Қ.Т.АТЕМОВА
педагогика ғылымдарының докторы
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры
Түркістан/Қазақстан
Қашан да түркі халықтары, соның ішінде қазақ халқы ұрпақ тәрбиесінде дінді тәрбие құралы етіп келгендігі бәрімізге белгілі. Сонау орта ғасырдағы діннің тәрбиедегі құдіреттілігі мен жемісі бүгінгі күні де өзінің өміршеңдігін жоймай, баршаның назарын аударып келеді. Оған дәлел Қазақстандағы “Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік” тақырыбындағы әлемдік және дәстүрлі діндердің лидерлерінің жыл сайын елімізде құрылтайының шақырылуы болып отыр. Осы құрылтайда елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жасаған баяндамасында “Жаһандық өлшеммен қарағанда әлемдік және дәстүрлі діндердің рөлі көкейкесті бола түсіп қана қоймай, олар адамның шынайы рухани қазынаны сақтап қалуының түйінді факторына да айналып келеді. Адамның, діннің, жердің мұндайлық терең өзара кірігуі – жүздеген жылдар бойы менің халқымның жанын сақтап қалған құтқарушы сүзгі сынды. Қазақтар кең болғанның кем болмайтынын кітаптан оқып емес, өмірден тоқып білген”,– деп атап көрсеткен еді[1]. Осылайша елбасы бүгінгі жаһандану жағдайындағы тәрбие саласында жастарды өз болмысының түпкі өзегінен айырмайтын діннің, сенімнің қажетін тағы бір нақтылай түсті..
Адамзат қоғамының тарихына көз салсақ, ықылым заманнан берi олардың дiнсiз өмiр сүрмегендiгiн байқаймыз. Адам жеке тұлға ретiнде де, қоғамдық тұрғыдан да дiнге мұқтаж болып келді. Өйткенi, дiнге деген сенiм адамның табиғаты мен жаратылысында бар қасиет. Дiн — адам баласының сан қабат ғұмырында арқа сүйер тiрегi, сарқырап аққан өмiр — өзендегi қайығының дiттеген мақсатына апарар ескегi мен жөн көрсетер темiрқазығы iспеттi болды. Сондықтан, түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының әдет-ғұрпын сөз еткенде ислам дінінің заңы — шариғатқа соқпай кету мүмкін емес. Өйткені, шариғат халқымыздың өмір сүру дәстүрі мен ұрпақ тәрбиесіне ғасырлар бойы әсер етіп келді.
Бүгінгі күні осындай діни түсініктері арқылы жастар тәрбиесіне өзіндік үлесін қосқан және адамгершіліктің негізіне алынар өсиеттер қалдырған Қожа Ахмет Ясауи мұраларымен таныс болу және оның астары мен мәнін тәрбиеде қолдану маңызды болмақ. Қоғамның қай кезеңінде болмасын қоғамына лайықты азаматты тәрбиелеу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Осы тұста тұлға қалыптастыру мәселелерін XII ғасырда өмір сүрген, бүкіл өмірін сопылықтың ілімдерін насихаттауға арнаған ғұлама Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет» еңбегінің мазмұны осы мәселені қамтиды. Қ.А.Яссауи дін арқылы Алланы сүю, таза, адал жолмен дұрыс өмір сүруді халыққа насихаттай отырып, кемел адам қандай болуы керек және оны қалыптастыру үшін ол қандай сынақтардан өтуі керектігін айтқан. Бұл жөніндегі пікірлер мен талдаулар педагогика ғылымы саласындағы ғалымдар зерттеулерінде толығымен қарастырлып жүр. Олардың қай қайсысы болсын Қ.Иассауидің сопылық ілімінің мәні кемел адамды қалыптастыру туралы ілім болуында деп оған жоғары баға береді [2].
Қазақ жеріне ислам дінін қалың бұқараға түсінікті, тиімді етіп таратуда Қожа Ахмет Иасауидің атқарған қызметі ерекше. Оның «Диуани хикмет» шығармасында ізгі ойлары жиі кездеседі. Соған қарамастан Қожа Ахмет Йассауи адам әрекеті мен мінез — құлқын және көзқарастарын мынау исламға жатады, ал мынау жатпайды деп бірін-біріне қарсы қойған жоқ. Қайта Исламға дейін халық санасына енген сенімдерді Ислам дініне икемдеді. Шығарманың өзінде жергілікті халыққа түсінікті етіп, ежелгі түркі (шағатай) тілінде жазды. Сол арқылы ислам дінін халыққа жақын етті.
Қ.А.Яссауидің көзқарасы бойынша кемел адамдық дәрежесіне жету үшін ол хақпен дидарласып, әлемдік ақыл оймен бірігуі керек. Ол үшін төрт сатыдан өтетін өмір жолын ұсынады. Оны мынадай өлең жолдарындағы ойларынан білеміз: Шариғаттың шапанын кимейінше,тарихаттың пырағына мінбейінше, Ой әлеміне беріліп батпайынша, хақиқаттың майданына кіріп болмас,-деп білімділікке жету арқылы ғана адам кемелдене түсетінін, оның жолы қиын жол екендігін айтады [3]. Оның әрқайсысына жеке түсінік беріп кететін болсақ, оның біріншісі, жұрттың бәріне ортақ шариғат жолы. Бұл жаратушының өз сөзі бойынша «Құранда» айтылатын адамзат парыздарын орындап, өтірік айтпай, ұрлық қылмай, ешкімге зәбір көрсетпей дұрыс жүруді қолдау.
Екіншісі, тариқат жолы. Бұл саты кез-келген адам үшін міндетті емес, бірақ, тариқат жолына түспей , ақиқатқа жету мүмкін емес. Ол үшін тынымсыз ізденіп, мақсатына жету жолында азап шекпей, мехнат тартпай өзіңді-өзің қинамай, өмір қызығынан бас тартпай кемелдік дәрежеге жете алмайсың. Әрине, осы жолды таңдаған жанға пір, ұстаз қажет дейді.Осы тарихат жолында адам өзін ұстамдылыққа және одан әрі жетілдіруге шақырады, сол шынайы қасиеттері арқылы сүйіспеншілік пен махаббат идеясын насихаттады. Тарихаттың нұсқайтын жолы: «Өзін білгені-Хақты білгені, Құдайдан қорқып ынсапқа келгені» деп тұжырым жасайды.
Үшіншісі, мағрипат жолы. Бұл енді азап арқылы жатпай тұрмай ізденген жанкешті еңбегінің нәтижесінде адамның білімді, дүние сырын тани бастауы болып табылады.«Білім деген жеміс беретін мәуелі ағаш», оған ерінбей еңбек еткен адам ғана ие болады деп түсіндіреді. Ақиқат жолында Құдайға құлшылық етудің екі көрінісі пайымдалады: 1. Құдайға сену, Құдайдан арман-мақсаттарының орындалуын сұрау.Адамдықтың басты мақсаты – ақиқатқа жету болғандықтан, адам өзін-өзі тану және жетілдіру арқылы адамдықтың биігіне жетеді.
Төртінші хақиқат (ақиқат) жолы, яғни Хақпен дидарласу, адамзатты жаратқан әлемдік рухани яғни абсолют ақыл оймен бірігу болып табылады. Бұл дәрежеге жеткен адам ғаламның барша сырына қаныға алады, сөйтіп, Алланың қойған талаптарының барлығына жауап таба алады деп ой түйеді [4].
Осылайша бақытқа барар жолды көрсете отырып, оны айқындайтын қасиеттерді де нақтылап, әрбір жолда адам баласы бойына қалыптастыруға тиісті қасиеттер айқындалып, сол қасиеттер арқылы дамып жетілетіндігін түсіндіреді. Қ.А.Яссауи дүниетанымындағы Хақ жолы адамның рухани жетілуіне бағдар ашты, адамның ізгі қасиеттерін басты орынға қойды, махаббаты мол жанның киелілігін жаңа дәрежеге көтерді. Құдайдың адамға деген мейірімді махаббаты қаншалықты тартымды, тылсым және шексіз екендігін, адамның да құдайға деген сүйіспеншілігі сондай толассыз болу керектігі туралы түрлі сөз өрнегімен баяндады,-деп сипаттайды Яссауитанушылар.
Қ.А.Яссауи мұсылман дәстүріндегі «жетілген адам» идеясын одан әрі жалғастырды, оның бейнесін ұстамдылық, қанағат, махаббат, білім арқылы дамытуға болады деп түсінді. Осы өлшемдер арқылы тіршіліктегі жетілген адамның моральдық-этикалық талаптарын қалыптастыруды мақсат етті [5]. А.Яссауи дүниетанымында адамдықтың жеті сатысы немесе адам жанының жеті түрі әр түрлі нышанымен көрініс табады. Оларды пенделік жан, аластатылған жан, шабытты жан, тыныштанған жан, қанаттанған жан, түсініскен жан және кемел жан деп көрсетеді.
Ғұлама жетілудің басты жолы — жақсылық, қайырымдылық жасау деп біледі. Сонда ғана бауырластық қалыптасады, дамиды және әрекетте айқын байқалады. Жақсылық істеген адам ғана мәңгілікке жақындайды дейді.
Адам өмірінде жаман мінез-құлықтан, надандықтан арылу арқылы іштей тазалыққа жақындайды. Ойшыл Қожа Ахмет Яссауи үшін адамдық дегеніміз «дүние үшін қам жемеу, хақтан өзгені бар демеу», ал надандық дегеніміз, хақты беріле іздемеу. Наданның көңілі қатал, тілі ащы, өзі зәлім. Сондықтан шын «жарандарға қызмет, ғашықтарға құрмет қылмайды», зәлімдігімен адамдарға «шапағат қылмай», «білгендердің халыққа айтқан сөзін тыңдамайды». Надандықтың қиянаты көп, одан ізгілікті із қалмайды. Надан білім іздеп бақыт құшудың немесе болашағын ойлап әулетін дәмелендірудің қажеттілігін ұқпайды. Ақылы таяз жетімдердің көңілін аулауды ескермейді де, ойына да алмайды дейді.
Адам тазалығы оның тілегінен, мақсатынан, кішіпейілділігінен көрініс табады. Бұл сыпайылық пен жанашырлықтан туындайтын имандылық түйіндері болып табылады. Имандылық– ынтымақ бірліктен, досқа адалдықтан, досқа беріктіктен, еңбек сүйгіштіктен, сұлулықты түсіне білуден құралады, сондай — ақ, ізгі де, мейірімді мінездерден нәр алады. Иманды жан инабатты да ризашыл болады. Ондай жан ешкімге зиян келтірмеуі тиіс, мағынасыз сөз айтудан сақтанады. Шариғат заңдарына келісіп, барлық күмәндардан арылуға көмектеседі, күмәнді мақсаттан аулақ болуды дәріптейді, қайырымсыз және моральға сай емес әрекеттерден бас тартуды үгіттейді. Ризашыл барға шүкір етеді. Тек діни сенімдер ғана адамзатты дұрыс жолдан тайдырмайды, сенім болмағанда жауыздық пен қатігездік үстем болады деп түйеді. Осыдан ғұламаның көзқарасында оның барлық тәрбиелік иеяларының дінге негіздеушілік бағытының басымдығын айқын танимыз.
Қожа Ахмет Ясауидің «Кемел адам» идеясының астары бүгінгі күнгі «Бәсекеге қабілетті тұлға» ұғымының мәнін айқынайды. Әр адам өз заманына лайықты қалыптасуы тиіс. Олай болса, Ясауи заманындағы кемеліне жеткен тұлға болмысы мен келбеті бүгінгі күні де өзекті болып, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда ескеруді қажет етеді.