БЕРЕКЕ БІРЛІК БАСТАУЫ — ӘЗ-НАУРЫЗ

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ
филология ғылымының докторы, профессор

ҚР ҰҒА-ның академигі
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері
Халықаралық «Қазақ Тілі» қоғамының президенті
Алматы/Қазақстан


Ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан, тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан төл мерекелеріміздің ұлығы – Наурыз екені көпшілікке аян. Кеңестік кезеңде бүкіл халық болып тойлауға тыйым салынғанына қарамастан, әз-Наурыз ел жадынан толықтай өшкен жоқ. Ауылдық жерлерде көне көз, ескі құлақ ата-әжелеріміздің бастауымен әрқандай тәсілдермен арагідік аталып өтіп тұрды. Ұзақ жылғы үзілістен кейін төл мерекеміздің қайта жаңғырып, бағы жанған кезі Тәуелсіздік алар қарсаңға сай келді. Сол тұста халқымыздың біртуар ұлдарының бірі – Өзбекәлі Жәнібеков «Наурызды елден, елді Наурыздан ажыратуға болмайды», — деп Әз-Наурыздың Алаш жұрты үшін қаншалықты маңызды екенін дөп басып айтып қана қоймай, оның бүкілхалықтық сипат алып, ресми мереке болып орнығуына көп күш салды.

Қазақ халқы үшін Наурыздың орны бөлек. Халқымыз бағзы замандардан бері Әз-Наурызды сағына күткен. Бұл күні үлкен-кіші, кәрі-жас тайлы-таяғымен жұмыла жиналып бас қосқан, өткенге салауат, барға береке айтқан. Асқақ армандары мен үкілі үміттерін келер күнге ұштастырған. Алдан тек жақсылықтар күткен. Өткенді саралап, болашағын болжаған. Өйткені Наурыз – мереке атаулының ұлығы, жылдың басы, тіршіліктің бастауы, күн мен түннің теңелген, тіршілік атаулының жанданып-жасанған, жер-дүниенің түлеп-түрленген, мал-жанның өсіп-өнген күні. Бұл мейрам – дін мейрамы емес, діл мейрамы. Сондықтан да дана халқымыз осынау күнді – Ұлыстың ұлы күні деп ардақтап, оны қай кезде де еңсесі биік ерліктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесіне балаған.

Халқымызбен қайта қауышқан Наурыз мерекесімен бірге еліміздің бағзыдағы бай тарихы, мәдени мұрасы, ана тілі қайта түледі. Ұлт жадынан өше бастаған, көмескі тартқан ұғым-түсініктер жаңғырды. Бастысы еліміздің ұлттық санасы оянып, рухы көтерілді. Осының бәріне де Наурыздың қосқан, қосып келе жатқан және қоса беретін үлесі ерекше деп білемін.

Соңғы кездері баспасөз беттерінде Наурыз мерекесін атап өтуге байланысты әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Олардың сарқып құяр сағасы – Наурыз мерекесін тойлаудың әлі де ретке түспегендігі. Арнайы тәртібінің жоқтығы.

Сонымен бірге Наурыз мерекесін атап өтуге арналған арнайы күн ретінде 21-23 наурыз аралығы ресми түрде мемлекеттік мереке болып белгіленгеніне қарамастан, әрбір мекеме өзі қалаған кез-келген күні, тіпті сәуір айының ішінде де үздік-создық өткізіп жатады. Мерекеге мән бермей, мүлдем елеусіз қалдыратындар да бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Наурызға деген ерекше құлшыныс болса, жыл өткен сайын ол қарқын бәсең тартып, солғындап бара жатқан сыңайлы. Мұның бәрі де ұлтымыздың ең ұлық мерекесі әрі төл мейрамын атап өту тәртібін ретке келтірудің, айрықша назар аударудың қажеттігін көрсетеді.

Сондай-ақ, Наурыз мейрамының шығу төркінін, тарихи тамырын, жөн-жоралғыларын тектеп тексерудің де өзектілігі айқын.

Наурызды ұлыстың ұлы күні деп жатамыз. Осындағы ұлысымыз не? Біздіңше, «ұлыс» сөзінің мәні ел, халық ұғымынан бөлек секілді. Күн мен түннің теңелуін, тіршіліктің жандануын, дүниенің ұлы дүбірге толуын алсақ, мұның барлығы да ұлы құбылыс, ұлы іс емес пе?! Сондықтан ұлысымыз – «ұлы құбылыс», «ұлы іс» болуы әбден мүмкін.

Қазақтың бойынан бір жылтыраған жақсылық көрсек, өзімізге қимай оны өзгеден іздейтініміз бар ғой. Сол әдетпен Наурызды парсы тілінен енген сөз, парсыша «нау» (жаңа) және «руз» (күн) – Жаңа жылдың бірінші күні деген мағынаға ие деп жүрміз. Осы мәселені қайта қараған жөн секілді. Табиғатпен біте қайнасып өмір сүрген, күн райының қабағын баққан ата-бабаларымыздың күн мен түннің теңесуін білмеуі, оны жаңа жылдың басы деп қарамауы мүмкін емес. Мереке астарына тереңдей үңілер болсақ, оның жай ғана табиғат жағдайының әсерінен туған, өзгеден көшіріп алған мереке емес, тұла бойына ұлтымыздың дүние танымын, ғарыштық түсінігін, тылсым сырларын бүккен төл мейрамымыз екенін аңғаруға болады.

Қазақтың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, «Наурыз – қазақша жыл басы. Біздің Жаңа жылымыз – Наурыз марттың басындағы болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынамен Жаңа жыл деп айтуға лайық» десе [1], Міржақып Дулатұлы «Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа күншығыс жұрттарының көбі мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрамы етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше 9-ында, жаңаша 22-сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі» деп ойын сабақтайды [2].

Ал Мағжан Жұмабаев «Қазақ Жаңа жылы – жазғытұрғы күн мен түннің теңелген күні (22 март) болады. Жаңа жылдың ертеңіне жарық, жылы күн қараңғы суық түннен ұзара бастайды. Бұл реттен қазақ Жаңа жылы ғылым қойнына да басып кіріп қалады. Қазақ Жаңа жылын «Наурыз» дейді [3]. Наурыз әулиенің, әнбиенің аты болмаса керек. Сондықтан, қазақтың Наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы. Шаруашылық мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып қоғамға пайдалы игі іс жасайтын, ауыл, адамдармен ұйымдастыратын мейрам ету керек.

Әр халықтың өзінше Жаңа жылы, жыл басы болады. Азияда Жаңа жыл – жазғытұрым, қазақ елінде – наурыздың жиырма екісі. Жаңа жыл күні қазақ күн райына қарай алдағы жазды рақатты, рақатсыз болады деп болжау жасайды. Қар тез кете ме, жаз жылдам бола ма деп болжам жасайды», — дейді. Осы пікірлерді саралай келгенде, Наурыздың дүниетанымдық астарларына әлі де тереңдей үңілудің қажеттігі байқалады. Тілімізде «нау» түбірінен тамыр тартатын көптеген сөздер бар. Наурыз ұғымына лингвистикалық, герменевтикалық, мифологиялық талдаулар жүргізсек, оның қазақтың төл сөзі екендігін дәлелдеуге болады. Мұның барлығы да арнайы зерттеудің еншісі болғандықтан, бұл жерде оған кең тоқталудың реті жоқ.

Жоғарыда айтқанымыздай, соңғы кездері Наурыздың жалпыхалықтық мереке сипаты солғындап, ұлттық салт-дәстүрді бейнелейтін тар ауқымды көрме деңгейіне түсіп бара жатқандай әсер қалдырады. Мереке деген алаңда сеңдей соғылысып, шектеулі топтың сахналаған көрінісін қызықтап, концерт тыңдап, сауда жасап, ас ішіп қайту болмаса керек. Сондықтан да мерекені әрбір адам ат салысатындай, бүкіл ел болып тойлайтындай, заман талабына сай өзіндік нышандары мен сипаттары қалыптасқан бүкілхалықтық мереке дәрежесіне көтерген жөн.

Елбасы “Наурыз – Қазақстан халқын біріктіретін ортақ мерекеге айналады” деген болатын. Бұның негізі жоқ емес. Өйткені Наурыз – нағыз халықтық мереке, көпшілік болып тойлайтын төл мейрамымыз. Сондықтан алдағы уақытта Наурыз мерекесін ұлтты ұйыстыратын ұлыстың ұлы күніне айналдырғымыз келсе, оның мынадай қасиеттері мен сипаттарын ескергеніміз жөн деп білеміз.

Жылдың ауысуы, түлеу, жаңғыру мерекесі (22 наурызда күн мен түн теңеседі, тіршілік жанданады, жан-жануарлар төлдейді, көктем келеді).

Ынтымақ, татулық, достық мерекесі (араздасқан жандар өкпе-реніштерін ұмытып, бір-бірін кешіріседі, бір-бірінің үйіне барып, көріседі, тарту-таралғы, сый-құрмет жасайды).

Теңдік, еркіндік, азаттық мерекесі (бұл күні барша жан тең болады, бүкіл қызметкерлер жұмысын тоқтатып, көпшілікпен бірге мерекелеп тынығады, тіпті құлға да еркіндік беріледі).

Тазалық мерекесі (үйдің іші-тысы тазартылады, күл-қоқыс шығарылады, ескі-құсқы нәрселер аласталады). Табиғатқа қамқорлық мерекесі (ағаштар отырғызылады, бұлақтардың көздері аршылады, өзендердің арнасы тазартылады).
Ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту мерекесі.
Ірі-ірі елдік мәселелер кеңесіледі, алдағы маңызды мәселелер жөнінде бәтуа жасалады.

Ұлттың ұйысу мерекесі (Наурызда әрбір отбасы оқшауланбай, керісінше, көппен бірге ұжым болып, қауым болып, ауыл болып тойлайды).
Өткенге құрмет, ата-баба рухына тағзым жасау мерекесі.

Міне, осы қасиеттерінің өзінен-ақ Наурыздың неліктен ұлыстың ұлы күні деп әспеттелгеніне көз жеткіземіз. Мұнда қазақ халқына тән биік адамгершілік, шынайы имандылық қасиеттері тоғысқан. Қазақтық қалпымыз, ұлттық келбетіміз, төл дүниетанымымыз көрініс тапқан.

Төл мерекеміздің керемет қасиеттерін ұтымды пайдалану және қайта жаңғыртып, түлету мақсатында Үкіметтің қаулысымен мемлекеттік деңгейде белгілі этнограф ғалымдардан, тарихшылардан, мәдениет қайраткерлерінен, әлеуметтанушылардан арнайы жұмыс тобы құрылып, оларға Наурыз туралы жан-жақты зерттеу жүргізу, Наурызды мемлекеттік деңгейде атап өтудің жөн-жосығын, дәстүр-қағидаларын әзірлеп шығу жүктелсе деген тілегіміз бар.

Бұл ретте мынадай жайттар қамтылса жөн болар еді деп санаймыз:

Наурыз мерекесін тойлауға Қазақстан бойынша ресми дайындықты бір ай бұрын немесе 1 наурыздан бастау (көшелерді, ғимараттарды Наурыз нақыштарымен безендіру, баспасөз беттерінде тұрақты хабарлар беру, электронды ақпарат құралдарында Наурызға арналған сюжеттер, роликтер беру);

Наурыздың арнайы символын жасап, орнықтыру (мысалы, Жаңа жылдың символы – шырша, Аяз ата мен ақша қар, жаңа жылдық сыйлықтар болса, Наурыздың символы – Қыдыр ата мен Ұмай ана, наурыз көже, жыл он екі айға ие болған жан-жануарлар бейнесі, т.б.). Осы символ бейнеленген ашық хаттар, конверттер, кәдесыйлар дайындау;

Мерекеге орай балаларға және ересектерге “наурыздық” деген сыйлықтар беру (мұны берудің, сыйлықта ненің болуын ойластыру қажет);

22 Наурыздан бір апта алдыңғы жұма күні бүкілхалықтық “наурызақ” – тазалық күнін ұйымдастыру (аулалар, өзен-көлдер тазартылып, ағаштар отырғызу, ағаштардың семген бұтағын отау, діңін әктеу, т.б.);

Елбасының қатысуымен шаралар өткізу: 22 Наурыз күні Елбасының сотталғандардың белгілі бір тобына (кездейсоқ қылмысты болғандар, жеңіл-желпі қылмыс жасағандар, тәубесіне келіп, имандылық жолына түскендер, т.б.) рақымшылық жасауы; тұрмысы төмен отбасылары мен жетім балаларға қайырымдылық шараларын өткізу, т.б.;

жалпыұлттық “Наурыз” қорын құрып, оның қаржысын ұлтты ұйыстыратын, дамытатын шараларды қаржыландыруға жұмсау.

Сөзімді түйіндей келе, ұлысымыз оң, ағымыз мол болсын дегім келеді. Лайым, еліміздің алға басқан қадамы қашан да құтты болып, әрбір отбасында ырыздық пен береке нұры шалқысын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *