ТҮРКІСТАН ЖӘНЕ ЙАСЫ АТАУЛАРЫ ЖАЙЫНДАҒЫ МӘЛІМЕТТЕР

Орынбай Дәндейұлы БЕКЖАН
филология ғылымдарының кандидаты

Түркология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Түркістан/Қазақстан
bekor53@mail.ru

1989 жылғы қазба жұмысы кезінде Ақтөбе-Баласағұн қалажұртының аумағында орналасқан Ақсу су қоймасының батыс жағынан үлкен хұмның сынықтары [1] табылған. Сынықтарды құрастырғанда хұмның ауызы шыққан. Оның әлі де 35-40 сантиметрдей бөлігі сол күйі табылмаған. Бұл хұмның құндылығы мыналар: оның ернеуіне түгелдей соғды-түркі жазуымен белгісіз мәтін жазылған. Ғалымдар ол жазуды оқытуға Ленинградтағы (Санкт-Петербург) соғды тілінің маманы В.А.Лившицке берген. Ол әріптерді құрастырып, соғды тіліне ыңғайлап, сол тіл бойынша мәтін құрастырып шыққан. Бірақ ол мәтінді баспа бетінде жарияламаған. Өйткені ол өзінің оқуының жасанды екенін сезетін болуы керек. Профессор У. Шәлекенов оның қолжазбасын алып, кітаптарында жариялап жіберген. Шындығында В.А. Лившицтің оқуы қате оқу. Ол жазу ешқандай соғды тілінде жазылмаған. Мәтін соғды-түркі әріптерімен түркі тілінде жазылған өлең болып шықты.

Өлең мазмұны өте құнды. Өйткені онда түркі елінің алғашқы атауы Түрүкүстүн болып жазылған. Өлең мазмұны осы Түркүстүн еліне арналған. Өлең 18 буынды, ұйқастарына қарай, әрі мазмұны бойынша екі жолға бөлінеді.

Сынықтар үш үлкен бөлікті [2] құрайды. Ғалымдар екі сынықтың жігі анық болғандықтан, ол екеуін дұрыс біріктірген. Яғни, біз ІІ және ІІІ деп белгілеген сынықтардың біріктірілуі дұрыс. Ал ІІІ

сынықтан кейін келеді деген бөлігі өз орнында тұрмағаны анық байқалады. Яғни, біз бірінші бөлік деген сынық ІІ мен ІІІ бөліктің ортасына қарама- қарсы орналасуы тиіс. Өйткені бұл бөлік күрт иілген. Ондай жағдайда І сынықтың оң жағында ІІ сыныққа дейін жалғасқан (шартты түрде ІV деп аталады) тағы бір сынық болған. Сондай-ақ І сынық пен ІІІ сынықтың арасында келесі бір (шартты түрде V сынық деп атайық) болғаны анықталады. Сонда хұмның ауызы бес үлкен сыныққа бөлінгені белгілі болады. Бұл, әрине, болжам, мүмкін, ол сынықтар майда бөлшектерге бөлініп кеткен болар. Олардың табылмауы соны меңзейді. Жалпы бес сынық орны бар. Оларда шамамен 10 жол өлең жазылған деп жобалауға болады. Қазіргі табылған үш сынықтың әр қайсысында екі жолдан өлең сақталған. Екінші сынықтың бірінші жолының басындағы үш буынды бір сөз жетіспейді. Ол табылмаған, біз ІV сынық деп атаған бөліктің соңында қалған болуы тиіс. Біз ол сөзді [Інжудек] кейінгі сөздердің мазмұнына сәйкестендіріп өзіміз қостық. Жалпы ой қисынына салып салыстырсақ, сөздің дұрыс қосылғаны сезіледі. Араб өлеңдерінің құрылымы бойынша екі жол ұйқасты бәйіт деп атайды. Сол өлшем бойынша хұм ернеуінде 5 бәйіт жазылған деуге болады. Бізге жетіп отырғаны 3 бәйіт қана. І сынықтың екі жолынан кейін үшінші жолдың басқы үш сөзі жазылған. Бұл біз ІV сынық деп белгілеген, табылмаған сынықта жазылған екі жолдың басқы бөлігі болып саналады. Жалпы өлең мазмұнына қарағанда ежелгі түрік елінің атауы Түрүкүстүн сөзінен басталған сынықта өлеңнің ең басқы бәйіті жазылғаны аңғарылады. Өлеңнің көркемдігі ғажап, құндылығы өлшеусіз. Өйткені түркілердің еліне, Түрүкүстүнге, арналып отыр

Түпнұсқаның транскрипциясы

І сынық

Түр(ү)күстүн, арымсыз, елімсіз, ебімсіз, кененлік абатым, Абам, атам, мамам, тәтлүуүдж, джірін джүзүмүм әм набатым.

3 жолдың басындағы үзік (табылмаған ІV сынықтағы екі жолдың басы)

Өрмен йемішлік білік…

ІІ сынық
[Інжудек], меруертімдек, джақұттек, дүррүу гауһарым сен, сен, сен!!!
Күмісім ақ алтынымсыз һәм құдірет тек Түр(ү)күстүн кен, кен, кен!!!

ІІІ сынық

Ердем, мәртлік, йігер, сұсұң, рахмат, мархамматың дәл сыр сандық, Мақсат берчі, йем, бір мәртебелік дем бірле дем уа илһамлық.

Түпнұсқаның аудармасы
І сынық

Түр(ү)күстүн, арымсыз, елімсіз, үйімсіз, кененді абатым, Бабам, атам, мамам, тәтті, шірін жүзімім әм набатым.

3 жолдың басындағы үзік (табылмаған ІV сынықтағы екі жолдың басы)

Өрмін жемісті білік…

ІІ сынық
[Інжудей], меруертімдей, жақұттай, дүррүу гауһарым сен, сен, сен!!!

Күмісім ақ алтынымсыз һәм құдіреттей Түр(ү)күстүн кен, кен, кен!!!

ІІІ сынық
Ердем , мәрттік, жігер, сұсың, рахмет, мархабатың дәл сыр сандық, Мақсат берші, ием, бір мәртебелік дем бірле дем уа илһамлық.


Ердем (көне түркі) – ердің ерлік даңқы

Илһам (араб) – (сенім) сіңірерлік, енгізу; ұйыту; шабыттандырарлық; шабыт. Араб сөздері мына сөздіктен алынды – Баранов Х.К. Арабско-русский словарь. Москва, «Русский язык», 1985, С. 732.

Түркістан атты тарихи-географиялық ел атауы туралы ҚСЭ -да [3]: «VІ-VІІІ ғасырлардағы армян және парсы деректері мен Табари еңбектерінде Амудариядан солтүстікке, Каспий теңізі мен Оралдан Алтай мен Қытайға дейінгі аралықты алып жатқандығы айтылады» деп көрсетіледі. Содан бергі замандарда бұл алып аумақ Шығыс Түркістан, Түркістан болып аталып келеді де, кейін Орта Азия және Қазақстан болып аталғаны айтылады. Жалпы түрүк елесімі Түрүк қағанаты дәуірінен бері пайда болды десек, кейін қағанат шығыс, батыс болып екіге бөлінген соң, Шығыс Түркістан және Батыс Түркістан болып аталу қалыптаса бастаған деуге болады. Түркістан атауындағы стан сөзі ‘ел қонысы’ мағынасындағы парсы сөзі деп аталып келеді. Ал бұл сөзді ең ертеде қолданған түркілер екені, ерте дәуірде түркі тілі бүкіл әлемде жетекші рөлде қызмет атқарғаны назарға алынбайды. Сөз болып отырған жазба ескерткіштегі елесімді біз Түрүкүстүн деп транскрипцияладық. Себебі бұл сөзде жіңішке Ү таңбасы жазылғаны аңғарылды. Біз бұл сөз қазақ тіліндегі ұстұн сөзімен түбірлес сөз деп білеміз. Ұстұн сөзі үйдің арқалық бағанына тіреу ретінде қойылған ағашты білдіретіні мәлім. Яғни, тірек деген мәнді білдіреді. Әрине, тірек негізінен орталыққа қойылатыны өзінен-өзі белгілі. Сондықтан ұстұн сөзі орталық деген мәнді де білдірген десе болады. Ондай жағдайда Түрүкүстүн сөзі ‘түрүк елінің ұстұны’ деген мағынаны білдіру үшін қолданылғаны мәлім болады. Бұл жағдайда елдің ұстұны болып орталық әкімшілік ордасы орналасқан қала аталатыны аян. Орталық қала елдің тірегі, кіндігі саналатыны да түсінікті жайт. Осы тұрғыдан алғанда елдің әкімшілік ордасы орналасқан қала астана сөзі де парсы сөзі емес, төл түркілік сап (сөз) десек жаңылыс болмайды. Түрүкүстүннің ел атына айналу жайына зер салсақ, әрбір түрүктің үйі өз ұстұны, ошағы, шаңырақ-төбесі саналатыны секілді, барша түрүктің тұрақ мекені, аумағы да жалпы Түрүкүстүн болатыны дәлелдеуді қажет етпейді.

Жазба ескерткіште келтірілген ІХ-ХІІІ ғасырлардағы Түрүкүстүн ел, жер атауы ХV ғасырда Йасы [3, 217] қаласының атауына да айналды. Түркістан қаласының 1500 жылдық тойына арналған конференцияға жазылған «Түркістан – Тұранның көне астанасы» атты баяндамасында профессор У. Шәлекенов: «Тарихи деректерге қарағанда, қытайлар түріктерді сюннулердің (ғұндардың) ұрпақтары деп санаған. Бұл өлкеге түрік тайпалары мен халықтары ғасырлар бойы кір жуып, кіндік кескен Отаны болғандықтан Түркістан деп ат береді. М. Жұмабаев өзінің «Түркістан» өлеңінде былай дейді:

Түркістан екі дүние есігі ғой,
Түркістан ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің тәңірі берген несібі ғой» [4], —

деп, Мағжан ақынның отты өлеңін мысалға келтіріп, түркілердің ежелден-ақ адамзат мәдениетіне қосқан үлесінің зор болғаны туралы баян етеді. Мағжанның «Түркістан» өлеңіндегі өр рух пен сөз болып отырған жазба ескерткіштегі Түркүстүн туралы өлең мазмұндық жақтан неге үндесіп жатыр. Мағжан бұл өлеңді оқыған жоқ қой, бірақ түркілік өр рух Мағжанға дейін үзілместен жалғасып келді. Сондықтан да оның осындай алапат рухты өлең жазуға рухани күш-қуаты толық жетті, сондықтан да, мың жылдық уақыт керуенінен соң да, екі ақынның өлеңдері үндесіп жатыр. Десек те, мың жыл бұрынғы беймәлім ақынның тілінің дәмі өзі тілге тиек еткендей «шырын» емес деп кім айта алады. Уахит ағаның Түркістанның 1500 жылдық тойына қатысуы, Түркістан туралы ой толғауы кездейсоқтық па? Біздіңше, мұнда, Баласағұн жазбаларынан табылған «Түрүкүстүн» өлеңі мен Мағжанның «Түркістан» өлеңі және Уахаңның Түркістан туралы баяндама жасауы арасында Көк Тәңірі – Алла Тағала тарапынан жасалып жатқан бір байланыс бар сияқты көрінеді. Алла Тағала есімі мен сөздері жазылған қақпақ сынығының бізге жетуінде де бір хикмет бар ау?

Өлең түпнұсқасында келтірілген дем бірле дем, ердем, илһамлық сөздері қазақша аудармада өзгеріссіз қалдырылды. Өйткені көне түркілік ‘ердем’ сөзінің қазақ тілінде сәйкес келерлік баламасы жоқ. ‘Дем бірле дем’ тіркесі тілімізде ‘дем бе дем’ тәрізді формалық және мағыналық өзгеріспен қолданылады, ал өлеңдегі дем сөзінің мағынасы демеу, күш-қуат мәнінде екені сезіледі. Араб тіліндегі ‘илһам’ сөзі түркілік -лық жұрнағымен біріктіріле, ‘сыр сандық’ сөзіне ұйқастырыла қолданылған. Біз де солай қалдырғанды жөн көрдік.

Есім ханның тұсынан бері қазақ хандығының астанасы болған Түркістан қаласының тарихы тым тереңнен тамыр тартады. Ерте замандарда қазіргі Түркістанның айналасында іргелес жатқан көптеген қалалар болған. Солардың бірі Шавғар атымен белгілі. ХІІ ғасырдың алғашқы ширегінде Шавғарға қарақытайлар шабуыл жасап, қиратады. Сол кезеңнен бастап аймақтың орталығы Йасы қаласы болады.

Йасы қаласы атының асқақтап дүниеге кең тарауына ислам сопылығының бір тармағы түркілік сопылықтың ізашары Әзірет Сұлтан Құл Қожа Ахмет Йасауидың осы қаланы мекен етуінің негізінде жүзеге асты. Ғалымдар Қ.А.Йасауиды 1093 жылы дүниеге келді деп санайды. Әулиенің туған жылы деп осы санды негізге алатын болсақ, Қ.А.Йасауи 1099 жылы жеті жасында ұстазы Арыстан бабамен жолыққан дейміз. Біз қазақтық дүниетаным бойынша туған жылға алты жас, оған құрсақтағы кезеңдегі бір жылды қосып есептеп отырмыз. Ал әулиенің қылуетке түскен уақыты 1155 жыл болады. Бұл кезең арасында Қ.А.Йасауидың Құран Кәріммен танысуы, түркілік сопылық тариқаттарын жүйелеуі және тәңірілік діннің ықпалындағы түркі тайпаларын ислам дініне қаратуы тәрізді қызметтері атқарылғаны мәлім. Әзірет Сұлтанның бұдан кейінгі тағы да алпыс екі жыл жасап, түркі тілінде хикметтер жазуы туралы ғалымдардың әр түрлі пікірталастары бар. Кейбір ғалымдар әулиенің 125 жыл жасағанына шүбә келтіреді, бұл арқылы олар кейбір хикметтерді Қ.А.Йасауидың өзінің жазғанына да шүбәмен қарайды.

Уикипедияда «Әмір Темір Әзірет Сұлтанның қазіргі кесенесін салдырғанға дейін Йасы қаласында Қ.А.Йасауидың ескі мазары болған» [5] деген дерек келтіреді. Ол деректе былай дейді: «Ясы қаласы туралы деректер 13 ғасырда жарық көрген Киракос Гандзакенцидің «Армения тарихы» атты еңбегінде кездеседі. Бұл еңбекте Ясы қаласы Асон деген атаумен берілген. Ясы атауы 14 ғасырдан бастап тарихи шығармалардың беттерінде жиі көріне бастады. Шараф әд-Дин Әли Йездидің хабарларына қарағанда 1388 жылы Ясыны Тоқтамыстың әскерлері талқандап, түрік тайпаларының қасиетті мекеніне айналған Қожа Ахмет Ясауи мазарын тонайды. Әмір Темір Тоқтамысты талқандағаннан кейін жаулап алған олжаның бір бөлігін Қожа Ахмет Ясауи кесенесін салуға жұмсайды».

Қаланың неге Йасы болып аталуы жайында тұшымды деректер жоқ. Мен 1984-1989 жылдар арасында С.М.Киров (Әл-Фараби) атындағы, Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің араб бөлімін бітірерде Қ.А.Йасауидің хикметтерінің тілі бойынша диплом жұмысын қорғадым. Сонда қала атауы Йассы ма, әлде Йасы ма деген сұраққа жауап іздеп біраз іздендім. Соңында Йасы болған деген ойға тоқтап едім. Мүмкін, бұл әлі де зерттей түсуді қажет ететін тақырып болар. Қызметті ауыстырып, Түркістанға келгеннен соң, 2003-2004 жылдары шамасында қаладағы қазіргі «Дәулет» мейрамханасының тұсына жақындағанда, бір жасы 80-ге жақындаған, артық еті жоқ, орта бойлы қария маған қарсы келе берді. Мен ол кісі жақындай бергенде сәлем беріп: «Сізден бір нәрсе сұрауға болады ма?» – дедім. Ол кісі: – Иә – деді. Мен: – Түркістан қаласының ескі аты Йасы болып неге аталған? – дедім. Біз С.Қожанов көшесіндегі Қ.А.Йасауи кесенесіне қарсы беттегі көпірдің жанында, мен көпірге беттеп, қария маған қарсы қарап тұрған болатынбыз. Қария кейін қарай шорт бұрылды да көпірдің астындағы үлкен аңғарды нұсқап: – Міне, осы аңғар Йасы өзенінің аңғары, қала осы өзен атымен аталған – деді. Мен қарияға алғысымды айттым, басқа сөз қатысқанымыз жоқ. Сол алған жауаптың әсерімен аңғарды бойлай қарасам, өзен аңғары Қаратау беттен бас алып, Әзірет Сұлтан кесенесіне қарай бет алғаны көрінді. Аңғардың бағытына мұқият зер салсақ, ежелгі өзен Йасы қаласының шығысынан оңтүстігіне қарай айналып өткен сияқты. Қарияның осы мәліметіне қарағанда қаланың аты өзеннің атына сай ЙАСЫ болып аталғаны аңғарылады. Қария бұл мәліметті бұрынғы заман адамдарының ес-жадыларынан біреуден-біреуге жалғасқан, ауыздан-ауызға қөшіп келе жатқан деректерден қабылдап алғаны көрініп тұр. Еліміздің тарихи географиясында ежелден қолданылған Асы өзені, соған сәйкес Асы жайлауы тәрізді атаулар қазір де Жамбыл обылысында бар. Ас деген сөз көне заманда су, өзен, көл мағынасында қолданылған. Мысалы Тек-ес, Кел-ес, Тал-ас (//Тар-ас) сияқты т.б. өзендер атындағы ежелгі гидроформанттар соның айғағы.

Йасы өзенінің аңғары туралы мәлімет бізге Түркістан қаласының ежелгі атының неден пайда болғанын ашық аңғартуымен құнды дерек болады. Өзеннің қаладан ары Сырдарияға қарай жалғасатын өзек-арнасы бар ма, жоқ әлде өзен суы ерте заманнан егістікке немесе қаланы суландыруға пайдаланылып, қаланың батысындағы аңғары тегістеліп кетті ме, соны анықтау мәселесі де жауабын табуды қажет етеді.

Йасы өзенін қалай сақтап, оны қандай қажеттерге жаратамыз деген сауалға көпшілік болып жауап іздеуіміз керек. Алғашқы ұсынысымыз былай болады: аңғарды тазалап, қоқыспен, топырақпен көмілген тұстарын аршып, бұрынғы қалпына келтіруіміз керек. Содан соң табанына су өткізбейтін тас плиталар төсеп, балалар шомылатын бассейн және халық демалатын орын жасауды қолға алғанымыз дұрыс болмақ. Демалыс орнының аты «ЙАСЫ ӨЗЕНІ» болып аталса, қаламыздың атының туу тарихынан хабар беріп тұрар еді. Қалалық әкімшілік және көпшілік қауым болып, Йасы өзенінің аңғарын сақтап қалайық, оны ары қарай көркейтуге ат салысайық, ағайын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *