Патшалық биліктің қазақ мемлекеттілігін жою әдістері мен шаралары

Ресей империясы қазақ мемлекетін бірте — бірте әлсіретіп, хандық билік жүйесін жойып, Ресейлік басқару құрылымын орнықтыру саясатын ұстанды. XVІІІ ғасырдың бас кезінде қазақ хандығы біртұтас мемлекет ретінде өмір сүрді. Әсіресе Тәуке хан билік еткен кезеңде (1680-1718жж.) қазақ хандығы айтарлықтай орныққан, әлеуметтік-саяси құрылымы нығайған, дәстүрлі-көшпелі мал шаруашылығына негізделген экономикасы қалаптасқан елге айналды. Ақылды да әділетті,  хан тұсында Жеті Жарғы заңдар жинағы қабылданып, мемлекеттің саяси-құрылымы мен құқықтар ережесінің принциптері анықталды. Тәуке хан ретінде мемлекетті басқаруды біршама жетілдірді, оның жанында билер Кеңесі, ханның жеке жасағы- төлеңгіттер болды. Тәуке хан көрші елдермен де бейбіт қарым-қатынастар, одақ құру жолдарын іздестірді.  Өкінішке орай, мұндай жағдай ұзаққа созылмады. Мемлекеттік аппараттың әлсіздігі, ішкі алауыздық салдарынан хан билігі сыртқы басқыншылық әрекеттерге төтеп бере алмады. Қазақ хандығының бұл жағдайы Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін айқын көрінді. Қазақ жерлерін жоңғарлар жаулады, елде ауыр жағдай қалыптасты. Патша әкімшілігі ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында негізгі салмақты қазақ хандарына салғанымен, олардың билігінің деңгейі ірі ру басшылары мен билердің қолдауына немесе  қолдамауына тікелей байланысты  екенін жақсы түсінді. Қазақ қоғамындағы хан билігінің күші қоғамдағы саяси күштердің қолдауына тікелей байланысты болды, яғни ханның қоғамдағы абырой – беделі біріншіден жергілікті билеушілердің ханға берілгендігінен айқындалатын, олардың мүддесін қорғау ісінде хан әр уақытта олардан қолау тауып, кейде осы жағдайды пайдалана отырып қоғамға ықпал етуге қол жеткізіп отырған. Қазақстанның Ресей империясына қосылуы қазақ мемлекеттілігі мәселесін өз мүддесіне сәйкес шешуге ұмтылған әрекетіне тосқауыл болды. Патша үкіметі қазақ мемлекетін бірте — бірте әлсіретіп, хандық билік жүйесін жойып, Ресейлік басқару құрылымын орнықтыру саясатын ұстанды. Осы мәселе жөнінде С.Асфендияров: “Патша үкіметі Қазақ хандығын жоя отырып, қазақ сұлтандарын биліктен шектету арқылы қазақтардың мемлекеттік дербестік елесін де құртып, сол кездегі Қазақстанды Ресей империясының қатардағы аймағына айналдырды” —  деп көрсетеді/1/.  Сондықтан да қазақ жүздерінің әлсіреп, жікке бөлінуі патша үкіметі үшін өз пиғылын жүзеге асыруға қолайлы жағдай тудырды. Осыған орай қазақ қоғамының тарихын зерттеуші тарихшы М.П.Вяткин былай деп жазды: “Патша өкіметінің Қазақстандағы отарлық билігін күшейтудің негізгі міндеті әр түрлі феодалдардың бір-бірлеріне үстемдік жүргізуге мүмкіндік бермеу. Шын мәнінде бұл саясат ішкі феодалдық күрестің шиеленіскен кезінде анархияны, мемлекеттік құлдырауды жақтайтын, яғни қазақ жүздерінің, ең алдымен Кіші жүздің әлсіреуін жақтайтын саясат болды”/2/. 1. Асфендияров С. История Казахстана.-Алматы: Санат, 1998. 171с. 2. Материалы по истории Казахской ССР. Под ред. М.П.Вяткина, Т.2.Ч.2. (1741-1751г.г.). — Алма-Ата, 1948.- с.21.  Патша әкімшілігі алға қойған мақсатына жету үшін қазақ қоғамында ықпалын жүргізе алатын сұлтандар мен билерге қымбат төлемдер төлеуге барғандығы жайлы А.И.Левшиннің “Осындай және осыған ұқсас айла- тәсілдер арқылы қазақ сұлтандары мен хандарының Ресейге берілгені сақталып қалып отырды“ — /1/ деп тұжырымдауы бекер емес. Сонымен бірге, патша өкіметі хандық мемлекетті әлсірету мақсатында халық арасындағы ішкі шиеленістер мен қақтығыстарды тиімді пайдалана білді, хан мен сұлтандарды, билер мен батырларды бір-біріне қарсы қойды. Бұл тәсілдің өз жемісін бергендігін  Нұралы ханның орыс әкімшілігіне берген мынадай мәлімдемесінен көруге болады: “Біздің қырғыз-қайсақ ордасында  бастықтар көбейе түсті, сөйтіп кез келген сұлтан билеу тәсілін білуі болуы, солар арқылы халық арасында күңкіл көбейді, солар арқылы халық арасында өтірік-өсекті күшейту арқылы жасап, жер жерде бастықтардың көбейе түсуі себепті саяси түзелуге мүмкіндік бола қоймайды”/2/. XVІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап Ресей патшалығының алдында Орынбор және Сібір әскери шептерін толықтай бір-біріне қосуларына байланысты алдағы келесі мақсат «бейбітшілік»орнату әдістерді қолдана отырып, басып алған жерлерде үстемдігін күшейту болды. Осы ойды жүзеге асыру үшін генерал-поручик Шпрингердің ұсынысы бойынша қазақтарға әскери шеп жанына 30 шақырымға дейінгі жерлерге көшіп- қонуына тиым салынды, яғни сыртқы 10 шақырымдық белдеу және ішкі 20 шақырымдық белдеу  бейтарап болып табылды, яғни қырғыздар (қазақтар)  белгіленген белдеуге 10 шақырым қашықтықта, дәл осы секілді 20 шақырымдай жердегі ішкі ауданға көшіп келуіне мүмкіндігі болмады. Қазақ халқының хандық басқару жүйесін зерттей отырып, Ресей империясының әкімшілігі хандық билікке баса көңіл бөлді. Өйткені империя саясатының жемісті болуы, хандық биліктің нақты күші мен әсеріне байланысты еді. Ресей әкімшілігін мазалап жүрген мәселелердің бірі қазақ қоғамындағы халық арқылы хан сайлауды жоққа шығарып, хандыққа Ресей патшасының бекітуін енгізу еді. “қырғыз-қайсақ хандары хандықты өз  қолдауымен немесе халықтың қолдауымен ғана емес, оны биік мәртебелінің қақысы мен қолдауымен алуы  басқаша пайдалы болды”/3/- деп, И.Неплюев басқарушы сенатқа жасаған баяндамасында көрсетеді. Ресей империясының әкімшілігінің осы бағытта қолданған айла- әрекеттері біршама нәтижелерге жеткізіп, негізінен өз іс-әрекеттерін халық алдындағы беделі төмен хан, сұлтандарға жауып отыруына ықпал жасады. Осы жағдайлар жалақы алу арқылы материалдық жағдайын жақсарту мақсатында емес, Ресей империясының әкімшілігінің  қолдауының айғағы ретінде қарастырылып, жалақы мөлшері белгілі хан, сұлтандардың  орыс әкімшілігінде  беделі қандай деңгейде екендігінің көрсеткіші ретінде қабылданды.

Источник: https://e-history.kz/kz/historical-education/show/12803/
© e-history.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *