М.И.ТУРСУНБАЕВ
тарих пәні мұғалімі «Құралай»ЖОМ
А.Б.АЙТБАЕВ
PhD докторант Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті tursynbaev_marat@mail.ru
askar.aitbayev@yandex.ru
Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында еліміздің көптеген тарихи-археологиялық ескерткіштері, соның ішінде сан ғасырлық тарихы бар ортағасырлық қалалар жаңа қарқынмен зерттелді. Бағдарлама археологиялық зерттеулер ісінде жаңа кезең болып табылды. Осы жаңа зерттеулер шеңберінде ортағасырлық Бозоқ қалашығында да қазба жұмыстары жалғастырылған болатын.
Бозоқ қалашығының орны 1998 жылдың күзінде Астана қаласынан 5 км батыста, Астрахань тас жолының бойынан К. Ақышев ашты. Ол Бозоқты көлінің шығыс жағалауында орналасқан. Бозоқ – еліміздің орталығы Астана қаласының іргесінде орналасқан, сол себепті бұл ескерткішті зерттеуге үлкен мән берілді. Қазақ астанасының тамырлары терең ежелгі қала мәдениетімен сабақтастығын көрсету мақсатында ортағасырлық Бозоқ қала жұртын қазып зерттеу үкімет тарапынан ерекше қолға алынды.
1999-2003 жж. аралығында қала орнында көлемді қазба жұмыстары жүргізілді. Алғашқы жылдардағы қазбалар Бозоқтың ортағасырлық отырықшы қалалардың мүлдем басқа түріне жататынын көрсетті.
Тарихи-топографиялық құрылымы жағынан Бозоқ қалашығының көлемі 400х200 м солтүстіктен оңтүстікке созылған үш бөліктен тұрған. Орталық бөлік – бұл ор және жалмен қоршалған кварталдар. Солтүстік бөлікте тұрғын үйлер мен өндірістік құрылыстар орналасқан. Ал оңтүстік бөлікте зират тұрғызылған. Қалашықтың орталық бөлігін 150х120 м аудан алаңды алып жатқан үш төртбұрышты нысандар құраған. Бастапқы табылған тұрғын үйлердің жобаларын зерттей отырып, К. Ақышев олардың тұрғызылу мерзімін VІІ-VІІІ ғғ. жатқызған [1, 5].
Қаланың жалпы аумағы 30 га. Қалашық орнында екі қорғаныс шептері байқалған. Сыртқы шеп – бұл Бозоқты көлінің табиғи су көздері мен батпақ жүйесімен қоршалуы. Ішкі шеп – табиғи және жасанды қорғаныс тізбектерінен тұратын қалашықтың қоршауы. Ескерткіштің Есіл өзенінің батпақты аймақта орналасуы тек қорғанушылық-стратегиялық мақсатпен ғана емес, сонымен қатар шаруашылық факторлардан да орын алған. Бозоқ қалашығының тұрғындары егіншілікпен де айналысқан, ол арнайы қазылған арна, арықтар арқылы іске асырылған [6, 24].
2004 ж. бастап мұндағы зерттеулер «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша іске асырыла бастады. Соңғы жылдары зерттеу жұмыстарын белгілі археолог М.Хабдулина басқаруда. Зерттеулердің мақсаты тек қала орнын қазу ғана емес, «Бозоқ» қорығын құру, ежелгі дала нысандарын консервациялау мен мұражайландыру мәселелерін зерттейтін ғылыми-зерттеу орталығын ашу болып табылады. Екінші бағыты – қорықтың басында туристік жолдарды дамыту. Басты нысан Бозоқ қаласының өзі болып табылуы тиіс болды.
Археологиялық қазбалар нәтижесінде ортағасырлық кезеңге байланысты материалдық және рухани мәдениет бойынша сапалы және бағалы мәліметтер алынды. Құрылыстардың архитектурасы зерттелді, ескерткіштің планиграфиясы бойынша материалдар жүйеленді. Діни және тұрғын құрылыстар ашылып зерттелді. Ғалымдар алынған археологиялық айғақтар мен мәліметтерге қарап ХІІІ-ХV ғғ. Сарыарқа даласы тұрғындарының діни, шаруашылық және әлеуметтік тарихын қалпына келтіруге талпыныс жасады. Зерттеу жұмыстарын бастаған К. Ақышев бастапқы табылған тұрғын үй орындарының құрылымдарына қарап, Бозоқ қалашығын VІІ-VІІІ ғғ. мерзімдегені аталды.
2004 ж. қазба маусымында Бозоқ қала жұртынан аумағы 450 шаршы м бір үй қазылған. Оның қабырғалары кесектен қаланған. Бұл үйдің сызбасы мен топографиялық жобасы түсірілді. Осы ескерткіш арқылы болашақта Бозоқ қала жұртының ортағасырлық үй моделін қалпына келтіруге мүмкіндік беретіні анықталды. Сонымен қатар екі кесене негізінің сандық фото және бейнекамерамен фиксациялау арқылы діни нысандардың архитектуралық бөлшектерін қалпына келтіру және оның үштік моделін (үш жақты жоспарын) қайта құру жоспарланды. Қазылған кесенелер бір камералық түрге жатып, жобасы шаршы түрінде болып келген. Еденіне қыш кесек төселген [2, 9].
2005 ж. Бозоқ қаласын қазу барысында оның аталған орталық алаңының стратиграфиясын зерттеуге де көп көңіл бөлінген. Орталық алаң қаланың ең биік бөлігі және табыну аумағы болып табылған. Зерттеулерге қарағанда бұл жердің алаң ретінде қалыптасуы Х-ХІІ ғғ. қалыптаса бастаған. Сол кезеңдерде алғашқы жерлеу құрылыстары пайда болды, кейіннен оның жан-жағынан жаңа қабір үсті құрылыстары топтаса бастаған. «Мәдени мұра» аясында 2005 ж. осы 2 кесене, 6 қоршау, бір кірпіш күйдіретін пеш аршылып алынған [3, 17]. Аталған жылы оның алдында 2001 ж. аршылған кесененің қабырғасы мен маңайындағы алаңы қайта тазартылды. Құрылыс шаршы түрінде, көлемі 6х6 м болған. Оның кіру есігі оңтүстік қабырғада орналасқан. Қабырғалардың биіктігі 3-4 кірпіш қатары түрінде сақталған. Кірпіштердің түрлері мен өлшемдері, қандай шикізаттан жасалағандығы анықталған. Жалпы көрсетілген 2005 ж. дейін қала орнында барлығы 6 мың шаршы метр аумақ зерттелген.
2006 ж. жүргізілген қазба жұмыстарында қаланың орталық бөлігінің құрылуын, ескерткіштің солтүстік шетіндегі зерттелген тұрғын үйлердің жүйелі түрде пайда болуын анықтауға мән берілді. Қазбалар нәтижесінде қорғаныс заттары мен тұрғын алаңдары жөнінде қосымша мәліметтер алынған. Қаланың дуал көлемінің ұлғаюы қалашық аумағының екінші рет пайдаланылуы әсерінен болғандығы анықталды. Жалпы аталған жылы Бозоқ қалашығында 530 шаршы метр аумақ аршылған [3, 25]. Соның ішінде солтүстік кварталдан бір қабір орны қазылған. Жерленген адамның басы батысұа қаратылған, қабірдің аузы күйдірілген кірпіштермен жабылған, ешқандай заттар табылмаған.
2007 ж. Бозоқ қаласы бойынша «Мәдени мұра» бағдарламасы жұмыстары басқа бағыттармен де толықты. Олардың ішінде қаладағы қазба жұмыстарынан бөлек палеотопырақты зерттеулер, 2002 ж. табылған әйел бас сүйегінің пластикалық жаңғыртпасы және зертханада Бозоқ қаласының суару жүйелерінің топографиялық жоспары мен космосуреті талданды. Қаланың шығыс кварталында стратиграфиялық қазба жасалып, нәтижесінде шығыс пен солтүстік кварталдың көлденең сызығы алынды. Топырақтағы жерлеу мен тұрғын үй қалдықтарын табу мақсатында кварталдар сыртынан да қазба жұмыстары жүргізілді.
Қала орнында жалпы 400 шаршы метр алаң қазылған. Зерттеудегі өзекті мәселелердің бірі – оның төменгі мерзімін, яғни үш кварталдың салыну уақытын анықтау болып табылған. Солтүстік кварталдың ішкі алаңын зерттеу кезінде архитектуралық құрылымдар ізінен басқа ешқандай мағлұмат беретін деректер табылмаған. Зерттеушілер ескерткіштің салыну уақытын тек салыстырмалы стратиграфия тәсілі арқылы ғана анықтауға болатыны туралы шешімге келген [5, 116]. Осы себепті Бозоқ қаласында 2007 ж. біраз уақыт бойы РҒА Сібір бөлімшесінің Топырақтану және агрохимия институтының мамандары жұмыс жасаған. Олар Бозоқ қаласының салыну мерзімін анықтау үшін жеті жерден топырақ алған.
Қалашық аумағында күйдірілген және шикі кірпіштен тұрғызылған бес мазардың қалдықтары қазылып зерттелген. Олардағы кірпіш өлшемдері мен заттары ХІ-ХV ғғ. көрсеткен. Мазарлардағы жерлеу орындарынан басқа шұңқырлы жерлеулер мен басқа да обалар қазылған. Бозоқ қаласында жалпы 50-ге жуық мұсылмандық жерлеу орындары ашылған. ХІІ-ХІV ғғ. әдетте мұсылмандық қалалық қорымдарда кездесетін барлық мазар түрлері анықталған. Олар күйдірілген кірпіштерден, көмбе шұңқырлардан тұратын жерлеу орындары болып табылған. Адамдар ешқандай заттарсыз, бастары батысқа, жүздері солтүстікке бұрылған күйде жерленген.
2008 ж. қазба маусымында Бозоқ қалашығында космосурет негізінде суару жүйесі алаңы және жоспары анықталды. Сонымен қатар солтүстік кварталдың ішкі алаңындағы қазба жұмыстары аяқталды. Солтүстік кварталдың батыс жағынан тағы бір мұсылмандық жерлеу орны қазылды. 2008 ж. Бозоқ қалашығында барлығы 400 шаршы метр аумақ қазылған. Табылған қабірлер құрылысы ислам талаптарына сәйкес келген.
2008 ж. бағдарлама аясында Бозоқ қаласының суару жүйелері де зерттелген. Суару жүйесіне қосымша зерттеу жүргізуде оның топографиялық жоспары және оны Бозоқ қаласы тұрғын үй мен ғұрыптық нысандармен байланыстылығы анықталды. Суару жүйесінің алаңы 45 га теңескен [6, 23]. Оның солтүстік бөлігінде магистральдық арна орналасқан. Арнаның ең басты қызметі судың көлден негізгі суару жүйе желісіне құйылуы болып табылған. Су арнаға шығырлы дөңгелек көмегімен құйылған. Солтүстік кварталды қазу барысында қола дәуірімен мерзімделетін бір жерлеу орны табылған. Қабірде бүйірімен солға, басы батысқа қаратылған адамның қаңқасы орналасқан. Оның қолдары бүгіліп денесіне перпендикуляр қойылған, қасынан ешқандай заттар табылмаған. Қабір шұңқырының пайда болуы зерттеушілерге түсініксіз, радиоуглеродты тәсіл сараптамасына жіберілген сүйектің жасы б.з.б. Х-VІІІ ғғ. көрсеткен. Қабір әлбетте, ескерткіштің ортағасырлық сипатына сәйкес емес болатын.
2009 ж. далалық маусымда Бозоқ қаласының төменгі қабатын ерте ортағасырлық кезеңмен мерзімдейтін олжалар табылды. Шығыс кварталдың орында 2,5 м тереңдіктен жылқы қаңқасының алдыңғы бөлігі анықталып, оның бас сүйегінде екі темір ауыздық пен мүйізден жасалған сулық қалдықтары сақталған. Ат әбзелдері VІІ-VІІІ ғғ. жатқызылды. Бұл зерттеулердің алғашқы жылдарында берілген К. Ақышевтің тұжырымын бекіте түсті [7, 160].
Аталған жердегі қазбалар қалашықтың шығыс кварталының солтүстік жағын бойлай құлаған жалдың орындарында және солтүстіктен кварталға кіретін жол бойында жалғасқан болатын. Солтүстік және шығыс кварталдар жалдарының түйіскен жері зерттелген. Кірер жердің шығыс жағындағы ордан жоғарыда аталған жылқының ғұрыптық жерленген орны табылған. Соған қарағанда, бұл кешен құрбандық шалу орны болуы мүмкін, ол кірер жердегі ор мен жалды тұрғызу кезінде әдейі қойылған. Жылқының темір ауыздықтары мен сүйектен жасаған сулығы сақталған. Сулықтың ұзындығы – 12,2 см, мұндай бұйымдар ерте темір дәуірінен бастап ІХ-Х ғғ. дейін қолданылған. Дәл осындай сулықтар Тува мен Алтай өңірлерінен белгілі, олар VІ-VІІ ғғ. жатады. Ауыздықтардың ұзындығы – 23 см, мұндай әбзелдер VІІ-VІІІ ғғ. көне түркі дәуірінде жиі кездескен.
2009 ж. барлығы 380 шаршы метр аумақ қазылып зерттелген. Жалпы осы жылы алдыңғы жылдардағы маусымдармен қосқанда қала орнында барлығы 8 мың шаршы метр аумақ қазылып зерттелген. Көрсетілген жылы Бозоқтың ертеортағасырларда негізі қаланғаны тағы да бекітіле түскен. Қалашықта жалдардың стратиграфиялық қималары жасалып, олардан үйілген топырақтардың үлгілері алынған. Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің Геология және минералогия институтының Кайнозой геологиясы мен палеоклиматологиясы зертханасында жасалған үйілген топырақтың радиоуглеродтық мерзімделуі 1500+/-50 жыл мерзімін берген. Бұл мерзім б.з. 503 және 644 жж. аралығын көрсеткен. Қалашық жалдарының тұрғызыла бастауы радиоуглеродты мерзімнен 50-100 жыл кейін басталған, сол себепті негізгі мерзім VІІ-VІІІ ғғ. көрсетеді.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2010-2011 жж. Бозоқ қалашығы орнында далалық қазба жұмыстары жүргізілген жоқ. Қалашықта зерттеу жұмыстарын жалғастыру күн тәртібінен түспеуі тиіс, себебі Бозоқ Орталық Қазақстанның далалық өңірінде орналасқан бірден-бір дара ескерткіш болып табылады.
Қорыта келгенде, қала орнынан алынған заттай айғақтар Бозоқ қалашығын көне түркі дәуіріне жатқызуға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары жүргізілген зерттеулер қалашықтың тағы бір түзілу мақсатын анықтады. Бозоқ – Нұра-Есіл аралығындағы ежелгі түркілердің ғұрыптық орталығы болып табылған. Бұған айғақтар қала кварталдарының төменгі құрылыс көкжиегінің құрылыстарын сараптау кезінде анықталған. Табылған тұрмыстық заттардың түрік қағанаты кезіндегі бұйымдарға ұқсастықтары өте көп.
Қазба нәтижелеріне қарағанда, VІІ-VІІІ ғғ. қалашықты мекендеген алғашқы тұрғындар уақыт өте келе қоныстарын тастап кеткен. Бозоқ қаласы тарихының екінші кезеңі Х-ХІ ғғ. Қыпшақ мемлекеттік бірлестігі кезеңіне жатады. Қалашықтың жаңа тұрғындары орларды қайта тазартып, ішкі алаңқайларды сазбен сылаған, оларға саз кірпіштер мен ағаштардан жер үйлер тұрғызған. Алаңқайлардың орталарында киіз үйлер орналасқан. Олардың негіздері қазбалар барысында аршылған. Қыпшақ кезеңіндегі тұрғындар алаңқайлар арасындағы кеңістікті биіктетіп оның бетіне алғашқы мазарлар мен мұнаралар тұрғызған. Дала төсіндегі ежелгі қалалардың көпшілігі әулиелер мен ата-бабалар зираттары маңында қалыптасатын. Зерттеулерге қарағанда Бозоқ қаласы Қытайдан Алтай, Ертіс, Тобыл, Еділ арқылы өтіп, орыс жері мен Византияға апаратын Жібек жолының бойында құрылғаны анықталған. Х-ХІІ ғғ. ол қыпшақ көсемінің ордасы, қамал ретінде роль атқарса, кейінгі ғасырларда қаланың қалдықтары киелі жер ретінде танылып, үлкен қорымға айналған.
Қала орнын игерудің үшінші кезеңі Алтын Орда дәуірінде, ХІІІ-ХІV ғғ. басталып, жаңа заманға дейін жалғасқан. Бозоқ қалашығының орны ғұрыптық орталық дәрежесіне ие болған. Осы жерде мұсылман дінін таратушы алғашқы әулие жерленген болуы мүмкін, ол жер кейіннен қасиетті орынға айналған. Бозоқ қалашығы орнында бес кесененің қалдықтары зерттелгені айтылды. Олар шикі және күйдірілген кірпіштерден қаланған. Кесенелер маңында кірпіш күйдіретін пештердің орындары ашылған. Жалпы жерлеу орындарының үштен екісі мұсылмандық дәстүрде орындалған. Қалған үштен бір бөлігінде қабірлерге заттар мен ғұрыптық тағамдар қойылған. Осы ХІІІ-ХІV ғғ. жататын жерлеу орындарынан қазақ даласында ислам дінінің таралуы туралы құнды мәліметтер алуға болады.
Ғалымдар Бозоқты Астана қаласының алғашқы түп тамыры деген қорытынды беруде. Осыған қарағанда, бұл жер ешқашан бос жатқан дала болмаған. Мұнда ерте заманнан адамдар мекендеген, Астана қаласының болашақ аумағының шекарасына енген Бозоқты көлінің маңында, Есілдің сол жағалауындағы аңғарда қыпшақ билеушісінің тұрағы орналасқан. Ол дала арқылы батыстан шығысқа, шығыстан батысқа жүретін керуен жолындағы бақылау орны болғанға ұқсайды. Қалашық орналасқан жер шаруашылық мақсаттарға, әскери-стратегиялық дайындықтар өткізуге, керуен жолдарын бақылауға өте қолайлы болған. Зерттеушілердің пікірінше, Бозоқ – аумақтың әкімшілік және сауда орталығы, сонымен қатар Ұлы Жібек жолы бойындағы қыпшақ билеушісінің әскери ордасы болып табылған. Сонымен қатар, Бозоқ бірнеше ғасыр бойы Сарыарқаның тек саяси ғана емес, рухани орталығы да болып табылған.
«Мәдени мұра» бағдарламасына сай зерттелген Бозоқ қаласының ғылыми және туристік құндылығы зор. Оның жалпы аумағы 30 га жерді құрайды. Археологтар 2010 ж. дейін 8 мың шаршы метр аумақты зерттеген. Жұмыс нәтижелері бойынша бірнеше мақала жарияланып, олар Қазақстан мен Ресейдің ғылыми жинақтарында басылып шыққан. Көптеген халықаралық және республикалық конференцияларда баяндамалар жасалған.
«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша бірнеше жылға созылған жұмыстардың қорытындысы – бұл Бозоқ қаласын мұражайға айналдыру тұжырымдамасын дайындау болып табылды. Ескерткіштің мәні, оның еліміздің астанасы Астана қаласының тарихи аймағының тарихи-мәдени ролінде. Болашақта астананың диаметрі 32 км жетпек. Ескерткіш қаланың ішінде қалып, оның негізгі мәдени-тарихи нысандарының біріне айналады. Бозоқ қалашығын зерттеудің ғылыми маңызы да зор, себебі бұл Шығыс Еуразияның далалық аумақтарындағы алғашқы елді мекенді ауқымды зерттеу болып табылып отыр. Қай тұрғыдан болса да Бозоқ қалашығындағы ғылыми жұмыстар жалғастырыла беруі аса қажетті мәселелердің бірі болып қалуда.