Көшпелі салт ұстанып, күнделікті өмір дағдысы ат үстінде өткенімен қазақ халқының киіну мәдениеті өте ерекше болған. Зерттеушілердің жазуынша, сонау сақ, үйсін, ғұн дәуірінің өзінде-ақ бабаларымыз жібек, атлас секілді қымбат матадан тігілген киімдер киіп, асыл тастармен көмкерілген әшекейлер таққан. Мәселен, бір ғана Кеген өзенінің бойындағы Ақтас қонысына жүргізген археологиялық жұмыстардың өзі үйсін тайпаларының жүннен, бағалы аң терілері ғана емес жібектен тігілген киімдер кигенін көрсеткен. Белгілі зерттеуші З.Сәнік өз еңбектерінде қазақ киімдерінің арғы тегі сонау сақ, үйсін, ғұн, қаңлы, түркі дәуірлерінен басталатынын айтады. Сол кездің өзінде-ақ бұлар тері өңдеп, киіз басып, осыдан өздеріне лайық киім дайындаумен бірге Батыс пен Шығыстың дамыған елдерінен әртүрлі бұйымдарды алдырып, оларды да пайдалана білген. Соғыс, яки тарту немесе саудаласу арқылы олардың асыл заттарын алып, өзінің киім мәдениетін дамытып отырған. Тарихи жазбаларға көз салсақ, сонау қола дәуірінің өзінде сақтардың малды қолға үйретіп, оны артыс, мініс көліктері ретінде пайдаланумен бірге, терісінен киім жасап, етін, сүтін азық ретінде әртүрлі тұтыну бұйымдарын жасағандығы айтылады. «Ханнаманың» 94-бума ғұнбаянында: «… Ел басыларынан тартып қарашаларына дейін ет жеп, теріден киім киеді, тон жамылып, киіз төсенеді…» делінген («Жұңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер», 432-бет) деп жазады өзінің зерттеу еңбектерінде. Сол секілді ол «Жұңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректерінде біздің заманымыздан бұрынғы 174-жылы Хан әулеті ғұн Тәңірқұтына жолдаған хатында «Тәңірқұты ақылгөй абыз, жаршы Жян арқылы айрықша сәлемдеме ретінде Көктің ұлы Кюге арналған торғын астарлы зер шапан, зер бешпет, қамқа тысты желбегей, алтын тарақ, алтын кісе, алтын тоға, 10 орам торқа, 20 орам қамқа, 40 орам қызыл батсайы, 40 орам көк торғын жібердім» деген дерек кездесетінін айтып өтеді. «Орта ғасырларға тән тарихи естеліктерге VII ғасырдың бас шенінде өткен батыс түрік қағаны Ябғұның және оның төңірегіндегілердің киімі туралы будда монахы Шуанзан былай деп жазады: «Қаған жасыл жібек желбегей киген, оның қасына ерген 200-дей тарханы бар. Олар камқа желбегейлер киген, шаштарын бұрымдап өрген. Басқа сарбаздары аң терісінен тігілген ішік киген, бөріктері жұмсақ матадан тігілген, қолдарына айбалта, садақ, ту ұстаған. Аттары өңшең сәйгүлік. Түйе, ат мінген адамның көптігінен көз сүрінеді…». Одан ары қағанның киіз үйі туралы айтқанда: «Оның алтынмен сәнделгені соншалық, тіпті көз қаратпайды…» («Қазақстан тарихы», 1- том, 301-бет). Міне, біздің ата-бабаларымыздың киімдері, киім мәдениеті бұрыннан, сонау арғы заманнан таяу жылдарға дейін өзінің сәнділігі, көркемдігі және жинақы, реттілігі жағынан сондай тамаша әрі көз сүріндірерлік дәрежеде сәнді болған», — дейді зерттеушінің өзі.
Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/31800/
© e-history.kz