Ел қуатты болса, қуаныш тұрақты болады. Ғасырларды уақыт ұршығында иірген мыңжылдықтар тоғысында Ұлы дала төсінде жаңа тұрпатты жас мемлекет құрылды. Атасы Алаш, керегесі ағаш қазақтың зар заманда жоғалтқан құндылықтары қайтарылды, бары бүтінделді, азаттықпен бірге сәулелі сәттерге толы шуақты шежіресі түзіле бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті Осы бір мерейлі миссияны орындау мемлекетіміздің негізін қалаушы ұлы перзенті, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маңдайына жазылғаны – әлемде аумағы жағынан алып елдердің алғашқы ондығына енетін, ұлан-байтақ жерінің асты да, үсті де табиғи ресурстарға бай, кешегі Кеңес Одағынан ірге бөліп шыққан кезде қолында жалын атқан от қаруы бар стратегиялық маңызы зор елге уақыттың өзі сыйлаған ерекше бағы. «Ақылды басшы алдырмас» деген, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары әлем картасында орын алған тектоникалық үлкен саяси өзгерістердің салмағын саралай отырып, Қазақстанның ұлттық мүддесін сыналап енгізе білген Елбасы осы бір отыз жылдың ішінде жас мемлекетті әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу мақсатымен көш бастады. Көшіміз көлікті болды. Ұлтымызда «Бас болмақ оңай, бастамақ қиын» деген сөз бар. Бұл орайда Қазақстан – қалыптасқан қоғамдық құрылыстар ауысқан алмағайып кезеңде кемеңгер басшысын таба білген ел. Тарих жолы тақтайдай тегіс, түзу бола бермейді. Бұрылысы мен қалтарысы жиі кездесетін дәуірдің сыншысы да көп. Ал нақты әрі батыл іс-әрекетке бара алатын адамдар сирек. Мұндай тұлғалар тарихты түзеді, жаңа заманды алға жетелейді. Міне, Нұрсұлтан Әбішұлы – осындай айрықша ерік-жігерімен ертеңгі көкжиекке батыл қарай білген бірегей реформатор, әлем мойындаған мемлекет қайраткері! Ол – тәуелсіз елдің төл тарихын өз қолымен жасаған тегеурінді тұлға! Елбасымыз әлемнің ең азулы елдерінің басшылары мен саяси қайраткерлері құрмет тұтатын биікке көтеріліп, еліміз халықаралық қоғамдастықтың белді де беделді мүшесіне айналды. Бұл – күрмеуі қиын күрделі кездерде халықты ауызбіршілік пен татулыққа жұмылдырып, ескі түсініктен нарықтық қоғамға өткізген және әлемдік экономиканың белсенді қатысушысына айналдырған Нұрсұлтан Назарбаев феномені. Менің Елбасын алғаш көргеніме де 35 жылдың жүзі болыпты. Нұрсұлтан Әбішұлы 1985 жылдың қыркүйегінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы кезінде Қытайға келген еді. Ол кезде елшілікте жұмыс істейтінмін. Сонда Үкімет басшысының қытайлықтармен келіссөздер барысында байқалған мол біліміне, тоталитаризм тұсында қалыптасқан жайлар жөніндегі батыл ойларына, сөзінің жүйелілігіне бәріміз қатты разы болғанбыз. Елшілік қызметкерлерімен бас-аяғы екі жарым сағатқа созылған бейресми әңгімеден кейін бас қосқанымызда мен әріптестеріме қарап: «Тегінде, біз Қазақстанның болашақ басшысымен сөйлескен шығармыз» дедім. Арада бес жыл өткенде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің басшылығына келді. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тәуелсіздік таңындағы алғашқы кадрлық шешімдерінің бірі менің де тағдырымды айқындап берді. «Беласу» атты кітабымда: «Бұл үлкен жүректі адам менің қабілетіме сенді, сенді де оны өзім туып-өскен Қазақстан игілігі үшін аямай жұмсауыма жол ашты» деп жазған болатынмын. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болған жылдарымда әлемге әйгілі саясаткерлердің Нұрсұлтан Назарбаевқа биік баға берген сөздерін талай естідім. Халқымыз үшін мерейлендім. Елдің Президентіне ғана емес, еміренген етене перзентіне айнала білген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келді, қазақ мектебінде білім алды, еңбек жолының бастауында шойын қорытып шыңдалды. Өзі туып-өскен Алатаудың асқақ шыңдарындай асқаралы арманына ерте қол созды. Жастайынан жұрттың жайын ойлады, өзі де домбыра шертіп, халық мұрасын жақсы білгендіктен, зиялы қауымға жақын болды. Ұйымдастырушылық қабілеті мен еңбекке деген ерен сүйіспеншілігі жас жетекшіні басқару жүйесінің ең биік шыңына алып келді. 1989 жылы маусым айында ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болды, ал 1990 жылы сәуір айында Жоғарғы Кеңес оны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті етіп сайлады. Осылайша, сол кездегі әлемдік геосаясаттағы ең ықпалды елдің бірі саналатын КСРО көлеміндегі ең жас әрі ықпалды басшы ретінде көзге түсті.
Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/31783/
© e-history.kz