ТҮРКІ ФРАЗЕОЛОГИЯСЫ: ӘДІСТЕРІ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТАБИҒАТЫ

Раушангул Амирдиновна АВАКОВА
филология ғылымдарының докторы
ТҮРКСОЙ кафедрасының профессоры

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Алматы, Қазақстан
raushanavakova63@gmail.com

Фразеологизмдер тілдік жүйенің қай қабатына жатады, оның орны қандай, басқа тілдік қабаттармен онтологиялық және генетикалық қатынастарды қалай құрады? – деген сұрақтардың туындауы орынды.

Бұл сұрақтардың шешімін тілдің фразеологиялық құрамын зерттеудің мақсаттары мен әдістері айқындайды.

ғасырдың 30-жылдарының өзінде атақты ғалым Е.Д.Поливанов фразеология саласын ерекше лингвистикалық пән ретінде оның нысанасы мен міндеттерін белгілеп, төмендегідей пікір айтқан болатын: “Я позволю себе употребить термин “фразеология” для обозначения особой дисциплины (наряду с фонетикой, морфологией, синтаксисом и … лексикой), занимающей по отношению к лексике то же положение, какое синтаксис занимает по отношению к морфологии” [1; 20 ].

Сол кездердің өзінде Е.Д. Поливанов жалпы типтік тіркестер емес, ерекше, арнайы мағына беретін тіркестерді зерттейтін синтаксиспен, нақты сөздердің ерекше, арнайы мағынасын зерттейтін лексикамен байланысты сала – тіл туралы ғылымның қажеттігі туралы айтқан болатын. Фразеология тіл білімінің фонетика, морфология және т.б. деңгейлерімен бірдей, “терезесі тең” болашақтағы тіл ғылымындағы ерекше сала ретінде орнығатынын алғаш рет айтқан Е.Д. Поливанов болатын.

Фразеология саласының ғылымдағы бүгінгі жетістіктері мен арналары, қалыптасқан бағыттары мен теориялары да ғылыми дәйектеменің дұрыстығының дәлелі болмақ.

Тіл белгілі бір құрылымы мен қызметі бар, біртұтас жүйелі құбылыс ретінде өмір сүреді. Жүйенің элементтері бір-бірімен өзара қарым-қатынаста, байланыста, бірлікте өмір сүреді. “Жүйесіз нәрсені жадыңда сақтау қиын. Егер тілде жүйе болмаса, егер олар бір-бірімен байланыссыз, ретке келтірілме-ген, ұйымдаспаған, бөлшектері бүтінге бірікпеген, бытыраңқы элементтер күйінде болса, онда тіл адам санасында сақталмаған болар еді, қатынас құралы, пікір алысудың құралы болып қызмет етуге де жарамас еді. Тілде жүйелілік қасиет бар” [2; 67].

Тіл қабаттарын әр түрлі бірліктердің әдістемесін (методикасын) зерттеу деп қана қарастырмай, оның құрылымын ұйымдастыратын жүйе ретінде тану қажет. Тілдің төменгі қабаттағы бірлігінің бірте-бірте одан жоғары қабаттағы бірлікке өту үрдісі төменгі қабаттағы элементтердің (тілдің синхрондық тұрғысынан) синтагматикалық қасиеттерінің жүзеге асу комбинацияларының нәтижесі болып табылады. Мәселен, фонема комбинациясы морфеманың дыбыстық жамылғышын түзесе, морфемалар комбинациясы сөз жасайды, ал сөздер комбинациясы сөйлем құрайды.

Фонема, морфема, сөз және сөйлемнің иерархиялық қатынастарында, біріншіден, өзіндік типологиялық модельдерге негізделген (кез келген тілде сөздердің бір-бірімен тіркесімділік қабілеті жалпы тілдік қордағы сөздермен салыстырғанда шектеулі) еркін сөз тіркестері тіл бірліктерінің қабаттарынан тыс қалады, екіншіден, тіл қабаттары жүйесінде тұрақты тіркестердің орны белгісіз. Еркін сөз тіркестері мен тұрақты тіркестер тіл қабаттарының ішінде негізгі деңгейлермен қатар, өзіне тән тілдік бірліктері бар аралық деңгейлік “мәртебелі” ерекше жүйе құрай алатыны белгілі. Бұл тіркестер тілдің лексикалық және синтаксистік жүйелерінің арасындағы ерекше деңгейаралық жүйе болып табылады.

Тіл жүйесінің лексикалық және синтаксистік қабаттары аралығындағы еркін тіркестер (синтаксистік конструкциялар) мен тұрақты тіркестер (фраземалар) ерекше тілдік бірліктер болып табылады. Тілдік бірліктердің ерекше мәртебесіне ие фраземалардың сөздерден де, сөз тіркестерінен де өзіндік айырмашылықтары бар.

Осы тұрғыдан М. Балақаев қазақ тіліндегі сөз тіркестерінің табиғатына тоқтала келіп, жеке сөздердің тура мағынасына сәйкес ұғымда жұмсалмаған, сол тобымен өзгеше мағынада жұмсалған тіркестер (үрейін ұшыру – қатты қорқу, есінен тандыру – есін шығару) мен …құс ұшты, балапан ұшты, қарға ұшты, самолет ұшты тіркестерін тең қоюға болмайтын тұрақты тіркестер кездеседі…

Тұрақты тіркестердегі сөздердің өзара байланысу амалдары мен синтаксистік байланысу формалары қазақ тілінің осы күнгі грамматикалық нормала-рынан алшақ кетпейді. Бірақ олардың синтаксистік құрылысы “сіресіп” қатып қалған болады да, қызметі мен мағынасы мүлдем өзгереді, – деген ғылыми тұжырым айтады [3; 32-33].

Тіл бірліктері бір-бірімен тығыз иерархиялық байланыста болады. Фраземалар синтаксиспен, оның ішінде сөйлем мүшелерімен де, сөйлемнің түрлерімен де тығыз байланысты. Сөз тіркесі типінде жасалған фразеологизмдер, сөйлем түрінде жасалған фразеологизмдер туралы чуваш фраземасын зерттеген ғалым “Современный чувашский язык. Слово, фразеологизм и свободное сочетание слов” еңбегінде жан-жақты қарастырылған [3; 57]. Фраземалар өзінің табиғаты жағы-нан екі жақтылық құбылысы, бір жағынан, оның дара сөзге ұқсастығы, екінші жағынан, еркін тіркеске ұқсас болып келуінен көрінеді.

Фраземаларға тән басты белгілер мен қасиеттерді саралай келіп, тіл теориясының маманы К. Аханов былай дейді: “Фразеологиялық оралымның (біздің метатілде “фразема”) белгілері екі бағытта қызмет атқарады. Оны сөзбен жақындастыратын белгі, еркін тіркестен ажыратылатын белгі ретінде, ал фразеологиялық оралымды сөзден ажырататын белгі, оны еркін тіркеспен жақындастыратын белгі ретінде қызмет ете алады” [2; 67].

Лексема атауыштық мәнде жұмсалса, фразема бейнелеуіштік-атауыштық мағына басым; сөз – белгілейді, фразема – бейнелейді; лексема – көбіне халықтың дүниетанымының жемісі болса, фразема – адамзаттың ойлау қабілеті мүмкін-дігінің, психологиясының, түрлі табиғи қабілеттері мен қасиеттерінің жемісі; сөз – бүтін бітімді (цельноформленный) болса, фразема – бөлек бітімді (раздельно-оформленный); сөздің барлық жағдайда ауыс, бейнелі мағынада жұмсалуы шарт емес, ол фразема үшін қажетті шарт; сөз түбір (негізгі) мағынаны, фразема туынды мағынаны білдіреді; сөз өзінің референттік қасиетін сақтаса, фразема құрамындағы сөздер өздерінің ішкі референттік қасиетін сақтай алмайды; лексемада лексикалық, фраземада фразеологиялық мағына болады және т.б.

Қазақ тіліндегі күрделі сөздердің теориялық негіздерін зерттеген ғалым Б. Қасым оларды күрделі атаулар деп қарастырып, тілдік деректердің атаулық қасиеттерін сараптап, уәжділік дәрежесіне орай 3 түрге бөледі: 1) тура уәжділік (лексикалық морфемдердің айқын, тура мағыналары); 2) жартылай уәжділік (уәждеуші сыңарлардың біреуінің мағынасы күңгірттеніп, көмескіленіп, ауыс мағынаға көшуі), 3) көмескі уәжділік (айқын мағынаның орнына жасырын мағынаның пайда болуынан ауыс мағынаға көшуі) [4; 34]. Көмескі уәжділікке ие күрделі атауларды фраземаларға жақын бірліктер деп қарастыруға болады. Тілдің лексикология саласында қарастыратын, атауыштық қызмет атқаратын күрделі сөздердің де фраземалардан айырмашылығы бар: күрделі сөздер фраземалардың қалыптасу төркіні еркін тіркестер болғанымен, олардың қалыптасу үрдісі әр басқа (күрделі сөздер үшін – фонетикалық фактор мен лексикалану, грамматикалану, фраземаға – идиомалану үрдісі тән);

фраземалардың құрылым тұлғалары берік, олар көп компонентті (екіден көп), құрамы дербес мағыналы атауыш сөздермен шектелмейді;

күрделі сөздерге – тура мағына, фраземаларға – ауыс мағына тән;
күрделі сөздердің қалыптасу уәждері ашық, фраземалар-дың ішкі формасы ашық емес және
т.б.

Еркін тіркестер мен фраземалар арасындағы ерекшеліктерді саралап, профессор Т. Сайрамбаев: “Фраземаларда лексикалық мағына болса, сөз тіркестерінде болмайды, сөз тіркестері сөздің лексикалық бірлігі негізінде жасалса, фраземаларда жеке лексикалық бірліктер жоқ. Сөз тіркесі мен фразеологизмдердің сырттай ұқсастықтары болғанымен, ішкі мазмұны жағынан бір емес”, – дейді [5;82].
Фраземалар мен сөз тіркестері төмендегі белгілермен ерекшеленеді:
сөз тіркесіндегі әрбір сөздің өзіндік мағынасы болса, фраземалар ондай қасиеттен айырылған;

сөз тіркесіндегі әрбір сөздің синтаксистік қызметі болса, фраземалар компоненттері бұрыннан тіркесіп қойған қалпында, аражігін ажырамай даяр, тұтас қалпында қолданылады;

сөз тіркесіндегі сөздің орын тәртібі еркін болса, фразема-ларда тұрақты;

сөз тіркесіндегі әрбір сөздің байланысу тәсілдері болса, фраземалардың іштей бір-бірімен байланысу формасында келуі тұрақты.

Фразеология – құрамы мен құрылымы тұрақты, сөйлеу кезінде конструкцияланбай, даяр қалпын сақтай отырып қолда-нылатын, мағына тұтастығы мен тіркес тиянақтылығы тән бейнелі тұрақты тіркестердің қазіргі күйін және тарихи қалпын зерттейтін тіл білімінің саласы. Осының негізінде фразеология қазіргі немесе синхронды және тарихи немесе диахронды деп бөлінеді.

Фразеологияның зерттейтін пәні – фразеологиялық оралымдар. Оларды фразеологизмдер, фразеологиялық бірліктер немесе фраземалар деп атайды. Сондықтан да қандай да бір тілдің фразеологиялық бірліктерін фразеология деуден гөрі (себебі ғылым саласымен омонимдес болып қалады) морфемика, лексика терминдеріне сәйкестендіріп фраземика1 деп атаған жөн.

Фразеологияның жалпы лингвистика саласы ретіндегі тари-хы ұзаққа бармайды. Тіл білімінің жаңа бағытын таңбалайтын “фразеология” термині жеке лингвистикалық пән ретінде ХХ ғасырдың 40-жылдары дүниеге келді. Фразеологияның алғашқы теориялық негізі және осы мәселе жөніндегі идеяны дамытушы Ш. Балли болса, оның Ресей топырағындағы дамуы мен жаңа, жеке лингвистикалық сала ретінде қалыптасып дүниеге келуі академик В.В. Виноградов есімімен тығыз байланысты.

Ресейдегі В.В. Виноградов теориясының жалғасы орыс ғалымдары В.Л. Архангельский, В.П. Жуков, В.И. Зимин, А.В. Кунин, А.И. Молотков, Л.И. Ройзензон, А.И. Смирницкий, В.Н. Телия, Н.М. Шанский және т.б. еңбектерінде көрініс тапты. Фразеологияның тіл біліміндегі фонология, морфология, лексикология және синтаксис салаларынан ерекшелігі – ол “тарихи тұрғыдан тіл туралы ғылымның екіншілік жасалымы” (М.М. Копыленко, З.Д. Попова). Оның зерттеу нысанасы – “сөздер мен сөйлемдердің мағыналық жағынан байланысты тіркесімі” (В.Н. Телия) болып табылатын фразеологизмдер мен фразеологиялық бірліктер.

Кез келген халықтың халықтығы мен ұлттық болмысын танытатын оның әр алуан өнері болса, сол өнердің алды – қызыл тіл — деген даналық сөз бар. Тілдің байлығын, терең тұңғиық сырлары мен құпияларын ашқан, сұлулығына тамсанып, шебер қолдана білген, сол тілде сөйлейтін халықтың кемеңгерлігі мен даналығы екені сөзсіз.

Тілдің бейнелілігін, байлығын арттыра түсетін сөздік қор-дың ауқымды бөлігін құрап тұратын тілдік бірліктер – фразеологизмдер. Фразеологизмдер – халықтың тұрмыс-салты-ның, әдет-ғұрпының, мінез-құлқының, өмір сүру ортасының, тұрмыс-тіршілігінің, экономикалық және саяси көзқарастары мен өзгерістерінің және т.б. айнасы.

Қазақ тіл білімінде алғашқылардың бірі болып ХХ ғасырдың қырқыншы жылдары профессор С. Аманжолов идиомалық тіркестер мен фразеологизмдерді зерттеуді қолға алу керектігін атап өтіп, олардың ғылыми бағыттарын көрсеткен. Тұрақты тіркестерді “идиомалық форманы екіге бөлуге болады: 1) образды бернелі құрама идиомдық тіркес) және 2) бернесіз құрама (фразеологиялық тіркес). … Осылар сияқты қазақ тіліндегі кейбір сөйлемдерді басқа тілге тура аударғанда, олар тура мағынасынан басқа мағына беріп кетсе, сөздердің грамматикалық формаға дұрыс жауап бермегені деуге болады. Бұл – идиом. Бұл – идиомды айыруда негізгі критерий” [6; 115]. С. Аманжолов кейінгі жылдары жазған еңбектерінде де фразеология мәселесіне тоқталады. 1948 жылы қорғалған докторлық диссертациясында тұрақты тіркестерге диалектологиялық деректерден көптеген фактілер келтіріп, оларды қазақ әдеби тілімен салыстыра зерттейді. “Қазақ әдеби тілінің және диалектологиясының мәселелері” атты ғылыми мұрасында: “Қазақ тілі идиомалар мен фразеологиялық тіркестерге өте бай. Біздің ойымызша, идиомалық және фразеологиялық оралымдар қазақ халқының ойлау жүйесін зерттеудің және тілдегі мазмұн мен форманы қарастырудың тамаша нысанасы бола алады”, – деп ерекше атап көрсетті [7; 254 ].

Түркітанудағы фразеология туралы зерттеулер ХХ ғасырдың 50-жылдарынан бастап кең ауқымда зерттеле бастады. Тілдің байлығын көрсететін бір тілді және екі тілді сөздіктер жарық көрді. Лексикографиялық еңбектердің басылып, жарық көруі түркі тілдеріндегі фразеологиялық қорды жинастыруға, оларды ғылыми тұрғыдан жүйелеуге орасан зор септігін тигізеді. Алайда 1970 жылдарға дейін жарық көрген фразеологиялық сөздіктерде түркі тілдерінің фразеологиялық қоры жан-жақты жинастырылды деп айта алмаймыз.

Қазақ фразеологизмдерін теориялық тұрғыдан зерттеу мен арнайы лексикографиялық еңбектерді басып шығару атақты ғалым І. Кеңесбаев еңбектерінен бастау алады. Түркі тілдес халықтардың ішінде алғашқы фундаменталды еңбекті академик І. Кеңесбаев 1977 жылы басып шығарды.

Теориялық тұрғыдан түркі тілдес халықтардың фразеологиясының зерттелуі бірқалыпты емес. Қазақ, әзірбайжан, татар, башқұрт, өзбек, чуваш тілдерінің фразеологиялық теориясы біршама жүйеге түсті десек, кейбір түркі тілдері (ұйғыр, хакас, түрік, қарақалпақ, түркімен және т.б.) бойынша азды-көпті зерттеулер мен кандидаттық диссертациялар қорғалған.

Теориялық және лексикографиялық тұрғыдан жалпы түркі фразеологиясы бірқалыпты, жүйелі зерттелмегендіктен қазіргі таңда түркі тілдерінің фразеологиясын әрі синхронды, әрі диахронды аспектіде салыстырмалы (тарихи-салыстырмалы) еңбектерді жазу ісі қолға алынбай отыр.

Жалпытүркілік қорды құрайтын фразеологизмдер мен жазба ескерткіштер құрамындағы фразеологиялық бірліктерді зерттеу түркітану ғылымының болашағы болып табылады. Фразеологизмдердің әдістемелерін анықтау фраземаларды айқындаудың мәртебесімен тікелей байланысты. Фраземаларға кең көлемдегі көзқарас синтаксис аспектісімен ұштасып жатса, керісінше, тар көлемдегі баға лексикологиямен табан тіресуі әбден мүмкін.

Фразеологизмдерге деген тар көлемдегі бағытты ұстай отырып оларды зерттеудің, талдаудың әдістеріне (методтарына) сипаттама жасап көрейік. Фразеология теориясында қалыптасқан әдістер осы сала бойынша жазылған еңбектердің жемісі болып табылады. ХХ ғасырдың қырқыншы жылдары тіл білімінің саласы ретінде қалыптасқан фразеология ғылымында қазіргі күні әр түрлі бағыттар мен осы бағыт нәтижесінде түрлі әдістер дүниеге келді.

Жалпы фразеология теориясында бүгінгі таңда төмендегідей әдістер қалыптасқан:

құрылымдық-семантикалық моделдеу әдісі. Ол идеографиялық өрістер мен семантикалық топтарға және синонимдік қатарларға сүйенеді;

семантикалық-синтаксистік моделдеу әдісі. Бұл әдіс фраземалар жүйесінің универсалдылығы мен дифференциалдық құрылымын айқындауды мақсат етеді;

құрылымдық-ұялық әдіс негізінде фраземалар компоненттерінің тақырыптық топтастырулары жатыр;
валенттілік әдіс фраземалар құрамындағы сөздердің тіркесімділігіне негізделген;

семантикалық-диахрониялық әдіс. Фраземаларды тарихи тұрғыдан салыстырып зерттеуге негізделген;

эквиваленттік әдіс түрлі типологиялық топтарға жататын тілдерді салыстыру нәтижесінде жүзеге асады;

функционалды-коммуникативтік әдіс тілдердің фразеологиялық жүйесінің квалитативті және квантативті ұқсастықтары мен социолингвистикалық ерекшеліктеріне сүйенеді;

сипаттамалы лексикографиялық әдіс қостілді сөздіктерге талдау негізінде жүзеге асады.

Кез келген тілдің фраземалары тілдік жүйеде қалыптасқан сөз тіркестері моделдері негізінде жасалады. Фразеологизмдердің сөз тіркестеріне және сөз таптарына қатысын, фразеологиялық бірліктерге тақырыптық-семантикалық топтастырулар жасау, ол бірліктердің синонимдік қатарлар құрауы және т.б. мәселелер құрылымдық-семантикалық әдіс негізінде талданған.

Бұл әдіс фразеология теориясында кең қанат жайған. ХХ ғасырдың сексенінші жылдарына дейін осы әдіс негізінде жазылған еңбектер саны аз емес.

Қазіргі қазақ тіл білімі фразеологиясында аталмыш теориялардың алатын орны ерекше. Ол әдістер негізінде қорғалған кандидаттық, докторлық диссертациялар мен монографиялық еңбектер баршылық.

Фразеологиялық қордың қандай әдіс негізінде талдануына орай қазақ тіл білімінің фразеология саласы түрлі бағыттар бойынша зерттелді:
Фразеологизмдердің теориялық, практикалық мәселелері1.
Фразеологиялық бірліктердің сөздік қордағы орны мен рөлі, олардың күрделі сөздермен, синтаксистік тіркестермен, тұрақты тіркестермен арақатынасы мен ерекшеліктері, номинативтік қасиеттері, сөздердің фразеологиялық байлаулы мағыналары, лексикографиялық бір тілдік, түсіндірме және қостілді деректерде берілуі мен аударылуы және т.б. теориялық мәселелер қазіргі қазақ тілінде зерттелді.
Фразеологизмдердің стильдік қызметі2.

Фразеологиялық бірліктердің әдеби тілдік стильдік тармақтарға бөлінуі, олардың лексикографиялық деректер негізінде жіктелуі фразеологиялық деңгейдегі тілдік құралдардың мәнерлегіштік мүмкіндіктері, олардың стилистикалық мәні мен бояулары, түрлі жағдайлардағы қолданыс аясы, фразеологиялық бірліктердің қолданылуының коммуникативтік заңдылықтары, олардың бейнелілік және метафоралық белгілерінің негізгі заңдылықтары мен тенденциялары, фразеологиялық тіркестердегі штамптар мен шаблондардың мүмкіндіктері және т.б. мәселелер қарастырылды. Фразеологизмдердің стильдік қызметі мен оның теориялық арналарын зерттеу қазақ тіл білімінде әлі де болса толықтырулар мен ізденістерді қажет етеді.
Көркем шығармаларда қолданылуы3.
Зерттеушілердің алдында жеке авторлардың әдеби шығармаларындағы фразеологизмдердің және авторлық қолданыстардың ерекшеліктері мен олардың тәсілдеріне тілдік тұрғыдан талдау жасау мақсаты қойылды. Көркем шығармада сипатталып отырған дәуірдің, тарихи кезеңнің бояуын сол қалпында беру мақсатында түрлі авторлық қолданыстар мен айшықты бірлік-тер пайдаланылады. Мұндай шығармалар арқылы авторлар, “бір жағынан, қазіргі қолданысымызда жоқ немесе өте аз ұшырасатын сөздерді айналымға түсіріп, тілдің байлығын арттырудың тағы бір жолын көрсетіп отырса, екінші жағынан, көркем бейнелер жасауда мүмкіндіктің молая түскенін дәлелдейді” [8; 372]. Сондықтан да авторлардың тілін зерттеу, олардың қолданысындағы тілдік бірліктерге ғылыми баға беру теориялық дәйектемелер жасауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Фразеологизмдерді мағыналық, тақырыптық тұрғыдан топтастыру принциптері1. Фразеологизмдердің мағыналық топтарына лексика-семантикалық және тақырыптық тұрғыдан топтастырулар жасалып олардың принциптері мен әдістері айқындалды. Семантикалық өріс мәселесі теориялық аспектіде шешімін тауып, семантика-лық, зооморфтық, діни-мифологиялық, сандық және т.б. мағыналық-тақырыптар екшеленіп, олардың көп мағыналық, омонимдік синонимдік, антонимдік, варианттылық қатарлары ерекше фразеологиялық категория ретінде зерттелді.
Фразеологизмдердің жеке категориялары2.
Фразеологиялық бірліктердің белгілі бір сөз табына қатысын тіркестегі сөздердің грамматикалық сипатына қарап танып білуге болатыны белгілі. Фразеологизмдердің қай сөз табына қатыстығын анықтау үшін, негізгі сөз бен жалпы тіркестен туындайтын мағынаны салыстыру арқылы бағалауға болады. Бұл мәселе қазақ фразеологиясында жан-жақты зерттелген. ХХ ғасырдың 50-жылдары фразеологизмдердің зерттелуі қазақ тіл білімінде болсын, жалпы отандық лингвистикада болсын осы екі тұрғыдан зерттелді. Сөз табының қатысына қарай фраземалар есімді, етістікті, сан есім, сын есім, үстеу мағыналы деп сөз таптары топтастырылып, олардың морфологиялық, синтаксистік және лексика-семантикалық ерекшеліктері талданылды.
Фразеологизмдердегі диалектілік ерекшеліктер3.

Фразеологизмдердің жергілікті ерекшеліктері мен олардың диалектілерге қатысы жөнінде жеке еңбектер саны көп емес. Олар көбінесе жалпы диалектологиялық зерттеулер мен жергілікті ерекшеліктерді саралағанда солардың құрамында қарастырылады. Аз да болса кейінгі жылдары Қ. Қалабаеваның зерттеу еңбектерінде, Қытай қазақтарының тіліндегі тұрақты тіркестердің жергілікті ерекшеліктерін зерттеуші С.Мұстафаұлы еңбектерінде көрініс тапқан.
Фразеологизмдердің этнолингвистика тұрғысынан зерттелуі4. ғасырдың соңында пайда болған, этнос пен тілдің шегінде ғылым ретінде қалыптасқан этнолингвистика ғылымы қазақ тілі лингвистикасында да өз дәрежесінде зерттелуде. Бүгінгі таңда
академик Ә. Қайдар мен оның шәкірттері лексикалық қордың түрлі деңгейлерін мәдениеттану, этнография, өлкетану, фольклористика, мифология, астрология, этнология, педагогика т.б. қоғамдық-әлеуметтік пәндердің шегінде қарастырылып, “этнос тілінің табиғатын айқындауға тікелей қатысты (мәселен, этимология, диалектология, ономас-тика, фразеология, паремиология, терминология, лексикография т.б.) лингвистикалық пәндермен” байланыстыра зерттеп, этнолингвистиканы жеке ғылым саласы дәрежесіне көтерді [9;12].

Қазіргі күні этнолингвистика ғылымының өзіне тән әдістері мен зерттеу тәсілдері, нысанасы мен мақсат-міндеттері, метатілі қалыптасқан, “жан-жақты ізденіс нәтижесінде өзіндік ерекше-лігі мен үрдісі айқындалып келе жатқан, дербес те перспективті ғылым саласы ретінде танылып отыр” [9; 8].

Этнолингвистика ғылымының қарқынды түрде дамуын профессор М.М. Копыленконың “Этнолингвистика негіздері” еңбегінің соңында берілген библиографиялық көрсеткіш санынан да айқын көруге болады [10] .
Фразеологизмдердің жеке тілдер деректері негізінде салыстырыла зерттелуі1.
Қазақ фразеологиясы қазіргі таңда салыстырмалы және салғастырмалы-типологиялық бағытта да зерттелуде. Сал-ғастырмалы-типология тілді зерттеудің екі бағытын біріктіреді. Бұл бағыт тілдерді олардың туыстығына, өмір сүру кезеңіне, аймақтық ерекшеліктеріне бөлінуіне қатыссыз зерттейді. Қазақ тілінің фразеологиялық бірліктері туыс және туыс емес (морфологиялық құрылым әр түрлі) тілдермен салыстыра зерт-теліп, олардың жалпы заңдылықтары мен ұлт менталитетіне, оның мәдени дамуына орай ерекшеліктері айқындалды.

Қазақ тіл білімінде фраземаларды орыс тілі және европа тілдері (ағылшын, неміс, француз), шығыс тілдері (қытай, корей) материалдарымен салғастыра зерттеген еңбектер саны аз емес. Бұл зерттеулер лексика-семантикалық, құрылымдық-морфологиялық, өрістік және мағыналық тақырыптарға топтастырулар негізінде жүзеге асуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *