Басында моңғолдар бұл монғолдардың түйеқобызы деп жарияламақ болған екен. Ғалым Қаржаубай ағамыздың дәйекті делелдерінен кейін бастапқы райларынан қайтқан. «Олар бұл монғолдардың түйе қобызы деп жалтарды. Біз өз пікірімізді айттық. Бұл — домбыра. Міне, мынау бүгінгі қазақ домбырасының тиегі, міне мынау екі құлақтың тесігі, шанақ мынау, мойын мынау, перне мынау деп көрсеттік. Онымен қатар, бұл монғол моласынан табылып отырған жоқ, түрік моласынан табылып отыр. Аспап мойнындағы түрік бітік жазуы мынау. Не үшін мұны монғолдарға тарта бересіңдер деп жүріп әрең көндірдік», — деп атап өткен ғалым домбыра шанағындағы «түрік бітіг» жазуының қазақша мағынасы «Жұпар күй әуені бізді сүйіспеншілікке бөлейді» дегенге келетінін айтады. «Жалпы саз аспаптары кез келген халықтың әлемді сезінуін, өмір сүру ерекшелігін, этнопсихологиясы мен шаруашылығы мен оны меңгеру дәстүрінен хабар береді. Сондай-ақ, дүниетанымы мен сол қауымның ұлттық ментелитетін, бет-бейнесін айқындайтын ғажайып құрал. Ежелгі және байырғы түріктер де әлемді, қоршаған ортаны сезіну, оны өнер тілімен айтып, ұлтына, халқына жеткізу үшін қаншалық дәрежеде рухани қуатты болғанын осы саз аспаптарға қарап түсінеміз. Соның бірі осы домбыра аспабы. Бір ғана домбыра аспабының өзінен-ақ байырғы байырғы бабаларымыздың творчествалық ойлау қабілетінің деңгейі қаншалықты биік дәрежеде болғанына көз жеткіземіз. Қара домбырадын шыққан сазды Тәңірдің жеткізіп отырған үні, сезімі деп қабылдап, қос ішектен шыққан үнді «жұпар күй» жан жадыратар «жұпар самал» деп жазғаны да осыдан болса керек», — дейді ғалымның өзі. Ғалымның айтуынша, көне түркілер арасында шін мұндай аспаптар ғана емес, оны шебер меңгерген орындаушылар да үлкен құрметке ие болған. Қаржаубай Сартқожаұлының «Ежелгі түркілердің көне саз аспаптары» атты мақаласында Орталық Моңғолияның Баян-хонғор (Байқоңыр) аймағының Ғалуты (Қазды көл) деген жеріндегі көне жазу жазылған сағана тас табылғаны айтылады. Онда: «Ізгілік-чор сегіз түрлі аспапты меңгергендіктен оның құрметіне қатты тастан ғибадатхана орнаттық» деген жазу болған. «Бұл жәдігерлер б.з. VІІ-VІІІ ғғ. тән мұра. Сөйтсек, Көк түрік дәуірінде ұлы сазгер Ізгілік-чорға арнап Ғибадатхана орнатып, халық басын көтеріп ұлықтаған екен. Ізгілік-чор сазгер 8 түрлі саз аспабын меңгерген сазгер. Ол қандай аспаптар? Міне осы сұрақ бізді мазалай бастады. Сол жылы б.з. V-VІ ғғ. куәгері Атадомбыраны қолға ұстадық. Бүкіл қазақ халқынан шүйінші сұрап қуандық. Біз ізденісімізді тоқтатпадық шетелдік археологиялық қазбалардың есебіне, ғылыми еңбектерге, тарихи жәдігерліктерді қопарумен болдық. Ақыры таптық. Солардың бірі — Сыбызғы. Мына тарихи ақпаратқа көз салыңыз, біздің жыл санауымыздың (б.з.) 198 жылы Шығыс Хань династинасының патшасы Линди ғұндардың киіміне, киіз үйіне, ханның есір (тағына), олардың тамағына және кұнхоу мен сыбызғысына назары ауып, патша сарайына алдыруға бұйрық беріпті», — дейді ғалым ағамыз. Сыбызғы күні бүгінге дейін жеткен көне аспаптардың бірі. Қазір бұл аспап моңғол (халқа, ойрат-қалмақ), түркі (қазақ, башқұрт, тува) халықтарының ортасына сақталған. Өз еңбегінде ғалым сыбызғы аспабы моңғолдарға қазақ арқылы жеткенін айтады. Дәлел ретінде Б.з.б. 80-жылы ғұндардың тұтқыны болған қытайдың Хань династинасының елшісінің «Күн батып кеткеннен кейін ғұндардың сыбызғысының (Ху цзя) үні зарлап, жылқылары кісінеп, сиырлары мөңіреп тыныштық бермей, ұйқы қашырады» деп жазған жолжазбасын келтірген. «Орта Азиялық түркілер қой қозысынан, түйе ботасынан жерісе сыбызғы тартып соның әуенімен төлін алдырады деген ақпарат қытай деректерінде сақталған екен. Сонау ежелгі Ғұндардың заманынан жалғасқан асыл мұра бүгінгі күннің қазақ халқының рухани құндылықтарының біріне айналып сабақтастығын жоғалтпай біздің ұрпақтың, қазақ халқының ұлттық, менталитетін қалыптастыруға 2000-нан астам жыл қызмет етіп қолданыста келе жатыр», — деп жазған ғалым өз мақаласында.
Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/31788/
© e-history.kz