ТҮРКІ ТІЛДЕРІНІҢ ОРТАҚ ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ЖАЙЛЫ

Әлімхан ЖҮНІСБЕК
филология ғылымдарының докторы, профессор А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты,
Алматы/Қазақстан

Түркі халықтарының қазіргі жазуы латын, кирилл және араб графикаларын пайдаланып келе жатқан көптекті әліпбидің нәтижесі болып отыр. Сондықтан дыбыс құрылымының жақындығы мен туыстығына қарамай, түркі тілдерінің әліпби құрамы, таңба үлгісі, жазылым (орфография) ережесі бір-бірінен өте алшақ жатыр (әзірге түркі дыбыстарының ортақ транскрипциясы да жоқ). Ендеше, түркі тілдерінің жазуын бірегейлендіру (унификациялау) өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Ортақ жазу — жалпы түркілік әліпби, таңба және жазылым ережесі — түркі халықтарының басын біріктіретін ұтымды амал болып табылады. Саяси-экономикалық шаралардың маңызы жоққа шығарылмайды, дегенмен күнделікті қолдан түспейтін, күнде көз алдыңда тұрған жазудың әрбір түркі азаматы үшін жөні бөлек. Ортақ жазу түркі қоғамын дамыту мен қалыптастырудың мәдени-ағартушылық құралы болып табылады.

Түркі тілдерінің дыбыс таңбаларында да біртұтастық жоқ. Ұқсас дыбыстардың өзі әртүрлі таңбаланып жатады. Жасалымы (артикуляциясы) мен естілімі (перцепциясы) бірдей дыбыстардың таңбалары міндетті түрде бірдей болу керек, ал ортақ дыбыстардың саны түркі тілдерінде басым. Кейбір түркі тілдерінде кездесетін бірегей дыбыстардың таңбасы, сөз жоқ, өзінше шешіледі. Ондай дыбыстар бірен-саран ғана.

Түркі жазуының ең күрделі тұсы емле-ереже болып табылады. Түркі тілдеріне тән бірыңғай емле-ереже құрастыру олардың әліпби үлгісіне тікелей байланысты. Әліпби құрамы төл қалпына түсетін болса, емле-ереже өзі реттеледі. Түркі тілдерінің емле-ержесін күрделендіріп, табиғи үлгісінен ауытқытып жүрген кірме дыбыстардың кірме таңбалары болып табылады.

Кірме таңбалардың халықаралық жазылымын қабылдағанның еш кемшілігі жоқ. Қайта оның ұтымды жағы бар, қазіргі кезде оның бәрі көпке түсінікті. Кирил тәжірибесіндегідей арнайы таңба беріп жатудың қажеті жоқ, оның зияны ғана бар екенін түркі жұртының көпшілігі бастан кешіп келеді. Кірме таңбалардың топтамасы кестенің төменгі жағында бөлек беріліп отыр, себебі олар төл әліпби тізбегіне енбейді.

Кірме таңбалардың жайы латын әліпбиіне көшкен түркі тілдерінде төте шешімін тапқанымен, кирилл әліпбиінде отырған тілдердің жайының жуық арада жөнге түсе қоюы қиын. Түркі жазуының орфографиялық (жазылым) және орфоэпиялық (айтылым) үлгілеріне «европаөзімшіл» (европацентристік) ұстанымның тигізген зияны зор болып келді және зор болып отыр. Сондықтан да түркі тілдерінің дыбыс бірліктерін «европаөзімшіл» баяндаудан арылтып, түркі тілдерінің дыбыс құрылымының төл үндесім (сингармонизм) белгілерін анықтап алмаса болмайды.

Бұл орайда түрік мемлекетінің (Түркие) қалыатасқан дәстүрлі латын әліпбиі мен егемен түркі елдерінің (Әзірбайжан, Өзбек, Түркмен) енді орнығып келе жатқан латын әліпбиінің оң тәжірибесі үлгі ретінде алынып, латын жазуына көшу үстіндегі қиыншылықтар ескерілуге тиіс. Латын жазуының емле-ережелері басты назарда болу керек.

Ортақ латын әліпби арқылы жазылған сөздің оқылымы әр тілде әртүрлі бола беруі мүмкін, алайда сөздің әліпби тұрқы барлық түркі жұртына түсінікті болады. Басқаша айтқанда, кез-келген түркі тілінің латын мәтіні өзге түркі тілдеріне жат болып көрінбейді. Төменде түркі мемлекеттері ұсынған латын әліпбиінің жобасы беріліп отыр (1-кесте). Мұндағы мақсат – егер түркі мемлекеттері латын әліпбиіне өтер болса, онда әліпби таңбаларын тек осы құрамның ішінен алуы керек. Сонда ғана түркі жұртының ортақ жазуы қалыптасады.

A a F f K k Ö ö Ü ü
Ә ә G g Q q P p V v
B b Ğ ğ L l R r W w
C c H h M m S s X x
Ç ç І ɪ N n Ş ş Y y
D d İ i Ņ/Ŋ ŋ T t Z z
E e J j O o U u

Кесте. 1 Түркі мемлекттері ұсынған ортақ әліпби құрамы

Қазақ латын әліпбиінің бір жобасы ретінде ұсынылып отырған кестеде таңбалардың бәрі түркі мемлекеттері ұсынған құрамнан шығып кетпейді (2 кесте). Мұның өзі ортақ әліпби құрастырудың еш қиындығы жоқ екенін, керісінше жолы оңай екенін көрсетіп отыр. Қазақ латын әліпбиінің үлгісі өзге түркі тілдеріне жөн сілтеу болары сөзсіз. Әрине латын әліпбиіне өту оңай болмайтыны белгілі. Соның бір мысалы ретінде Ii, Uu таңбаларының төл және халықаралық оқылымындағы қайшылықты арнай емле-ереже арқылы реттеуге тура келетіндігін атай өту керек болады. Бастан-аяқ ескертуі жоқ емле-ереже практикада кездеспейтіні белгілі. Кірме таңбалар жайы жоғарыда ескертілді.


№ кирилше латынша аталуы № кирилше латынша аталуы
1 А а A a а 15 Н н N n ны
2 Ә ә Ә ә ә 16 Ң ң Ŋ ŋ ың
3 Б б B b бы 17 О о O o о
4 Ғ ғ Ğ ğ ғы 18 Ө ө Ö ö ө
5 Г г G g гі 19 П п P p пы
6 Д д D d ды 20 Р р R r ыр
7 Е е E e е 21 С с S s сы
8 Ж ж J j жы 22 Т т T t ты
9 З з Z z зы 23 У у W w ұу
10 Й й Y y ый 24 Ұ ұ U u ұ
11 Қ қ Q q қы 25 Ү ү Ü ü ү
12 К к K k кі 26 Ш ш Ş ş шы
13 Л л L l ыл 27 Ы ы І ɪ ы
14 М м M m мы 28 І і İ і і
кірме таңбалар
tc/c ch/ç f/ph v/bh x/kh sh ye i u yu ya yo

2-кесте. Қазақ латын әліпбиінің жобасы

Мысал мәтін үлгіcі:

ABAY JOLI

Üş kündik joldɪŋ bügingi, soŋǧɪ künine bala şәkirt barɪn saldɪ. Qorɪqtan kün şɪǧa atqa mineyik dep

asɪqqan-dɪ. Bunɪ qaladan alɪp qaytqalɪ barǧan aǧayɪnɪ Baytastɪ da taŋ atar-atpasta özi oyatɪp turǧɪzɪp edi.

Kün uzɪn attan da tüspey, özge jürginşilerden oq boyɪ alda otɪrǧan. Key-keyde özine tanɪs Köküyirim men

Buwratiygen, Taqɪrbulaq sɪyaqtɪ qonɪs-qudɪqtardɪŋ tus-tusɪna kelgende bala oqşaw şɪǧɪp, astɪndaǧɪ jaraw

qula bestisin aǧɪzɪp-aǧɪzɪp ta aladɪ…

-Mɪna balanɪŋ awɪlǧa asɪǧuwɪn-ay!

253

MENIŅ ELIM

Altɪn kün aspanɪ,

Altɪn dәn dalasɪ,

Erliktiŋ dastanɪ,

Elime qaraşɪ!

Ejelden er degen,

Daŋqɪmɪz şɪqtɪ ǧoy,

Namɪsɪn bermegen,

Qazaǧɪm mɪqtɪ ǧoy!

Meniŋ elim, meniŋ elim,

Güliŋ bolɪp egilemin,

Jɪrɪŋ bolɪp tögilemin, elim!

Tuwǧan jerim meniŋ –

Qazaqstanɪm!


«Жоба» қазақ сөзінің:

-дыбыс құрамын,
-үндесім әуезін,

-морфем құрамын,
-буын тұрқын,
-тасымал жігін,
-сөйлем (сөйлеу) ырғағын бұзып жазуға еш мүмкіндік бермейді. «Жоба» мазмұнынан ешқандай тіл бұзар жаңсақ емле-ереже туындамайды.

Біртекті графикалық үлгіге (модельге) негізделген төл түркі дыбыстарының ортақ үндесім әліпбиі түзіледі. Кірме сөздердің құрамындағы кірме дыбыстарды белгілейтін өзалдына орфографиялық ережелер құрамы ұсынылады, сөйтіп дәстүрге айналған қазіргі кездегі кірме дыбысқа кірме таңба алу практикасынан арыламыз. Әліпби таңбаларын компьютер түйметақтасына (клавиатурасына) орналастырудың түркілік шешімі табылатын болады.

Түркі жұртының арасындағы мәтін деңгейіндегі ақпарат алмасу дамиды, электронды ақпарат өңдеудің қолданба құралдары мен бағдарламаларын құрастыруды қолға алуға негіз болады, электронды тіл үйрету оқу-құралдары кеңінен және еркін таратылады. Әлеми ақпарат құралдарын тікелей пайдалана беруге жол ашылады.

Ең бастысы, ортақ үндесім әліпби (сингармонический алфавит) түркі жұртының басын біріктіруге септігін тигізетін, сөйтіп ортақ мүддесін ақтайтын, ел мен елдің мәдени-экономикалық алмасымын жеңілдететін, алыстан хабар алып-беріп, өзара түсіністігін арттыратын тиімді құрал болмақ.

Түркі жазуының әлемдік компьютер бағдарлама стандарттарына оңай икемделіп, сол бағдарламаларды оңай иемденетін болады.

Үндесім әліпби түркі тілдерінің, әсіресе ерін үндестігі толық сақталған түркі тілдерінің, мәтін терімін бірнеше есе жеңілдетеді, түркі тілдерінің үндесім табиғатына лайық (европа стандартынан бөлек) үндесім түйметақта (сингармоническая клавиатура) құрастыруға болады деген теориялық болжам практикалық шешімін күтіп отыр.

Сөз соңында (3 кесте). Әліпби құрастырғанда дыбыс артикуляциясына қатты мән беру керек. Дыбыс артикуляциясы мен таңбаның мәні бір-бірімен сәйкес келмесе онда әліпби құрамына қатты нұқсан келеді, тіптен тілдегі төл дыбыстың жоғалып кетуіне әкеліп соғады. Мысалы, түрік, әзірбайжан, өзбек тілдерінде ерін-еріндік үнді дауыссыз бар. Олар түркі дыбыстарының кестесінде бірінші бағананға орналасқан. Енді ағылшын тілінде тіс-еріндік үнді дауыссыз бар. Екі тілдің осы дауыссыздарының естілімі (перцептивный эффект) өзара өте жақын. Соның салдарынан түркі дауыссыздары ағылшынның [v], [f] дыбыстарының таңбасымен орынсыз белгіленіп жатыр. Түркі дыбыстары бір бағанада, ал оның таңбасы екінші бағанада, бұл елеулі қателік. Қазіргі кездегі ағылшын тілінің жаппай ықпалын (мектептен бастап) ескерсек, келе-келе түркі тілінің ерін-еріндік дауыссыздары жойылып кетері сөзсіз. Ендеше әліпби құрастыруда «жаңсақ естілімге» (перцептивный обман) сүйенуге болмайды. Әліпби дыбыстарының ақиқат артикуляциялық негіздемесі болу керек.

Мұны біз туыстас тіл мамандарына ой салу үшін айтып отырмыз.

ТҮРКІ ТІЛДЕРІНІҢ
ДАУЫССЫЗ ДЫБЫСТАРЫНЫҢ ЖІКТЕЛІМІ
ЖАСАЛУ ОРНЫ
ЖАСАЛУ ДАУЫС

ТӘСІЛІ ҚАТЫСЫ
ерін-ерін тіс-ерін тіс-тіс тілұшы тілалды тілортасы тіл арты тілшік көмей
қатаң p t k q
тоғысыңқы
ұяң b d ɡ γ

үнді m n (ŋ) η
жайылыңқы қатаң h
ұяң (γ)
жуысыңқы
жуысыңқы үнді y

жинақы қатаң ɸ (f) θ s

ұяң β (v) ð ʒ ( ɡ)
жуысыңқы
w (y)

діріл үнді r
жанама l
құрама қатаң tc ch
ұяң ʤ dǯ
(жабысыңқы)

3 кесте. Түркі тілдерінің жиынтық дыбыс құрамы

Ортақ түркілік үндесім (сингармонизм) әліпбидің фонетикалық және сингармологиялық негіздемесі мен емле-ережесі арнайы теория-практикалық монография түрінде жарияланса болар еді.

Баяндама арнайы слайд-модельдер арқылы жүргізіледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *