ТҮРКІ МӘДЕНИЕТІНДЕГІ ҚАЗАҚ ҚОЛӨНЕРІНІҢ РУХАНИ-ЭСТЕТИКАЛЫҚ МӘНІ

Ержан Бураханұлы АУЕЛБЕКОВ
Педагогика ғылымдарының кандидаты Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Гүлдана АХМЕТЖАН
студент Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
Түркістан/ Қазақстан
Aron-2005@mail.ru

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында: «…жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін берген жөн. Мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Онда қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған шаралар белгілеу керек»,-деп көрсетті [1]. Ұлттық мәдениетті дамыту барысында түркі мәдениетіндегі қазақ қолөнерінің орны бөлек әрі ерекше екендігі айдан анық. Әсіресе келешек ұрпақтың рухани-эстетикалық жағынан танымын кеңейтуге, өнер атаулыға деген қызығушылықты қалыптастыруға ұлттық қолөнердің тигізер ықпалы толағай теңіз.

Қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнері ерте заманнан мәңгілік өшпес мұрасы болып, ұрпақтан-ұрпаққа өзіндік тарихымен, даму ерекшеліктерімен бүкіл әлемге танымал болған өнері болып табылады. Өйткені бұл өнер халқымыздың көшпелі өмір сүру салтымен астасып, кең дүниетанымдық көзқарастарымен ұштасып, келешек ұрпаққа тәрбиелік ықпалы зор көркем-мәдени құрал ретінде дамып, жетіліп келді.

Кез-келген халықтың мәдениетінде ұлттық қолөнер рухани мұра ретінде қабылданып, ұрпақтан ұрпаққа берілетін тәрбие қөзіне, тарихпен астасып жатқан өнер саласына баланады. Қазақ халқының қолөнерінің тарихы тереңнен нәр алып, ерте заманнан бергі, ауқымды да астарлы, қызықты да көпқырлы түркі мәдениетімен етене байланыста қарастырылады. Көшпенді халықтардың тыныс-тіршілігін бейнелейтін қолөнер бұйымдарындағы кездесетін бейнелер мен образдар, ою-өрнектер мен символикалар сақ, үйсін, ғұн, қыпшақ т.б. түркі халықтарының мәдениетінен, тарихынан сыр шертеді.

Рухани қайнарымыздың бірі болған ою-өрнектер – мәдениеттің сәндік қолөнердегі айқын көрінісі. Тәжірибеде анықтағанымыздай, көп жағдайда халықгың тілін, мәдениетін аз білсек те, қолөнер бұйымдарында бейнеленген оюлар мен өрнектерге қарап, қай халықтың қазынасы екенін танып білеміз, өйткені ою-өрнек әр халықтың таңбасы, сол елдің қолөнерінің көнеден келе жатқан мәдениеті болып табылады. Осындай қазыналардың ішінде түркі мәдениетінің орны бөлек, оны көптеген халықтар мен ұлттардың тарихи сабақтасқан әрі тығыз байланыстағы, зерттелгенінен зерттелмегені көп бай мұраға баламалауға болады. Әрине бұл асыл қазынадағы қазақ қолөнерінің мазмұнын қызықты да, кең тақырыпқа жатқызамыз.

Түркі халықтарының ішіндегі қазақ қолөнері — өте бай әрі рухани-эстетикалық, тәлім-тәрбиелік аясы кең халық қазынасы болып табылады. Ол өзінің дамуында өте жоғары даму баспалдағына көтеріліп, таралу ауқымы жағынан бүкіл түркі халықтарының барлығына өрбіді. «Өнерлі өрге жүзер», «Өнерді үйрен де, жирен», «Ер жігітке он өнер де аз» т.с.с. халықтық мақал-мәтелдер қазақ халқының ғана емес, олар барлық түркі халықтарындағы ертеден өнерге деген қатынасын, ой-пікірін білдіреді. Соған сәйкес, қолөнер көркем дүниетанымның көзі ретінде барлық жас ұрпақтың рухани-эстетикалық танымын арттыратын күшке айналуы қажеттілігі күннен-күнге арта түсуде.

Қазақ халқының сәндік қолданбалы өнерінің тарихы Ә.Марғұлан, Ө.Жәнібеков, Г.Сарықұлова, Х.Арғынбаев, Т.Басенов, Қ.Болатбаев, Ж.Балкенов т.б. еңбектерінде, қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің теориясы С.Қасиманов, Д.Шоқпарұлы, Қ.Әмірғазин, С.Төленбаев т.б. еңбектерінде, қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің сыны Қ.Ыбраева, Қ.Ералин, Б.Көпбосынова т.б. еңбектерінде қарастырылған. Сәндік-қолданбалы өнер – бейнелеу өнерінің ең көне әрі кең тараған саласы болып табылады. Бейнелеу өнерінің негізгі мақсаты: қоршаған орта туралы өнегелі – эстетикалық қатынас қалыптастыру, өмірдегі әр түрлі құбылыстардың өзіндік құндылығын түсінуге тәрбиелеу; өз халқының өнерін, мәдениетіне сүйетін, өзге халықтың көркем мәдениетін құрметтейтін рухани жан дүниесі бай, эстетикалық тұрғыдан дамыған тұлға қалыптастыру; нақты өнер түрлері арқылы практикалық білім, білік дағдыларын қалыптастырып, іскерлігін, көркем-шығармашылық қабілеттігін арттыру. Қолөнерде ою-өрнектермен әшекейлеп бейнелеу халық дәстүріне жатқызылады. Кез-келген халықтың оюларын алып талдау жасасақ, олардың барлығы белгілі бір композициялық, симметриялық, түр-түстік заңдылықтарға бағынады. Мәселен, ою-өрнек композицияларын құру жолдарын қарапайым айналмалы симметрия, айналмалы бұрыштық симметрия, аралас симметрия т.б. әдістер арқылы шешуге болады.

Ағаш, тері, былғары, темір, сүйек, тас сияқты материалдармен қатар алтын, күміс сияқты құнды металдармен, асыл тастармен әшекейленіп жасалған сәндік қолөнер бұйымдары — өнердің баға жетпес туындылары ғана емес, сонымен бірге түркілік дүниетанымның, өмірге көзқарастың, мәдениеттің айнасы болып табылады. Руханияттың бір арнасын ұлттық тарих пен мәдениет құраса, екінші арнасын тіл мен рух құрайтыны белгілі. Бұлардың барлығы түркі халықтарындағы тамыры бір рухани қазынаға жатқызылады.

Қазақтың және басқа да түркі халықтарының қолөнерінде жиі қолданылатын мүйіз тектес ою-өрнектер өзінің даму барысында әртүрлі көркемдік сипат алған. Қолданбалы өнер шығармаларын жасау барысында шебер түстердің үйлесімділігін ескере отырып, оларға белгілі бір мән-мағына берген. Мысалы, академик Ә.Қ.Марғұлан, С.Қасимановтардың зеттеулері бойынша рухани- эстетикалық бағытта түстердің мынадай символдық мағыналары бар: ақ түс – бақыт, қуаныш, ақиқат. Қызыл – от пен күн көзінің символы. Сары – ақыл-парасаттың, қайғы-мұңның символы. Жасыл – жастық шақ пен көктем. Көк — көк аспан, көк аспанға табыну. Қара түс Жер-Ананы белгілейді. Түр–түс табиғатын танып білу танымның өзін қоршаған ортада орынды қолдана білуінің нәтижесі болып табылады. Адамдардың түр-түс табиғатын білуі — ертеден келе жатқан дәстүр түрі. Текемет, сырмақ, түс киіз, кілем тағы сол сияқты үй мүліктерінде тек ою-өрнекке көңіл аударылмай, бояу түстеріне де ерекше ден қойылған, оның адамға рухани-эстетикалық әсері, ой тастауы сол бояу арқылы бағаланып және одан жасаған шебердің ішкі жан дүниесін, рухани байлығын түсінуге болады.

Қолөнерде кеңінен қолданылатын өрнектердің шығу тарихы, адам өмірімен, тұрмысымен байланысты екенін көрсете келе олардың даму ерекшелігін, дәуірдің, адам баласының сана-сезіміне қарай өрнектің таңба, элементтердің дамуы мен өркендеу ерекшелігін байқауға болады.

Мысалы, Түрік қағаны кезінде тас пен сүйекті өңдеу, оюды жасау, келтіру өнері дамудың жоғары дәрежесіне көтерілді. Сол кездегі тас ою өнері екі түрге бөлінді: біріншісінде тас бетіне сызық түрінде ою арқылы бейнелер салынса, екінші түрінде көлемді мүсін ретінде жасалынды. Түрік қағанында мәдени дәстүрді қыпшақ, қаңлы тайпаларының ұрпақтары ХІІ-ХV ғғ. жалғастырды. Сол замандағы көлемді ескерткіштер, яғни тастан жасалған адам мүсіндері ерекше дамыды. Бұл мүсіндер Орталық Қазақстанда және Жетісу өңірінде көптен сақталған. Мүсіндер бойында киімдердің бөлшектері, қару-жарақтар, бас киімі, белдік, әйелдердің сырға, білезік т.б. безендірулері, сондай-ақ музыка аспаптары айқын сомдалған. Қорыта айтқанда, Қазақстан жерінде дамыған Қыпшақ, Қарлұқ, Оғыз тайпаларының өнері, көркем мәдениеттің бастауы ғана болып қоймай, қазақ жеріндегі бейнелеу өнерінің де алғашқы қалыптасу кезеңіне жол ашты [2].

Қазақтың ұлттық бұйымдарының әшекейлері мен ою-өрнектері туралы ұғымдарының қалыптасуына, олардың мәнін түсінуге ерекше мән берген жөн. Мәселен, бейнелеу өнеріндегі кездесетін қазақтың әшекейлері мен бұйымдарында «Қошқар мүйіз» өрнегінің көп кездесуі заңды құбылыс болып саналады. Қол өнер бұйымдарында мысалы, зергерлік бұйымдарда қошқар мүйіз үлгісінде түсірілетін рулық таңбалар, кескін салынатын өрнектің кең етек алған бір түрінен саналады. Қошқар мүйіз өрнегінің қорғаныштық мағынасымен қатар, байлық ұғымын, мал басының молаюын білдіретін де мәні бар. Мүйіз түрінде болып келетін өрнектердің әуелгі сенім-ырым мағынасы қолөнердің бүкіл түрлеріндегі өрнектік копозицияның құрылу жүйесіндегі белгілі-бір мәндік мақсатты білдірсе керек. Мысалы, жиек өрнектері көбінесе мүйіз өрнегі ырғағында ұшырасады, бұл шаңырақты ішкі-сыртқы пәледен сақтау, байлық, бақытқа жетелеу ұғымын білдіру ниетінен туындаған. Көбею, өсу символы ретіндегі ромб — әшекейдің үйлесімділігін жинақтайтын сәндік элементінің негізгілерінің бірі. Сонымен бірге, өсімдік тәріздес ою-өрнектердегі көкөністердің, өсімдіктердің өркенін бейнелеу, қазақтың ұғымында өзінен тарайтын ұрпақтың көп болуын, кең таралуын білдіреді. Сондықтан өрнектің бұл ырғақтары тойларда киетін өңіржиекте, сәукеледе көп ұшырасатындығы заңдылық болып табылады. Әшекейлердің көптеген белгілеріне әйелдердің жас мөлшері де айқындалатын болған. Жас қыздардың сырға, жүзіктері түрі жағынан өте қарапайым жасалады. Бой жете бастаған сайын қыздың зергерлік бұйымдарының түрі мен тұрпаты әдемлене, әшекейлене түседі.

Сол сияқты, көз қондырылған немесе асыл тас қондырылған бұйымның көз тиюден алдын-ала сақтайтын киелілік қасиеті бар деген ұғым бар. Бұл ұғым Шығыс халықтарының бәріне кең тараған. Әсіресе күмісті қазақта жақсы қадірлеген, оның адамға игі әсер ететін қасиеті бар деп білген. Күміс жүзік тағумен ғана шектелмей, нәрестені шомылдырғанда суға күміс теңге тастап: «Баланың күні күмістей жарық болсын»- деп жоралғы жасаған [3, 6].

Түркі мәдениетіндегі сәндік қолөнер бұйымдарының ерекше белгісіне олардағы сәндік элементеріндегі стилизациялық күрделі бейнелердің, ою-өрнектердің жиі кездесуін айтуымызға болады. Сәндік қолөнер бұйымдарын жасауда да үлкен артықшылығының бірі — өңделіп жасалатын заттарда, элементтерде, бөліктерде стилизациялау мүмкіндіктерінің көптеп болуы.

Стилизация — бұл стилдеу, яғни шартты тәсілдер арқылы заттарды немесе бөліктерді, элементтерді жалпылай бейнелеу. Белгілі ғалым Ж.Балкенов өрнек өнеріндегі стилизацияны қарапайымнан күрделіге қарай әр бөлігін зер сала үңіліп, қиял арқылы өзгеше жаңа өрнек шығаруға тырысатын шығармашылық үдеріс екендігін анықтайды [4, 13].

Қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің табиғатын, тарихи даму жолын, қоғамдағы көркем-эстетикалық мәнін зерттеген еңбектерден халқымыздың көркем шығармашылық іс-әрекеттерінің ғасырлар бойы дамуы барысында шындық болымысының сұлулығын бейнелеуде өзіне тән жүйесі, жас ұрпақты көркем өнерге баулуда, олардың рухани-эстетикалық танымын артыруға ықпал жасаған сындарлы әдіс-тәсілдерінің қалыптасқанын көреміз.

Қазақ халқының қол өнері туралы тарихшылар, этнографтар, өнертанушылар бағалы пікірлер айтқан. Олардың ішінде орыс ғалымдары А.К.Чекалов пен А.Соколов қазақ халқының қол өнеріне сәйкес «қазақ халқы ою-өрнектердің ішінде өмір сүреді» деп халық өнерін ерекше бағалаған.

Қазақ халқының қол өнерінің технологиялары, эргономикасы, тұрмыстағы орны, қазіргі жағдайы туралы деректер Ә.Марғұланның «Казахское прикладное искусство», С.Қасимановтың «Халық қолөнері», А.Тәжімұратовтың «Шебердің қолы ортақ», Х.Арғынбаевтың «Қазақ халқының қолөнері», Қ.Әмірғазиннің «Қазақ қолөнері», М.Ш.Өмірбекованың «Ою-өрнектің қолданылуы», Қ.Ералиннің «Сәндік-қолданбалы өнер», Ұ.Әбдіғаппарованың «Қазақтың ұлттық ою-өрнектері» т.с.с. құнды еңбектерде айқын көрсетілген.

Ө.Жәнібеков аспан әлеміне байланысты ою-өрнектерді зерттеп, түркі дүниесіндегі сақ дәуірінен келе жатқан дөңгелек, төрт құлақ, қосу, шимай ою-өрнектің пайда болуына негіздеме беріп, шеңбердің – әлемдік кеңістікті, төрт құлақ – төрт құбыланы, шимайдың – тынымсыз қозғалысты білдіретіндігін анықтады [5]. Қазақ ою-өрнегін зерттеген ғалым Т.Бәсенов түркі мәдениетіндегі қазақ ою-өрнегін зерттеуде әр уақыттың, әр саланың ғалымдары көп еңбек еткендігін, бірақ бұл зерттеулер халық ою-өрнегінің жұмбақ тілін жете түсіне, шынайы сырына үңіле алмағандығын, бұл өнердің зерттелмеген қырлары мен қайта қарастырылатын мәселелері бар екендігін анықтап берді [6].

Мәселен, В.Чеплев қазақ халқының ою-өрнек әлемінде өмір сүретін халық екендігін аса қызығушылықпен жазса, А.С.Фелькерзам қазақ жерін үлкен этнографиялық музейге теңеген [7]. Яғни, қазақ халқының төл өнері – сәндік қолөнерін, ондағы ою-өрнектердің сырын ұғуға басқа халықтардың өнер зерттеушілерінің барынша ден қоюында да үлкен мән бар.

Қазақ халқының қолөнері деп халық тұрмысында жиі қолданылатын өру, тігу, тоқу, мүсіндеу, құрастыру, бейнелеу сияқты шығармашылық өнер жиынтығын айтады. Осы қолөнеріміздің әрқайсысының талай ғасырлық тарихы бар. Қазақ халқының қолөнерінің тарихына көз жіберетін болсақ, әсіресе түркі халықтарының ішінде өнерімен бірге, әдет-ғұрпы, салт-санасы дамыған халық екендігін анық байқаймыз. Халқымыз мыңдаған жылдар бойы, үздіксіз, тынымсыз еңбектің арқасында өздеріне мекен-жай, азық-түлік, киім-кешек, қару-жарақ т.с.с. қажетті заттарды өте шеберлікпен жасай білген. Қолөнер бұйымдарындағы ою-өрнектер халқымыздың мал шаруашылығымен айналысып, көшпенді тіршілік жасауының, дархан даламыздың айнасындай кең дүниетанымының айғағы іспеттес. Қолөнер адамзат игілігі үшін жасалынып, халықтың әл-ауқатының, мәдениетінің, рухани байлығының, саналуан тұрмыс-салтының өсуіне бірден-бір септігін тигізеді. Мәселен, киіз үйдің сүйегі, ағаш кереует, кебеже, сандық жасап, кілем, алаша, бау-басқұрлар тоқып, арқан-жіп есіп, көннен, теріден қайыс, таспа тіліп, өрім өріп, қолдан әртүрлі ыдыс-аяқ, адалбақан, бесік және т.б. көптеген қолөнер заттарын халық шеберлері өздері жасап, оларды түрлі нақыштармен, сәнді де мағыналы ою-өрнектермен әшекейлей білген. Қолөнер ерлерге және әйелдерге тән болып екіге бөлінгендігі белгілі. Мысалы, балшықтан, тастан, сүйек пен мүйізден, темір мен ағаштан бұйымдар жасау ерлерге тән болған. Ал кесте тігу, өрмек тоқу, ши орау, сырмақ сыру, шілтер тоқу, киіз басу, тері киім тігу т.б. қолөнер жұмыстарын әйелдер игерген. Сол сияқты, ыстау,тері илеу, жүн сабау, ши тарту, киіз басу сияқты жұмыстарды бірлесіп атқарған. Бұл ерекшеліктерді бүкіл түркі халықтарының мәдениетінде жиі кездесетін фактор деп есептеуімізге болады.

Қорыта айтқанда, қазақтың ою-өрнектері — қазақ халқының ғасырлар бойы тұрмыс-тіршілігін, шаруашылық түрлерін, ой-санасын, дүниетанымын білдіретін күрделі өнер түрі және келешек ұрпаққа қалдырылған түркілік мәдени мұрасы. Қазақ өнеріндегі ою-өрнекке толы қол өнерінің туындылары – жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие берудің, ой-өрісін кеңейтіп, көркем дүниетаным қалыптастыруға, рухани байлығын арттыруға көмектесетін мол қазыналарының бірі. Қазақ жерінде бізге дейін жеткен тас бетіндегі суреттер, тас мүсіндер, сәулет мұралары, қол өнер туындылары, ою-өрнектері т.б. қазақтың ұлттық өнерінде айрықша орын алады. Сондықтан сәндік қолөнерге тиесілі терең тарих пен үлгі-өнеге, асыл қазына мен кең мағыналы ойлар қазіргі инновациялық зерттеу аясына кіруі қажет, өйткені олардың қолданыс мүмкіндіктері өте кең әрі көпсалалы интеграциялық материалдарды пайдалануға серпін беретіндігі сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *