Шыңғыс хан мен оның ұлдарының жер жаһанға жасаған шапқыншылықтары барысында осы суырды қару ретінде қолданғаны туралы деректер айтылады. Суырды қандай қару ретінде қолдануы мүмкін? Оның жауабы – биологиялық қару Бірнеше күннен бері ғаламтор желісінде Монғолияда адамды бір тәуліктің ішінде өлтіріп жіберетін аса қауіпті бубон обасының ошағы пайда болғаны туралы үрейлі ақпарат тарап жатыр. Онсыз да үрейлі ақпараттар легі толастамай тұрған кезде бұл – әрі таяу көрші мемлекет, әрі жүз елу мың қандасымыз тұрып жатқандықтан, Қазақстан халқының, атажұрттағы қалың қазақтың уайымына уайым қосары сөзсіз. Сондықтан осы ақпаратқа қатысты өз ойымызды бүгінгі күні әлемді, оның ішінде Қазақстанды есеңгіретіп отырған короновирус індетімен байланыстара білдіре кетуді жөн көрдік. Иә, Монғолияның Қобда аймағының Шешек өлкесінде аталған оба шыққаны айтылуда. Бірден айта кетуіміз керек, бұған біздің үрейленуімізге еш негіз жоқ. «Бубон обасы» немесе «Суыр обасы» аталған бұл індетті сол аймақтағы зооноздық инспекция қызметі оба ошағын оқшаулап та үлгерген. «Үйренген жау атыспаққа жақсы» демекші, шындығында бұл мемлекеттің билік орындары мен жауапты мекемелерінің, жалпы халқының, осы аса қатерлі індетке қарсы шұғыл шаралар қабылдап күресуге бейімділігі – сан ондаған жылдар бойы қалыптасқан десе де болады. Мұны біраз ғұмырымыз сол елде өткендігі тұрғысында жақсы білеміз. Құзыретті билік орындарының талаптарын, тәртіп нормаларын бұлжытпай орындау, сөзсіз бағыну – суыр обасынан мейлінше аз құрбандықпен құтылудың ең тиімді амалы. Мұны сол мемлекеттегі әр адам етінен өтіп сүйегіне жететіндей-ақ түсінеді десек болады. Яғни, тәртіпке бағыну, обамен күрестегі сақтық иммунитеті ұлттық деңгейдегі ұстаным болып қалыптасқан. Осындайда Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген даналығы ойға оралады. Дәл осы суыр обасының әсерінен туындап қалыптасқан тәртіп нұсқасының пайдасын көріп отырған бірден-бір мемлекет те – осы Монғолия десек қателеспейміз. Себебі, короновирус індеті көрші Қытайда біліне салысымен азаматтарын тартып алып, шекарасын жауып, қатаң сақтық шараларын енгізудің арқасында бұл мемлекетте күні бүгінге дейін шетелден кіріп келгендерден табылғаны болмаса, өз ішінен бірде бір адам ғаламдық індетке шалдыққан жоқ. Мемлекет басшылығының, үкіметтің қолданған қатаң іс-шарасы дегенімізбен, бұл нәтиженің астарында жалпы халықтың кез келген індетке деген тас-түйін дайындығы жатыр. «Әрбір машықтың бір қайыры бар» деген – осы. «Суыр обасы» деген қандай ауру? Ол неден, қалай жұғады? Осы сұрақтар төңірегінде азырақ әңгіме қозғап көрелік. Жалпы, «суыр обасы» – кеміргіштерден адамға жұғатын аса қатерлі жұқпалы ауру. Суыр обасымен суыр, тараққұйрық (саршұнақ), дала және үй тышқандары т.б. кеміргіштер ауырады. Кеміргіштер арасында олардың денесіндегі бүрге таратады. Yersinia pestis атты сопақ таяқша бактерия «кеміргіш – бүрге – кеміргіш» деген тізбекте болады да, кеміргіштермен тікелей жанама түрде адамға жұғады. Мұнда ауру қоздырғышы бар суырды аулау, терісін сою, етін бұзу кезінде немесе олардың терісіндегі бүрге шағу, қақпанға түскен суырды ұстау кезінде тісі адамды жарақаттау т.б. жағдайда жұғады. Адамның қантамырына енген вирус аса жылдам әсер етіп, дене температурасы көтеріледі. Қолтық безі ісініп, өкпесі қабынады. Ыстық қырық градустан асқанда бездері жарылады да, қоздырғыш ашық түрге өтеді. Яғни ауру адамның демі арқылы айналасындағыларға түгел жұғып, ауа арқылы тарай бастайды. Бұдан аман қалу – қиынның қиыны болмақ. Суыр (лат. marmota) – түпкі отаны Солтүстік Америка болып саналатын, Беринг бұғазы арқылы Еуропаға дейін кең таралған алып кеміргіш. Суырдың әлемде он бес түрі бар және оларды көп елдерде терісіне бола аулайды. Суыр етін қорекке пайдаланатын халықтар да бар. Солардың бірі – монғолдар. Қазақ халқы, оның ішінде Монғолиядағы қазақтар суыр етін жемейді. Ислам діні суырды тырнақты ретінде харам санайды. Монғол халқы суырды түрлі тәсілмен аулап, етін тамаққа керектенеді. Сондықтан да бұл халықтың өмір-тіршілігіне суыр обасы жиі қатер төндіріп келгені айтпаса да түсінікті. Монғолдардың суыр аулап, етін жейтіндігі туралы 13 ғасырдан жеткен «Монғолдың құпия шежіресінде» де айтылады. «Құпия шежіренің» 89-тармағында: «Сонда барлығы бірігіп, Бұрқан халдунның түстігіндегі Күрілкінің етегімен ағатын Сенгүр бұлақтың Қаражүректің Көк көлі деген жерге барып мекендеп, суыр, саршұнақ аулап жеп тіршілік етті», — десе, 90-тармақта: «…Белгүтей аласа қоңыр атын мініп, суыр аулауға кеткен еді. Кешке таман күн бата аласа қоңыр атына суырларды зорға көтерерліктей теңдеп алған, жаяу жетектеп келді», — дейді.
Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/31795/
© e-history.kz