Г.Е. ЕСІРКЕПОВА
филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университеті
Алматы/Қазақстан
gulmira_esirkepova@mail.ru
Ислам дінінің Орта Азия мен Қазақстан аумағында таралуына сүбелі үлес қосқан шоқтығы биік тұлғалардың бірі Қожа Ахмет Ясауи. Өйткені оның еңбектері мен даналық хикметтерінің маңызы күні бүгінге дейін өзіндік мән-мағынасын жоғалтқан емес.
Қожа Ахмет Яссауи ілімінде Хаққа қызмет ету халыққа қызмет етуден басталады. Оны ғарип қылып, жалғыздыққа қарай итермелейтін күш оның дүниеге деген көзқарасы, Хақ жолына деген ұмтылысы мен махаббаты. Аллаға деген құлшылықтың ең жоғарғысы – еркіндік. Адамдардың рухани өмір ішкі рухқа қатысты болғандықтан, Қожа Ахмет Яссауи іліміндегі еркіндік мәселесі негізінен адамның «ішкі еркіндігі» шеңберінде қарастырылады. Ішкі еркіндікті ислам дүниетанымында «моральдық еркіндік» дейді.
Оның ілімінде нәпсі – жамандықтың, рух – жақсылықтың қайнар көзі болып табылады. Хикметтің басы – Алланы бар және бір деп білу. Ақиқатты адам баласына ескертіп, тікелей еске салып отыратын таным көзі – Құран деп біледі. Сонымен қатар, Алланы танудың негізгі сыры адамның өзінде екендігін айтады.
Сопылық дүниетанымға тән теориялы-тұжырымдамалық ұстанымды Қожа Ахмет Яссауи түркілік дүниетаным негізінде жаңғыртты. Ислам тарихында дінді ұғынудың, қабылдаудың ерекше түрі ретінде пайда болған «сопылық ағым» бой көрсетті. Қожа Ахмет Яссауи ілімі түркілік дүниетанымның негізгі категориясына сай дамыды. Тәңірді жазалаушы, қорқыныш иесі ретінде ғана емес, Тәңірді сүю және оның үкімдерін құрметтеу арқылы Аллаға деген махаббатты қалыптастырды. Бұл адам бойында махаббат, жауапкершілік сезімді, иманмандылық,ізгілік т.б. асыл құндылықтарға негіздейді. Қожа Ахмет Яссауидің хикметтері арқылы және оның нәтижелі жемістерінің негізінде ғана мәнді, мағыналы өмірді, «адамша тіршілік ету өнерін» меңгере алады .
«Диуани хикмет» еңбегімен мәшһүр болған тұлғаның қаламынан жыр жолдар елдің рухани азығы мен тәлім-тәрбиелік қасиеттерін молайтуға ықпалын тигізері айдан анық.
Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани хикметтері» сопылық идеясын жыр еткен, этикалық-дидактикалық мазмұндағы әдеби шығарма.Шариғаттың қыр-сырын терең меңгеруде, дін қағидаларын қалың қауымға өз тілдерінде тереңнен таныту мақсатында хикметтерін жергілікті халыққа жақын айшықты айқын поэзия тілімен жазды. Қожа Ахмет Яссауи түркі тілінде халыққа бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеді. Оның жазба әдебиет үлгісіндегі шығармалары түркі топырағында ертеден қалыптасып ,дамып келе жатқан суырып салмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұнды өзгерістер алып келумен қатар, оны түр және мазмұн жағынан көркейтіп, кемелдендіре түсті. Бұрыннан дидактикалық сипаты басым түркі әдебиеті насихаттық негіздегі ой тұжырымдармен толыға түсті. Қожа Ахмет Яссауи шығармашылығы түркі-мұсылман әлеміне кеңінен жан-жақты таныла отырып , Яссауи ізімен хикмет жазу дәстүрге айналды.
Оның «Диуани хикмет» атты еңбегі – діни сопылық әдебиет ескерткіші ғана емес, олар көне түркі тілдес ескерткіштердің бірі болып табылады. «Диуани Хикмет» — түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасы, ұрпақтан ұрпаққа таралды, халықты имандылыққа, адалдыққа, адамгершілікке , әділдікке, мейірімділікке және шыдамдылыққа шақырды. Хикметтері ислам дінін насихаттады және халық арасында мұсылмандықтың, еліміздің бірлігінің нығаюына ықпал етті. Құранды Қожа Ахмет Яссауи «Хикметтері» арқылы қабылдады.
«Бісміллә» деп баяндайын хикмет айтып,
Шәкірттерге дүр мен гауһар шаштым міне.
Жанды жаралап, қайғы шегіп, қандар жұтып,
Мен «Дафтар-и сани» сөзін аштым міне.
Сөзді айттым кімде болса дидар талап,
Ашық сөйлеп жақын жанды жанға балап.
Ғаріп, жетім, пақырлардың көңілін сыйлап,
Көңілі бүтін, халайықтан қаштым, міне.
Қайда көрсең көңілі сынық жұмсақ, бол,
Ондай сорлы жолда қалса, сырлас бол.
Қиямет күні тәңірімізге жақын бол,
Менменсінген халайықтан қаштым, міне [ 1,7 ].
Міне осылайша, Яссауи – исламда Алланы танудың «түркі» жолдарының (тарикат) негізін салушы. Бұл өмірдегі тіршіліктің тұтас мәні мен мағынасы туралы, жақындық және тіпті Құдайды өз санасымен тану процесінің тепе-теңдігі жайында, пайымдау, халықтық дүние танымдарына бейімделуін атайды. Яссауи қарапайым халықтың жүрегіне жақын әрі түсінікті және көркем сөздердің шеңберінде әсер етті. Араб-парсы-түркі тілдерінің өзара әсер ету процесінде рухани мәдениеттің тарихына енді. Яссауидің шығармалары – барлық түркі халықтарының құнды рухани игілігіне айналды.
Сопылық ілімінің негізгі тіректері: шариғат, тариқат, мағрифат.
Қожа Ахмет Яссауидың ен құнды «Диуани Хикмет»атты еңбегінде негізінен төрт нәрсеге ерекше көңіл бөледі. Олар: шариғат, тарихат, хақихат, мағрифат. «Шариғат» ислам дінінің заңдары мен әдет ғұрыптарының жинағы, «тарихат» сопылықтың идеясы, сопылық мүддесіне жеткізген жол, «хақихат» аллаға жақындау, «мағрифат»— дін жолын танып, оқып білу.
Ахмет Яссауидің пікірінше «шариғатсыз», «тарихатсыз»»мағрифатсыз» «хақиқат» болуы мүмкін емес:
Жетпеді Шариғатқа сорлы басым,
Онсыз сен Тариқатта болдырарсың,
Мағрибты хақиқатсыз қор қыларсың,
Жолына пірсіз қалай түсер,достар [ 1,55 ].
Яссауи өз хикметтерінде сопылық дін ілімі туралы жан –жақты ерекше мән бере отырып, ол бұл шын мәніндегі білім деп айтады.
«Менің хикметімді дертсізге айтпа,
Бағасыз гауһарымды наданға сатпа» [1,194] – деп, бар жан-дүниесімен сопылыққа берілген Яссауи, «егер мен басымнан айырылсам да, бұл жолдан маған жалт беру жоқ»-деп, өзінің осы адал жолда екендігін аңғартады. Ахмет Яссауи түркі тілдес халықтардың рухани танымында шешуші орын алды. Сопылық философия адамдардың дүниетанымының қалыптасуына үлкен ықпал жасады. Сопылар Жаратушыны тануда және жаратушыға деген махаббатқа жету жолында рухани тазалыққа және ішкі жан дүниенің тазалығына ерекше мән береді. Яссауи тариқатының түркі халықтары арасында ислам дінінің таралуында өзіндік орны бар.
Сонымен бүгінгі ұрпаққа жеткен бұл көлемді шығармасы – «Диуани хикмет/ Диуани Хикмат». Төрт тармақты өлеңмен жазылған шығармасында ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейін өмір жолын баяндайды, тіршілікте көрген қиыншылықтарын қайғысын айтады, бұхара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды, бұл фәнидің жалғандығын өз шығармасында көркемсөз үлгілерімен жеткізе білді.«Диуани Хикметтен» түркі халықтарына, әсіресе өз елімізге қатысты , ертедегі мәдениетімізге, әдебиетімізге, тарихымызға, этнографиямызға, экономикамызға қатысты бағалы деректерді табуға болады.
Қожа Ахмет Ясауидың дүниетанымдық тұжырымдамасының теория негізін шариғат пен мағрифат құраса, ал тәжірибелік негізін тариқат белгілейді. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымының мәні – “адамның өзін-өзі тануы” арқылы “Хақты тануы”. Бұл жолдың алғашқы мақамы (басқышы) – “тәуба”, соңғысы “құлдық” . Бұл жолдағы адам “жаратылған – мен” екендігінің ақиқатына, жаратылыс сырына көзі жеткенде, өзінің адамдық парызы – “Алла мен адамның және адам мен қоғамның” арасында “көпір – жол” болу екендігін ұғынады.[2]
Ясауи хикметтерінің мәні, философиясының өзегі – адам. Адам “кемелдікке” жетуі үшін қажетті деңгейдегі білімді игеруі керек. Бұл білімнің қайнары – хикмет. Хикметтерде адам жаратылысы – Жаратқан иенің ұлылығын көрсетеді. Ал, нәпсі құмарлық, менмендік, өркөкіректік – адамды адамшылықтан кетіретін қасиеттер. Қожа Ахмет Ясауи– халқына жақсы мен жаманның, ақиқат пен жалғанның арасын айыруға тура,ақиқаттың ақ жолын сілтейді.
Қожа Ахмет Ясауи шығармасы өскелең ұрпақты шынайылық пен әділдік үшін ғұмыр кешуді көздейді. Адал еңбегімен халыққа қызмет етумен байланыстырылады .
Қ.А.Ясауи өзінің ерекше қабілеті мен дарынын, күш жігерін түркі халқына, туған еліне жалпы түркі дүниесіне, әсіресе өскелең болашақ ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне жұмсаған ғұлама. Оның әдеби шығармалары бүкіл түркі әлеміне оның ішінде қазіргі қазақ әдебиетінің және әдеби тіліміздің кемелденуіне ерекше ықпалын тигізді. Ал, оқу-ағарту саласындағы көзқарастары бүкіл түркі әлеміндегі, оның ішінде еліміздегі педагогикалық ой-пікірлердің пісіп жетілуіне, хикметтері мен рухани адамгершілік мұралары ұлттық тәлім-тәрбие беруде ерекше мәнге ие. Сол себепті Ясауидің ілімі күні бүгінге дейін өз маңызын жоғалтпақ емес.
Қорыта айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи ислам діні мен жергілікті дәстүрді сабақтастырып, халықтың рухани түрғыдан кемелденуіне өз үлесін қосты. Оның қарымды қаламынан туған «Диуани Хикмет» атты еңбегінде Құран-Кәрімнің сүрелері мен аяттарына мысалдар келтірілген. Елді бейбіт өмір мен имандылыққа шақырды. Хақты танудың бірден бір жолы ислами ілім жинау екендігін жете түсіндірді. Сауаттылық пен еңбекқорлық арқылы тұлғаның қараңғылықтан құтылып, жарық сәулеге енетіндігін жазды. Сәбилік күннен берілген өнегелі тәлім-тәрбиесі мен білімі баланың өміріне азығы боларын айтты . Қожа Ахмет Ясауидің қанатты дана сөздері қай кезеңде де , қай заманда да болсын өз құндылығын ешқашан жоймайтын асыл қазынамыз.
Қ.А.Ясауидің «Диуани хикмет» атты еңбегінің түркілік ислам идеологиясын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.