Мемлекет басшысы жүргізген қайта құрулардың маңызы мен тарихи ауқымын түсіну үшін сол кездегі елдің ахуалын көз алдымызға елестетіп көрсек те жеткілікті. Кеңестік қоғамнан тәуелсіз Қазақ еліне тұралаған экономика, тоқтаған кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы, кедейшілік, жұмыссыздық мәселелері «мұраға» қалған-ды. Мұның бәрі әлеуметтік қысымды күшейте түсті, кез келген уақытта ел ішінде тұрақсыздық белең алуы әбден мүмкін болатын. Сондай-ақ сол кездегі көптеген саясаткерлер мен сарапшылар еліміздің болашағына үлкен күмәнмен қарағаны да шындық. Олардың пайымынша, Қазақстандағы экономикалық, демографиялық қиындықтар мен шекараның заңды түрде бекітілмеуі елдің шынайы тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді-міс. Алайда Тұңғыш Президенттің парасатпен жүргізген пәрменді саясаты әлгіндей сенімсіздік танытқан тұжырымдардың тас-талқанын шығарды. Бір ғана шекара белдеуін шегендеп берудің өзі қаншама қажыр-қайратты қажет етті десеңізші. Әлбетте, Нұрсұлтан Әбішұлын жаһандық саясатта танымал еткен ең алғашқы қадамдардың бірі – Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы Жарлығы болды. Сол жылдары КСРО сияқты әскери әлеуеті зор мемлекеттің ядролық қару-жарағына ие болып қалу Қазақстанға қаншалықты артықшылық бермек, әлде жаңа бір шиеленістің ошағы тұтана ма деген сауалдар күн тәртібінде тұрған-ды. Өйткені еліміздің қолындағы ядролық арсенал осы санатта әлемнің алғашқы төрттігіне қосылуға мүмкіндік беретін еді. Алайда, Елбасының саяси ерік-жігері арқылы қазақ ұлты әлемде ядролық сынақтан қатты зардап шеккен халық ретінде жойқын қаруды таратпау туралы бастама көтерді. Тұңғыш Президенттің тоқтамын халықаралық қауымдастық та оң қабылдады. Бүгінге дейін Қазақстанның бастамасын қуаттаған бірқатар мемлекеттер ашық күнді тозаққа айналдырған ядролық полигондарын жауып, қолдау көрсетіп келеді. Айталық Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің Жаңа жердегі сынақ полигоны, АҚШ аумағындағы «Невада» полигоны, француздардың Тынық мұхиттағы полигоны және Қытайдың Лобнор ядролық сынақ алаңы жұмысын тоқтатты. Жер шарының кез келген нүктесіне жетерлік бір мың екі жүз ядролық оқтұмсығы бар 110-нан астам баллистикалық зымыранды құрайтын мөлшері жағынан әлемдегі төртінші ядролық әлеует АҚШ және Ресеймен бірлесе отырып, залалсыздандырылды. 2006 жылдың қыркүйегінде аймақтағы өзге де елдермен бірге Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялаған Семей келісіміне қол қойылды. Келісімге қазірдің өзінде 200-ге жуық мемлекет қосылып, 150-ден астамы ратификацияланды. Қазақстанның бұл бейбітшіл идеясы негізінде Президент Жарлыққа қол қойған 29 тамыз – Дүниежүзілік ядролық қаруға қарсы іс-қимыл күні ретінде аталып өтеді. Осы бейбіт бастаманы әлі де белсенді жалғастыруымыз қажет. Елбасы – БҰҰ мінберінен әріптестерін атомды бейбіт мақсатқа қолдануға үндеген салиқалы саясаткер. Бұл мәселе 1946 жылы алғаш шақырылған Бас Ассамблеяда қозғалғанымен әлем елдері жанталаса қарулануын тоқтатпаған болатын. Сондықтан Тұңғыш Президенттің тегеурінді сөзі мен ісі бір арнадан табылып, ол жаһандағы жойқын қаруды таратпау жолындағы жүйелі жұмысты бастап берді. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев ғаламдық жылыну мәселесіне де бейжай қарамай, әлем назарын Орталық Азияның ғана емес, адамзаттың бас ауруына айналған Арал проблемасына аударды. Өйткені теңіздің құрғаған табанынан ұшқан тұз солтүстік жарты шарға жеткен болатын. Бүгінде кіші Аралдың арнасы толып, тұздылығы азайып, балық шаруашылықтарына қайтадан қан жүгірді, теңіз табанынан көшкен құмды тоқтату үшін үлкен аумаққа сексеуіл ормандары егілуде. Ол осы орайда экологиялық апаттармен күресуге жәрдемдесу мақсатында әлемдік экономикалық мәселелердің реестрін дайындау сынды өте өзекті ұсыныс білдірді. Сол арқылы БҰҰ-ның әлемдік қарым-қатынастарды, адамзатқа ортақ мәселелерді реттеудегі орнын күшейтуге де үлес қосты. Ол ұлтты біріктіруші ұлы тұлға ретінде тәуелсіздік тұжырымын бекітуге және нығайтуға бар күш-жігерін арнады. Еуразия құрлығындағы алыптардың ортасында отырып, достық рәуішті дипломатия арқылы мәмілегерлік жолды ұстанды. «Ел ұстама, ел ұстасаң, кек ұстама» деген бабалар сөзімен берік байлам жасады. Әлбетте, дүниенің екі бөлігі – Еуропа мен Азияның арасынан, екі өркениет – батыс пен шығыс мәдениетінің ортасынан, екі жүйе – тоталитаризм мен демократияның аралығынан жол тауып шыға білу – сұңғылалықпен, көрегендікпен сипатталатын саяси зор қабілет. Елбасы осы бір алшақ дүниетанымдардың арасынан қоғамға ортақ қасиеттер – азиялық дәстүр мен батыс жаңашылдығын жымдастыра отырып, жаңа тұрпатты мемлекеттің ұстынын қалыптастырды. Бүгінде барша әлем Қазақстанды қарқынды интеграцияның қатысушысы және бейбіт ел ретінде біледі. Бұл – Елбасының ерен еңбегі мен ерекше көрегенділігінің нәтижесі. Осы жолда ол АҚШ, Ресей, Қытай сияқты алпауыт елдердің, Еуропа, Азия елдері басшыларының бірнеше буынымен ресми-бейресми байланыс орнатып, Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы орнын айқындауға айрықша еңбек сіңірді. Нұрсұлтан Назарбаев барлық реформаның қозғаушы күші де, кепілі де өзі болды. Сондықтан да қолға алған іс-қимылының дені сәтімен жүзеге асырылды. Оның бастамасымен еліміз жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшті. Барлық мемлекеттік құрылымдарда түбегейлі реформалар жүргізілді. Демократия дәстүрлері орнықпаған, құқықтық тәртіп беки қоймаған елде қатаң орталықтандырылған жүйеден еркін нарыққа көшу үздік-создық, ауыр әрі күрделі болды. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлы тарапынан жасалған тәуекелі зор, үлкен қадам еді.
Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/31783/
© e-history.kz