Досай Тұрсынбайұлы КЕНЖЕТАЙ
Философия ғылымдарының докторы, профессор Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Астана/Қазақстан
Қожа Ахмет Иасауи туралы жазба деректер көбінесе оның жолындағы шәкірттері тарапынан хатқа түскен. Түркілік мұсылмандық түсінігі мен хикмет дәстүрінің негізін қалаған Әзіреті Сұлтан өз шәкірттерінің ғазалдарында ұрпақтан ұрпаққа өнеге, пір ретінде дәріптелді. Иасауидің ілімі, дәстүрі мен жолының Орта Азияда кең жайылуында оның шәкірті Сүлеймен Бақырғанидың (1186 ж.) еңбегі ерекше. Бақырғани Иасауи қайтыс болған соң ілімін жалғастырып, халықты осы жолда ақиқатқа жетеледі. Ол адамның жанын, рухын, ой-санасын Иасауи ілімімен тәрбиелеп, қалыптастырған ұстаз болды. Иасауи тариқатының этикалық-моралдық жүйелері мен негіздерін насихаттай жүріп, өзі де көптеген еңбектер жазып қалдырды.
Хәкім Ата, Иасауийа тариқатының идеясы мен ұстанымдарын түсіндіретін «Бақырған кітабы», «Ақырзаман кітабы», «Бибі Мариям» және тағы басқа еңбектер қалдырды. Осы еңбектерінде ұстазы Иасауиді дәріптеді. Ол ұстазын «даналардың данасы, шариғаттың бурханы, тариқаттың атасы, ақиқаттың өзі, Қызырдың жолдасы, Илияс пайғамбардың досы, екі әлемнің айнасы» деп танытады:
“Субхан ием өзі-дүр ол Мұстафа бұйырды,
Бабам Арыстан түкірді, шайхым Ахмет Иасауи,
Мұстафаның қырқасын киді, жеді мақтасын,
Қағба алқасын тұтқан шайхым Ахмет Иасауи,
Тегі оның ханеден, білме оны көп надан,
Білер оны Хақ Иаздан, шайхым Ахмет Иасауи,
Ысхақ баба жұрыны, Шайх Ибрахим құлыны,
Машайықтар ұлығы, шайхым Ахмет Иасауи,
Шариғатты әрлеген, тариқатты өрлеген,
Ақиқатты білдірген шайхым Ахмет Иасауи,
Қызырменен сұхбаттас, Илияспен достасқан,
Хақ алдында құрметті шайхым Ахмет Иасауи,
Баба Машын – ол Сұлтан, мурид болды күмәнсіз,
Хаким Қожа Сүлеймен шайхым Ахмет Иасауи” [1, 15-16 бб.]
Сүлеймен Бақырғани Иасауидің хикмет дәстүрін жалғастырушы ретінде оның ілімі, хикметтерінің формасы мен мазмұнын сол қалпында сақтай отырып, сопылық жолын дәріптеген. Бақырғанидың “хәкім” лақабының сырын Әлішер Науаидың еңбектерінен кездестіреміз. Бұл туралы ол: “Түркі машайықтары туралы дерек аз еді. Содан Хазірет шейхул машайық (машайықтардың ұстазы) Қожа Ахмет Иасауиден бүгінге дейінгі барлық (оқымыстылар туралы) деректер мен олар хақындағы мәліметтерді сол қалпында кіргіздім”, – деп жазған [2, 160-182 бб.].
Ә. Науаидің осы еңбегінде Сүлеймен Бақырғанидың неліктен “Хәкім” аталғандығы туралы былай делінген: “Хәкім ата – аты Сүлеймен. Қожа Ахмет Иасауидің мүриді. Бір күні Қожа шәкірттеріне отын әкеліңдер деп жұмсағанда, жаңбыр жауып кетіпті. Шәкірттер отын теріп келгенінше жауынға малынып су болыпты. Хәкім ата терген отындарын тонына орап, құрғақ етіп әкеліпті. Қожа хазірет сонда: “Ей, перзент, хәкімдік іс қылдың”, – депті. Содан бастап бұл лақап оған телініпті. Хәкім атаға содан хикмет тілі беріліпті” [2, 154]. Сонымен бірге, Бақырғанидың Хәкім лақабына қатысты осыған ұқсас тағы бір аңыз бар. Бір риуаятта даладан отын теріп келу оқиғасы Қызырдың Иасауиге қонақ болып келуімен байланыстырылады. Сүлейменнің тапқырлығына сүйсінген Қызыр оған “Бұдан былай лақабың Хәкім болсын. Жақсылықты үгітте” деп батасын беріпті. Содан бастап, Сүлеймен хикметтер шығара бастапты. Кәмелетке жаңа толған Бақырғани медресеге қатынағанында басқа балаларға ұқсап Құранды желкесіне аспастан, екі алақанымен көтеріп барып, сабақ аяқталған соң үйіне келгенше артына бұрылып қарамайды екен. Бір күні мешіт қасында отырған Ахмет Иасауи бұл жағдайды көріп, таң қалыпты. Сол күннен бастап Түркістанның пірі Сүлейменді Құран үйрету үшін өз қасына алған. Он бес жастан оған мүрид болыпты.
Сүлеймен Бақырғанидың шығармаларында да о дүниенің азабынан, қияметтің қаһарынан қорқу секілді діни сенімдер басты назарға алынған. “Болса қияметтің күні, сұраса Құдай онда менен, “Қылған амалдарың қані?” Білмеймін, хәлім не болар”, – деп жырлаған ақын Алла дидарын көру үшін күні-түні Хақтың зікірінде болу керектігін “Құл Сүлеймен білдің бұл күн, қыл ғибадат түні-күн” деген жолдармен берген. Оның ойынша, Жаратқанның дидарын көру кез-келген пенденің маңдайына жазбаған. Иасауи хикметтерінің мәнін, маңызын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде ерен еңбек еткен ізбасарлары тарихта көптеп кездеседі. Мысалы, Хакім ата Бақырғанидан басқа, Жүніс Әміре, Құл Машраб, Шамсы, Сайхали, Құл Шариф, Шайх Хұдайдад, Иқани, құл Убайди, Фақири Байдауи, Бехбуди, Құл Насими, Туфайли, Қасым және т.б. жалғасып кете береді.
Иасауи жолының Анадолыдағы ең көрнекті өкілі – Жүніс Әміре. Ол ХІІІ ғасырда (шамамен 1250) қазіргі Ескішаһар қаласына жақын Сарыкөйде дүниеге келген. Сопылық философиялық еңбектері түркі тілінде кең тараған. “Рисалат-ун-Нусхийа” атты еңбегі өте құнды сопылық шығарма. Жүніс Әміре мен Иасауидің ілімі, мұрасы туралы құнды еңбек жазған түрік ғалымы Фуат Көпрүлу болатын. “Түрік әдебиетіндегі алғашқы сопылар” атты еңбегі толығымен Иасауи мен Жүніс мұрасын зерттеуге арналған. Осы екі құнды еңбек сопылықтың тарихтағы орнын дәлелдейтін, әлі күнге мәні жоғалмаған маңызды дүниеге айналды. Жүніс Әміре Ахмет Иасауидің ілімін жайған тарихи тұлға. Жүністің қолданған тілі мен ділі, ойлау жүйесі мен дәстүрі, таңдаған тақырыбына қарап-ақ оның Иасауи мектебінің түлегі екендігін аңғаруға болады. Мысалы, Иасауи мәдениетіндегілер таңсәрі, миғраж, дидар, болмыс мәселесін қалай жырласа, Жүніс те сол қалыпты, мазмұнды бұзбай қайталап, халқына жеткізген. Иасауи бұл дүние алдамшы, дүниені тәрк еткендер ғана дидар көреді, дүние зынданынан өзіңді құтқар десе, Жүніс былай дейді: “Бұл дүниеге көңіл берген, ақыр соңы пұшайман болар, Дүние менікі дегендерге ол, әрдайым дұшпан болар, Алғын әулие қолын барып, тұра барғын Хақ жолына, Мәні осы, мәлім баян “білдім деген” – надан болар.” [3, 94 б.]
Иасауидің “өзіңді таны” деген ұстанымын басшылыққа алған Жүніс: “Ғылым–білімді болу, білімді болу – өзіңді тану, Сен өзіңді танымасаң, оқығаның қай оқу, Оқыдым, білдім деме, көп тағат қылдым деме, Егер Хақты танымасаң, әбес жерге кірген осы” [3, 116 б.] дейді. Иасауи “махаббатсыз адам хайуан тектес” десе, Жүніс: “Махаббатсыз берме үгіт, насихатың босқа кетер, Махаббатсыз адам – хайуан, хайуан насихат білмес. Даналардан құр қалма, надандардан қам қарама, Тәңір безер сараңдардан, сараң дидар көре алмайды, дейді”.
Иасауи мұрасы Жүністің шығармалары арқылы Европаға, Анадолыға тарады. Ибн Араби арқылы Мағрибке, батысқа жайылды. Болмыстың бірлігі идеясы Иасауиден Шамсиге, одан Румиге одан Жүніске ауыса отырып дамыды, үлкен философиялық дүниеге айналды. Иасауи хикметтері махаббат қайнары ретінде халықтың санасынан өшпес орын алған. Иасауидің сопылық жолын жалғастырушылар өздерін тікелей Иасауиден тарағандығын айтып, шежіре жазып қалдырған. Олардың ішінде Челеби сияқты кезбе саяхатшылар да бар.
Иасауи туралы тарихи дерек қалдырғандардың көш басында Имам Хусамеддин Сығнақи тұр. Оның “Манакиб-и Ахмет-и Иасауи” атты трактаты Өзбекстан Ғылым академиясы Шығыстану Институтының кітапханасында (N 11084, 11б-14а беттер арасында) сақтаулы. Еңбек парсы тілінде, бірақ қай жылы жазылғаны көрсетілмеген. Осы трактатты қол жазбасынан алғаш рет түрік тілінде жариялаған ғылым Неждет Тосын рисаланы, ХІІІ-ғасырдың соңында жазылған деп пайымдайды [4, 73-81 бб.].
Бұл рисала көлемі жағынан шағын болғанымен Иасауи туралы кейіннен жазылған барлық деректерге негіз боларлық тарихи маңызы бар еңбек. Мысалы Иасауитану тарихында Иасауи мұрасы туралы мәлімет қалдырған Алим Шайх өзінің “Ламахат” атты кітабын, Мұхаммет Шариф “Хужжат-уз Закирин” атты трактаттарын жазарда Сығнақидің осы рисаласын басшылыққа алған [4, 73-81 бб.]. Яғни, Қожа Ахмет Иасауидің өмірі мен тұлғасына қатысты өте маңызды аңыз-деректердің хатқа түсуі тұңғыш рет осы еңбектен басталған деуге толық негіз бар.
Рисаладағы деректерден аңыз да болса, Иасауидің уақыты мен кеңістігінің тарихи, танымдық әрі әлеуметтік қабаттары туралы тұжырымдар жасауға әбден болады.
Иасауи сөздерін алғаш хатқа түсірген, «Көңілдің айнасы» деген атпен насихаттаған, Иасауидің тариқат туралы, ондағы мақамдар мен психологиялық хәлдер, сопылық категориялар мен негізгі ерекшеліктерін жазба дерек ретінде қалдырған сопылардың бірі Мәулана Суфи Данышменди болатын.
Сондай ақ тарихта Қожа Ахмет Иасауи дәстүрін, ілімін жалғастырып, өзіне үлгі тұтқан ақындар көп болған. Біз солардың ішінде шығармалары зерттеліп, ғылыми айналымға түскен даналардың есімін ғана айтып отырмыз. Иасауидің осындай ізбасарларының бірі −Мұхаммед Шайбани (1451-1510) өзінің бар өмірін ат үстінде өткізсе де, сопылық дәстүрді берік ұстап, “Бахр-ул Худа” (Алланың теңізі) деген атпен диуан жазып қалдырған. Мұхаммед Шайбани Иасауиді Түркістанның пірі ретінде дәріптейді:
«…Әулиелер сәруары ол, Түркістанның шыңы,
Жер бетін нұры жайлаған, ол Түркістанның тауы,
Мен айтайын әй, жігіттер, үшбу сырды, тыңдағын,
Сәруар болуға лайық ер, Түркістан пірі екен,
Маған “Қайда барасың, Самарқанда көп әулие бар” деді,
Жоқ, бұл Шайбани таңдауы – Түркістан дергахы» [5, 21-25 бб.].
Сонымен қатар атақты Суфи Аллаяр (XVІІІ ғасырда 1720 ж. туылған) Иасауиді пір тұтқан, әулие санап дәріптеген. “Сабат-ул Ажизин” деген еңбегінде Иасауидің “Китабу танбих-ид-даллин” атты еңбегі болғандығын баяндайды. Бірақ, әлі күнге бұл еңбегі зерттелмеген. Суфи Аллаярдың аталмыш еңбегінде Иасауи туралы мынандай жолдар бар:
Шариғатта ол бір шамшырақ еді, Сол ерден бізге кітап қалған, Сол Сұлтанның жазғаны (хикмет)
Шығар ма ондай фақыр (дана) ақырзаманда [6]».
Осы кезең маңызды оқиғаларға толы болды. Орта Азия отарға айнала бастады. Халық Иасауи хикметтерінен ғана жанына тыныштық тапты. “Диуани Хикметтің” алғашқы тас баспа нұсқалары да көбейе бастады. Қолжазбалар да қолдан көшіріліп жатты.
Сол дәуірдің тағы бір атақты ақыны, Үстірт жерінде, қазіргі Түркімен сахарасында өмір сүрген Мақтымұлы Фирағи (1733-1797) “Құл Қожа Ахмет Иасауи” атты өлеңінде:
Ғашықтардың ах-ында, Құтб-ул Исламда,
Жайхун бауырында, Садра сахарада,
Иасы шахарында,
Менің сахиб жамалымды көрдің бе?
Әзіреті Әли жеткізген әлемге дағуа,
Қафтан-қафқа түсті Әзіреттің үні.
Әй, жеті ықылым иесі Ахмет Иасауи,
Менің сахиб жамалымды көрдің бе?
Мекендеген Қаратаудың бауырында,
Ғалымның елінде, Исаның орнында,
Жердің арқасы, Көктің ішінде,
Менің сахиб жамалымды көрдің бе? [7, 54-55 бб; 277.]
Иасауи жолының моральдық, этикалық негіздерін хатқа түсірген, Иасауи жолы мен мәдениетінің көрнекті өкілі, Сұлтан Ахмет Хазини болатын. Бұл жөнінде «Тарихтағы Иасауи мәдениеті» атты тарауда тереңірек тоқталып өткенбіз. Оның қаламынан шыққан “Манба ул-абхар фи рийаз ил-абрар” және “Жауахирул-абрар мин амуажил-бихар” атты еңбектер Иасауи жолының мақсаттары мен мәнін тарихи-рухани, әдеби сипатта танытқан. Бұл еңбектердің мазмұнында Иасауийа тариқатының этикасы, фақр-рухани кедейліктің маңызы, сопылық моральдың қажеттілігі, рухани кедейліктің шарттары баяндалған.
Хазини Қожа Ахмет Иасауи туралы былай дейді:
«Қожа Ахмет Түркістан мен Шамның шайхы,
Барлық жария зікір тариқаты даналарының данасы,
Болды мәшхүр, Хз.Али жолындағылардың шахы,
Батыс пен Шығыста Ахмет Иасауи
Арабтардың тірегі, парсы пірі, түріктердің шайхы,
Дүниенің көсемі, ұлы әзиз, құтыптар құтыбы,
Сардар Шайхы, Хз. Али жолындағылардың сейіді.
Ғұлама мен даналардың атасы,
“Ладун ілімі”көрініс тапқан айнасы
Екінші Мұхаммед ол Түріктердің Сұлтаны,
Дін мен дәулеттің данасы, шайхы.
Түзді әлемде ғажайып силсила
Түсті арз-и қалбтерге зілзала
Әулиеден ешкім оған тең емес,
Тақуадан ешкім оған тең емес.
Хақиқат шахарында оған тең ешкім жоқ.
Киді, келді мираж хиркасын
Қияметке дейін тариқаты жалғасады» [8, 18/65].
Бұл еңбек Иасауи жолы мен Иасауи туралы аңыздарды қамти отырып, оны нұр, Алланың сырын ашушы, барша шайхтардың шайхы, Мауараннахр пірлерінің таңдаулысы, түрік машайыхтарының қақпасы, ұстазы, мәңгілік тариқат ара зікірінің атасы, әлем мойындаған темірқазық екендігін дәріптеген. Рисалада Иасауидің сопылық туралы ойлары, “өлмей тұрып өлу” ұстанымына негізделген фақр философиясы талданған [9, 10 б.].
Хазини – Иасауийа тариқаты мен оның негізін қалаған Иасауидің артына қалдырған мұрасын Данышмендиден кейін хатқа түсіріп, Османлы топырақтарына жайған ғұлама. Атақты иасауитанушы, түрік ғұламасы Фуат Көпрүлү өзінің “Түрік әдебиетіндегі алғашқы сопылар” атты еңбегінде Хазинидің “Жауаһир-ул абрар” еңбегінен пайдаланған [10, 35 б.; 98 б.].
Әлішер Науаи “Насаимул Махабба” атты еңбегінде былай дейді: “Қожа Ахмет Иасауи (қаддасалаху тағала сирраху) Түркістан елінің шайх-ул машайыхы еді. Мақамы ұлы, мәшһүр, әулиелік кереметінде кемшілік жоқ. Муридтері мен серіктері көп, астанасында ханы мен қарасының шексіз ықыласына бөленіп жүретін. Имам Жүсіп Хамаданидің сұхбаттасы еді. Шайх Нажмеддин Кубра Қожа Ахмет Иасауидің рухани қызметінде болып, оның тәрбиесін көрген. Оның мазары Түркістанда Иасы деген жерде, сол жерде туылған еді. Ол Түркістан халқының дұғасының құбыласы…” [2, 383 б.]. Бұл еңбек Жамидің “Нафахатул Унс мин Хазарат-ил Қудс” атты библиографиялық еңбегінің кеңейтілген түрі. Науаи бұған қосымша 150 ден астам түркі машайыхтары туралы мәлімет қосып, атын өзгертіп, 1495 жылы қайта көшіріп шыққан болатын [2].
Науаи дәуірінде өмір сүрген Фахруддин Али Сафии Ибн Камалуддин Хусайн ал Уайз ал-Кашифидің “Рашахат-ул айн-ул хайат” еңбегінде Иасауи туралы мәлімет бар. Бұл кітап негізінен “…Қожа Убайдуллах Ахрар туралы жазылған болатын. Кашифи, Қожа Ахрар қай жерде қай шайх туралы айтса, сол шайхтың қысқаша өмірбаянын жазып қалдырдым” [11, 10 б.] дейді.
Бұл кітап негізінен хожаган силсиласы, яғни, Нақшбанди тариқатының өкілі Хожа Убайдуллаға арналды. Хожа Убайдулла Қожа Ахмет Иасауиді өзіне пір тұтқан. Сондықтан еңбек түркі машайыхтарынан басталып жазылады. Кашифи Иасауи туралы, Ахрардың баяны бойынша мәлімет береді: “Қожа Ахмет Иасауи Жүсіп Хамаданидің үшінші халифасы еді. Түріктер оны Ахмет Иасауи дейтін. Түріктер “ата” деп, ұлы бабасына, Ұлы машайыхтарға айтады. Түркі елінің атақты қалаларының бірі Иасыда туылған. Қабірі де сол жерде. Кереметі ұлы, мақам мәртебесі жоғары еді” [11,22-35 бб.]. Кашифи Иасауидің Түркістандағы тарихи орны, әулиелік рөлі жөнінде, ұстазы Арыстан баб, шәкірттері Мансұр Ата, Абдулмалик Қожа, Тажи Қожа, Сайид Ата, Сулайман Ата, Сайид Мухаммед Данышменди, Хаким Ата, Зәңгі ата, Ұзын Хасан Ата, Исмаил ата, Исхақ Қожа, Садр ата, Бадр ата, Аламин баба, Маудид шайх, Камал шайх, Хадим шайх және т.б. түрлі машайыхтары туралы мәлімет қалдырған.
Атақты Молда Мұса да өзінің “Тарих-и амнийа” атты еңбегінде Иасауи туралы мәлімет береді. Иасауидің имам Мұхаммед Ханафи яғни, Хз.Али тұқымынан тарағандығын айтады [12, 286 б.]. Иасауи мәдениетіне қатысты оның Хз.Мұхаммед “берекесімен” Құт ілімін Түркістанға жайғандығын білдіретін “құрма аңызы” көптеген тарихи деректерден орын алған. Қожа Бухари Сайид Хасан өзінің “Музаккир-и Ахбаб” атты еңбегінде “Хз.Пайғамбар Арыстан бабаға Сұлтан Ахмет Иасауиді қалай табатындығын, оған тәлім-тәрбие беріп, өсіруін аманат етіп тапсырғандығын” [13, 299-301 бб.] жазады. Бұл аңыз бұл кітаптан басқа Орта Азияға танымал еңбектердің барлығында бар [14, 173 б.].
Аңызда ақиқаттың, тарихи шындықтың негізгі желілер бар. Иасауидің ұстазы, ілімінің мәні – құрманың символдық, терминдік анықтамасы арқылы сопылық жолдың сабақтастығы сөз болады. Аңыз болғанмен Иасауидің мемлекет, саясат және хан әулетімен тығыз байланыстылығы, Иасауи тариқатының әскери түркі тариқат екендігі зерттеушілер тарапынан жазылып жүр. Иасауидің ең атақты шәкірті Хаким Ата Құл Сүлеймен Бақырғани, ұстазы туралы: “… аслы оның хана-дан, білмес осы көп надан” деп жазады. З.В.Тоган да Иасауидің ескі көк түріктерден, Қарахан әулиетінен шыққандығы туралы жазып кеткен.
Иасауийа тариқатының бір ерекшілігі ондағы сопылық ұғымдарды беретін тіркестер тікелей асқа қатысты болып келеді. Мысалы, сопылық ілім – құрма, тариқат жаю – софра (дастархан) жаю, тұтмақ, әулиелік ишараты – софра қалдырмақ, тариқат қағидаларының ең бастысы – қонақ күту, ас жегізу, нан тарату және т.б.
Иасауи тариқатының әскери тариқат екендігі, тікелей мемлекет қолдауында болған көшкені мәдениеттің жемісі екендігін білдіретін “Қарашық” аңызы да көптеген трактаттарда жазылып қалдырылған. Онда қарашық тауы ислам аша келген билеушіге алдырмайды. Сол кезде жас Ахметтің әулиелік уақыты келіп “әкесінің дастарханын көтеріп” Қарашыққа келеді. 99.000 кісіге нан таратты”. Қарашық тауы тегіс жерге айналады. Барлық әулиелер Иасауиге құрмет етеді. Сол елдің ханы Иасауи деген кісі екен. Ахмет егер әлемде бізді сүйетін жан болса, сенің атыңмен еске алсын дейді. Содан бері Ахмет Иасауи деп аталады екен.
Бұл аңыз болғанмен Иасауидің Түркістан, Дешті Қыпшақ даласындағы исламды жаюдағы орны аңыз тілімен баяндалады. Аңызды герменевтикалық тұрғыдан талдап, сопылық ұғымдармен түсіндіретін болсақ, мынандай нәтижеге қол жеткізуіміз мүмкін. Біріншіден, Иасауи сол елдің ханының қоластында тариқатын дамытады. Иасауи тариқатының кемелденудің төрт шартының бірі “рабт-и сұлтан”, яғни, патшаға беріктік. Патшаға қызмет хаққа қызмет, тариқат кепілі ретінде патшаны таниды. Екіншіден, дін мен мемлекет одағы, теократиялық білікті көрсетеді.
Үшінші, софра қалдыру, нан тарату, қарашық тегістеу – бәрі исламды жаюға, тариқатты үстем қылуды білдіретін ұғымдар. Сол кезеңдегі аңыздардың дені “Кедір-бұдыр” жер деп – кәпірлер мушриктер мекендейтін жерді айтады. Ал, “тегіс, жазық жер” деп мұсылман топырағына қарасты жерлерді меңзеген. Иасы сөзінің тегі “жазық, тегіс” деген мағынаға келеді. Сонымен Иасауи және мәдениетіне қатысты деректер “Кунх-ул Абрарда” да орын алған [15, 54 б.].
Қажы Бекташ Уәлидің “Уалаятнамасында” Қожа Ахмет Иасауидің тоқсан тоғыз мың муриді болғандығы айтылады [16, 00 б.].
Фаридиддин Аттар, “Мантиқ-ут-тайр” атты еңбегінде Иасауидің ұлы Ибрахимға қатысты аңызды жазады. Онда Иасауидің төзімділік, сабыр, кемелдігі сөз болады [17, 00 б.].
Хусаммеддин Муслими, “Тауарих-и Булғарийа” атты еңбегінде Иасауи руханиятының Әмір Темірге күш-қуат бергендігін, оған ризашылығы ретінде Әмір Темірдің Түркістан ханы Ноғайбекке ғимарат салдыртқаны туралы жазады [18, 21б.].
Иасауидей пірге Әмір Темірдің қызметі мен құрметі тарихтан белгілі. Әмір Темір Османлы патшасы Баязид Сұлтанды жеңерде Иасауидің “Жолдан өткенді нұрландырған, Бір демде әлемді Гүлістан еткен, Бес мүшкіл ісім түсті, оңай еткін, Ей, баршаның мүшкілік жан еткен” деген жолдарды жетпіс рет оқығанда Анкара соғысында жеңімпаз болдым” деп жазады [19, 00 б.].
Аңыз бойынша күнделікті ішіп жүрген шайымызды да Дешті-Қыпшақ даласына әкелдірген Иасауи бабамыз екен [20, 658 б.]. Аңыздарда Иасауи өлсе де, руханияты тірі, ол “ишаратымен” бүгінге дейін дүниенің төрт бұрышына ұстаз жіберіп отырған. Мысалы, қазақтар арасынан қыпшақ Бірәш ұлы Абираш Сопыны Бұлғар еліне жіберген. Иасауи Адай Ешмұхаммед Тоқмұхаммедұлы “Шайх Баба” атымен танылған, Батыс өңірінде жария зікір ұстазын руханиятымен тәрбиелеген [21, 22-24 бб.].
Дешті Қыпшақ даласында Иасауиді “Қара Ахмет”, яғни, Ұлы Ахмет деп таниды. Еділ жағасында: “Бұл сөздердің көбісі, Әулиелер ұлысы, Ахмет Иасауи сөзі, Оны сүйгенді Алла сүйеді” деген термелер бар [22, 2 б.].
Иасауи шәкірттері Дәшті Қыпшақ, Орал, Кавказ, Хорасан, Алтай, Шығыс Түркістан, Солтүстік Түркістан (Ауғанстан), Үндістан, Пакистан, Иран, Ирак, Түркия, Балканға дейін барып “софра жайған”, яғни, Иасауийа тариқаты мен мәдениетін жайған. Солардың ішіндегі Анадолы топырақтарында мәшһүр болған Қажы Бекташ өзінің “Китаб-ул Фауаид” атты еңбегінде: “Бір дәруіш Қожа Ахмет Иасауидің алдына келіп, ей, ұстаз, маған “Таухид” мәселесін түсіндір, дейді. Иасауи оған шақпақ қантты көрсетіп, “Мынау не?” деп сұрайды. Дәруіш “бұл қант” деді. Иасауи оған шақпақ қантты беріп, енді осыны бөліп, майдалап әкелуін сұрайды. Дәруіш қантты бөлшектеп әкеледі. Шақпақ қант бірнеше бөлшектерге бөлініпті. Оның әрқайсысын бұл не деп сұрайды. Дәруіш бұл әрине қант дейді. Қант басқа формалар алды. Онда атқа, түйеге, қойға ұқсас формалар бар еді. Иасауи қайтадан енді, осыларды ұнтақтап келуін сұрайды. Дәруіш қантты ұнтақтап алып келеді. Енді бұл не дейді. Дәруіш әрине қант деп жауап береді. Иасауи, міне, таухид дегеніміз осы” деп жауап береді [23,
8 б.]. Жария зікір Иасауи тариқатының негізі әдістерінен саналады. Бұл туралы, Жалалддин Кашани: “Қожа Ахмет Иасауи Түркістан топырағында жария зікір жолын ұстаған. Нақшбандилер де өз жолын Түркістанға жаярда жария зікір салуға мәжбүр болған. Иасауийа тариқаты тарихи тұрғыдан нақшбандийа мен бекташийа тариқатына ықпал еткен. Кейбір деректер нақшбандийа тариқатының негізін салған Бахауддинді тікелей Иасауийа тариқатының өкілі ретінде танытады. Бахауддин Бухари, Иасауи шайхы Қусам Шайх пен Халип Атадан тариқат жолын үйренеді” [23, 416-417 б.].
Шарафуддин Иазди “Зафарнамасында” Иасауидің түркі мәдениеті, руханияты тарихындағы орнына бас иген Әмір-Темірдің оған кесене салдырғандығын жазып қалдырған. Маулана Абдуллах Садр деген кісі ғимаратты салуды ұйымдастыруды мойнына алған. Ұстасы – Қожа Хусайн Шарази деген кісі болған. Әмір-Темір күмбездің, дуалдың шынымен қапталуын, мазар құлпытастың мәмәрден нақышталып өрнектелуін әмір еткен. Біткен соң қала халқын жинап, жетім-жесір, кедей бұқараға садақа таратып, Иасауи рухына құран бағыштатып, үлкен той жасатқан. Сосын әскеріне оралған [24, 112 б.].
Иасауи мәдениетінің тағы бір жалғастырушысы Құл Убайдидің «Диуанында» да Иасауиді пір тұтып, дәріптеген жолдар бар:
«Барша машайых сәруары, Сұлтан Қожа Ахмет Иасауи, Сансыз муридтер рахбары, Сұлтан Қожа Ахмет Иасауи, «Аллаһ» зікірі хамдамы, барша әулиелер ағзамы, Құдай сырының махремі, Сұлтан Қожа Ахмет Иасауи, Бар дананың данасы, Сұлтан Қожа Ахмет Иасауи,
Хикмет теңізінің гауһары, Сұлтан Қожа Ахмет Иасауи… [25, Р.8931]»
Иасауи мәдениетінің тағы бір өкілі Сәттіғұл жырау Иасауи туралы былай дейді: «Пәруар Пірдің басшысы,
Қожа Ахмет Иасауи, Түркістанда бұ да өткен, Туына жұртын түнеткен. Зікірін айтып зарланып, Пікірін бізге мұра еткен. Солардан мирас болынған, Шариғат шамы жағылған, Тариқат жолы табылған, Хақиқатқа бағынған. Әр орнында мешіт бар, Құдай үшін салынған, Бірден-бірге қаланған.
Қожа Ахмет, Пір Бекет, Солардан үлгі алынған [25, 133 б.].
Сүгір Бегендікұлы [25, 136 б.] атамыздың адамзат ұрпағының “жүзіңді нұрға, жүрегіңді сырға толтырып, шайтаннан азат қылатын, көкірек көзін ашатын зікір ғибадатынан” хабардар етіп Иасауи мәдениеті туралы былай дейді:
«… Арманым осы жалғанда, Бір соға алмай барамын, Түркістан деген шаһарға, Қожа Ахмет Иасауи Зікірін айтып зарлаған, Жүзінен иман шашылған, Зікірмен шайтан қашырған, Көкірек көзі ашылған»
Аралбай Оңғарбекұлы [25, 138 б.] (1854-1914) әрісі Пайғамбарымыздан, берісі Әзіреті Сұлтаннан, одан берісі Бекет Атадан жалғасқан шынжырлы руханият ілімінің шын жанашыры ұрпаққа былай деп өсиет қалдырады:
Көрерсің Хақтың дидарын, Кір жұқпаса діліңе, Адал болсаң дініңе, Жұмыртқадай аршылған. Жаппар Хаққа ұнайсың, Зікір айтып зарласаң. Жамағатқа ұнайсың, Пікір етіп барласаң. Одан өткен амал жоқ, Шартарапты шарласаң. Осыларға бекем бол, Ақыретті қамдасаң. Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет, Солардан сұра, нанбасаң!…