Түрік әлемі: қазақтың ұлттық киімдері 3

Жаулық — әйелдердің баскиімі. Оны ақ түсті матадан немесе ақ жібектен тігеді. Жаулықты кимешектің сыртынан тартады. Ол тарту тәсіліне қарай «қарқара», «күндік» деп аталады. Жаулық тұтас енімен алынып, кейде енжарма (бір жарым ен) матадан ұзындығын бір жарым, екі метрдей етіп қиылып, шеттері жіңішке бүгіліп жасалады. Қарқара тартканда әйелдер жаулықтың бір ұшын желке тұсқа келтіре сәл шығарып қояды да, қалған бөлігін кимешектің сыртынан айналдыра, шашын көрінбейтіндей етіп орайды. Жаулықтың ұзындығына байланысты қарқараның биіктігі де әртүрлі болып келеді. Күндік жаулық кимешектің сыртынан жартылай оралып тартылады. Жаулық тартқан әйел күнге қарсы жүргенде күндіктің маңдайындағы үшбұрышты қаттаманы еңкейтіп түсіріп қояды. Оның желке тұсы қарқара жаулығынан гөрі ұзындау, етегі әйелдің арқасын жауып тұрады. Күндік жаулыкты үшбұрышты қаттама шыққан жерінен және әйелдің желкесіне келетін тұсынан түйреуішпен түйреп бекітеді. Әр жердің өзінде жергілікті қалыптасқан дәстүрге қарай әртүрлі етіп әр үлгіде тартылады. Кей жерлерде әйелдердің басқа салатын желектерін де «жаулық» деп қояды. Ол қарқара жаулыққа қарағанда кішірек болады.  Кимешек — қазақ әйелдерінің баскиімі. Оны ақ бәтес немесе ақ торғыннан дайындайды. Кимешектің басқа киетін жағы ашық етіп жасалады. Артқы жақ етегі әйелдің сауырын, алдыңғы жақ етегі омырауын, екі жағы иықтарын жауып тұрады. Кимешек бетінің екі жағы тамаша зер жіптермен немесе қызылды-жасылды жібек жіптермен кестеленеді. Шет-шетіне оқа бастырылады, әсемдеп көркемдейді. Әдетте кимешекті жалаң өзін кимейді. Үстіне шылауыш тартып, біртұтас кимешек-шылауыш ретінде киеді. Сонда ғана ол жарасымды баскиім болады. Шылауыштың шеттеріне салпыншақ үзбелер, маржандар тағады. Мұның өзі жас әйелдің көркін онан ары арттыра түседі.  Шылауыш — кимешектің сыртынан киетін, ақ бәтес немесе ақ жібектен жасалған (тігілген) әйелдердің баскиімі. Қазақта әр жердің, әр елдің өзіндік шылауыш тарту тәртібі, үлгісі болған. Келін түсіп бір мезгіл өткен соң келіншектің желегін алып кимешек-шылауыш кигізу салты өткізіліп отырған.  Тон – қазақтың ұлттық киімдерінің бір түрі. Оны көбіне кұлынның терісінен тігеді. Тонның қазақ наласында тараған негізгі екі үлгісі болған. Оның бірі — тік тон. Екіншісі – бүрме тон. Тік тонның екі өңірі мен артқы бойы шапан, күпі сияқты тұтас пішіліп алынады. Ал бүрме тонның екі өңірі мен артқы бойы, кеудесі және етектері бөлек пішіледі. Оның кеудесі мен етегін қусырады да, одан соң буріп қондырады, етегі кеудесіне қарағанда кең пішіледі. Тон белінен бүрме шығатындықтан, оны «бүрме тон» деп атаған. Бүрме тон тік тонға қарағанда сәнді болады. Тонға елтіріден, сеңсеңнен, кейде аң терісінен жаға салып, етегі мен өңірін, жеңінің ұшын елтірімен жұрындайды. Тонды сәндеу үшін оның екі өңіріне, етегіне, жеңiне жiбек жіппен кесте тігеді. Құлын терісінен тігілген тонды «тайжақы» деп атайды. Тайжақының тігісі ішіне қарағанымен терінің жүні сыртына қарайды. Ол сәнді болуы үшін құлынның жалын тонның арқасына, екі жеңінің үстіне келтіріп тігеді. Мұны көбінде балаларға арнап жасайды, оған астар салынбайды. Астар салған арасына мақта, не жүн тартқан үлкендерге арналған тайжақыны әдетте тон орнына кие береді. Тонның ең қымбаты -қамқа тон. Бұл тон екі түрлі жолмен тігіледі. Оның бірі — «Қамқа» деп аталатын жылтыр қара жүнді аңның терісінен түгін сыртына қаратып тігіледі. Екіншісі — алтын, күміс жіптерден (зерден) тоқылған матадан тігіледі. Бұл тонның екеуі де бағалы.  Шапан — қазақтардың және Орта Азия халықтарының ұлттық киімі. Оны қалың матадан арасына жүн, мақта салып, астарлап немесе қос астарлап сырып тігеді. Ол — негізінен, тік жағалы, ішінара қайырма жағалы да болады. Шапан «сырмалы шапан», «каптал шапан», «қималы шапан» деп бөлінеді. Қыз-келіншектерге арналған қималы шапанды түрлі-түсті масатыдан тігіп, жаға-женіне, етегі мен екі өңіріне зер ұстайды. үиме орнына асыл тастар орнатылған күміс қапсырма пайдаланылады.  Шекпен – жүннен тоқылатын сырт киім. Шекпен тек қана түйе жүнінен тоқылады. Шекпенді жазда киеді. Оған қара барқыттан не болмаса тыстық матадан қаптал жаға (дөңгелек жалпақ жаға) салып, етек-жеңін сондай матамен көмкеріп әдіптейді. Шекпеннің ең әдемі түрін «Шидем шекпен» дейді. Шидем шекпен тайлақтың жүнінен тоқылады. Тайлақтың жүні әрі майда, әрі жеңіл болатындықтан, одан тоқыған шекпен де әдемі болып шығады. Шекпен су өткізбейді, сондықтан ол — әрі сулық, әрі жайшылықта кие беруге жарамды бесаспап киім. Су тиген сайын шекпен ширығып, қалыңдай түседі. Шекпеннің тағы бір артықшылығы, ол толықтай түйе жүнінен тоқылғандықтан аса мықты болады, ұзақ киіледі. Ішік – қазақтың ұлттық киімдерінің бірі. Ол елтіріден, сенсеңнен, әртүрлі аң терілерінен тігіледі, сырты матамен тысталады. Ішік тігілетін тері түріне қарай елтірі ішік, сеңсең ішік, қасқыр ішік, түлкі ішік, пұшпақ ішік, орман ішік, жанат ішік, бұлғын ішік, т.б. деп аталады. Жұқа терілерді мақта жіппен тіксе, ал қалың теріге жүн жіп пайдаланылады. Ішіктің іші дайын болған соң оның тақыр! бетінен бидай шүберек көктейді де, барқыт, шұға, пүліш сияқты қалың тыcтық маталармен тыстайды. Қасқыр ішікке — қасқыр не түлкі терісінен, сенсен ішікке — елтіріден, басқа түрлеріне құндыз не бұлғын терісінен жаға салынады.

Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/31800/
© e-history.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *