«ӘДІЛ СҰЛТАН» ЭПИКАЛЫҚ ЖЫРЫН МОРФОЛОГИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ЗЕРТТЕУ МӘСЕЛЕСІ

Ержан Жарылқасынұлы ӨМІРБАЕВ
филология ғылымдарының кандидаты

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті
Түркістан/Қазақстан
erzhan.omirbayev@ayu.edu.kz

«Әділ сұлтан» эпикалық жырының тілі біздің қазақ тіліне сай келеді. Біздің әдеби тіліміз ХV ғасырда қалыптасты. Бұл қолжазба ХVІ ғасырда жазылған. Ескерткіштің тілінен орыс мемлекетімен байланысын көруге болады. Бұл жыр Алтын Орда ыдырағаннан кейін Ноғай Ордасында пайда болған жырлардың біреуі. Яғни «Әділ сұлтан» эпикалық жыры ХVІ ғасырдың тілдік құрылысынан жалпылама және нақты мәліметтер береді [1, 32].

Әрбір тілдің тарихи дамуына сәйкес сөз жасау, сөз өзгерту, сөйлем жасауда қолданылған ерекшеліктері болады. Сол ерекшеліктердің негізінде тілдің белгілі грамматикалық құрылысы қалыптасып жетіседі.

Грамматиканың негізгі бір саласы морфология болып есептеледі. Морфология ерекше «форма» және «білім» деген екі сөзден құралады. Ерте замандағы грамматикада қалыптасқан бұл терминнің қазіргі мағынасы бұрынғысынан әлдеқайда өзгерген және кеңейген.

Түркі тілдері өзінің морфологиялық құрылымы жағынан агглютинативті тілдер қатарына жататындықтан, грамматикалық мағыналар түбір сөздерге әр түрлі аффикстердің жалғануы арқылы жүзеге асады. Қысқасын айтқанда, түркі тілдрінде аффикстердің жалғануы түбірге әсер ете алмайды, түбір сол қалпында өзгермей қалып қояды. Ескерткіштегі сөздер құрамына қарай түбір, туынды, қос сөздер, біріккен және күрделі сөздер болып бес топқа бөліп қарастыруға тырыстық:

Түбір сөздер: Ескерткіште бөлшектеуге келмейтін, тек жалаң түбірден құралған сөздер де кездеседі. Олардың түрлері төмендегідей: түс, от, іс, садақ, ер, көз, жау, үш, ат, алты, адам, тоғыз, арба, бес, қас, құс, ту, жеті, бау, найза, сегіз, ас, бір, қол, мен, қос, ел, екі, төрт, алтын, бөрі, он.

Туынды сөздер: олжалы, жауырыншы, тайлы, қоңыраулы.
Күрделі сөздер: жай тасындай (найзағай), шыныаяқ, қайын ене.
Қос сөздер: шүлдір-шүлдір, қалт-қалт, сыбыр-сыбыр.

Сөз таптары: Ескерткіш тілінің лексикалық және грамматикалық ерекшеліктеріне талдау жасасақ, ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда өмір сүрген қазақ халқының тілінде сөз таптары мен грамматикалық тұлғалардың дамыған әрі толық қалыптасқан жүйесі болғандығын көреміз. Жазбалар тілінде сөзді сол немесе басқа бір сөз табына жатқызуға мүмкіндік беретін негізгі принцип семантикалық-морфологиялық мәні болып табылады.

Лексика-семантикалық, морфологиялық мәні мен синтаксистік қарекеті жөнінен сөз таптары екі үлкен топқа – дербес мәні бар сөздер мен көмекші сөздерге бөлінеді. Мұның алғашқысына зат есім, сын есім, есімдік, етістік, ал соңғысына демеулік, жалғаулық шылаулар жатады. «Әділ сұлтан» эпикалық жырында одағайлар кездеспейді.

Зат есім. Ескерткіш тілінде белгілі затқа, нәрсеге жаратылыс құбылыстары мен қоғамдық құбылыстарды білдіретін атаулар да баршылық. Олар жанды, жансыз заттарды көрсетеді, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәрселерді де, көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін, тек топшылау арқылы аңғарылатын абстаракты құбылыстарды да білдіреді.

Нақты зат есімдер: садақ, от, бұлақ, ат.
Абстракты зат есімдер: мұң.

Ескерткіште кездесетін зат есімдер мағыналық жақтарынан біркелкі емес, олар әр түрлі болып келеді:
Нақты зат атаулары: үй, ат (жылқы), қой.

Адамдарға және туыстық қатынастарға байланысты сөздер: ене, келін, қайын анасы, хатын.
Табиғат құбылыстарына қатысты сөздер: жай тасы (найзағай), тау, бұлақ, дауыл, жел, көл,
жер.
Әлеуметтік қатынастарға байланысты сөздер: төре, хан, сұлтан, орда, ел, мырза, күң.

Әскери лексикаға жататын сөздер: садақ, оқ, жау, сақтау (нөкер), айболат (айбалта), кіреуке, көбе, қоңыраулы найза.
Шаруашылыққа, тұрмысқа қатысты сөздер: от, арба, үй (там), туырлық, шыныаяқ, ас, жүзік.

Жан-жануарлар атаулары: торы, ат, бесті, жылқы, түйе, бие, бөрі, шошқа, қой, тарпаң, ақбөкен.

Құс атаулары: дуадақ
Анатомиялық атаулар: қол, көз, мойын, бұғақ, мұрын, қас, омырау.
Заттардың сынын көрсететін сөздер: қара, алтын, күрең-жирен.

Мата атаулары: торқа.
Дінге байланысты атаулар: Алда (алла), Әулие қызыр.
Атақ-дәрежеге қатысты терминдер: төре, хан,
Киім-кешек атаулары: тон.

Ескерткіш тіліндегі жалқы есімдер – бізге жеткен басқа ескерткіштерде секілді кісі есімдері, жерге байланысты атаулар. Әділ сұлтан эпикалық жырында кісі есімі – Әділ, ал топонимикалық атау
– Жайық.

Жалпы есімдер бір нәрсеге тағылған атау болмай, бір тектес бірнеше нәрселердің жалпылама атауы болып есептеледі.
Қой – қой

Тон – киім.

Морфологиялық жағынан зат есімдерге тән қасиет – көптеледі: ханлар (хандар), төрелер, септеледі: жауға, таудан, тәуелденеді: құлыным, басы, кейде жіктеледі, мен шаянның. Бірақ ескерткіштердегі зат есімдердің бәрі бірдей жіктеле бермейді.

Есімдіктер: мен, сен, біз, өз, бұ.

Сан есімдер: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он, алпыс, жетпіс.

Көптік жалғау. «Әділ сұлтан» эпикалық жыры ескерткішіндегі зат есімнің көптік жалғауы заттардың біреу емес, көп екендігін білдіреді. Көптік мағынаны білдіру үшін негізгі және туынды түбірге -лар, -лер қосымшалары жалғанады. Дыбыс үндестігі бойынша түбірдің соңғы буыны жуан болса -лар, мысалы: ханлар (хандар), жатлар (жаттар), жіңішке болса -лер қосымшалары жалғанады. Мысалы: төрелер.

Көптік мағына беретін қосымшалардың бірі – біз есімдіктерінің құрамында келетін Н.К.Дмитриев: «Где -ыз, -із является архаичным показателем множественности», — деп жазды. Профессор А.Ысқақов жоғарыда аталған пікірлерге қоса, -з, -ыз, -із қосымшасы әуелде көптік жалғау емес, жұп, егіз, екеу деген мағына білдіретін (дене мүшелерінің сөздерге) жалғанатын болған. Мысалы: көз, біз [2,113].

Зат есімдердің тәуелденуі. Жазба нұсқаларда белгілі бір заттың иеленуші үш жақтың біріне меншікті екенін көрсететін грамматикалық тұлғадағы тәуелдік жалғаулар да кездеседі.
Ескерткіш тілінде кездесетін тәуелдік жалғаулар:

Жақ Жекеше
І жақ -ым, -ім, -ум, -үм
ІІ жақ -ң, -ың, -уң, -үң
ІІІ жақ -ы, -і, -сы, -сі

жақ: өзім, құлыным, қадырым ІІ жақ: байтағың

ІІІ жақ: туғаны, мойыны, құйрығы.
Тәуелдік жалғау бір заттың екінші бір затқа (адамға) тәуелді, меншігі екенін білдіреді.

Тәуелденетін сөз үш жақтың біріне тәуелдене, меншіктеле айтылады. Түркологияда тәуелдік жалғауларының арғы негізі – жіктеу есімдіктері дейтін пікір тұрақталады. Түркі тілдерінің, тіпті жалпы алтай тілдерінің тарихын зерттеушілер өте көне дәуірде екпін түскен буыннан кейін айтылған жіктеу есімдіктері бара-бара өзінен бұрын тұрған, негізгі логикалық екпін түскен сөздің энклитикасына айналған дейтін пікірді бекерге шығармайды. Осы постпозициялық қолданыстың соңғы нәтижесінің бірі – тәуелдік жалғаулары болса керек.

Тәуелдіктің жекеше І жағы -м «мен» жіктеу есімдігінің қысқарған түрі есебінде танылса (сонда соңғы буын – ен түсіп қалған болады), жекеше ІІ жағы -ң «сен» жіктеу есімдігінің қысқарған түрі есебінде (сонда алдыңғы се – буыны түсіп қалған болады) танылып жүр. Н.К.Дмитриев ІІ жақтың қосымшасының -ң түрінде келуін якут тіліндегі ІІ жақ жіктеу есімдігімен (ен) байланыстырады. Ал І жақтың көптік тұлғасы -мыз жекелік тұлға мен көптік жалғаудың қосындысынан (-м, -ыз) қалыптасқандығы айқын. Айта кететін бір жай: қазіргі қазақ тілінде тәуелділіктің жекеше ІІ жағы екі түрлі (-ң және -ыңыз) айтылатыны мәлім. Қазіргі норма оның оның біріншісін анайы тұлға (ң) есебінде түсінеді де, екіншісін (-ыңыз) сыпайы тұлға есебінде түсінеді. Ал осы тұлға тарихи тұрғыдан ІІ жақ жекеше тәуелдік жалғауы мен көптік жалғаудың қосындысы: -ың, -ыз.

Тәуелділіктің ІІІ жағының түпкі төркінін В.В.Радлов «сын» (сипат мәніндегі) сөзі қараған. Қазіргі түркі тілдернің барлығында дерлік тәуелділіктің ІІІ жағы септік жалғауларында -н дыбысын қосып алады (баласына, баласында), т.б. Радлов бұл жалғауды о баста толық сөз болды дегенде осыған сүйенеді. Н.К.Дмитриев тәуелдіктің ІІІ жағы о баста -н дыбысымен аяқталған, яғни, о баста — ың және -сың (түбірдің соңғы дыбысының ыңғайына қарай) түрінде болған деп қарайды. Соңғы -н кейін түсіп қалуы мүмкін. Сөйтіп септік жалғаулары қосылған уақытта ғана ескі -н пайда болады. В.Котвич тәуелдіктің ІІІ жағының пайда болуын сәл басқарақ түсіндіреді. Бұл ғалымның пікірінше түркі тілдеріндегі тәуелдіктің ІІІ жағы монғол тіліндегі сілтеу есімдіктерінің ілік жалғаулы тұлғасына сай (ін-у «мынаның» сін-у «оның») В.Котвич түркі тілдеріндегі тәуелдік жалғаулардың үш жағын да (есімдерге жалғанатын ) жіктеу есімдіктерінің ілік септік тұлғасы негізінде пайда болған деп қарайды. Оған себеп-түркі тілдерінің бірсыпырасында (оңтүстік тілдерінде) І жақ жіктеу есімдігі бен түрінде айтылады да, тек ілік септікте ғана мен түрінде, м дыбысынан басталады. В.Котвич пікіріне қоса келтіре кететін факт мынадай: «Кодекс куманикусте» жіктеу есімдіктерінің ілік тұлғасы -м (-ым, -ім, -ум, -үм) түрінде де кездеседі: Білге кетік кішілер менім сөзүм ешітіңлер… [3,96].

Зат есімнің септелуі. «Әділ сұлтан» эпикалық жырының жазба нұсқаларында 6 септік бар. 1.

Атау. 2. Ілік. 3. Барыс. 4. Табыс. 5. Жатыс. 6. Шығыс.

«Әділ сұлтан» эпикалық жырының тілінде жай септеу мен тәуелдік септеу арасында айырмашылық жоқ деуге болады. Кейінгі кезде септіктер екі топқа бөлініп жүр: грамматикалық септіктер және көлемдік септіктер. Грамматикалық септіктерге атау, ілік, табыс септіктері, көлемдік септіктерге барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктері жатады.

Атау септігінің арнайы грамматикалық көрсеткіші жоқ екені белгілі. Зат есімнің негізгі және туынды түбір тұлғасымен сәйкес келеді. Мысалы: тау, түн, от.

Ілік септігі меншіктілікті, бір затқа тән екендігін көрсетеді. Ескерткіште мынадай сөздер кездеседі: Мен шаянның өз басыма көрінсін. Торпақ жалды торының. Ілік жалғауы мен деген есімдікке жалғанғанда -ім түрінде де келеді: менім, мысалы: «Әділ сұлтан» эпикалық жырында Құлыным менім Әділім. «Менім» варианты қазіргі қазақ тіліне жат, ол – ноғайлық тұлға. Бірақ ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы қазақ тілі үшін де бұлайша қолданыстың тән болуы ықтимал [4,95].

Барыс септігі жалғаулары өзі жалғанатын сөздердің лексикалық мағыналарына қарай іс-әрекеттің бағытталған мекенін білдіреді. «Әділ сұлтан» эпикалық жырының тілінде барыс септігі жай септеу мен тәуелдік септеу де -а, -е, -қа, -ке -ға, -ге түрінде жалғанады. Мысалы: ұлың-а, сүйегім-е, ағаш-қа, жалғыз-ға, бел-ге.

Табыс септігі жалғауы -ны, -ні түрінде кездеседі. Мысалы: орысны (ты), көбені, жұлдызны, сұлуны.

Жатыс және шығыс септік жалғауының көне ескерткіштер мен қазіргі қыпшақ тілдерінен өзгешелігі жоқ. Буын үндестігіне қарай -да, -де, -та шығыс септігі -дан, -тан, -нен болып қолданылған. Мысалы: тауда, күнде, үйлерде, құста, туғандан, торқадан, жалғыздықтан, түбінен.

Көмектес септік. Қазіргі түркі тілдерінің барлығында бірдей кездеспейтін септік жалғауы – осы көмектес септік. Зерттеушілер көмектес септіктің мәніне жақын септік жалғауының якут, чуваш тілінде барын айтады. «Әділ Сұлтан» эпикалық жырында көмектес септік категориясы кездеспейді.

Жіктік жалғау. Ескерткіште жіктік жалғаулы сөздерді де кездестіреміз. Олар сөйлемде әр уақыт баяндауыш болады. Жіктік жалғаулары есімге жалғанса, І, ІІ жақтың қосымшасы болады, ал ІІІ жақтың қосымшасы болмайды. Мысалы: Өлерін сонан білгенмін. Бұ барғаннан қайтпасаң.

Сын есім. Ескерткіште заттың сынын, белгісін білдіретін сын есімдер кездеседі. Олар ерте заманнан бастап-ақ өзінің семантикалық мағынасы жағынан да, морфологиялық ерекшеліктерімен де, сөйлемдегі қызметі жақтарынан да сараланған, қалыптасқан сөз табы. Сын есім өзінің мағыналық жақтарынан бірнеше топқа бөлінеді, ал тұлғасына қарай негізгі және туынды (қатыстық) сын есім болып екіге бөлінеді.

Негізгі (сапалық) сын есімдер заттың түрі мен түсін, сыны мен сипатын, сапасы мен белгісін білдіреді. Мысалы: қара, жаман, жақсы.

Қатыстық сын есімдер. Жырда қатыстық сын есімдер бір затпен екінші заттың қатысын, байланысын білдіреді. Олар жұрнақтар арқылы жасалады. Мысалы: жасаулы – туынды, дара сын есім. Қос пілтелі – күрделі, туынды сын есім. Тоқпақ жалды торы – күрделі, туынды сын есім. Ғарық олжалы – күрделі, туынды сын есім.

Сан есім. Ескерткіште заттың санын, ретін білдіретін сан есімдер де кездеседі. Сан есімнің өзіне тән семантикалық және грамматикалық ерекшеліктері болады. Олар жеке тұрғанда абстарктілі ұғымды білдіреді. Бірақ олар тілде, негізінде, затты немесе оқиғаны сан жағынан анықтап береді. Сол кезде олардың мағынасы анықтала түседі.

Дара сан есімдер бір ғана сөзден жасалады. Олардың лексикалық мағыналары әр түрлі: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он, алпыстап, жетпістеп. Жырда күрделі сан есім кездеспейді.

Бірліктер: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз.
Ондықтар: он, алпыслап, жетпіслеп.
Есептік сан есім заттың нақтылы санын білдіріп, қанша? неше? деген сұрақтарға жауап береді.
Мысалы: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он.

Болжалдық сан есімдер заттың санын дәл білдірмей, шамамен болжалдап көрсетеді де, қанша? неше? қай шамалы? Сияқты сұрақтарға жауап береді. «Әділ сұлтан» эпикалық жырында есептік сан есім -тап, -теп жұрнағы арқылы жасалады. Мысалы: Алты жасқа келгенде алпыслап (алпыстап) сақтау жаратты. Жеті жасқа келгенде жетпіслеп сақтау жаратты. Жырда реттік сан есім, жинақтық сан есім, топтау сан есімі және бөлшектік сан есімдері кездеспейді.

Есімдіктер. Есімдіктер белгілі бір түсінікті я ойды жалпылама түрде меңзеу арқылы білдіреді. Есімдіктердің нақтылы мағыналары өздерінен бұрын айтылған сөйлемге немесе жалпы сөйлеу аңғарына қарай айқындалады. Есімдіктер шығу төркіні жағынан екі топқа бөлінеді: оның бір тобына ерте заманнан келе жатқан байырғы (көне) түбір есімдіктер енеді де, екінші тобына тіліміздің даму, жетілу процестерімен байланысты, кейінгі замандарда пайда болған, демек, соңғы кездерде туып қалыптасқан есімдіктер жатады.

Алғашқы топқа жататын есімдіктер әрқашан негізгі түбір сөздер сипатында болады. Бұған мен, сен, ол, біз, сіз, қай? не? міне, бұл, осы, сол, т.б. сияқты қазіргі кезде бөлшектеп талдап жатуды қажет етпейтін түбір тұлғалы сөздер жатады. Бұл аталған есімдіктердің ішінен не сөзінен басқа өзгелері тарихи тұрғыдан алып қарағанда, ме-н, се-н, о-л (н), бі-з, сі-з, қа-й (н), кім бөлшектенеді. Есімдіктердің екінші, кейінгі (жаңа) тобына мынадай үш түрлі есімдік сөздер жатады.

Біріншіден, бұған белгілі бір категорияға тән сөздердің мағыналары өзгере келе есімдіктер дәрежесіне ауысуы арқылы, демек, лексикалық жолмен жасалған: бір, бар, біреу, бүкіл, түгел т.б. сияқты есімдіктер, әр, күллі, пәлен сияқты басқа (араб, парсы) тілдерден ауысып енген сөздер жатады.

Мен, мен есімдігі көне түркі ескерткіштерінде де, орта ғасырда да осы күнгі мәнінде жұмсалған. Осының арғы тегін іздестірген зерттеушілер мен, сендердің түбірі — 1. ма-, се-. 2. ма-, са-дейді, бұл – нақты емес. Біздіңше, көнесі – ман, сан мұны ең бірінші деп атаймыз. Қазіргі қазақ тілінде кездесетін маған, саған – осы түбірден жасалған екінші басқышы, ескінің көзі. Маған (ма+ған) дегенде, ман ма- түбірінен н түсіріліп, оған -ға барыс септігі жалғанған;

Саған (са+ған) дегенде сан са- түбіріне белгісіздік, қазіргіше айтсақ, ІІІ жақ, яғни бірінші, екінші жақтағыдан басқалар. Есімдіктің көпшесі І жақ, бі+з түрі есмдіктің алғашқы түбірі – мен, сен дегеннен н түсіріліп, ме+се (мен+мен) екеуінен қосылған деген пікірді қолдайды С.Е.Малов [5,111].

Қолжазбада есімдіктердің мынадай топтарын кездестіреміз: Жіктеу есімдіктері. «Әділ сұлтан» эпикалық жырында жіктеу есімдіктері саны мен тұлғасы жағынан өлі және тірі түркі тілдерінен айтарлықтай өзгешеленбейді.

Жақ жекеше көпше
І мен біз
ІІ сен
оны
Сілтеу есімдігі: бұ.
Жіктеу есімдіктеріне мен, сен, сіз, ол, біз (біздер), сендер, сіздер, олар деген сөздер жатады.

Жіктеу есімдіктері сан жағынан аз болғанымен, қызметі жағынан есімдіктердің ішіндегі аса жиі қолданылатын тобы. Ол есімдігі септелгенде бастапқы дыбысы а, аны болып кетеді.

Жіктеу есімдіктері үнемі жақтық ұғыммен байланысты келеді. Сол себептен олар ылғи адаммен байланысты, демек, сөйлеуші, тыңдаушы және бөгде кісі деген ұғымдармен байланысты қолданылады.

Сілтеу есімдіктеріне бұл, осы, сол, анау, мынау, сонау, осынау, ана, мына, сона, әні, міне, деген сөздер жатады.

Бұл есімдіктер негізінен алғанда, сілтеу, көрсету, нұсқау, сияқты ишарттарды білдіріп, қай? қайсы? деген сұрауларға жауап беретін аттрибутивтік сөздер. Дегенмен, сілтеу есімдіктерінің барлығының мағыналары бірдей, бір дәрежеде бола бермейді.

Сілтеу есімдіктерінің мағыналарын екі тұрғыдан қараған жөн. Біріншіден, сілтеу есімдіктерінің мағыналарын кеңістік аралықты я топографиялық кеңістікті білдіру тұрғысынан қарау, екіншіден, олардың мағыналарын, уақыт аралығын я хронологиялық мерзімді білдіру тұрғысынан қарау қажет.

Сілтеу есімдіктері «таза» аттрибутивтік күйде тұрғанда еш уақытта да септелмейді, көпшеленбейді және тәуелденбейді. Олар заттық ұғым беріп субстантивтенгенде ғана, септік, тәуелдік және көптік жалғауларды қабылдайды. Бұлардың септелуі жіктеу есімдіктеріне ұқсас болады [6,214].

Есімдіктер қай сөз табының орнына жұмсалуына байланысты сөйлемнің кез келген мүшесі бола алады. Жіктеу, өздік есімдік сөйлем ішінде көбінесе бастауыш, толықтауыш болады.

Етістік. Етістік күрделі сөз таптарының бірі. Ол іс, амал, қозғалыс қимыл, жай-күйге байланысты процестерді қарастырады.

Етістіктер тек іс-әркетті, қимыл-қозғалысты білдіріп қана қоймайды, уақытты да аңғартады. Себебі, етістіктегі баяндалған іс-әрекет белгілі бір уақытпен байланысты жүзеге асады. Бұл жайттар, негізінде: етістіктің шақтары арқылы белгіленеді.

Етістік тұлғасына қарай негізгі түбір етістік және туынды түбір етістік болып бөлінеді. Сөздің негізгі түбір етістік болса, ол негізгі деп аталады. Мысалы: қойып, жазып, түйіп, ескен, басқан, жанған, мінген, өссін, көрген, алған.

Туынды етістіктер басқа сөз таптарынан белгілі жұрнақтар арқылы жасалады. Ол жұрнақтар мыналар: -ар, -ер, -р: ойна-р, көш-ер.
Етістіктер білдіретін мағынасына, соған сәйкес сөйлемде атқаратын қызметіне қарай екі түрлі:
негізгі етістік және көмекші етістік болып бөлінеді. Мысалы: Жасаулы жау қаруын сайлады.

Етістіктің шақ категориясы. Етістіктің қимыл, іс-әрекетті білдіретіндігі белгілі, ал іс-әркеттің, қимылдың орындалу, жүзеге асу мезгілі, уақыты болады. Қимылдың өту кезеңі сөйлеушінің хабарлау кезімен немесе сөйлеп тұрған сәтпен айқындалады. Сөйлеп тұрған сәтке байланысты қимылдың өту мезгілін білдіру етістіктің шағы деп аталады.

«Әділ сұлтан» эпикалық жырында: «Ей, енеке, мен бүгіші бір түс көр-ді-м» жедел өткен шақтың жұрнағы мен жіктік жалғауының бірінші жағы арқылы жасалған. Бұрынғы өткен шақ пен ауыспалы өткен шақ жырда кездеспейді [6,93].

1846 жылы шыққан А.К.Казембектің «Общая грамматика турецко-татарского языка» — деп аталатын еңбегінде автор көсемше жайлы былай деген: «Герундиумъ образуется изь второго лица единственного числа повелительного наклонения последуемого частицей -упь, -юпь, -ипь, которая применяется, но когда это второе лицо заканчивается на -о, это герундіумь иногда может переводиться настоящим, но вообще оно означает действие прошедшее. Это геруніумь совершенно соответствует русскому деепричастию на вь и – вши. Таким образом оно выражает действие предмета, происходившее прежде, чем должно начаться другое действие этого предмета» [6,102].

Қазіргі қазақ тілімен салыстырғанда, көне түркі тілінде көсемшенің жұрнақтарының саны көп болған. С.Е.Малов Орхон-Енисей ескерткіштерінде көсемшенің -а, -е, -й, -ып, -іп, -п, -пан, -ыпан, — ыбан, -убан; -ы, -і, -ү; -ты; -ғалы, -jын, -jiн жұрнақтарының қолданыста болғанын: «Памятники древнетюркской письменности» атты еңбегінде атаған [6,114].

«Әділ сұлтан» эпикалық жырында өте өнімді қолданған жұрнақтардың қатарына көсемшенің — ып; -іп; -п тұлғасы жатады. Аталмыш тұлға есерткіш тілінде өте көп қолданылған. Қолжазбада -п тұлғасының әр түрлі етістіктерге жалғануынан өте өнімді жұрнақ болғанын байқаймыз. Мысалы: түйіп, жатып, сойып, айтып, құшып, қойып.

М.Томанов: «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» деп аталатын еңбегінде бұл форма жайлы мынадай пікір айтқан: «-п тұлғасы көне түркі тілінде де өткен шақ мәнін беретін грамматикалық тәсіл». -ып, -іп, -п тұлғалы көсемшенің шығу тегі жайлы түркі тілдерінде түрліше пікір қалыптасқан. Мәселен, В.Н.Хангелдиннің пікірінше: «Татар тіліндегі -ып, -еп, -іп аффиксі тарихи шығу жағынан

қимыл есімі – у, -ү, -белән шылауының тіркесіне әкеледі. Сонда: -бару белән//барубан//баруб//барып», -делінген [5,73].

Есімшенің өткен шақ түрі етістік негізіне -ған, -ген, -қан, -кен жұрнағы мен -атын, -етін, жұрнағы арқылы жасалады. -ған жұрнағы арқылы жасалған форма өткен шақ мәнін білдіреді. «Әділ сұлтан» эпикалық жырында өткен шақ формасы арқылы мынадай сөздер жасалған. Мысалы: Қара шекпен жамылған. Ат артына арба сүйреткен. Қу ағашқа табынған.

«Әділ сұлтан» эпикалық жырында есімшенің өткен шағы -атын, -етін жұрнақтары және -атын, — етін, -йтын, -йтін есімшенің осы шақ жұрнақтары арқылы жасалған сөздер кездеспейді.

Есімшенің келер шақ түрі етістік негізіне -ар, -ер, -р жұрнағы мен -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, — пек жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Жазба ескерткіште -ар, -ер жұрнағы арқылы жасалған сөздер мынадай: айтар, көшер. Мен иемнің жанында көшер едім. Ұшар құстай талпынды. Жырда -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек жұрнағы жалғану арқылы сөздер жасалмайды [7,301-303].

Етістіктің рай категориясы деп қимылдың шындыққа қатысын білдіретін категория аталады. Аталмыш ескерткіш тілінде етістіктің төрт түрлі райы бар: ашық рай, бұйрық рай, қалау рай, шартты рай. Ашық рай (индикатив) деп қимылдың шындық өмірде белгілі бір мезгілде болатынын, болып өткенін, я болып жатқанын, я болмайтынын нақтылы білдіретін етістіктің категориясы аталады. Айқасып құшып жатқан-ды. Шүлдір-шүлдір сөйлеген.

Бұйрық рай (императив) деп қимылды жасау я жасамауды басқадан талап ететін, қимылға қозғау салатын рай деп аталады. Сүйегіме сіңсін деп. Бойым сұлу өссін деп.

Шартты рай деп екінші қимылдың жасалу-жасалмауына шарт болатын қимылды білдіретін етістік аталады. Ескерткіш тілінде ол іс-әркеттің істелу, істелмеуінің шартын білдіріп, -са, -се жұрнағы арқылы жасалған. Жау қолы қайтса деп. Жазылыңқы көрінсе.

Шылау. «Әділ сұлтан» эпикалық жырында шылаудың да, де, та, те күшейткіш демеуліктері кездеседі. Жырда шылау сөз бен сөзді байланыстырады. Мысалы: Ей, толғай да толғай жүгірген. Ай, ел көшсе де мен көшпен. Жазып та қойып жүрген-дүр. Демеуліктер – өз шылауында тұрған сөздерге әр түрлі грамматикалық мағына, реңк үстейтін сөздер. Олар модальдық-экспрессивтік сипаты зор, семантикалық мүмкіндігі мол сөздер. «Әділ сұлтан» эпикалық жырында мынадай -ды, -ді нақтылау мәнді демеуліктер арқылы жасалған. Ғарық олжалы болған-ды. Айқасып, құшып жатқан-ды [8,75].

Еліктеуіш сөздер. Эпикалық жырда дыбыстық еліктеуіш мысалы: Ей, қалт-қалт басқан қара атың. Сыбыр-сыбыр сөйлесіп. Бейнелеуіш сөздер жырда кездеспейді [7,345].

Грамматикалық ерекшеліктердің қатарында дүр (-ды, -ді, -ты, -ті) формантының қолданылуын көрсетуге болады. Жазып да қойып жүрген-дүр. Әділдің хатыны шиғыр айтып жылай-дүр. Таңланса болмас мекен-дүр қадыр аллам [1,45] сияқты жырда дүр форматының қолданылуын көреміз.

Есімнен болған баяндауыш іс-әрекеттің нақты болған-болмағанын білдіру мәнін беретін дүр көрсеткіші қазіргі күнге -ды, -ді түрінде жеткен. ХҮ-ХҮІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясында, сірә, дүр варианты басым болғанға ұқсайды. Толған тоғай малы-дүр (Жиембет).

Ауыспалы осы шақтың болымсыз түрінің І жақта -ма+й+мын, -пе+й+мін вариантының орнына -ман, -пен жұрнақты тұлғасы да кездеседі. Және бұл амал жиі жұмсалған: Ел қонса да мен қонман. Ай, ел көшсе де мен көшпен. Ордасын ел тіксе де мен тікпен [4,97].

Қорыта айтқанда, «Әділ сұлтан» эпикалық жырында тілдік деңгейлерді барынша қарастыруға тырыстық. «Әділ сұлтан» эпикалық жыры зерттелмеген тақырып болғандықтан, оны барынша терең зерттеу келешектің үлесі деп ойлаймыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *