ХХ ғасырдың бас кезінде Ресейдегі самодержавиелік билік нығая түскенімен қоғамдағы демократиялық және радикалдық күштер, әсіресе ұйымдасқан оппозиция тарапынан ашық сынға түсе бастады. Европадағы саяси ахуал Ресей империясында либералдық және революциялық қозғалыстардың пайда болуына ықпал етті. Патша өкіметіне қарсы оппозициялық негіздегі саяси күштер бірігіп, ел билігіне идеялық балама топтар құрыла бастады. Олар негізінен саяси партиялар түрінде пайда болды. Осы кезеңде құрылған оппозициялық партиялардың бағдарламаларынан абсолютті монархияның саяси жүйесіне демократиялық институттарды енгізу, самодержавиелік билікті конститутциялық тәсілдермен тежеу, саяси билікті төңкеріс жасау арқылы құлату сияқты көзқарастар көрініс тапты. ХХ ғасырдың басында либерализм мен консерватизм идеяларын ұштастырған ”Бейбіт жолмен жаңару партиясы”, мемлекеттік мәселесінде парламенттік басқару жүйесін енгізуді ұсынды. Оларды қолдаған либералдық негіздегі Конститутциялық демократиялық кадеттер партиясы саяси билікке тіпті төңкеріс жасау арқылы қол жеткізіп, демократиялық жолмен социалистік жүйені орнатуды енгізуді ұсынады бағдарламалық мағынада насихаттады. Большевиктер партиясы, социалистік талаптармен қатар демократиялық институтардың Ресей мемлекетінің ерекшеліктеріне сай болуын жақтаған социалист- революционерлер партиясы (эсерлер) құрылды. Қазақстанның Ресей бодандығына өтуіне байланысты хандық билік жойылып, қазақ қоғамының өмірі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге ұшырап, аймақ капиталистік қатынастар ауқымына тартылды. Алайда империя отарындағы Қазақстанның орталықтан шалғай орналасуы, көшпелі өмір салты қазақ халқын Ресейдегі саяси өмірден алыс етіп, саяси белсенділік танытуға кедергі келтірді. Әйтседе Ресей қалаларында білім алып, орыстың алдыңғы қатарлы мәдениеті мен саяси ықпалын сезінген қазақ зиялылары кейбір оппозициялық партиялардың ықпалымен Қазақстанда саяси ой-пікірді дамытып, демократиялық идеяларды насихаттай бастады. Қазақ зиялыларының саяси көзқарастарының қалыптасуына әсіресе кадеттер партиясының әсері болды. Кадеттер партиясының өзі қазақ зиялылары тарапынан қолдау тапты. Қазақ зиялылары кадет партиясының құрамына еніп, мүшелікке өтіп, бағдарламасын мойындады. Қазақ зиялыларының рухани жетекшісі Әлихан Бөкейханов 1906 жылы кадеттер партиясының Орталық комитетіне мүше болып сайланды. Осыған қатысты С.Асфендияров былай деп жазды: “Қазақтың буржуазиялық интелигенттері орыстың буржуазиялық интеллигенттерімен кадеттермен одақ болды. Ә.Бөкейханов кадет партиясының кіндік орталық) комитетінің мүшесі болды. I, II Мемлекет Думаларына қазақ атынан депутат болып сайланған Ә.Бөкейханұлы, М.Тынышбайұлы, А.Бірімжанұлы, Б.Қаратайұлы, А.Қалменұлы тағы басқа кадеттер басқарған прогрессивтік блокқа кірді. Партиясыз мұсылман фракциясы деген де болды /1/. Кадет партиясының бағдарламасында парламенттік басқару жүйесінің негізгі идея ретінде көрініс табуы қазақ зиялыларын өзіне тартты. Қазақ оқығандары парламенттік басқаруға үміт артып, оның болашағын қазақ мемлекеттігі идеясымен байланыстырды. Осы мақсатта 1905 жылы желтоқсанда Ә.Бөкейханов басшылығымен Орал қаласында кадет партиясының қазақ қоғамындағы филиалы құрылды. Осы тарихи оқиға жайында зерттеуші В.Григорьев мынандай пікір айтады: Баяғы бірінші орыс революциясының қызған шағында-ақ, Оралда бас қосқан Ә.Бөкейханов, Б.Сыртанов, Ж.Сейдалин және басқа да интеллигенция өкілдері өздерінің ресейлік пікірлестерінің көмегімен ұлттық буржуазияны, ауыл-аймақтың игі жақсылары мен зиялы қауымын жедел түрде елдің саяси өміріне араластыруды, қазақ қоғамының капитализмге қарай шапшаң дамуына бағытталған шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін партия құрып алуды көздеді. Кадеттер партиясының орталық комитеті бірқатар себептерге байланысты Ә.Бөкейханов пен оның төңірегіндегілердің ынтасын қолдай қойған жоқ. Алайда Ә.Бөкейхановтың белсендігіне тәнті болғанғандар оны кадеттер партиясының 1906 жылғы екінші съезіне шақырды/2/.
Источник: https://e-history.kz/kz/historical-education/show/12805/
© e-history.kz