Башқұрт автономиясын құрған, келесісі «Орал-Еділ» республикасын құрмақ болған жандар еді. Екеуі де Түркістан республикасына тілеулес болған айтулы азаматтар еді, шіркін! Кейін Түркияға қашып кетіп, совет өкіметінің жазасынан аман қалды. Ахмет Зәки баспашылар (ол кісі солай атайтын.Қ.Е.) құрамында Совет өкіметіне қарсы күрескен үлкен қайраткер еді. Ал біз болсақ, Москвадан демалысқа келген кезімізде Ғани Мұратбаевтың ұймдастыруымен М.В.Фрунзе отрядына жанама сеп болып баспашыларға қарсы күрестік. Алғашқыда бізді баласынып қару бермеді. Қолдан газет шығарып оны қазақ, қырғыз, өзбек ауылдарына апарып таратып, тарата жүріп баспашылардың жайын біліп, Ташкентке ұйысқан әскерге келіп баяндап отырдық. О, ол кезде Абдолла Жармұхамедов ағайдың дәуірі жүріп тұрды. Ол атты әскерді басқарды. «Алай операциясын» ұйымдастырған. Жауынгерлік айырықшы еңбегі бағаланып үш мәрте «Жауынгерлік Қызыл Ту орденімен» наградталған еді. Арамызда бір комсомолымызды Қорбашы аттың бауырынан еңкейіп іліп ала жөнеліп шауып кете барды. Ертеңіне ауылдың шетіндегі үйден жолдасымыздың өлігін тауып алдық. Бойында бойтұмары бар еді. Онда комсомолдық билеті жасырылған. Баспашылар өзін өлтіріп, комсомолдық билетін турап тастапты. Онысы бізге ескерту сияқты еді. Осы қанды оқиғадан кейін бізге қару берілді…
Жетім балалар интернатында бізді Садуақас Оспанов тәрбиеледі. Ол интернат директоры еді. Өзің білетін қазақтың тұңғыш дирижері Тұрғыттың әкесі… Өткенде келіп менен әкесі туралы естелік жаздырып алып кетті ғой…
Бейсекең шапыраштанған жанарымен маған қарады. Жанары аспандағы ала-шарбы бұл секілді еді. Ақсақалды жайландырам ба деген оймен іле сұрау бердім.
Әкесі Садуақас Оспанов. Дұрыс-ақ. Ал, баласы неге Османов?
Е, қарағым Садуақас ағай тамаша педагог, журналист адам еді. Тағдыры ауыр болды. Оны кейін бір шешіліп отырып әңгімелеп берермін. Қысқасы, Садуақас ағай Семей жағына барып бір ауданның басшысы болып қызмет істеп тұрып 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен атылып кетті. Екі қарындасы бізбен бірге оқитын. Фатима есімді біріне досым, қазақтың тамаша ақыны Ілияс Жансүгров үйленді. Бір бала тапқан соң ажырасты. Бірі ерленбей қалды. Ә, әңгіме Садуақас ағай туралы еді ғой. Өзі «халық жауы» болыпұсталып, атылып кеткен соң, әйелі, бала-шағасының көрмегені жоқ мына өкіметтен. Тұрғыт та түртпекті көрудейін көрді. Ақыры Москваға кетіп оқыды. Фамилиясын көз алдау етіп «Османов» етіп алды емес пе?!
Ақсақал күрсініп салды.
Иә, аға әңгіме Түркістан республикасы туралы еді дедім мен.
Біздің тәрбиешіміз қазақтың атақты ақыны Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің баласы Мұхамедәмин Жүсіпов. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақты Уфадағы медресе Ғалияны Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Сәйфи Құдашпен бірге оқыған Зейнел Ғаби Имажанов ағай оқытты. Жетім балалардың тәрбиесіне Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов, Тұрар Рысқұлов, Садықбек Сапарбеков, Ғани Мұратбаев, Әбдікәрім ағай көп араласты. Сұлтанбек ағай «Ақ жол» аталатын газет ұйымдастырған еді. Оны бүгінгі «Социалистік Қазақстан» газетінің басы деуге болады. Тамаша газет еді. Біз жастай сол газетке хабар-ошар жазып бастадық. Жазғанымыз жарияланып тұратын. Газетке кейде Міржақып, кейде Сұлтанбек қол қоятын… Сұлтанбек ағай арқылы Міржақып Дулатовпен таныстық. Міржақып ағай арқылы Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов бастаған Алашордамен хабардар болдық. Кейін біліп жүрміз ғой, Сталин Алашордаға күн бермеген екен ғой қудалап. Ленин берген кешірімді де қайтып алып қойыпты. Қудалап түрмеге тыққан, түрмеден келген соң қайтадан ізіне адам салып, қайыра қамап әбден мазасын алған. Ақыры бәрін атып тынды… қарағым! (Ол бет орамалын алып жасаураған көзін сүртті.) Босаған көңілін тиып, қайыра қайраттанды. Өлімге қиятын адамдар ма еді олар?! Сол қуғын-сүргін арасында жүріп Түркістан республикасы аяқтана бастады. Сол қуғын-сүргін арасында жүріп Алашорда ардақтылары Ташкенде қазақтың бар саладан оқулығын жазып, ғылымын негіздеді, бар жанрда еңбектеніп, көркем әдебиетін өркендетті. Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегінен бастап Алашорданың бар жазған кітаптары Қазанда сақтаулы. Қала берді Москвада Ленин кітапханасында түп-түгел. Мен Ақаңның «Әдебиет танытқышын» жасырып сақтап келіп едім. Қартайдым. Ауру айналдырды. Сосын шәкіртім Рымғалиға беріп едім. Ол мақтанып айтып қойған ба, пәлеге басымыз қала жаздады. Алашорданы айтқызбайды.
«Жылымық кезі» деген болыпты. Н.С.Хрушевтің кезінде. Сол кезде орыстар бірсыпыра жазушыларын ақтап алды емес пе?! А.Т.Твардовский мұрындық болып Иван Бунин ақталды. Шет елге қашып кеткенімен кейін қайтып келген Куприннің жолы ашылды.
Москвада Хрушевпен бір үйде тұрғанмын. Ол басында Сталин саясатын сынап, демократ болғансыды. Бірақ, коммунистік қорғанды бұзу қайдан оңай болсын? Бұза алмады. Оның үстіне өзі де арақұмар адам еді.Бастаған ісін аяғына дейін алып бара алмады. «Жылымық» басталғанда аузы күйіп қалған біздің қазақтар үркіп қарап отырды. Анау Хайролла досымды қабатыма алып жалпы тізіммен ақталған Мағжан ағайдың шығармаларын шығарсақ деп біз талпындық. Досым, бір-ер кітабымды аударған Жовтиске айтып Мағжан өлеңдерін орыс тіліне аударттым. Зұлайха жеңгей сондай қуанып жүрді. Әне-міне Москваға апарып жариялатуды ойлап жүргенде Қаз ГУ-дің комсомол ұйымының бірінші хатшысы, (ол да менің шәкіртім) Орталық Комитетке жасырын хабарлап қойып, бәрі жабылып қалды, қарағым.
Бәрін бірге қамтымай, неге бір Мағжанға тоқтадыңыздар?
Москвада оқығанда (1924-25 ж.) Мағжан бізге қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Татар, өзбек, қырғыз, башқұрт, қарақалпақ балалары бәріміз бірге оқимыз ғой. Сабақ орысша. Бірақ, бәрімізге қазақ тілі оқытылды. Мағжан Ташкеннен орыстың тамаша ақыны В.Я.Брюсов ашқан «Өнер институтына» келіп оқып жатты. Әрі бізге сабақ береді. Маған ұстаздың ықыласы ауды. Мені әдебиетке баулыды. Сабақты өте қызықты өткізетін еді. Кәдімгі өзіңмен әңгімелесіп өткізеді. Орыс ақындарынан достары көп болды. Білімпаз Брюсов, Блок, Белый… Оның М.Горькиймен де байланысы болды. Бір ұсталып сотталғанында М.Горькийдің әйелі арашалап алған ғой Мағжанды. Жылымық кезінде бір ақталса, орыс әдебиетімен тығыз байланысты Мағжан ақталар деген үміт болды бізде. Сөйт-сек, бәрі бекер екен. Коммунистер кешірімсіз екен. Оның үстіне біз Мағжанды аударып орыс ортасына жеткізе алмадық. Дайындық жасап жүргенде арақпаз Хрушев орыстың өнер адамдарымен ұстасып қалды ма?! Қысаң режимді кеңітемін деп білек сыбана кіріскен Хрушев кейін ол ойынан айнып қалды. Өнер адамдарын өзі қуғындай бастады. «Жылымық» сонымен бітті. Мағжанды қайта жаптық. Мағжанмен бірге бүкіл Алашорда қайта жабылды.
Сол жылдары Сәбит (Мұқанов) Шәкәрімді ақтау керек деп әңгіме етіп жүрді. Бірақ, өзін оқытқан ұстазы Мағжанға қарсы болды. Әбділда да қарсы болды-ау Мағжанға. Сәбит өзінің Алашордаға қарсы жазылған «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті: ұлтшылдық, байшылдық дәуірі» (1932 ж.) аталатын сұрқия кітабын өңдеп қайта бастырмақ болып Қазақстан Жазушылар одағына хат жазып ұсынған. Бірақ, «жылымық» тез аяқталып, қайтадан «қара суық» басталып кеткен соң, Алашорданы ақтау, ол жайында жазылған сынампаз кітапты талқылауға ешкімнің де батылы жетпеді. Біздің әрекетіміз әлгіндей болып тұйықталды.
Өкінішті,-деймін мен. — Өкінішті. Қазақ жазушылары қызық. Әп-әдемі іс бастап, аяғын қой болдыға айналдырып жібереді.
Олай болатын себебі бар. Егер, Алашорда ақталса оның шығармаларын пайдаланған адамдар әшкере болады. Оларды көрсетушілер кіналанады. Содан да қорқады.
Кім сонда көрсетушілер?
Мағжан жөнінде Сәбитті атайды жұрт. Зұлайха (Зылиха) жеңгей Әбділдадан (Тәжібаев) көреді… Білетінімді айтайын, менің Жүсіпбек (Арыстанов) досымды және Хамза Есенжановты ұстатқан менің екінші бір досым Есмағамбет (Ысмайылов). Ал, Ілияс (Жансүгіров) досымды көрсеткен Мұхаметжан (Қаратаев). Қарағым, бұл әңгімені қоя тұрайық. Саған бүгін айтайын, ойласайын деген әңгімем басқа еді.
Басқа әңгімені қоя тұрып осы әңгімені қаузайық тә, аға. Мынау қасірет әңгімесі екен. Кейінгі ұрпақ біле жүретін.
Е, қарағым, Алашорда тақырыбында әңгімелеу оңай емес. Олардың бәрін ұстаз тұттым. Бірсыпырасының көзін көрдім, араластым. Ауыр, ауыр олар туралы әңгімелеу. Жаныңды жаралайсың. Жарым жүрегің ауырады. 1960 жылы «Жиырмасыншы жылдардағы қазақ совет әдебиеті» аталатын кітабымда Мағжан, Жүсіпбек, Смағұлдың аттарын атап, шығармаларын жанр табиғатына қарай талдап көрдім. Болмады. Редакторым Айтбай Хангелдин еді. Оны да көндірдім. Бірақ, лито қырқып тастады. Смағұл жайында біраз мәлімет қырқыдмай қалды. Сол секілді Мағжан мен Жүсіпбектің шығармаларының аты шолудың ішінде сақталып қалды.
Смағұл Садуақасов Сәбит Мұқановтың «Теміртас» романында мейлінше нашар көрсетілген ғой. Ол жайындағы тараушаңыз кітабыңызда қалай сақталып жүр, ағай?
Е, Сәбит Алашорданың қайсысын оңдырып еді?! «Мөлдір махаббат» романында Сейдәзім Кәдірбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Бегайдар Аралбаев бәрін-бәрін алдырмас жау етіп көрсетеді, берілмес дұшпан етіп суреттейді. «Өсу жолдарымызда» да солай. «Өмір мектебі» мемуарында Сұлтанбек, Нәзір ағайларды масқаралайды… Е, оны қой, қарағым.
Сонда өмірде ол кісілер ондай болмаған ба? (Сәбитті зерттеп жүрген басым жазушыны жамандыққа қимай-ақ отырмын.)
Қалай айтайын, енді? Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек бұлар Алашорда партиясы құрамында болған, сол партияны негіздеген кісілер. Қателік болған шығар. Кешіруге болады ғой. Қазақ өз алдына ел болса деп армандаған. Ол айып па? Айып болған күнде кешіруге болады. Ленин оларды кешірген. Сталин ғой оңбаған! Кейін коммунистік партия қатарына амалсыз кірді ғой олар… Смағұл, Сұлтанбек, Нәзір, Бегайдар ағайлар коммунист болған. Шын мәнінде коммунист. Коммунист өз халқын, өз ұлтын сүймеуі керек пе?! Олай емес қой! Ленинде олай айтылмайды. Ленинде әрбір ұлт өз алдына дербес ел боламын десе де ерікті делінеді.
Алашорданы Алашорда дейік. Ал, Смағұл, Сұлтанбек, Нәзір, Бегайдар
коммунист деп отырсыз. Онда неге Сәбит оларды жек көреді?
Әр түрлі себебі бар. Сәкен Нәзірмен айтысып қалған. Сәбит Сәкеншіл. Сұлтанбек ағай Сәбитке жекіген. Ол кісі бізде тап ақыны деген болмайды деп қарайтын. Ал Сәбит тапшыл. Сәбит пен Смағұл тіпті бір өңірдің қазақтары. Бір рудан болуы да мүмкін. Смағұл мен Ғаббас немере туыстар сияқты еді. Ана жылы Павлодарға барып «Қызыл Ту» облыстық газетін құрғанмын. Сонан білемін.
Иә, бәрі коммунистер. Сәкен, Сәбит, тіпті Тұрар бұлар Алашорданы жек көреді. Тапшылдар. Ал Смағұл, Сұлтанбек, Нәзір, Бегайдар ағайлар коммунист бола тұра, Алашорданы жақын тартады. Ленин оларға кешірім берді. Олай болса, қазақ мәдениетін қалыптастыруға Алашорда өкілдерінің білімін, дарынын пайдалануымыз керек. Ұлтты сөйтіп өсіруіміз керек деп біледі. Мағжанның кітабына Ташкентте алғысөз жазып жарыққа шығарған Сұлтанбек ағай. Кейін сол үшін күйді ғой.
Сәкен, Сәбит, Тұрар… тапшылдар не дейді?
Олар Алашорданы ату керек, құрту керек-дейді. Солай болды, қарағым.
Ой, мына әңгімеңіз шатақ екен. Сіздің бұл әңгімеңізден кейін мен Сәбит Мұқановты қалай зерттеймін?
Шатақ болса да шындық солай, қарағым. Оған қарап Сәбитті зерттемеу керек деген ұғым тумауы керек. Сәбит зерттеуге тұратын тұлға. Тұрсынбек (Кәкішев) Сәкен туралы өмірбяндық очерк кітабын жазып, Москвадан «Жизнь замечательных людей» сериясынан әдемі кітап етіп бастырды. Сәбит Мұқанов туралы да сондай кітап жазып, Москвадан бастырсаң, тіпті құба-құп! Тап деп айқайлап жүрсе де Сәбит бірсыпыра мұра қалдырған үлкен жазушымыз.
Ә, солай ма, аға?! Оныңызға рахмет!
Мен де коммунистпін. Бірақ, көзқарасына қарап, ешкімнің де шығармасына, мұрасына қиянат жасауға болмайды. Шет елде солай. Ана жылы бір Америкалық ғалым үйімізде қонақ болды. Содан білгенім Америкада да коммунист жазушылар бар екен. Олар көзқарасы үшін қудаланбайды. Тіпті Нобель сыйлығын алған коммунист жазушы да бар екен.
Мен әңгімемді Түркістан республикасы туралы әңгімелеп бастап едім. Республиканың «Ақ жол» аталатын органы болғанын айттым. Алашорданың күллі өкілі сол газеттің бетінде жарияланып тұрған. Сұлтанбек сол үшін күйді кейін. Оның үстіне Мағжан Ташкентте «Шолпан» журналын шығарған. Журнал бетінде де Алашорданың көп дүниесі жарық көріп жатар еді. Мұхтардың да бірсыпыра шығармасы осы екі газет, журналда жарияланар еді. Біз оқыр едік. Жиырманшы жылдары Мұхтар да Ташкентте тұрған. Өзің білесің, біз Нұртас Оңдасынов, Жүсіпбек Арыстанов, Өтебай Тұрманжанов бәріміз Ташкентте №14 жетім балалар үйінде бірге оқығанбыз.Біздің өмірімізді Жүсіпбек «Таң жұлдызы» аталатын шығармасында жақсы көрсеткен. Оған мен рецензия жазғанмын. 1923 жылы №14 интернаттың біраз баласы дайындық курсынан өтіп Москваға И.В.Сталин атындағы күншығыс еңбекшілері коммунистік университетіне түсіп кеттік те, Нұртас, Бктас (Шынарбаев), Райымбек (Ахметов) секілді балалар орман шаруашылығы техникумына түсіп, Ташкентте оқыды.
Оларға Ташкентте оқып жүрген Мұхтар Әуезов қазақ тілінен, бәлкім әдебиетінен де сабақ берген.
Әңгімеңіз Түркістан республикасы туралы…
Иә, иә. Осы күні бірді айтып бірге кететін болып барамыз.
Әлкей досыңыз айтқандай көп білесіз, білген соң айтасыз дә…
Ой, Әлкейдің білімі сұмдық қой. Е, Түркістан республикасы.
Осы аға, Түркістан республикасы, Түркістан республикасы дейсіз де отырасыз… Әр әңгімеңізде айтылады Түркістан республикасы. Сонда Түркістан республикасы қандай құрылым?
Е, мына сұрағың дұрыс енді. Әңгіменің басында татар Ғаяз Ысқақиді башқұрт Ахмет Зәки деген қайраткер кісілерді айттым емес пе?! Олардың бірі Башқұрт автономиясын құрмақ. Бірі Ғаяз Ысқақи Орал-Еділ республикасын құрмақ. Бұл түрік халқын біріктірмек мақсатта. Бақылап отырған коммунистер(Ленин. Сталин) түрік халқының бірігіп кетуінен қауіп ойлап Ахмет Зәкиге «Башқұрт республикасын» құруына әдейі рұқсат беріп жіберді. Мақсат түрік халықтарын ыдырату. Ғ.Ысқақи біртұтас татар, башқұрт болып отырған елге ырың-жырың кіргенін көріп бармағын тістейді. Башқұрт автономиясының алдамшы екенін кейін Ахмет Зәки де түсінеді. Бірақ кеш. Ахмет Зәкидің Ташкент тысынан келіп баспашыларға болысатын себебі енді оның көңілі Батыс Түркістанда (Орта Азия) Түркістан республикасын құруға ауады. Әуел баста Түркістан республикасы Россияға дербес түрік халықтарының ортақ мемлекеті болмақ ойда. Башқырлық татар Мирасит Сұлтанғалиев деген мықты қайраткер болған. Оның ойынша түрік халықтары бірігіп бір мемлекет болғысы келген. Оған бізден Тұрар Рысқұлов қана шендесе алды. Тұрарды түрікшіл деп айыптайтын себебі міне осыдан! Бірақ, кейін коммунистік қысымға шыдамай Тұрар ол ойынан айныды. Тіпті Түркістан республикасына қарсы жұмыс істеді. Сол кезде Сұлтанбек Түркістан республикасы Россиямен қатар жасайтын, тілектес жасайтын (Монғолия сияқты) коммунистік бағыттағы дербес мемлекет болсын деп жұмыс істеді. Түркістан республикасы – коммунистік республика. Оған Сталин тарыншылық жасамай-ақ қоюы керек еді. Оған тарыншылық жасап жүрген де өзіміздің қазақтар.
Кім сонда, аға? Мынау масқара екен!
Мағжан ағайдың айтуына қарағанда Сәкен, Тұрар.
Қалай тарыншылық жасаған?
Сталинге жамандап хат түсірген, кіріп айтқан.
Не дейді сонда?
Түркістан Алашорданың республикасы. Сұлтанбек Қожанов қой терісін жамылған қасқыр. Ол бүкіл Алашорданы қанатының астына алды. Қайтпас алашордашыл Мағжанның кітабын шығарды, «Ақ жол» газетін Алашорданың қызметіне қойды. Солар жарияланады… Көп қой тағылған кінә.
Сталин қимылы қалай болды, аға?
Сталинді біздің қазақ қайраткерлері мойындай бермеген. Әсіресе Сұлтанбек көп келіспей қала береді. Бетіне айтып салады.Бәрі Сталиннің намысына тиеді дә. Басы Алашорда болып басталған тұзақ Сұлтанбекке тасталып тұр емес пе?!
Алдымен «Ақ жол» Түркістан республикасының органы ретінде жабылды. Ол енді келіп Шымкент қаласының аудандық газетіне айналды. 1925 жылы КУТВ-ны
бітірген соң мен «Лениншіл жасқа» (әрі газет, әрі журнал) редактордың орынбасары, Жүсіпбек (Арыстанов) «Ақ жолға» редактор болып қатар келдік. Ұзамай қағаз тапшы деген сылтаумен «Лениншіл жас» журналы, «Ақ жол» газеті жабылды.
«Ақ жолдың» тігіндісі сақталмаған ба?
Неге сақталмасын?! Сақталған. Ташкентте. Москвада Ленин кітапханасында. Ташкентте Низамиде сабақ беретін шәкіртім Қыдырәлі Саттаровқа айтып ана жылы Ғұбайдолла Балақадыров деген ақынның өлеңдерін көшіртіп алдым. Менде сақтаулы. Саған беремін. Оқисың. Ұлтшыл ақын. Ұнаса жазасың.
Қыдырәлі Саттаровты білемін ғой. Оны фольклорға салғанша неге «Ақжол» газетін зерттетпедіңіз?
Ойымда болды. Бірақ, қорғатпайды. «Ақ жол» газетін ататпайды. Не жазсам да ол газеттің атын атамай материалын пайдаланып жіберіп жүрдім. Газеттің атын Темірбек (Қожакеев) екеуміз баспасөз тарихын жазғанда келтіргенмін. Темірбекке айтып едім. Әзір «Ақ жолға» жолы түспей келеді.
Орыста «Литературные памятники» аталатын серия бар. Академиялық серия. Орыс әдебиетшілері «Колокол», «Свисток», «Северная лира» секілді газеттік басылымдарын зерттеп факсимилиясымен кітап етіп шығарды. «Ақ жолды» солай етсе ғой, шіркін! Күні туар. Кім біледі. «Ақ жол» түгілі демократтық бағыттағы «Ай, қап» журналының өзім айлап отырып архивтен көшіріп алған материалдарын Рымғали екеуміз кітап етіп шығарайық деп «жазушы» баспасына тапсырдық. Шықпады ғой. Шықпа – ды-е. Бұл қазаққа ештеңенің керегі жоқ па деп ойлайсың кейде.
«Ақ жол» газетін ұйымдастырған Сұлтанбек ағай. Номер сайын Сұлтанбектің үлкенді-кішілі материалдары жарияланып отыратын. Ғани бастап «Артық етемін деп, тыртық ету жарамайды» деген мақала жазып біз де қатысқанбыз «Ақ жолға». Өзіміз «Ақ жол» газетін сынаймыз. Сол мақаламызды «Ақ жол» басты… Әй, турашыл еді ғой, Сұлтанбек ағай!
Сұлтанбектің қызы бар осында. Алматыда тұрды. Әкесі туралы естелік жазып бердім. Сұлтанбек негізі ақталған адам. Қызына (Зиба) «Ақ жол» газетінен әкеңнің материалдарын жинап әкелсейші Ташкеннен, кітап етіп бастырайық. Ұмытылмасын дә Сұлтанбек ағай-дедім. Істемеді. Кейін Москваға көшіп кетті-ау. Әлихан Бөкейхановтың қызы Лизаға ұқсап орысқа тиген дей ме?! Бірдеме әйтеуір… Нәзір ағайдың қызы да Москвада тұрады. Жүсіпбек хат жазысып тұрады…
… Бейсекең терең ойға батты. Көңілі нала, көзінде жас. Талайдың тағдырын тас талқан етіп құртқан Совет өкіметіне нәлет айтып отырғандай ішінен.
Әлден уақытта басын көтерді. Сені шақырғандағы мақсатым Түркістан республикасының жайын айтайын деп едім. Түркістан республикасы тарихы өзбек ғалымдары тарапынан бірсыпыра зерттелген. Өзің білетін шәкіртім Көбей ғалымдығының үстіне өзбек тілінен аударатын тәржіман. Бірсыпыра шығарма аударды. Барыс-келіс жасап жүреді. Сол Сейдеханов Көбей жақында маған Ташкеннен Түркістан республикасы тарихи хроникалық тізбесінен құрастырылған мына кітапты ала келіпті. Осыны саған берейін дедім. Оқы, таныс. Сосын жоспар құрамыз. Ташкенге бараып, архивте отырсаң. Республика тарихын зерттерсің. Республиканың органы «Ақ жол» газеті тігіндісін ақтарарсың. Ташкентте Натан Маллаев бар. Сыйлас жүреміз. Бірсыпыра шәкірттерім бар. Бәрі де саған жәрдем береді. Осыған кіріссек. Әзірге сен мына кітаппен таныс. Ол қасында стол үстінде жатқан қызыл кітапты алып менің қолыма ұстатты… «Резолюции и постановления съездов Коммунистической партии Туркестана (1917-1924 гг)…
Кітапты қуана-қуана қойныма тықтым…
Р.С. Желтоқсан оқиғасы, «Қазақ ұлтшылдығы»…қым-қуыт уақыт белең алды. Ұлт басына іс түсті. Ұлтшыл ғалым Бейсекең денсаулығы нашарлай берді. Ташкентке іс сапар кейінге ысырыла берді. «Социалистік Қазақстан» газетінде істейтін тәп-тәуір қызметті Оңтүстік Қазақстандағы меншікті тілшілігіне алмастырғымыз да келді. Ташкенге жол ашу. Басшылық көнбеді. Бөгде кісіге уәде берілген. Аласапыран уақыт ұршықша иірді. Ілдеалдап Оңтүстікке жеткенмен аяғымыз «Ақ жолға» жетпеді. Мемлекеттік қызметке кірісіп кеттік. Адым қысқара берді. Уақыт өте берді. Күндердің күнінде «Түркістан мұхтариятын» зерттейтін жас азамат табылды. Хазірет Тұрсын! Біз аяулы ғалым профессор Бейсембай Кенжебайұлының аманат тақырыбына бел шеше кіріскен Хазіретке Бейсекең ұсынған кітапты ардақты адамның аманатын қоса тапсырдық!